Түркі халықтары – түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар. Түрік атауы – ежелгі атау. Алғаш рет біздің дәуіріміздің VI ғасырынан бастап белгілі бір тайпа тобына қатысты қытай жылнамаларында айтылады. Алайда, түріктер олардың этнонимі тарихта тіркелмеген заманға дейін де өмір сүрген.
Орта ғасырлық қытай жылнамалары бойынша, шығу тегі «варварлық» Солтүстік Вэй әулеті – Солтүстік Қытайда қоныстанған көшпелілердің арасынан шыққан. Осы көшпелі тайпалардың ішінде түріктер де болған. «Түркі» этнонимін бұдан да бұрынғы қытай дереккөздері хабарламаларымен де байланыстыруға болады. Б.д. 287 ж. «Цзинь әулетінің тарихында», бірқатар тайпалар тізбектеліп келтірілген, оның ішінде «аса қадірлі және күшті» деген ту-гэ тайпасы аталған. А.Н. Кононовтың айтуынша «түрік» сөзі «күшті», «мықты» дегенді білдіреді1,4.
Тайпалық одақ этникалық біркелкі болмады: оған түріктер, монғолдар, угрлар (яғни мадьярлардың арғы аталары), хантылар және мансилер, сондай-ақ, палеоазиаттар кірді. Осы халықтардың тілдерінде түрік, монғол, сондай-ақ тунгус-маньчжур тілдерінің ұқсас қасиеттері бар, сондықтан оларды гипотезалық түрде алтайлық семья тобына біріктереді. Тілдердің ұқсастығы қандай да бір жағдайда халықтардың тағдырларының тарихи ұқсастығын бейнелейді.
Б.д. I мыңжылдығында түркілер Орта Азиядағы (орта азиялық түріктер) иран-тілдес халықтармен бірге араласа отырып, орта Азияға қоныстанды. Түріктердің алғашқы әйгілі мемлекеттік бірлестігі (V ғасырдан бастап Еуропада ғұн атауымен белгілі) Хунну ордасы болды. Олар хунн, угра, сармат және германдықтармен біріге отырып, қазіргі Францияның аумағына дейін жетті, бірақ оларды франктер жойып жіберді.
VI ғасырдан бастап Сырдарияның орта ағысындағы және Шу өзенінің бойындағы облыс Түркістан немесе Тұран деп атала бастады. Бұл топонимдердің негізінде Орталық Азиядағы ежелгі көшпелі және жартылай көшпелі иран-тілдес халықтардың жалпы тайпалық атауы болып табылатын «тұр» этнонимі жатыр. Мемлекеттің көшпелі түрі көптеген ғасырлар бойы азиялық жазықтарда билікті ұйымдастырудың басым нысаны болып табылды. Түріктерден басқа, монғолдарға да таралды. Көшпелі мемлекет бір-бірін алмастыра отырып, Еуразияда б.д. I мыңж. ортасынан XVII ғасырға дейін өмір сүрді.
552-745 жылдары Орта және Орталық Азияда ұйғырлар жойған Түрік қағанаты өмір сүрді. Түрік қағанаты 603 жылы екіге бөлінді: Батыс және Шығыс қағанаттары болып. Батыс қағанаттың құрамына (603-658) орта Азияның аумағы, қазіргі Қазақстанның жазық далалары және Шығыс Түркістан кірді. Шығыс қағанаты өзінің құрамына Монғолия аумағын, солтүстік Қытайды және оңтүстік Сібірді қосты. 658 жылы Батыс қағанат шығыс түріктерінің соққыларынан құлады. 698 ж. Солтүстік Кавказ, Еділ және солтүстік-шығыс Қара теңізі аумақтарында төргештердің тайпалық одағының көсемі Учэлик жаңа түрік мемлекетін – Төргеш қағанатын құрды (698-760). 972 жылы Киев князі Святославтың соңғы соққысының нәтижесінде Хазар қағанаты өмір сүруін тоқтатты.
V-VIII ғасырларда Еуропаға келген көшпелі түрік тайпалары - болгарлар бірқатар мемлекеттер құрды. VII ғасырда Балқанның шығысында Ұлы Болгарияны құрды. Болгарлардың өзге бөлігі Еділ, Кама өзендерінің бойында көшіп-қона жүріп, монғолдар бағындырған Еділ Болгариясын (X—XIII) құрды. IX ғасырдың екінші жартысында хазарлар ығыстырған печенегтер солтүстік Қара теңіз аймағына қоныстанып, Византия мен Ежелгі орыс мемлекетіне қауіп-қатер тудырды. 1019 жылы печенегтер ұлы князь Ярославтан жеңілді. XI ғасырда хазарлар оңтүстік орыс далаларында XIII ғасырда монғол-татарлар бағындырған және жойған қыпшақтарды алмастырды. Ғұндар да, хазарлар да, печенегтер де, өзге де тайпалық бірлестіктер де тек түрік болып қана қойған жоқ, олар өздеріне әр түрлі этникалық топтарды қосып алып отырды. Тамерлан XIV ғасырдың соңында Орта Азияда өз империясын құрды, бірақ ол империя ол қайтыс болған соң (1405 ж.) құлдыраған болатын.
