Қазақтың философиялық дүниетанымының қалыптасуы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 января, печатный экземпляр отправим 8 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Муканова, А. К. Қазақтың философиялық дүниетанымының қалыптасуы / А. К. Муканова, Г. Б. Альжанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 31-32. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42696/ (дата обращения: 22.12.2024).



Қазақ халқының дүниетанымы — халқымыздың болмысы мен тарихын ұштастырып, мәдениетімен үйлестіре отырып танып-білу. Қазақ халқының философиялық дүниетанымының дамуы қалай жүзеге асты?

Ата-бабамыздан бізге дейін жеткен дүниетанымымызды қалыптастырған төл мәдениетіміз — көшпелілік мәдениеті. Көшпелі мәдениет — қоршаған ортаны, әлемді танып білуге, табиғатпен тығыз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беретін тарихи құбылыс. Көшпелілік — табиғатқа бейімделу, табиғатпен тілдесу және бауырласа өмір сүру салты. Көшпелі қазақ халқы өмір сүруге керекті қажеттіліктерін табиғаттан алған. Қазақтар ерте заманнан табиғаттың тазалығын үлгі тұтты. Өздерінің тәнін де, жанын да таза ұстауға тырысты.Халқымыздың мәдениеті фольклордан, қол өнерден, ойын-сауықтан тұрды. Бұл мәдени құндылықтар ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыруда, олардың біртұтастығын сақтап қалуда үлкен рөл атқарды. Көшпелілер дүниетанымында аңыз-әңгімелердің алатын орны айрықша. Бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқылы ауыздан-ауызға таралып, бүгінгі ұрпаққа жетті және әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпады [1, б. 16].

Ата-бабаларымыз қайда қоныс тепсе де табиғатқа қамқорлықпен қарап, елін, жерін, атамекенін сүйіп, бауырластықта өмір сүрді. Көшпелілер қонысына бейімделе отырып, тау-тасын, мөлдір бұлағын таза ұстауға, табиғаттың сыйға тартқан жемісін, берекесін ысырап етпей түп тамырын жоғалтпай, келер ұрпаққа жеткізуге тырысты. Жануар мен жәндіктерге, өсіп-өнген өсімдіктерге, жеміс-жидектерге жанашырлықпен, қамқорлықпен қарауды жастайынан қанына сіңдіріп, құлағына құйып отырған. Ұрпақты табиғаттың қыр — сырын түсінуге, үндестікте өмір сүруге үйреткен.

Халықтың негізгі байлығы және кәсібі мал шаруашылығы болған. Көшпелі халқымыз әрбір тұрақтаған, қоныстанған жерлерінде шөбі шүйгін, құнарлы, мал шаруашылығына қолайлы жерді іздеген. Олар үшін мал шаруашылығы ішсе -сусын, жесе — асы, кисе — киімі, өмір сүрудің қайнар көзі болды.

Дала тіршілігінде мал мен егін шаруашылығы, рух пен төзімділік бірін-бірі толықтырып отырды. Көшпелілердің сана-сезімі, дүниетанымы бір орында тоқтап қалмай дамып, жаңару үстінде болды. Себебі олар әрдайым қоныс-жайлауларды аралап, таныс-тамырлықтарын кеңейтіп тіл табыса білді. Қоршаған ортаға, адамдарға деген осындай кең көзқарас, терең түсінік — халықтың туыстық қарым-қатынастарын, сезімталдығын ұштап, оның дәстүрлі мәдениетін қалыптастырды.

Қазақтар үшін ең қымбат құндылық адамның бойындағы адамгершілік қасиеті болды. Ар-ұят, уәдеге беріктік, тек қана шындықты айту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, тек жақсы сөз сөйлеу, біреудің көңіліне тимеу адамның бойына ана сүті арқылы дариды. Міне халқымыздың осы асыл қасиеттерін артынан ерген ұрпақтары барлық байлықтан жоғары қойып, оларды өздерінің туы етіп ұстады.

Ежелден қазақ қауымдастығы руға бөлінді, осының негізінде туыстық қарым-қатынас пайда болды. Көшпелі өмір мен рулық қатынастық түп-тамыры бір. Рулық қатынас — қазақ халқын тектілікке тәрбиелеуге, дәстүрін сақтауға, туыстық қарым-қатынастарын күшейтуге, ұрпақтар сабақтастығын реттеуге бағытталған қазақ шежіресінің түп-тамыры.

Адамгершілікті жоғары бағалаған халқымыздың шешендік пен көсемдікке толы сөз бен ой байлығын, дүниетанымын қазақ халқының философиясы деп атап жүрміз.

