Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешінің сөйлеу мәдениетінің мәні | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №6 (86) март-2 2015 г.

Дата публикации: 19.03.2015

Статья просмотрена: 12236 раз

Библиографическое описание:

Тунгатова, Н. А. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешінің сөйлеу мәдениетінің мәні / Н. А. Тунгатова, А. Ш. Абдикаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 6.2 (86.2). — С. 56-59. — URL: https://moluch.ru/archive/86/16552/ (дата обращения: 18.11.2024).

Тіл – ұлт мәдениетінің қайнар көзі.Әр халықтың ұлттық дәстүрінің, сана - сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің айрықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді. Тіл - адамның өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы.Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады.Сондықтан баланың өз ойын дұрыс жеткізіп, басқа адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі үшін оған ең алдымен сөз әдебін үйрету керек.

Балабақшада бала тәрбиешімен еңбекте, сабақта, экскурсияда тағы сол сияқты барлық жағдайда қарым-қатынас жасайды. Демек, балабақшада тіл дамыту мүмкіндігі түгелімен тәрбиешінің сөзінің сапасына байланысты. Тәрбиешінің сөйлеуі - балалар үшін үлгі, балалар байланысты сөйлеуді тәрбиешіден үйренеді. Е.И.Пассов: «Важность речевого партнерства подтверждается еще и тем, что только в его условиях можно эффективно  осуществлять воспитательное воздействие на учеников» деп тәрбиешінің тәрбиелеу қызметін де көрсеткен [1.87 б].

Тәрбиеші мен балалардың сөйлесуі - бірнеше жылға созылатын қатысымдық әрекет. Осы ұзаққа созылатын қатысымдық әрекетте тәрбиеші балалармен сөйлесу әрекетіне қатысатын қатардағы сөйлесуші ғана емес, ол дұрыс, әдеби тілге үйретуші. Балалар әдеби тілде сөйлеуді тәрбиешінің қалай сөйлеуіне қарап үйренеді. Яғни тәрбиешінің тілі - балалар үшін үлгі. Сондықтан Е.И.Тихеева тәрбиешінің тілі «абсолютно грамотна, литературно» болуы керек деген болатын. Олай болса, тәрбиеші өзінің сөйлеу тілін жетілдіруге міндетті: ол - оның адамгершілік және қоғамдық парызы. Балабақшаның тәрбиешісі үшін, үлгілі, мәдениетті сөйлеу тілін меңгеру - кәсіби даярлығының көрсеткіші. Балалардың есінде тәрбиешінің сөйлеу мәнері, сөйлеу үлгісі әбден сақталады. Сондықтан тәрбиеші әдеби тілді қалыптасқан дәстүр бойынша орфоэпия, грамматика, лексика, стилистика ережелеріне сәйкес сөйлеуге тиіс. Сонда ғана тәрбиеші әдеби тілде мәдениетті сөйлеген болып саналады [2. 102 б.].

Тәрбиешінің сөйлеу тіліне бірнеше талаптар қойылады.

1. Тәрбиешінің сөйлеуі көркем әдеби тілде, сөз тазалығы болу керек.

2. Мәдени сөйлеу мен этика өзіне ерекше назар аудартады. Тәрбиешінің сөйлеуі форма бойынша және мүлтіксіз әдеп пен мәдениетті болу керек.

3. Бала жас болған сайын қатынас жасау құрылымы қарапайым, сөйлемдер қысқа және нақты болу керек.

4. Сөйлем мазмұны олардың тәжірибесіне сүйеніп, қызығушылығына, даму ерекшеліктеріне сәйкес келу керек.

5. Сөйлемнің қарапайымдылығы, нақтылығы өзіне ерекше көңіл аудартады.

6. Сөйлемнің ырғағын реттеп отыру қажет.

7. Дауыс күшін реттеп отыру керек. Сөйлем барысында қажет кезде қатты немесе ақырын.

8. Сөйлем мәнерлі және әсерлі болу керек.

9. Педагогтар әдіснамалық шеберлікті меңгеруі керек.

10. Сөйлемнің жеткіліксіз деңгейде болуымен балалардың сөйлеуін дамытуға болмайды.