Сонымен қатар б.д. I жарты мыңжылдығында жекелеген түрік топтары Кавказдың оңтүстік бөлігіне ене бастады, алайда бұл үдеріс өңірдің этникалық құрамын өзгертуге әкеп соқпады. Түріктер б.д. XI ғасырының ортасында ғана (салжұқтар) Алдыңғы Азия (Кавказдың оңтүстігі, Иран, Армения, Анатолья) аумағына жаппай қоныстана бастады.
Дала көшпелілері адамзат тарихы мен мәдениетінде парсылар мен гректерден немесе римдіктерден кем рөл атқарған жоқ. Олардың дүниежүзі тарихындағы рөлі әрбір халық секілді ерекше болды. Бұлар – өздерінің әлемдегі ең керемет жылқыларымен біртұтас болып келетін керемет салт аттылар мәдениетін құрды. Кейде олар аттың үстінде туылғандай және жерге ешқашан түспегендей көрінетін. Олар бірінші болып атқа міну мен аттан түсуді үйренді, олар ер-тоқымды және ат-әбзелдерін ойлап шығарды, олар – озат садақшылар болды. Осылайша, олар ғасырлар бойы аттың үстінде, толығымен қаруланған жеңімпаздар атанды. Түркілер – бұл түркі-тілдес халықтар дегеннен де маңыздырақ.
Түркілер өздерінің дамуында әлемге өркениеттің жаңа деңгейін («темір») әкелді. Сонымен қатар, жауынгерлік бірлік деңгейіне дейін үйретілген жылқыны; иілген қылышты (тік қылышқа қарағанда жақыннан ұрысудың аса тиімді қаруы); ірі бірақ жеңіл (ұшпа) атты жасақты және оның қолдану стратегиясы мен жаңа әдісін; жаяу және атты ұрысты жүргізуге бейімделген киімдерді әкелді. Бұлар сол заманның ең озық ғылыми-техникалық өрлеу деңгейінің айқын белгісі болатын.
1220-40 жылдардағы шығыс Еуропаға бағытталған монғол-татар шапқыншылығы көшпелілердің жаппай қозғалысына әкеп соқтырды. Еуразиялық жазық далаларда (Алтайдан Карпатқа дейін созылған монғол кезеңіне дейінгі Дешті-Қыпшақ атауымен белгілі болған қыпшақ даласы) қыпшақтар талқандалды; 1236 жылы Еділ Болгариясы жаулап алынды. 1240-шы жылдардың басында Алтын Орда құрылды, оның құрамына Хорезм, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ Болгариясы, Орал, Батыс Сібір енді. Халықтың басым бөлігін тілі мемлекеттік тіл болған қыпшақтар құрады. Сол заманда кейінгі-алтынордалықтар бірлестігі қалыптасты - Астрахандық, Қазандық, Қырымдық, Сібір хандығы, Ноғай Ордасы; 15 ғасырдың соңында және 16 ғасырдың басында Қазақ хандығы (қазақтардың құрамында тарихи түрде қалыптасқан Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) және Өзбек хандығы құрылды. Олардың халқы әр түрлі түркі-тілдес тайпалардан (ноғайлар, қыпшақтар, башқұрлар, қазақтар) және халықтардан (қазан татарлары, чуваштар), сондай-ақ фин-угрлардан (мордва, марийліктер, ұдмұрттар, ханты, манси) құралды. Хандықтар өмір сүрген кезеңдерде түркі халықтарының өзге жұртқа кірігулері де қоса орын алды. Мәселен, 16 ғасырдың ортасында Еділ мен Оралдың бойындағы түркі халықтары Орыс мемлекетінің құрамына кірсе, Сібірдің түркі халықтары – 17 ғасырда, Кавказ, Қазақстан және Орта Азия халықтары – 18 және 19 ғасырларда қосылды.
