Еліміздің рухани қауіпсіздігіне төнер ықтимал қатерлер және оның алдын-алу жолдары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (112) апрель-2 2016 г.

Дата публикации: 04.05.2016

Статья просмотрена: 438 раз

Библиографическое описание:

Садуов, Бекзат Нуралыулы. Еліміздің рухани қауіпсіздігіне төнер ықтимал қатерлер және оның алдын-алу жолдары / Бекзат Нуралыулы Садуов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 8.9 (112.9). — С. 66-68. — URL: https://moluch.ru/archive/112/29221/ (дата обращения: 19.12.2024).



«Алдын Алу» құбылысы «қауіпсіздік» ұғымының біріншіден, философиялық тұрғыдан алғанда түпмәні, екіншіден, саяси тұрғыдан алғанда, аса қажеттілігі, үшіншіден, логикалық тұрғыдан алғанда, импликациясы, төртіншіден, әлеуметтік-тәжірибелік тұрғыдан алғанда, қарапайым қоғамдық санада өлшемі бойынша қарастырғанда өмір ережесі деуге болады. Олай болса, алды алынбаған, сақтанбаған қауіп пен қатер, түптеп келгенде, өзінің мағынасын өзі қайталап, зардабын тигізбей қоймасы хақ. Сондықтан, қауіпсіздік мәселесі үнемі оның алдын алумен шартталады және өзінің жағымды мағынасын бере алады да, оңды түп нәтижеге келіп тоғысады.

Бірақ бұл тұста, алдымен, қарастырылып отырған мәселенің, яғни, ұлтымызға, мемлекетімізге келетін қатерлерді болжаудың өзіндік қиыншылықтары мен сұранып тұрған қажеттіліктерін атап өтуіміз керек.

Қиыншылықтары:

  1. Жалпы болашақты болжау адамзат тарихында, жүз пайызға сай келетіндей нәтижені бермегендігі түсінікті. Қаншама дәл болжанған жорамалардың өзі келешекпен таза абсолютті сәйкес емес болып шығады. Сондықтан да, қандай әдіснамалар мен құрылғыларды пайдалағанғанның өзінде, ол тура сәйкес емес, болжам неғұрлым алыс болашақ болған сайын, соғұрлым, қателесу мүмкіндігі арта түседі, сәйкесінше, неғұрлым жақын болған сайын, шындыққа сәйкестігі де арта түседі.

Дегенмен, кез-келген қозғалыстың беталыстарына, бағыттарына қарап, нақты болжамдар жасау ғылымда қолданылады. Мысалы, жерге жақындап келе жатқан астеройдтың қозғалыс траекториясына қарап, оның жерге қанша уақытта келіп жететіндігін есептеп шығаруға қазіргі жаратылыстану ғылымдарының мүмкіндігі бар, немесе, адам жатырындағы ұрықтың есейе келе, ұл не, қыз екендігі анықталып, болжанады, оны әр түрлі құрылғылар арқылы дәл анықтауға мүмкіндік береді [1].

Ал біз қарастырып отырған қоғам дамуын болжау, көбіне бұндай құрылғылар арқылы анықталмайды десе де болады. Себебі, тарихтың дамуының арнайы заңдылықтары жоқ және алдағы қоғам дамуын модельдеу де тым абстрактілі болып келеді.

Қажеттіліктері:

1. Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі мақсаты, оның алдын алу, бәрібір болашақтағы қатерлерді болжаусыз мүмкүн емес. «Қатер» мен «Қауіп» түсініктерінің өзі олардың алдын алумен келіп шартталады. Мысалы, қазіргі кездегі біздің елімізге де келіп жеткен діни экстремизм мен терроризмнің болжану деңгейі нақты болды деп айта алмаймыз. Шындығында, оны алдын ала болжап, «болған күннің өзінде не істейміз» деген нақты сауалдар бойынша жоспарлар құрылуы тиіс еді. Сондықтан біз, қарастырып отырған негізгі тақырыбымыз бойынша: «Ұлттық қауіпсіздік – Қатерлерді болжау» тізбегін құрамыз және екі құбылыстың қашанда қатар жүруі тиіс екендігін, тіпті ол арнайы біртұтас ұғым ретінде қалыптасуы қажеттігін пайымдаймыз. Демек, екеуі бірінсіз-бірі болмайтын импликациялы түзілім құрауы тиіс екендігін қайталап айтамыз.

2. Елбасы айтқандай, тарихи уақыттың жеделдеуі, заман ағымының тездігі, үшінші индустриялық төңкеріс пен жаһандану заманы т.б. алдағы қауіптерді болжауды өздігінен сұранып тұрғандай болады. Осыған байланысты, Елбасы ұсынған: «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялары болашақтағы 2050 жылға дейінгі дамудың жан-жақты сипатын ашып беруге арналған, бірақ ол құр болжам емес, нақты мұраттарды көрсететін қолжетімді саяси-мемлекеттік бағдар. Екіншіден, ол болжамдаудан гөрі нақты жоспарлау болып табылады. Елбасы бұл жолдауларында да қауіпсіздік мәселелеріне тоқталғандығын жоғарыда айтқанбыз, ендеше, келесі кезекте, біз оның философиялық қырларына тоқтала отырып, оны жетілдіре түсудің жолдарын ұсынамыз.

