Мәдени мұра бағдарламасы қазақстандық қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарды сақтап, көбейту жолындағы қамқорлық, ғаламдану жағдайына бейімделу моделінің өзіндік үлгісі болып табылады. Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырудың алдыңғы кезеңі (2004-2007 жж.) бұрынғы дәуірлердегі аға ұрпақтың материалдық және интеллектуалдық құндылықтарын сақтау мен оны одан әрі дамытуға мемлекеттің үлкен қамқорлығының қажеттілігін көрсетті.
2004 жылы Қызылорда қаласында «Арал аймағының археологиялық зерттелуі: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылымы конференция өткізіліп, Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын кешенді зерттеу мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты және Ресейдің Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты арасында үшжақты келісім-шарт жасалды.
2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Мәдени мұра» облыстық бағдарламасы қабылданып, оны іске асыру барысында жаңа тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, археология және тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы танымдық кітаптар шығарылды.
Республикалық бюджет есебінен облыс көлеміндегі сақ дәуірінің Шірік-рабат қала-қорымында ортағасырлық Сығанақ, Жанкент қалаларына, Аралдың кепкен табанынан табылған Кердері кесенесіне археологиялық зерттеулер жүргізілді [1]. Сырлытам, Айқожа, Ақтас, Асан Ата, Сараманқоса, Оқшы Ата кесенелері, 2007 жылы Қарасопы, Мақұлтам, Мүлкалан кесенелері және Қалжан ахун мешіт медресесі қайта қалпына келтірілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мамандарымен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы кітапханасы» атты экспедиция ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында облыстық бюджет есебінен Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата ескерткіш кешеніне, Шиелі ауданындағы Нартай мұражайына, Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығына, бұрынғы әскери комиссариат үйінің ғимаратына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Қызылорда қаласының Қазақ КСР-нің астанасы болғанына 80 жыл толуына орай бұрынғы желілік ішкі істер бөлімшесінің ғимараты қайта қалпына келтіріліп, облыстық мұражайдың филиалы «Ақмешіт» музейі ашылды. Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты ғалымдарымен бірге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары «Шірікрабат археологиялық экспедициясы» құрамында Шірік-рабат, Баланды, Сеңгір-там және Інкәр-қала ескерткіштерінде және белгілі археолог К.Байпақовпен бірге Арал ауданындағы Кердері кесенесінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Арал маңы сақтарының ең маңызды ескерткіштерінің бірі ежелде айтарлықтай стратегиялық маңызы бар Шірік-Рабат қалашығы керуен жолында Әмудария мен Сырдария өзендері қосылған жерде апасиак сақтары жерлерінің шекараларын күзетіп тұрғандай орналасқан. Қалашықты барлау кезінде Жаңадария сағасынан бастау алатын қолдан жасалған ирригация желісінің едәуір жүйесі табылған. 2004-2006 жылдары өткізілген қазбалар нәтижесінде әлі толық зерттеліп үлгермеген амфитеатр типтес, мүмкін сақ храмы бар, патша жерлену іздері табылды. Қазба кезінде кепамика коллекциясы, алтын және күміс әшекейлер жиналды.
Кешенді өңдеу негізінде қолбасшы жерленуінен, соның ішінде екісапты қылыш, қытайда жасалған болуы мүмкін, әзірге белгісіз жазуы бар ыдыстардан тұратын қару комплектісін зерттеу жұмыстары жүргізілді.
«Ежелгі Жанкент қаласының археологиялых зерттеулері» тақырыбының есеп кезеңі барысында бір қатар жұмыстар атқарылды.
2007 жылғы күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес дала зерттеулері жүргізілді. Археологиялық экспедициясың басты назары Жанкент цитаделінде объектілерді зерттеуді жалғастыруға, сондай-ақ ежелгі қаланың жоспарлауын, фортификациялық құрылымдарды, құрылыс жүйелілігін зерттеуге бағыттады.
Жұмыс нәтижелерінің ең негізгісінің қатарына қала цитаделіндегі оғыз ғибадатханасының ашылуы, бекініс қорғанының салынуындағы бұрын белгісіз ерекшеліктердің көрінісі, сонымен қатар Сырдария оғыздарының түрлі мәдениеттерін көрсететін заттық кешенінің табылуы.
2007 жылғы дала экспедициясы жұмысы барысында табылған заттар арасында көптеген ортағасырлық ыдыс сынықтары, еңбек құралдары, металл мен әйнектен жасалған әшекей бұйымдары, күйдірілген саздан жасалып, оюлармен өрнектелген екі басты қойдың мүсіні кездеседі.