Түркі халқының шығу тегі мен салт-дәстүрлері ғылымда аз зерттелген мәселе. Сосын бұл тақырыптың толық зерттелмегендігі сол кездегі ғылыми базаның әлсіздігінен ғана болған жоқ. Бұл, сонымен қатар, оған көптеген ғалымдардың біржақты қарауымен де тікелей байланысты болды. Тек екі мысал келтірейік2: 1960 ж. археолог С.С. Черников Мәскеуде «Қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстан» атты қызықты кітабын шығарды, ол табылған археологиялық материалға сүйене отырып, «басқаларға жақпайтын» пікірлер айтты. Мысалы, иран-тілдес деп саналатын андронов мәдениетінің иелерін ол түркі халқының арғы аталары деп әділ атады. Сол-ақ мұң екен, иран-тілдес андроновтар туралы пікірді жақтаушы кейбір археологтар С. С. Черниковты бірден қатаң сынға ала бастады. Көпшіліктің құрметіне ие болған және әйгілі ғалым О.О. Сулейменовтың «Аз и Я» (Алма-Ата, 1975) атты кітабы да қатты соққыға тап болды. Себебі әлгі шығармада дүниежүзілік мәдениеттің дамуында түркі халқының прогрессивті рөлі объективті түрде көрсетілген болатын. Ал КСРО ғылым Академиясының басшылығы болса, жазықсыз шығарманы әділетсіз және зиянды деп танып, оны да айналымнан алып тастаған болатын. Алайда мұндай шаралардың жоғарыдан келген бұйрық бойынша орындалатыны ешкімге де құпия емес еді.
Халықтың өткен тарихын білместен, әсіресе, олардың этногенезін білместен, олардың бүгінгі тарихын ұғыну мүмкін емес. Ендігі әңгіменің арқауы да сол туралы болмақ.
Түркі тайпалары мен халықтары туралы көптеген ежелгі және орта ғасыр тарихшылары көп мұра жазып қалдырған. Олардың ішінен, әсіресе, Гекатей, Гесиод, Геродот, Страбон, Плиний, Помпоний Мела, Птолемей, Мовеес Хоренаци, YII ғасырдағы «Армян географиясының» авторы Ананий Ширакаци, Ибн ал-Асир, Рашид ад-Дин, Хордадбех, Абу-л-Фида Ибн Хаукаль сынды ғалымдарды атауға болады. Алайда түркі халықтарының тарихы бойынша алғашқы ғылыми зерттеме болып, 1713-1722 жж. Сібірде қызмет еткен швед офицері Ф.И. Табберт-Страленбергтің ғылыми еңбектері саналады. Ол түркі халықтарының шығу тегіне қатысты Алтай теориясын құрушылардың бірі болды (Кляшторный, 1964, с.5)2. Страленберг былай деп жазады: «Геродот уақытында өмір сүрген Азиядан Еуропаға қоныс аударғандарды алғашқы сақтардың арғы аталары деп ойлауымыз мүмкін бе» Страленберг, 1888, с. 3-4)3.
XVIII ғ. түркі халқының этнографиясы мен тарихын зерттеуде көптеген түркі халқының салт-тұрмысы, діні, тілі және әдет-ғұрыпы туралы құнды мәліметтер қалдырған атақты шығыстанушы саяхатшылар И. А. Гюльденштедт, П.С.Паллас, Г. Ю. Клапрот өз үлестерін қосты.
Венгрлердің ежелгі тарихы мен этногенезін зерттеумен айналысқан атақты венгр ғалымы Жан-Шарль де Бесс (Беш) қарашай-балқарлар және венгрлер ортақ бір ұрпақтан таралған деп санады. Француз тілінде Парижде жарық көрген өзінің «1829-1830 жж. Қырымға, Кавказға, Грузияға, Арменияға, Кіші Азияға және Константинопольға саяхат»4 атты кітабында ол былай деп жазды: «Ешбір өзге ұлт қарашай және диғорлар секілді венгрлерге ұқсамайды».
Әлемге әйгілігі түркітанушы ғалымдардың және бір тобы осы жердегі өңірлерімен жалғасып жатқан Еділ-Орал өзенаралығын түркі тайпаларының атажұрты деп санайды. Алтай, оңтүстік Сібір және Байқал өзенінің бойы олардың екінші атажұрты болуы мүмкін, олар ол жерден қайтадан Еуропаға және Батыс Азияға қарай бет алған – деп санайды.
Академик Э.И. Эйхвальд5 біздің дәуірімізге дейін түркі тайпалары Еуропада өмір сүрді деген тұжырымды алғаш рет ғылыми тұрғыдан негіздеді. Ол былай деп жазды: «Сақтарға әр түрлі түрік ұрпақтарын қоса есептеу сирек емес … Сақтар деп түрік тайпаларын пайымдаудың да сансыз дәлелдері бар.... Геродот Тюррагеттер мен Түріктерді атап өтеді. (кн. IY, 21)... Днестрдің жоғарғы сағасына Геродот аң аулаумен өмір сүретін түріктерді орналастырады.,. Тирас немесе Тюрас (Днестр) түріктерде әлі күнге дейін Тур... деп аталады. Барлық басылымдарды түріктер деп жазудың орнына иурки-юрки атауы жазылады... Түрік тайпалары туралы Страбон, Плиний және Помпоний Meла да айтыып өткен».