Қазақфилософиясы өзінің қалыптасу барысында төрт кезеңнен өтті. Олар:

1. Қазақ халқының хандық дәуірге дейінгі кезеңі;

2. Жыраулар шығармашылығы хандық дәуір философиясы;

3. Зар заман кезеңі;

4. Ағартушылық кезең.

Қазақ халқының хандық дәуірге дейінгі кезеңі Анархарсис,Қорқыт ата, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұд Қашқари, Ахмет Йүгінеки секілді ұлы ойшылдардың философиялық ой-пікірлерінің негізінде дамыды. Бұл ғұламалар тек қанатүркі тілдес халықтардың философиясының дамуына ғана емес, әлемдік философияның дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Жыраулар философиясы кезеңіндежыраулардың ой-толғаулары мен шығармалары халқымыздың төл философиясының қалыптасуына зор үлес қосты. Философиямыздың қалыптасуына үлес қосқан жырауларымыз: Бұқар жырау, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Ақтамберді, Жиембет, Үмбетей, Марғасқа.Ақын-жыраулардың шығармалары көшпелі мәдениетке, өздері өмір сүрген замандарының әлеуметтік жағдайларына байланысты бола тұра, олардың шығармаларында терең, өміршең философиялық ойлар жатыр.

Зар заман кезеңінің көрнекті өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы. Қазақ халқының отаршыл Ресейдің қол астына өтуі нәтижесінде зар заман кезеңі басталды. Сол кезеңдегі халықтың басынан өткен ауыртпашылығын, қиыншылықтарын, үкіметтің қарапайым халыққа көрсеткен озбырлығын осы ақындар өз өлең-жырларына арқау еткен. Зар заман ақындарының шығармашылығынан туған еліне, туған жеріне деген сағыныш сазы, еркіндікке, бостандыққа ұмтылу байқалады.

Ағартушылық кезең философиясы Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариндай қазақ халқының біртуар ақын-жазушыларының еңбектерін арқау еткен.Бұл кезеңде халқымыз ғылым мен білімді бірінші орынға қойды. Қазақ халқының ғылым мен білімге деген құштарлығын ояту мақсатында көптеген шығармалар жазылды. Бабаларымыздың қалдырған өсиетін, елін, жерін, тілін сақтауға негіз болған әдебиетін қадірледі. Бұлардың ағартушылық көзқарастары қазақ халқының мәдениет тарихында үлкен мәнге ие. Олар өзінің дарындылығымен, даналығымен әлемге танылды [2, б. 29].

Қазақ философиясының негізгі мәселесі қазақты тану және таныту. Бұл мәселе ерте кезден дүниетанымның негізгі мәселесі болып келеді.Қазақ философиясы дегенде ең алдымен қазақ халқының ұлы ойшыл ақын-жырауларының терең мағыналы шығармаларына назар аударылады. Бұл шығармалар қазақ халқы үшін қайталанбас жетістік болып табылады. Олардың шығармаларынан қазақты танытатын философиялық ой-пікірлерді аңғарамыз. Сол себепті қазақ философиясының төрт кезеңінің де қазақты танытудағы рөлі өте зор.

Қазақ халқының философиясы дегенде оның даналыққа құштарлығы, ақиқатқа жетуге деген ұмтылысын айқын көреміз. Қазақ халқының ерлігі, төзімділігі, батырлығы, адамгершілігі, даналығы, көрегендігі — біртұтас бейнесін құрады.

Қорытындылай келе, қазақтың философиялық дүниетанымы дегеніміз көп факторлардан құралған рухани жетістік екендігін көреміз. Ол өзінің даму тарихында көптеген кезеңдерден өтті, кемелденіп, дамыды. Қазақ халқының философиясы тек тарих және мәдениетпен шектелмей, халқымыздың болашаққа жету бағдарына қызмет етуі шарт. Бірақ дәл қазіргі кезде қазақ философиясы болашаққа қызмет атқаратын күйде емес, себебі, төл философиямызды мойындамаушылар саны аз емес. Қазақ философиясының деңгейін көтеру үшін ең алдымен мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз керек. Ендігі мақсатымыз бай мұраларға толы қазақ философиясын жоғары деңгейге көтеру және ұлттық концепциясын жасау болып табылады. Қазақ ойшылдарының өшпес мұрасын, ұрпаққа қалдырған философиялық дүниетанымын қазіргі кезеңдегі философтар өз шығармаларына арқау етіп ұстанса, төл философиямыз өміршең болмағы анық.

Әдебиеттер:

  1. Нысанбаев Ә. «Қазақ халқының философиялық мұрасы».VII том. Астана: Аударма, 2007 ж.
  2. Нысанбаев Ә. «Қазақ халқының философиялық мұрасы». VI том. Астана: Аударма, 2007ж.
Основные термины (генерируются автоматически): VII, Ахмета, мена.


Задать вопрос