Балабақша балаларының тілін қалыптастырушы, негізгі тұлға - тәрбиеші. Бірнеше жыл балалармен сөйлесетін, тілдік қатысым жасайтын адам тәрбиеші. Балалар тәрбиеші тіліне жаттығады, одан үйренеді. Сондықтан тәрбиеші тілінде кемшілік болу өте қауыпты, зиянды.

Тәрбиеші тілінде кемшілік болса, оған тиісті шаралар жасалуы керек.

Тәрбиешінің сөйлеу мәдениетінің жоқтығы мына жағдайларда танылады:

-    сөздің әдеби тілде қалыптасқан орфоэпиялық нормасын сақтамай, бұзып сөйлеуі,

-    сөйлемдегі сөздерді дұрыс байланыстырмай, үйлесімсіз сөйлеуі;

-    сөздерді дұрыс мағынасында қолданбауы;

-    сөзді,  интонацияны, екпінді дұрыс, орынды қолданбауы;

-    артық (паразит) сөздерді қолдануы;

-    балалармен сыпайы сөйлеспей, ұрысып, ақырып, баланы кемісітіп сөйлеуі;

-    не өте баяу, не өте тез, түсініксіз сөйлеуі сияқты кемшіліктер тәрбиеші тілінде болмауы керек, өйткені оны бала қайталайды, баланы ұрсып, кемсітіп сөйлегенде, баланың көңілі қалады, тыңдамайтын болады. Сондықтан тәрбиеші мәдениетті әдеби тілде сөйлеуге міндетті.

Әдеби тілі дамыған адам тілдің стильдік ерекшелігін жақсы түсінеді, қай жерде қалай сөйлеуді біледі, кіммен қалай сөйлеуді біледі. Сондықтан ол сөзін реттеп сөйлейді. Жақын, туыс адамдармен сөйлеу мен қоғамдық орында сөйлеу бір емес. Оны тәрбиеші білуге тиіс.

Балабақша балалары үшін тәрбиешінің стилі белгілі бір мінез - құлқын талап ететін тілдік этикет жөніндегі түсінікпен байланысты. Тәрбиешінің сыпайлылығы, кісі сыйлағыштығы, қарапайымдылығы, ескергіштігі, мейірімділігі, өзін сыйлауы оның сөзінен де, ісінен де көрініп тұрады. Сонымен бірге баланың стилистикалық түсінігін жетілдіру тәрбиешінің эстетикалық негізгі құралы болып табылады. Сонымен, сөйлеу стиліне үйретудің тәрбиелік мәні де зор [3. 74 б].

Балаларға стильдік тәрбие беру үшін, тәрбиеші лингвистиканың стилистика саласынан тиянақты білімі болуы керек. Ол балаларды тілдің стильдік ерекшелігін түсінуге тәрбиелеуге қажетті дидактикалық деректерді іріктеп алуына көмектеседі. Тілдің әр түрлі стилистикалық ерекшелігі тілдің синонимдерін үйретуде белгілі қызмет атқарады. Мысалы, қашық, алыс, жырақ, ит өлген жер; жақын, таяу, жуық, тақау, таяқ тастам жер; ертеден, ежелден, бұрынан, бағыдан, атам заманнан т.б. Бұлар - лексикалық синонимдер. Грамматикалық синонимдер; көшемен жүру, көше арқылы жүру;  жолда, жол бойында: келеді, келе жатқан т.б. Адам сөйлескенде, өзінің тыңдаушыға қалай қарайтынан интонация арқылы да аңғартады: Мысалы, сыйласымдық көңіл; отырыңыз, өзінен кем, төмен санау; отыр.

Тәрбиеші өзінің тілін барлық жағын үнемі жетілдіріп дамытып отырады. Ол - тәрбиешінің міндеті. Тәрбиеші өз тілін, сөздік қорын үнемі байыта отырып, тілдің грамматикалық құрылысының ерекшеліктерін терең меңгере отырып, синонимдік, омонимдік ерекшеліктерін жан-жақты терең білуі керек. Біліп қана қоймай, бай сөздік қор не үшін керек, қосымшалар неге көп, олардың мағыналары қандай, олардың қалай қолданылатынын білумен бірге, оларды өз сөзінде қандай жағдайда қолдану орынды екенін анықтауы керек.

Сөйлеу мәдениетін жетілдіргісі, дамытқысы келген тәрбиеші лексикалық, грамматикалық, фразеологиялық синонимдердің бар түрін меңгеріп, оларды өз сөзінде қолданып, балалар оның сөзінен үлгі алатындай дәрежеде сөйлейді. Сол арқылы баланы байланысты сөйлеуге, тіл байлығын қолдана білуге үйретеді.