Осы пікірлерді орыс академигі А. Н. Аристов6 та ұстанды, ол былай деп атап көрсетті: «Көптеген жаңа зерттеушілердің пайымдауынша, өзге де авторлардың және Геродот сақтарының бір бөлігі түрік тайпасына жатуы әбден мүмкін» (Аристов, 1896, с. 400). XIX ғ. Сақтардың тілі мен мәдениетінің түрік сипаты туралы Эйхвальдтің, Аристов пен өзге де авторлардың пікірлері К. Лайпанов және И. Мизиев7, Лаппо-Данилевский, 1887, с. 361; Мищенко, 1884, с. 50 және келесі; Ямпольский, 1966, с. 62-64; 1970, с.10,13; 1971, с. 35-36; Мизиев, 1990, с. 55; 1991, с. 41-49 «Түрік халқының шығу тегі туралы» кітабының жаңа фактілерімен ортақтасып дәлелденеді. Сақтардың арасында түркі-тілдес тайпалардың болғаны туралы YI ғасырдың екінші жартысында «Тарих» бірінші орыс Геродот аудармашысы А. Лызлов8 жазды (Чистякова, 1961, с. 117 және келесі).
Бұл көзқарас төмендегіге негізделеді, барлық ежелгі грек және рим жазушылары – оның арасында Гомер, Гекатей, Эсхил, Пиндар, Геродот, Гиппократ, Страбон, Помпоний Мела, Плиний, Птолемей — бір ауыздан сақтар мен сарматтарды «қымыз ішетін бие сауушылар», «қымыздан ірімшік жасаушылар» және т.б. деп атады (Латышев, 1890, 1896, 1904, 1906). Бұл оларға ежелгі грек және латын дәстүрімен олармен алғаш танысуы кезінде берілген өзіндік этномәдени төлқұжаты болып саналды.
Бұл жайында атақты венгр түркітанушысы Юлиус Немет9 былай деп жазды: «Бізге мәлім болғандай түріктер өмір сүрген ежелгі аумақтар әдетте Орталық және Шығыс Азияға жатқызылады. Бұған қарсы пікір ретінде мен басқа өз болжамымды ұсынамын, тіл деректері бойынша, түріктердің қоныстанған ежелгі аумақтарын Батыс Азиядан іздеуіміз керек. Түрік тайпаларын оралдықтардан қашықтатудың қажеті жоқ және Орал тайпаларының алғашқы аумақтарын Орта немесе шығыс Азия аумақтарына жатқызуға еш негіз жоқ» (Немет, 1963, с. 127-428).
Осы тұжырымдаманы академик Немет 1912 - 1914 жылдары ежелгі уақыттан бері Шығыс Еуропаға қоныстанған венгрлердің, балқар, қарашайлардың, құмықтардың, татарлардың және өзге де бірқатар халықтардың тіл тарихын зерттегеннен кейін барып ұсынды (Немет, 1912).
Неметтің тұжырымдамасын: атақты поляк түркітанушысы А. Зайончковский, ресей ғалымы – тарихшы және лингвист - М. Ямпольский және антрополог В. П. Алексеев, әзірбайжан лингвист ғалымы М.Ш. Ширалиев, қазақ жазушысы әрі ғалым О.О. Сулейменов, археолог Э. Б. Вадецкая, ғалымдар И. Мизиев, К. Лайпанов та қолдайды. «Көп уақыттан бері түркі тілінің тарихы орхон-енисей ескерткіштерінен басталады деп саналып келді, - деп жазады М.Ширалиев және С. Асадуллаев, себебі олар түрік тілінің ең ежелгі ескерткіштері болып саналды. Сондай-ақ, біздің дәуірімізге дейін және біздің дәуіріміздің басында ежелгі түрік тайпаларының Орал тауларымен Еуропаның батыс бөлігі аумақтарында қоныстанғаны мәлім»10. Сонымен қатар орхон жазбаларына дейін, б.д. I ғ. ғұндардың да өз руна жазуы болғанын ұмытпауымыз керек11.
Соңғы уақыттарда антропологиялық және өзге де процестерді, тілдік, этникалық, тарихи құбылыстарды және фактілерді зерттеуге қатысты дәл ғылыми қадамдардан және ескі стереотиптерден кері шегіну үрдісі байқалады.
