Дәстүрлі исламның Қазақстан қоғамын біріктіруші күш ретінде | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Бермаханов, Онгар Бермаханулы. Дәстүрлі исламның Қазақстан қоғамын біріктіруші күш ретінде / Онгар Бермаханулы Бермаханов, Ф. Б. Камалова, К. Д. Нарымбаев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 12.1 (146.1). — С. 2-3. — URL: https://moluch.ru/archive/146/41712/ (дата обращения: 17.12.2024).



Қазақ қоғамын рухани тұрғыда жаңғыруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Елімізде Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы атқаратын рөлі ерекше. Дәстүрлі діндердің жасампаз қоғамымызда достық пен өзара құрмет және түсінушілікті нығайтуға қызмет етеді. Қазақ халқының мәдениеті мен руханияты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі. Елімізге ислам діні күшпен емес бейбіт жолмен енді. Ислам діні барлық адамзатты, соның ішінде, оңы мен солын түсіне қоймаған жастарымызды тәрбиелейтін бірден бір айқын жол болып табылады. Дін – барлық ғылымның, рухани дамудың, мәдениеттің негізі.

Ислам құндылықтары мен ислам филосифиясын, ислам мәдениеті мен өнерін дамыту мен жаңарту ісіне қазақ халқы маңызды және зор үлес қосты.

Ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойдың қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұралар – ислам өркениетінің асыл қазынасы.

Қазіргі таңда Қазақстанда Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толып келеді. Тіптен жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде. Дегенмен де бұл үдерістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары баршылық.

Осылай деп тұжырымдауға төмендегідей ақпараттар дәлел бола алады. VII ғасырдан тарала бастаған Ислам, Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған мемлекеттердің ресми діні деңгейіне дейін көтеріле алды. Исламның Әбу Ханифа мәзһабының дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен қоса жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азияның көшпелі, жартылай көшпелі халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз және Ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды [1].

Тәуелсіздік алған жылдары басталған дінмен қауышу үдерісі 25 жыл көлемінде әлі де жалғасын тауып жатыр. Осылай деуімізге Исламның қазіргі таңдағы ахуалы себеп болып отыр. Баршаға мәлім, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Бұл қадам әлсіреген діни байланысты қайта жаңғырту болды. Алғашқы кезеңнен бастап Қазақстанда осы арна арқылы басқа конфессияларға толерантты көзқарас танытатын, олардың құндылықтарын мойындайтын, ғылымның дамуын, техникалық прогресті қолдайтын Исламның дәстүрлі бағыты таралуда.

Елбасы жарлығымен ашылған Астана қаласындағы халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы жұмыс жасауда. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында қазіргі таңда діни сананы қалыптастыру және діни экстремизм, лаңкестік, зиянды діни ағымдар мәселесінің өткір тұрғандығын атап көрсетті. Сондықтан жастарға ұлттық болмыстан орныққан исламның дәстүрлі құндылықтары негізінде білім беру мен тәрбиелеудің маңызы зор.

Сонымен қатар, 2016 жылы Қазақстан Республикасың дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ашылды. Министрлік дін саласы, азаматтық қоғам мен жастар саясаты аясында бір қатар жұмыстар атқарады.

Қазақстан халқының 70%-нан астамы өзін мұсылман ретінде танитындығын ескерсек, елдегі мешіттер санының әлі де арта түсуі заңды. Халықтың дінге бет бұруының артуы діни ғимараттарға деген сұраныспен қатар, діни мамандардың – имамдардың қажеттілігін туындатты. Осы орайда білікті имамдар даярлау мәселесі бірінші орынға шығып келеді. Қазіргі таңда бұл мәселелерді шешу жұмыстары жүйеленуде, мысалы, имамдар, исламтанушылар, дінтанушылар, араб тілі мен әдебиетінің аудармашыларын дайындайтын «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті; қарилар даярлайтын республикалық орталық және өңірлік имамдардың біліктілігін арттыру орындары қызмет атқаруда. Сондай-ақ, Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, т.б. қалаларда медреселер қызмет атқаруда. Діни басқарманың Қазақстан аймақтарында облыс, аудан, қала, ауыл имамдарымен қоса өкіл имамдары қызмет атқарып, тұрғындардың діни сенімінің дұрыс бағытта дамуына ықпал етуде.