3. Жалпы болашақты болжау, оның ішінде қатерлерді болжау, жалпы адамзат тарихында, оның ішінде ұлыстар мен империяларда кездесетін жайт. Бірақ ол ғылыми тұрғыда болмаса да, саяси-әлеуметтік ұстанымдар түрінде біздің халқымызда да билер мен бақсылар арқылы болжанған. Тіпті ол қарапайым қоғамдық санада, күнделікті өмірде әрбір адамның қатерлерді болжауынан да анық көрінеді. Олай болса, қатерлерді болжау адамзат идеалы мен болашағының ажырамас қасиеті (атрибуты) деп айта аламыз. Сондықтан да, бүгінгі біз қарастырып отырған мәселенің түптамыры табиғи-тарихи құбылыс болса, екіншіден, ол ғылыми-философиялық негізде құрылуы тиіс [2].

Осы тұста, алдын-алудың ғылыми-теориялық негіздемесі әлеуметтанулық және философиялық арналармен, олар даму тарихында ұсынған әдіснамалармен келіп тұтасады. Сондықтан, қарастырып өтетін мәселелеріміздің нақты сатыларын былайша құрып алғандығымыз жөн және әрбір сатыдан, өзімізге қажетті әдіснамалық-теориялық бағдарларды анықтап алатын боламыз:

- бұл тұста әлеуметтанудағы болжамдау, біз қарастырып отырған мәселеге тікелей қатысты болғанмен, оның түптөркіні, субстраты философиялық болжамдаудан туындайды. Сондықтан, біз қойылып отырған мәселені нақтырық ашу үшін алдымен, философиядағы болашақты болжау іліміне тоқталып өтуіміз қажет;

- одан соң келесі кезекте, әлеуметтанудағы болжамдау мәселесін шолып өтіп, қауіп-қатерді болжамдауға қарай ойысамыз;

- қоғамдық қауіпсіздікті таразылағаннан кейін оның үлгілерін ұлтымыз бен мемлекетімізге көшіре отыра оның өзіндік ерекшеліктерін таразылау қажеттілігі туындайды;

- сондықтан, еліміз үшін болашақта болуы ықтимал қатерлер болжамданады да, оның алдын алудың қандай үлгілері құрылуы тиіс екендігі таразыланатын болады;

- келесі кезекте, оны шешу жолдарын табу үшін философиялық ұстанымдар тізбегі құрылуы тиіс деп айта аламыз.

Жалпы болжамдау, барлық ғылымдарда, дін мен өнерде т.б. бастап, ғылыми емес білімдерде және күнделікті өмірде кездесетін жайт. Бірақ болжамдауды арнайы қарастыратын және болжамдар ұсынатын философиялық ілім – футурология деп аталады.

Рухани қауіпсіздік бойынша ықтимал қатерлер.Біздіңше, болашақта болуы ықтимал ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің бірі – рухани-моральдік дағдарыстар болуы ықтимал. Ол бүгінгі таңда анық байқалып келеді және рухани құлдыраушылық беталысы бар екендігі де әлеуметтік шындық. Мәселе, осы тұстан туындайды. Адамгершілік құлдыраушылық жалпы алғанда моральдік мәселе болғандықтан, ол заңмен реттелмейді. Осыдан, іргелі түйткілдер туындайды: «бұл құрылым қазақ қоғамында бұрын қалай реттелген?».

Моральдік ұстанымдар әдет-ғұрып пен салт-дәстүр арқылы реттелген, ол жай ғана адамгершілік ұстанымдар емес, белгіл бір деңгейде құқықтық-нормативтік ережелер болып есептелген. Яғни, бүгінгі мораль деп атап жүрген қағидаттардың біраз бөлігі бұрынғы қазақ қоғамында «заң» түрінде бекітілген, ал бұзылған жағдайда «Ата-баба аруағын қорлады» деген айыппен арнайы жазаға кесілген. Демек басты мәселе, моральдік ұстанымдардың заңмен реттелуі тиіс аясы тарылып, жай ғана этика мен адамгершілікке айналып кеткендікте болып отыр [3]. Шындығында, моральдік құлдыраулар әрбір адамның жеке басының ісі, ол үшін ешкімді де жазалауға болмайтын сияқты болып көрінгенмен, түбі іргелі саяси-әлеуметтік ахуалдарға алып келетін сыңайлы. Сондықтан да, болашақта мұндай морльдік құлдыраулар жалғаса беретін болса, оның кейбір қырларын арнайы заңмен реттеу қажеттілігі туындайды деген сөз. Себебі, ұлттық тәрбие, дін сияқты әлеуметтік институттардың бүгінгі таңда моральдік құндылықтарды өз дәрежесінде сақтауға толықтай қуаты жетпей отыр деуге де болады. Сондықтан да оған заң көмектесуі тиіс деген пікір ұсынамыз.