Ежелгі түріктердің Қара теңіз, Алдыңғы Азия және Кавказ аумақтарына қоныстану уақыты туралы маңызды ғылыми мәселені дарынды лингвист және тарихшы З.И. Ямпольский зерттеді. Ол өз зерттеулерінің қорытындысын 50-70–ші жылдары жариялады. Геродоттың, Помпония Мела, Плиниий және Страбонның еңбектеріне арқа сүйей отырып, ол б.д. дейінгі V ғасырда, мүмкін одан да ертерек заманда аталған өңірлерде түркілердің өмір сүргенін дәледеді. Ғалым былай атап көрсетеді: түркілер және «түркі тектес тілдер» ежелгі уақыттан бері өмір сүрді. Сонымен қатар, ол И.М. Сеченовтың айтқан тұжырымына арқа сүйеді, яғни Азияның көптеген түркілеріне тән болып келетін қос еселенген жоғарғы қабақ «ана құрсағында өмір сүрген барлық адамзатта бар және осындай қабағы бар антропологиялық тұрпат алғашқы түр-сипат болды деп болжады». Әзірбайжан халқының және барлық батыс түріктердің этногенезін зерттеуде ғалымдар С.С. Алияров (1984), Г.А. Гейбуллаев (1986, 1951), Ю.Р. Джафаров (1985) және басқалар салмақты үлес қосты, олар Батыс Азияда және Шығыс Еуропада түркілердің біздің дәуірімізге дейін өмір сүргенін және осы өңірлердің дамуына белсене қатысқанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Қазіргі таңда көптеген түркітанушылар түріктердің атажұртын Алтай, оңтүстік Сібір және Байкал маңы деп санауға бейім. Атақты түркітанушы ғалымдар Лайпанов К., Мизиев И. олардың алғашқы отаны Еділ-Орал өңірі, әрі Азия мен Еуропа өңірлеріне түрік тайпалары б.д. дейінгі IV ғ. III мыңжылдығында қоныстанды деп санайды .
Еділ-Орал өңірі, әсіресе, оның жазық және орманды жазық жерлері ол жерге қоныстанған халықтар үшін қолайлы болды. Бұл жерде мал жаю үшін керемет жайылымдар, жабайы аңдар мен құстарға толы ормандар, балығы мол өзендер мен көлдері, пайдалы қазба кендері жеткілікті болды. Дәл осы Орал Алтай, Оңтүстік Сібір және Кавказбен теңдесе отырып, (Қарашайдағы Кубань сағасындағы металлургия ошағы), металлургияның алғашқы орталығына айналды, Орал өңірі онымен көршілес жатқан аудандардың шаруашылығының дамуы үшін өте қолайлы жағдай туғызды.
Бұл өңір адамдар б.д. дейінгі XIII мыңжылдықтан бастап жабайы жануарларды қолға үйрете бастаған өңірлердің бірі болатын. Әсіресе, Оралдың, Еділдің, Солтүстік Каспийдің, Солтүстік Қара теңіздің, Солтүстік Кавказдың жазық және орманды жазық аймақтарында, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан жазықтарында б.д. дейінгі IV мыңжылдықта жабайы жылқыларды қолға үйрету аса маңызды болды. Ол мәдениеттің әлемнің өзге аймақтарына дәл осы жерден тарағанын ғалымдар анықтады. Әлемнің ең озық егіншілік өңірінде – Алдыңғы Азияда жылқы шамамен б.д. дейінгі II мыңжылдықта пайда болды. Салт атпен жолаушылауға және жегулі аттармен үлкен қашықтықтарды басып өтуге мүмкіндік туды. Бұл мал өсіруші көшпелілер мен сарбаздар үшін аса маңызды болды. Ежелгі түріктер осылайша өмір сүрді12.
Еділ-Орал өңірінің жылдам дамуына төмендегі географиялық факторлар да ықпал етті: бұл өңір Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан, ол арқылы мыңдаған жылдар бойы батыстан шығысқа қарай, солтүстіктен оңтүстікке қарай және өзге де бағыттарда көптеген тайпалар жүріп өткен. Бұл жерде түріктердің арғы аталарымен қатар фин-угор және олардан да қашық өзге халықтар бір-бірімен араласқан. Онда әр түрлі салт-дәстүрлер тоғысып, бұл өңір әр түрлі мәдени орталарды байланыстырған аймаққа айналған. Археологтардың пікірінше, бұл жерде Қара теңізден, Днепрден, солтүстік Кавказдан, Каспийден, Аралдан, Қазақстаннан және батыс Сібірден келген халықтар қоныстанған. Осы өңірден тайпалардың кері қоныс аударуы да аса маңызды рөл атқарған13. Қоныстанған елді мекендердің кіші-гірім ғана ауқымына қарай, адамдар жылжымалы, көшпелі өмір сүрген деп болжауға болады. Олар үңгірлерде, күркелерде, жылытылған жеркепелерде және кейінірек киіз үйлерге ұқсас жартылай жеркепелерде мекендеген14. Оңтүстік Орал мәдениетінің шекарасы оңтүстікте қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан аумағында бауырлас мәдениеттің таралу аумағымен тоғысты, шығысында оның шекарасы Батыс Сібірдегі Тобыл өзенінің бойымен өтті14. Археолог Г. Н. Матюшинның15 пікірінше, мезолит дәуірінде Орал жотасының екі тарапы бойынша шығу тегі әр түрлі, көптеген ғасырлар бойы дамудың ұзақ жолын бірге жүріп өткен халықтардың екі тобы дамыды.