Тәрбиеші сөздің дұрыс айтылуына интонация арқылы адамның түрлі сезімдерін білдіруге жаттыққан болуы керек. Мәселен, қуанышты, қайғыны, қорқынышты, салтанатты, мақұлдауды, ашу-ызаны, жылылықты білдіру үшін, сөйлеу қарқынының, дауыстың күшінің, дауыстың көтеріңкілігі мен төмендегінің қандай дәрежеде болатынын білумен бірге өз сөйлеуінде қолданып, балаларға үлгі көрсетуі керек.

Тәрбиешінің сөйлеу мәдениеті балаларға үлгі, өйткені балалар тәрбиешімен тікелей араласу кезінде сөздің дыбыстық мәдениетін, байланысты сөйлеуді тәрбиешіге еліктеу арқылы үйренеді. Сондықтан тәрбиешінің сөйлеу мәдениеті жоғары, балалар дұрыс үлгі алатындай дәрежеде болуы керек. Ол талап тәрбиешіге  көркем әдебиетті балаларға мәнерлеп оқу және оны әңгімелеп беруде де сақталады.

Тәрбиеші көркем шығарманы оқығанда, әңгімелегенде әдеби тілдің нормасына сай мәнерлеп оқыса, жақсы интонациямен дұрыс айтса, балалар оған қызығады, оны ұзақ есте сақтайды, керісінше, тәрбиеші көркем шығарманы көңілсіз, не өте тез, не өте баяу, ешбір сезімсіз оқыса, оған балалар қызықпайды, жалығады да тыңдамайды, есінде де сақтамайды.

Тәрбиеші сөзіне, сөйлеу мәнеріне сын көзімен қарауға тиіс, сөзінде кемшілік байқаса, оны түзетуге бар күшін салуы керек. Бірақта бұл оңай жұмыс емес, өйткені алдымен сөйлеудің мазмұнына назар аударады да, оның қалай айтылғанына көңіл бөлмейді. Екіншіден, адам өзінің сөзіне мән бермеуден қалыптасып қалған үйреншікті кемшіліктерін байқалмайды да. Мысалы, асығып тез сөйлеу әдісті, түсініксіз сөйлеу өте ақырын сөйлеу, өте қатты сөйлеу, кейбір дыбыстарды анық айтпау сияқты әдеттер болады.

Өз сөзіндегі кемшіліктерді түзету үшін тәрбиеші әріптестерінің ескертпелеріне назар аударуы керек. Сабағын магитофонға жазып, оны кейін сын көзбен тыңдағаны жөн. Байқалған кемшіліктер жою үшін қажетті жұмыстың бәрі толық орындалуы керек.

Бағдарламаларда баланың тіліне үлкендермен тікелей қарым-қатыс күшті әсер етеді. Баланы тілдің жоғары үлгісі арқылы үйрету керек екені үнемі айтылып отырады.

Балабақша балалары өз ортасына еліктеу арқылы сөйлеуді үйренетіні белгілі. Осы ретте бала дұрыс, байланысты сөйлеуге үйренумен бірге қарым-қатыс ортасындағы адамдардың тілінде әдеби тіл нормасына жатпайтын кемшіліктерді де қабылдайды. Баланың тіл мәдениеті тәрбиешінің тіл мәдениетімен байланысты.

Балабақша балаларының тілін дамыту мәселесін зерттеген ғалымдардың ішінде тәрбиеші тіліне мән бермеген ғалым жоқ деуге болады. Ол бұл мәселенің маңыздылығына байланысты.

Өйткені тәрбиешінің тілі балалар үшін эталон, оның сөзінде қате болуы мүмкін деген ой балаға ешқашан келмейді. Сондықтан тәрбиеші тілі бала еліктейтіндей дәрежеде болуы қажет. Өйткені тәрбиеші-баламен балабақшада тілдік қатысым жасайтын негізгі тұлға, бала тілін дамытушы, балаға тәрбие беруші, бала сенетін адам. Сондықтан тәрбиешінің қалай сөйлейтіні жүріс-тұрысы, қалай киінетініне дейін балаға үлгі, тәрбиеші- баланың балабақшадағы сөйлеу ортасы.