Қазақстан қоғамы үшін дәстүрлі саналатын Исламның өзіндік ерекшелігі жоғарыда берілгендей көрініс тапса, сонымен қатар қоғамымызда ислами мемлекеттердің үлгілерін бағдар еткен еліміз үшін дәстүрлі болып саналмайтын исламдық ағымдардың, тіпті, радикалды топтардың да Ислам атын жамылып әрекет етуі белең алуда. Дәстүрлі дінімізден, өздерінің қасаң қағидаларымен, қасиетті Құран мен хадис үкімдерінің мәніне үңілмей тура мағынасында қабылдап, Исламның ішкі рухани тіректерінен бұрын сыртқы қалыбына аса мән беруі арқылы ерекшеленетін «уахабиліктің» кейбір қағидаларын басты ұстаным ретінде қабылдаған «жихадшылар», «тәкфиршілдер» бар. Осындай тағы да басқа экстремистік топтар халық арасында ресми Діни басқарма пәтуаларын, уағыздарын жоққа шығарып, мәзһаб ұстануды мойындамауға үгіттеуде. Олар өздерінің утопиялы мақсаттары – шариғат заңдарын ғана сақтайтын, біртұтас Ислам халифатын құру жолында қарулы күш көрсетуден тайынбайтындығына еліміздің батыс, оңтүстік, орталық өңірлерінде орын алған лаңкестік әрекеттер мен жарылыстарды өзге емес, өз қандастарымыздың іске асырғандығының анықталуы да өкінішті дәлелдердің бірі [2].

Еліміздегі Исламның қайта жандануын келесідей етіп көрсетуге болады: – бірінші кезеңде, яғни өткен ғасырдың 90-жылдары мен 2000 жыл аралығын қамтитын кезеңде халықтың Исламға бет бұруы; – екінші кезең: 2000 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта діни қызметкерлердің ағарту жұмыстары мен діни ғимараттардың салынуы және дін мамандарының даярлануы жүзеге асты; – 2010 жылдан бастап дәстүрлі емес діни ағымдармен күресу, халықты ақпараттандыру арқылы біртұтас дәстүрлі Ислам қауымына біріктіру қызметтері жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Ислам дінінің қайта жандануы жүзеге асуда және де негізгі діни ағынның қоғамды рухани, өнегелік негіздері арқылы біріктіру қызметін атқару кезеңіне ауысқандығын байқауға болады. Ел аумағында Ислам дінін жандандыра түсуге тек дін мамандары ғана емес, сонымен қатар зерттеуші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері де атсалысып жатыр. Ең бастысы, Исламның тарихын, жүріп өткен жолын, осы жолдағы ата-бабаларымыздың Ислам өркениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттауды бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет.

Қорыта келгенде, біз мемлекет пен дін бөлек деген күнде де, дін мен қоғам бірге қарым-қатынаста. Бірақ мемлекетіміз сол дін мен қоғам қатынасын реттеуші болып табылады.

Ал қазіргі қоғамызды біріктіруші бірден бір күш дәстүрлі ислам болып табылатыны бәрімізге аян. Сол себепті қоғамыздың 70%-нан астамы мұсылман болып табылғандықтан, біз дәстүрлі исламдағы Ханафи мазхабын ұстанғанымыз жөн болар.

Әдебиет:

  1. Құрманбаев Қ. Исламдағы адам құқықтары. - Алматы, 2012. – 180-184 бб.
  2. Сатершинов Б. Діннің жаңғыруы аясындағы ислам интеллектуализмі // Қоғам және дәуір. – 2012. - №3. - 78-86 бб.
Основные термины (генерируются автоматически): ислам, мена, VII.


Задать вопрос