Табылған заттар коллекциясы б.з. І мыңжылдық соңы мен ІІ мыңжылдық басына сай келеді. Олар: жез тиындар, еңбек құралдары, қоладан жасалған сырға, сақина, қоңырау, және қапсырмалар. Керамикасы шаруашылық пен ас ыдыстарынан тұрады. Олар: құмыралар, құмандар, пиалалар және де қолмен, гончар дөңгелегінде жасалған дастархандар. Ыдыстардың қиылған толқынды сызықтармен өрнектелуі Қазақстан мен Хорезмнің ортағасырлық қалаларына тән келеді, сонымен қатар Сырдарияның ортағасырлық Жанкент керамикасында түрлі мәдени дәстүрлердің қосарлануы көрініс табады. Оның себебі жазба деректерімен дәлелденіп отырғандай, оғыздардың этносаяси одақтардың шеңберіндегі өзіндік мәдени шаруашылықтары бар түркі тайпаларының тығыз қатынастарының нәтижесінде болды деп тұжырымдаймыз.
Баланды қала жұртында жүргізілген археологиялық ізденістер барысында аумақтары 48 ш.м. және 16 ш.м. болатын екі жерде қазба жұмыстары жүргізілді.Аумағы 48 ш.м (6 х 8 м) болатын 1 қазба Баланды қалашығының оңтүстік-шығыс бұрышында жүргізілді. Қазба барысында бекініс қамалының ішкі жағының және батыстан, солтүстік-батыстан бекініс қамалына жанасқан ауланың бөліктері ашылды. Қазба жұмыстары жүргізілген алаңнан үй-жаймен байланыстыратын қандай да бір ғимараттың ізі байқалмайды, қабырғалары кездеспеді. Қазбаның стратиграфиясына қарағанда бекініс қабырғаларын салудың екі кезеңі анықталды. Ең алғашқысы болып ені 2 м, қоңыр түсті пахсадан тұрғызылған қабырға болып саналады. Бұл қабырғада сыртқа шығатын, ені 0,8 м есік болған. Ол ерте антикалық Хорезмнің фортификациялық жүйесінде көп кездесетін конструкциялық элемент.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде 200-ден аса қыш заттар, 50-ге жуық ыдыс сынықтары табылды. Кешенде жапсырмалы жабық түрде жасалған саз, шамот дресва және де күйдірілген гипстен дайындалған ыдыстар көп. Осындай ыдыстар Шірікрабат кешенінде кездеседі. Осылардың арасында б.д.д. VI-IV ғғ. жататын керамика кездеседі («ахеменид» археология кешені) [2].
2007 жылы Арал Асар қала жұртындағы зерттеулер негізгі үш бағытта жүргізілді:
1. Арал-Асар мекенжұртын археологиялық тұрғыдан зерттеу;
2. Кердері 2 кесенесін археологиялық тұрғыдан зерттеу;
3. Арал теңізінің табанын авиатехника көмегімен алдын-ала зерттеу.
Арал-Асар ескерткішінде қазба жұмыстары жүргізілді, ол мекенжұрттың күйреуі туралы қолда бар мәліметтерді толықтыра түсті.
Зерттеу барысында XIV ғ. Кердері 2 кесенесінде мұсылман дәстүрімен жерленген жеті мүрдені зерттеуге көңіл бөлінді. Кесененің архитектуралық ерекшеліктерін анықтау үшін портал бөлігінде бірнеше шурфтар салынды. Соның нәтижесінде портал-пештактың элементері: арка, бұрыштағы мұнаралары, сырланған әшекейлі қыштармен безендірілген қасбеттік қабырғасы жақсы сақталғандығы анықталды. Жерсерігінің түсірген суреттері негізінде жүргізілген барлау жұмыстары барысында алдын-ала негізгі маршруттар жасалды. Осы маршруттар бойынша мотодельтоұшақтың көмегімен 1200-ден астам аэрофотосуреттер түсірілді [3].
Осы жылдары Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткерлері М.Шоқайға, Т.Жүргеновке, С.Қожановқа бюст қойылды және Қызылорда қаласында «Сыр бойының батырлары» ескерткіш кешені, Жалағаш ауданында Бұқарбай батыр ескерткіші ашылды [4].
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту мақсатында 2008-2009 жылдары республикалық бюджет есебінен Қазалы ауданындағы Қожаназар мешітіне, Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешітіне, Асанас кесенесіне және Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығының мешіт-медресесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2009 жылы облыстық бюджет есебінен Шиелі ауданындағы Тәжібай кесенесіне және Қызылорда қаласындағы бұрынғы теміржолшылар клубына қайта қалпына келтіру жұмыстары,Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата кешенінің ғимаратына бюджеттен тыс қаржы есебінен күрделі жөндеу және ауласын көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында Ауғанстан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге, Семей-Невада ядролық сынақ полигоны, Чернобыль апаты құрбандарына арналған кешенді белгі орнатылды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтымен Ресейдің Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының ғалымдарымен бірлескен ортағасырлық Жанкент қаласында кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірігіп жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде «Материалы Джанкентской археологической экспедиции», «Ежелгі қала Жанкент» атты монографиялар жарық көрді.