Бала әр үйренген жаңа білімге қуана білуі керек. Ол үшін тәрбиеші баланың жетістігін жақсы бағалау керек.

Тіл дамыту әдіс-тәсілдерін сабақта дұрыс бөле білу өте маңызды. Сабақтың басында-ақ балалардың назарын сабаққа аударып, олардың  назары мен ынтасын сабақтың аяғына дейін суытпау керек. Ол үшін сабақтың құрылысын тәрбиеші алдымен анықтап алып, сол жүйені сабақтың аяғына дейін  сақтауы керек. Сабақтың алдыңғы бөлімінде негізгі әдіс-тәсілдер шоғырланып балаға сөйлеу әрекетінің мақсатын білдіріп, әрі қарай баланың өздік жұмысына бағыт береді, бірақ ол тәрбиешінің қатысын, басшылығын жоққа шығармайды [4. 56 б].

Балалардың сөйлеу белсенділігі дегенді бала сабақта тоқтаусыз сөйлей беруі керек деп түсінуге болмайды. Баланың сөйлеу белсенділігіне тәрбиешіні, өзінің достарын яғни балалардың сөзін белсенді тыңдауы да жатады. Сонымен бірге тәрбиеші балаларды отырғызғанда, таратылатын көрнекіліктерді беруде балалардың өзіндік ерекшелігін ескеруі керек. Кей бала ақырын, кей бала тез екені ескерілуі керек, кей бала белгілі бір ойыншықтың түрін жаратпайды, т.б. Балалар пікірлесімде белсенді. Пікірлесімде қол көтерген балалар ғана сөйлеп, пассив, ақырын балалар елеусіз қалмау керек. Сондықтан тәрбиеші сұрақты жалпы топқа қойып, жауап айтуға балалар кезекпен қатысады.

Балабақшада жалпы тапсырма беру, хормен барлық бала жауап беру, балаға жеке тапсырма, жеке жауаппен қатар, бірге жүргізілуі керек. Балаға жеке тапсырма, жеке сұрау кезінде тәрбиеші баланың білімін, сөйлеу дағдысын, қызығушылығын, қабілетін ескеруі керек. Әсіресе, тілі нашар дамыған балаға көбірек көңіл бөлуі керек.

Тіл дамыту сабағы түрлі жағдайда өтеді. Көбіне сабақ топтық бөлмеде өтеді, кейде залда өтеді, залда кинофильм көреді, қойылым көреді, хабар тыңдайды, жүгіруге қатысты ойындар ойнайды, жылы кезде аулада сабақ өтеді.

Сабақ кезінде гигиеналық барлық талап сақталуға тиіс. Жарық жеткілікті мөлшерде баланың сол жағынан және артынан түсуі керек, таза ауа, орындық баланың бойына шақ болуы керек. Балалар тәрбиешіге қарап, денесін дұрыс ұстап отыруы керек. Таратылатын лото, сурет, открытка сияқты ұсақ көрнекіліктер қажет сабақтарда балалар кіші үстелде айнала отырады.

Балалардың білімін тексеретін мектептегідей уақыт балабақшада жоқ. Баланың білімін балабақшада тәрбиеші сабақтың барысында жасайды. Тәрбиеші байқағанын күнделікті жазып отырады. Ол тәрбиешіге келешек жұмысын жоспарлау үшін керек.

Өткен материалды басқа сабақта бекіту, не баланың басқа әрекетінде бекіту. Бұл талап дидактиканың қайталау ұстанылымына негізделген. Бұл талапты орындау тіл дамытуда маңызды қызмет атқарады.

Баланы ана тіліне оқыту: математикалық ұғымдар, музыка , бейнелеу  сабақтарына да қатысты. Бірақ олардың әрқайсысының негізгі өз мақсаты бар, мамандығымен байланысты  ол сабақтарда тіл дамыту сабақтары жүргізіледі.

 

Әдебиет:

1.      Пассов Е.И. Методология методики: теория и опыт применения. - ЛГПИ, 2002.

2.      Тихеева Е.И. Развитие речи детей. - М. 1972.

3.      Баймұратова Б. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы. -Алматы, Рауан, 1991.

4.      Әмірова Ә.С., Анартаева К.А. Тіл дамыту. (Әдістемелік құрал). - Алматы, 2006.

Основные термины (генерируются автоматически): бал, бола, мена.


Задать вопрос