Археолог Г. Ф. Коробова өзінің «Орта Азия және Қазақстан мезолиті» атты қорытынды мақаласында мынадай тұжырымға келді: Шығыс Еуропаның, Батыс Сібірдің және Орта Азияның мезолиттік мәдениеттері бір-біріне ұқсас, тек әр түрлі нұсқаларды қамтиды. Оның пікірінше, осы бір жоғарғы мәдениет аталмыш өңірлерге Алдыңғы Азиядан келді деп қорытынды жасаушы ғалымдар қателеседі.
Түріктердің және фин-угрлардың алыс арғы – аталарының Еділ-Оралда бірнеше ғасырлар бойы біріге өмір сүргенін мойындай отырып, осы өңірдің жазық және орманды жазық аймағында алғаш мекендеген халықтардың басым көпшілігі түркілер болған деп болжаймыз. Бұл болжамды осылай қоюымызға бізге төмендегі даусыз фактілер мүмкіндік береді. Еділ-Оралдың этномәдени элементтерінің «Ежелгі ям» кешені XYI-XYII ғғ. дейін Еуразияның барлық түркі-тілдес халықтарының тұрмысында және мәдениетінде еш өзгеріссіз сақталған. Осы бір айрықша қасиеттердің ішінен мыналарды да атап өтуге болады: 1) қорған үйіндісі; 2) денені (мәйітті) серіппесіз арбаларға, ағаш астауларға, қималарға салып көму; 3) мазардағы киізден жасалған немесе қамыстан жасалған төсеніштер; 4) марқұмды құрбандыққа шалған жылқылармен немесе қойлармен қоса шығарып салу; 5) жылжымалы мал шаруашылығыа негізделген тұрмыс; 6) тағамға жылқы еті мен қымызды пайдалану; 7) киізден жасалған уақытша үйлер - тұрақтар. Сипатталған этномәдени құндылықтардың талдауы еуразиялық тайпалар мен халықтардың тарихы мен мәдениетіне кең көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, Тарихи-археологиялық зерттеулер мынаны көрсетеді: б.д. дейінгі IV ғасырдың басындағы III мыңжылдықта мал шаруашылығымен айналысқан тайпалардың қоныстанған аумағы олардың малдарының көбеюімен және мал жаюға арналған жайылымдарының ұлғаюымен бірге кеңейіп отырған. Шығыстағы Ембіден, батыстағы Днестрге дейінгі ірі кеңістікте ежелгі-ям атауына ие болған мәдени-тарихи орта қалыптасты. Кең алқапты қамтыған бұл тарихи-мәдени ортаның шеңбері ұлғая келе, егіншілікпен айналысатын үш іргелі орталықтармен (Еуропа, Алдыңғы Азия және Орта Азия) тоғысты. Осы сәттен бастап аталмыш алпауыт кеңістіктер онда қоныстанған тайпаларды ажыратушы фактордан гөрі біріктіруші факторға айналды.
Бұл кеңістіктер өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын ірі құрылымдардың қалыптасуына және кәсіптердің алмасуына маңызды ықпал етті. Сөйтіп, ежелгі тайпалардың араласу және қоныстану процесін жеңілдетті. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысатын тайпалардың өзара және өзге жерлердегі егін шаруашылығын кәсіп еткен басқа тайпалармен тоғысуы ежелгі көшпелі және отырықшы тайпалардың экономикалық және мәдени жетістіктерінің жылдам таралуына зор мүмкіндіктер ашты. Демек, жаңа және ежелгі мәдени-тарихи ошақтар мен билік форматтарының тоғысуы жазық кеңістіктерді кеңінен игерудің алғашқы қадамдарын қалыптастырып қана қоймай, ондағы экономиканың өндіруші нысандарының жылдам таралуына да үлкен жол ашып, мал шаруашылығымен айналысу және ол шаруашылықты жүргізудің жылжымалы немесе көшпелі нысандарын дамытты.
Осындай ірі кеңістіктерде ежелгі көшпелілердің мәдениеті біркелкі болып қала алмады. Үнемі жылжып отыруларына байланысты, басқа көшпеліілермен араласып, өзге тайпалардың экономикалық және мәдени жетістіктерімен бөлісе отырып дамуға бет алды.