Әлемнің кейбір елдерінде моральдік құлдырау белгілерін арнайы заңдастыру үдерісі жүріп жатыр: бір жыныстылардың некесі, жезөкшелер үйі т.б. Бұлардың қазақ қоғамына мүлде жат екендігі белгілі жайт, мәселе, оларды «заманның ағымы» деп бүркемелемей, сақтану қажеттігі туралы болып отыр. Болашақта біздің елімізде де моральдік құлдыраулардың тым күшейіп кетіп, адамдардың бұл тұрғыдан алғанда «биороботтарға» айналуы ықтималдығы бір уақыттарда іргелі, тіпті саяси мәселеге айналуы қаупін туғызып отыр.

Рухани қауіпсіздіктің тағы бір түрі – тіл мәселесі. Ол бір қарағанда өздігінен-ақ белгілі нәрсе сияқты болып көрінеді, бірақ бұл тұста біз оның басқа қырын ұсынғалы отырмыз. Қоғамдық санада айтылып жүргендей, қауіп үш тұғырлы тілде ғана емес, ғылыми-техникалық прогресс арқылы туындайтын және еріксіз түрде қабылданатын жаңа терминологияларда болып отыр. Техника неғұрлым дамып, қоғамдық өмірге енген сайын тілдік лексиконымыз да соғұрлым терминдене бастайды, мысалы, бүгінгі таңда біздің қолданылатын күнделікті сөздік қорымыздың 10-15 пайызы техногендік дамудың салдарынан енген терминология болатын болса, осы беталысты негізге алып, модель жасасақ, бірте-бірте 20-30 пайыз, одан 70-80 пайыз, тіпті 90 пайыз терминдерден құралатын болса, онда тіліміздің «ана тілі» деңгейі қаншалықты дәрежеде мәртебеленіп тұрады деген сауал туындайды. Алыс болашақта қарапайым күнделікті құбылыстардың барлығы «тамақтану», «жүру», «бару», «отыру» т.б. терминденіп кетуі ықтимал. Міне, басты қауіп осында жатыр. Бұдан, «әлемдік және ғылыми терминдерді қазақшалау қажет пе, қажет емес пе» деген сияқты сауалдардың шешімі өздігінен-ақ туындайды. Демек, болашақта тек біздің елімізде ғана емес, барлық ұлттық мемлекеттерде де «терминдермен күрес», нақтырақ айтқанда, терминдерді ұлттық тілге аудару науқаны басталуы ықтимал деп болжамдай аламыз. Сондықтан «біз де осы шараны қашан және қалай қолға алуымыз қажет» деген сауал туындайды. Осы тұста, әлде, бұл ұлттық тілдердің табиғи түрде өздігінен жойылып кетуі болып шыға ма деген екінші нұсқа да ұсынылады.

Рухани қауіптердің тағы бір түрі – жастар арасындағы білімсіздік, әсіресе, ғылым аймағындағы білімсіздік. Бұл бір қырынан алғанда, жалпы әлемдік үдеріс, екінші бір қырынан алғанда жай ғана миф сияқты болып көрінеді. Жастар арасындағы полиглоттық, шет елдерде оқу, компьютерлік технологияны жетік меңгеру т.б. білімділік пен интеллектінің өлшемдері бола алмайды, жай ғана иллюзия немесе сол білімділіктің алғышарттары ғана. Сондықтан да болашақта, өмір сүруге және мәселені шеше білуге бейім, бірақ Абай сынды даналарымыздың еңбектерімен, идеяларымен мүлде таныс емес, тек атын ғана естіген ұрпақтар легі қалыптасуы ықтимал. Бұның зардаптары: рухани-моральдік дағдарыстардың өршуіне, отандық ғылымының кенжелеп қалуына, ұрпақтар сабақтастығы арқылы бірте-бірте мүлде құлдырай беруге т.б. алып келеді. Яғни, ең қауіптісі де осы соңғысы: бұл – бүгінгі білімсіз ұрпақ ертеңгі білімсіз ұрпақты өсіріп шығарудың шарты дегенге келіп саяды [4].

Жоғарыда атап өткендей, болашақты болжамдау күрделі мәселе болып табылады, дегенмен, біз қатерлердің жалпы бағдарларын ғана көрсеттік және болжамдар осымен тәмамдалды деуге де болмайды. Себебі, ол болашақта да аса маңызды және ғылыми-теориялық тұрғыдан арнайы және терең зерттелуді қажет ететін бағыт болуы тиіс.

Әдебиет:

  1. Насимов М.О., Калдыбай К.К., Паридинова Б.Ж. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (саяси-философиялық талдау). Ұжымдық монография – Алматы, 2015. – 162 б.
  2. Философский энциклопедический словарь. –М.: Сов.энцикл., 1983. –840 с.
  3. Философиялық энциклопедиялық сөздік. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2013. –527 б.
  4. Футурологиялық зерттеулердің теориясы мен әдіснамасы мәселелерін жүйелеудің кейбір мәселелері //«Шүлембаев оқулары» ғылыми-пратикалық конференция материалдары. –Алматы: КазНПУ им. Абая, 2012. – 407 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, оса.


Задать вопрос