2005-2007, 2011 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бірлескен «Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын» шығару мақсатында аймақ көлемінде арнайы барлау экспедициясы жұмыс жүргізіп, нәтижесінде қазақ және орыс тілдерінде «Қазақстан Республикасы тарихи және мәдени ескерткіштерінің жиынтығы. Қызылорда облысы» атты ұжымдық энциклопедиялық еңбек жарық көрді. Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан ескерткіштерді одан әрі зерттеу, археологиялық ізденістердің нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу мақсатында университет жанынан 2011 жылы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды[5]..
2010 жылы «Сауран-2010» экспедициясы бойынша Сауран қаласының төңірегіне археологиялық зерттеу жүргізілді. Қазба жұмыстары барысында 18 нысан табылып, құжатталып зерттелді. Оның 12-сі ортағасырлық мекен, 2-і кәріз, 3-і шаруашылық қойма және 1 діни-мәдени ғимарат. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 2 томдық ғылыми есеп жасалды, өңірдің ортағасырлық қалаларының қазіргі ғылыми танымы маңызды мағлұматтармен толықтырылды.
Облыстың мәдени мұрасын зерттеу мақсатындаҚазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия ұсынылған 274 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мемлекеттік тізіміне келісім беріп, қорытындысы бойынша облыс әкімінің қаулысы бекітілді[6]..
Сыр өңіріндегі сәулет өнерінің тарихы орта ғасырлардан басталады. Қызылорда облысы жерінде көпшілікке белгілі Сырлытам кесенесі ХІІ – ХІІІ ғғ, Ұзынтам белгісі - ІХ–Х, ХІҮ-ХҮ ғғ Көккесене, Мүлкалан күмбезі ХҮІ ғ, Оқшы ата мазары ХV–ХVІ ғғ, ХVІІІ–ХІХ ғғ, Айғожа ишан күмбезі, ХVІІІ–ХІХ ғғ Қарасопы күмбезі, ХІV-ХVғғ Қармақшы ата, Қорқыт ата кешені және тағы басқа сәулет өнерінің ескерткіштері бар. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша есепке алынған 496 ескерткіш бар, оның ішінде 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар және 201 тарихи-мәдени мұра объектілері алдын-ала есепке алынған.
Қорыта айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы тарихи қысқа мерзімдік уақытта Қазақстан аумағында жалпыадамзаттық тарихи-мәдени және өркениеттік үрдістің толық құқылы құрамдас бөлігі ретінде рухани сабақтастықты, замана, ұрпақтар мен мемлекеттілік дәстүрлерінің байланысын бейнелейтін еліміздің классикалық бренді болды.
Алайда, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар тек бір кезеңмен бітіп, тоқталып қалмауы керек. Қызылорда облысында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында археологиялық зерттеулер жүргізілген тарихи ескерткіштер бүгінде толық абаттанса-Сыр өңірінің мәдени-археологиялық байлығының байтақтығының көрінісі ретінде бұрынғы Сауран, Сығынақ, Жанкент және т.б. ескерткіштер орнынан отандық, шетелдік туристер тамашалайтын көне қалалар галереясын жасап шығуға болар еді. Сонымен қатар, елімізде «Археологиялық мұра туралы» арнайы заң қабылдау қажет. Мұндай заң Молдова, Украина, Өзбекстан сияқты бұрынғы кеңестік республикалар мен Балтық елдерінде табысты жүзеге асуда. Осындай заң біздің елімізде де қабылданар болса, археологиялық мұрамызды – асыл қазынамызды болашаққа апаруға, өткендегі көптеген тарихи ақиқаттарды ашуға, сөйтіп, халқымыздың шыншыл тарихи санасын қалыптастыруға даңғыл жол ашылған болар еді.
Әдебиет:
1. Аяшұлы Д. Сырдың сыршыл сазы // Ана тілі. – 2008. – 27 қараша.
2. Сауяев Н. «Мәдени мұраның» өшпес белгілері //Ақмешіт апталығы. – 2008. – 23 қазан.
3. Тұғыры берік Сыр елім. – Қызылорда, Тұмар, 2011. - 220 б.
4. ҚОММ, 660-қор, 2т., 97-іс, 80-88 пп.
5. // Сыр бойы газеті материалдары. - 2006-2013 жж.
6. Сыр мәдениеті / Тарихи-анықтамалық басылым. – Алматы: Arnа-b, 2009. – 250 б.