Еділ-Оралдың ежелгі көшпелі тайпалары, негізінен, еуропатектес болды, бірақ олардың арасында монғолтектес, дәлірек айтқанда, лапанойдтектес сипаты барлар да кездесті (Герасимов, 1955). Ежелгі-ям мәдениетін тасымалдаушылар, яғни ежелгі қой шаруашылығымен айналысатын көшпелілер IV ғ. соңында - б.д.дейінгі III мыңжылдықтың басында - Еділ-Орал ошағынан солтүстікке қарай угр-фин тайпаларының ортасына таралды. Олар бұл аймақтағы байырғы халықпен тығыз байланысқа түсті. Біз бұл үдерісі фин-угрлардың жаппай түркіленуінің басы деп білеміз.
Ежелгі қорған мәдениетінің иегерлері үйреншікті ошақтарынан батысқа қарай тарап, кейін пайда болған триполдық мәдениет ошақтарының тайпаларымен араласты. Бұл үдеріс түркіленудің және түркі мәдениеті элменттерінің солтүстік Қаратеңіз жазықтарындағы православ тайпаларының ортасына енуімен сипаттлады.
Оңтүстік-батысқа қарай көшкен көшпеліілер Кавказдың ежелгі тайпаларымен тығыз байланысқа түсті. Олар осы жерден қазіргі Әзірбайжан, Армения, Алдыңғы және Кіші Азия аумақтарына еніп, егіншілікпен айналысатын ежелгі отырықшы тайпалармен тығыз байланысқа түсті. Олардың кейбірі енді егіншілікпен айналыса бастады, кейбірі көшпелілермен бірге отарлап мал өсірумен айналысты.
Шығысқа қарай көшкен кезінде ежелгі ямдықтар сары нәсілді тайпаларымен араласты, олардың басым бөлігі монғолтектес сипаттарға ие бола бастады. Саян-Алтайдың таулы жазықтарында, Орта Азия мен Қазақстанда олар түркі халқының негізгі компоненттерін - қазақтар, қырғыздар, хакастар, алтайлықтар, тувалықтар, ұйғырлар, якуттар, өзбектер, түрікмендер және басқаларды топтастырды. Түрікменстанның оңтүстігі, Арал алқаптары арқылы ежелгі көшпелілер Солтүстік Иранға және Ауғанстанға еніп, ол аймақтарда да егіншілікпен айналысатын ежелгі тайпалармен араласты. Батыс және оңтүстік-батыс бағыттарға қоныстанған ежелгі ямдықтар өздерінің еуропатектес болмыстарын сақтай отырып, ежелгі екавказ болгарлары, қарашайлықтар, балқарлар, құмықтар, әзербайжандар, түрік османдары және басқалардың этногенезін қалыптастырған үдерістің негізгі құрамдас элементі болды. Ежелгі ямдықтардың басым бөлігі ежелгі атажұртта қалғаны сөзсіз. Олар еділдік түркі-тілдес халықтардың - татарлар, башқұрлар және чуваштардың - қалыптасуына ықпал етті.
Батыста шығыс тайпаларының қарама-қарсы қозғалысымен соқтығысқан ежелгі ататүрік тайпалары Орта Азияға, Алтайдың таулы бөктеріне, Саянға, Байкалға қайтадан, кері қарай Шығыс Еуропа алқаптарына жылжуға мәжбүр болды. Ежелгі ескерткіштер мен ежелгі атажұртына деген ұмтылыс ежелгі болгарлар мен хазарларды Еділ мен Оралдың алқаптарына бірнеше мәрте кері қайтуға мәжбүрледі. Біздің зерттемелерімізше, Алтай, оңтүстік Сібір, Байкал - ежелгі түрік тайпаларының екінші атажұрты. Осы жерден олар біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырынан бастап Еуропаға толқын толқынымен ағылып отырған.
Еділ-Оралдың ежелгі ямдарының мәдениетінің көршілес тайпалардың мәдениетіне ықпал ету іздерін М. П. Грязнова, О. А. Кривцовой-Граковой, С. В. Киселева, Н. Я. Мерперта, А. X. Халикова, Н. Л. Членовой, К. А. Акишева, И. И. Артеменко және өзге де археологтардың зерттемелері анықтады. Сонымен, Н. Л. Членованың13 пікірінше, алғашқы отаны Еділ-Орал өңірі болған археологиялық мәдениеттің белсенді байланыстары көптеген ғасырлар бойы ірі аумақта өмір сүрді.
Зерттеушілердің басым бөлігі түріктердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму деңгейін төмендетіп көрсетеді, дүниежүзілік өркениетке олардың қосқан үлестерін теріске шығарады. Олар түріктерді өрлеудің құрушылары емес, керісінше, оның бұзушылары деп көрсетуге тырысады. Қазақстанның, Орта Азияның және Алтайдың, Сібірдің түркітілдес тайпаларының барлық мәдениетін жақтаушылар осы көзқарас тұрғысынан, барлығын да иран тайпаларының мәдениеті ретінде ұсынады. Тіптен, «Қазақстан мен Орта Азияның тарихи этнографиясы» атты оқу әдістемесінде16 қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының тарихы бұрмаланған. Бұл әдістемеде автор С. Поляков Қазақстан мен Орта Азияның ежелгі тұрғындарының иран-тілдес екендігі туралы шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тұжырымдамасын көлденең тартады. Оның пікірінше, түріктер бұл жерге Шығыстан жақында ғана келген-міс. Кейбір ғалымдардың б.д. дейінгі I мыңжылдықта Қазақстанда және Орта Азияда өмір сүрген сақтар түріктер болды деген тұжырымына С.П. Поляков сыни көзбен қарайды.
Түркі-тілдес халықтардың ежелгі дәстүрлі мәдениеті, ең алдымен, көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды. «Халықтардың ұлы көші» дәуірінде батысқа қарай өз қозғалысын бастай отырып, түркітілдес халықтар (хазарлар, печенегтер, қыпшақтар және басқалар) Қазақстанның жазық кеңістіктеріне және үндіеуропалық семьядағы халықтар секілді солтүстік Индиядан Скандинавияға дейін қатар қоныстанған. Алайда кейінгі ғасырларда көптеген түркі-тілдес халықтар тарих сахнасынан жойылып кеткен немесе егінші-славяндардың отарлау ағынының салдарынан кері шегінген. Сондықтан XIX ғ. соңында түркітілдес халықтар үлкен кеңістіктерде өмір сүрсе де, (батыста Қара теңізден Орта Еділге дейін, оңтүстік-шығысында Алтайға дейін, шығысында Чукоткаға дейін), Қазақстан мен Орта Азияны қоспағанда, аталған кеңістіктің жекелеген немесе шағын аймақтарын ғана мекендеген.
Біздің заманымызда жаһандану мен өзге халықтармен кірігу процесі бүгінгі Түркия түріктерін ата қоныстарынан тыс жерлерге ауысып, кеңінен таралуына мүмкіндік ашты. Олар қазіргі кезде әр түрлі құрлықтарда - Еуразияда, Солтүстік Америкада, Австралияда - өмір сүреді.
Антропологиялық тұрғыдан, замануи түркітектес халықтар екі ірі нәсілге бөлінеді. Олар — монғолтектес және еуропатектес нәсілдер. Алайда аралық өтпелі түрлері де кең таралған. Мәселен, монғолтектестерге якуттар, хакастар, тувалықтар, том татарлары, алтайлықтар және басқалар жатса, еуропатектестерге әзірбайжандар, балкарлар, гагауздар, қарашайлар, құмықтар, түріктер және басқалар жатады. Сонымен қатар, аралас туранойд тектес түс-әлпет (мұнда монғолтектес белгілер еуропатектес белгілерден шамамен 60%-40% басымырақ келеді), қазақтарға, ноғайларға және қарақалпақтарға тән.
Әдебиет:
1. Кононов А.Н. Опыт анализа термина турк // Советская этнография. – 1949. - №1.
2. Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. 1964, С. 5.
3. Филипп Иоганн фон Страленберг. Историческое и географическое описание северной и восточной частей Европы и Азии. 1988, с 3-4.
4. Жан-Шарль де Бесс (Беш) Путешествие в Крым, на Кавказ, в Грузию, Армению, Малую Азию и в Константинополь в 1829-1830 гг, Париж, с. 333.
5. Эйхвольд Э.И. Палеонтология России. Древний период. Изд-во Р. Голике, 1961.
6. Аристов А.Н. 1896, с. 400.
7. Лайпанов К.Т., Мизиев И.М. О происхождении тюркских народов. М. 1993, с.6.
8. Лызлов А.И. Скифская история, Отв. ред. Е.В. Чистякова, М.: Наука, 1990. – с. 520.
9. Немет Юмус 1963, с. 127, 428.
10. Ширалиев, Асадуллаев 1970, с. 8.
11. Сарткожаулы Каржаубай 1991, с. 440-441.
12. Кыдырниязов М.Ш. Материальная культура в XIII-XIV вв. 1989.
13. Членова Н.Л. О культуре бронзовой эпохи. М., 1955, - с. 38-57.
14. Рыбакова Б.А. Мезолит 1989, с. 91-92 (144, 146, 147).
15. Матюшин Г.Н. Мезолит Западного Зауралье. 1989, с. 144, 146-147.
16. Поляков С.П. Историческая этнография Средней Азии и Казахстана. М., 1980.