Арал өңірінің жануарлар дүниесінің қазіргі экологиялық күйі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (88) апрель-2 2015 г.

Дата публикации: 20.04.2015

Статья просмотрена: 92 раза

Библиографическое описание:

Айдаров, О. Т. Арал өңірінің жануарлар дүниесінің қазіргі экологиялық күйі / О. Т. Айдаров, А. К. Оспанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 8.2 (88.2). — С. 4-6. — URL: https://moluch.ru/archive/88/17437/ (дата обращения: 16.12.2024).

Сыр өңірінде шаруашылықтың ыңғайына қарай «Қыр» деп аталып кеткен кең байтақ жазық даласында және Сырдарияның төменгі ағысында «Сыр» деп аталып жүрген атыраулық бөлігіндегі өзен-көлдері мен олардың төңірегінде жан-жануарлардың көптеген түрлері тіршілік етеді. Соңғы жылдары өлкеде өршіген экологиялық тоқыраудан олардың тіршілік ететін ортасы, яғни, экологиялық нишасы (қуысы) азғындауы себепті хайуанаттардың көпшілік түрлері құрып кетудің алдында тұр. Рас, жан-жануарлардың біреу жарым түрлері ғана болмаса көпшілігінің түрлік құрамы сақталған, бірақ саны өте азайып, анда-санда  біреу-екеуі ғана кездесетіндей күйде қалды. Бұрын кәсіби ауланып жүрген ірі сүтқоректілердің өзі бүкіл Қазақстан аумағында сиреп қалғанын ескерсек, табиғаты қатаң Сыр өңіріндегі олардың жағдайы қандай екенін айтпаса да түсінікті.

Бұрын Арал теңізі толық және Сырдарияның атыраулық бөлігінде көлдердің саны екі мыңнан артық кезде мұнда су ценозымен тіршілігі тікелей байланысты құстардың түрлері де, саны да көп болды.

Өңірде құстардың 319 түрі, олардың 173-і ұя салатындар мен 123-і ұшып өтетіндер және сирек келетін құстардың 23 түрлері болған [1]. Әсіресе, Арал теңізі мен теңіз жағалауындағы көлдерді мекендейтін қаз, аққу, үйрек, бірқазан, қарабай, құтан, шіл, шағала тағы басқа түрлері көп еді. Қазір теңіз жағалауындағы құстардың түрлік саны 170-ке, ал ұя салатындардың түрлік саны 68-ге дейін кемігені белгілі болып отыр. Сол ұя салатындар қатарында бұрынғы қазтектестердің 143 түрінен 3, шілдердің 17-нен 6, шағаланың 13 түрінен 4-і ғана қалған [2]. Ұя салатындардың теңіз жағасындағы ценозбен байланысты тіршілік ететін 8 түрінен бірқазан, құтан (аққұтан, көкқұтан) сияқты бір-екі түр ғана кездеседі. Олар да Сыр өңірінде тұрақтамай ұшып өтетіндер қатарында болып тұр. Себебі, ұя салатын қамысы қалың шыққан, қопалы сулы мекендер азайып кеткен, жоқ десе болғандай. Соған байланысты көптеген аң-құстар өз мекенін басқа өңірлерге ауыстырып отыр. Сырдың төменгі атыраулық бөлігінде құстар ұя салатындай қолайлы мекен қазір бір жерде ғана бар. Ол Көкарал бөгетінен батысқа қарай 7-8 км жердегі «Құйылыс» деп аталатын батпақты көлшік. Оның ауқымы 5-6 км2. Мұнда суда өсетін өсімдіктердің (қамыс, қоға) "қопағы", шалаң (балдырлар) ұя салатын құстарға тәуір мекен болып тұр. Көлшікте қайық жүрмейді, грунты ұйық, сондықтан жаяу адам тағы жүре алмайды. Мұнда құстың түрлік құрамы көп емес, бірақ саны көп. Көлшікті жергілікті тұрғындар "құс базары" деп атайды. Осы көлшікті мекендейтін құстардың басым көпшілігі балық жейтін қарабай, онан саны аздау түрлері құтан, үйрек, қасқалдақ, шіл, шағала бар [3].

Бұл құс мекендейтін көлшік үлкен теңіздің жағасында орналасқан. Ол алдағы уақытта құрғап қалуы мүмкін, өйткені, 2005 жылы Көкарал бөгетінің бірінші кезегі біткен соң үлкен теңізге түсетін судың мөлшері азайды. Ендігі жерде үлкен теңіз тартыла береді. Сондықтан осы өңірді мекендейтін азын-аулақ құс түрлерінің келешегі қандай болатынын болжау қиын.

Сыр өңірінің шөлейт қырларына ұя салатындардан 4 түрі бар. Олардың тобын құрайтын дала жыртқыштары – жапалақ, бөктергі, қырғи, аққұйрық су бүркіт. Сонымен бірге саздақ шөл даланы мекендейтін құстардың тобы сол бұрынғыша сақталған. Осында мекендейтін байырғы құстардың көпшілігі торғайлар (бозторғай, молдаторғай, көккептер, жаркептер т.б.) бір километрге есептегенде олардың саны 7-8 ден 48-50-ге дейін жетеді.

Қазақстанның «қызыл кітабына» тіркелген құстардың түрлерінен Сыр өңірінде қалғаны 5-еу.

Сүт қоректілер. Сыр өңірінің оазистері мен оларға жақын аймақтарында сүт қоректілердің елуден артық түрлері тіршілік етеді. Олардың ішінде қолқанаттылар 8, насекомқоректілер 4, қоян 1, кеміргіштер 26, жыртқыштар 11 және тұяқтылар 3. Ірі сүтқоректілер – құлан, жабайы шошқа,  ақбөкен, қарақұйрық; жыртқыштардан – қасқыр, шағал, борсық, түлкі, қарсақ т.б [4]. 2009 жылғы далалық экспедиция кезінде Кіші теңіздің Ақбасты елді мекені төңірегінде қамыс мысығы кездесті. Бұл жануар соңғы 15-20 жыл кездеспей кеткен болатын. Тастүбек елді мекеніннің маңындағы Қыземшек, Наршөккен шоқаттарында қасқырдың көбейіп кеткені соншалық, жайылымдық малдарға шабу көп кездесті.

Сыр өңірінде суы мол мыңдаған көлдерді айнала өсетін қалың қамыс, қопалардың ішінде өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін Сыр Жолбарыс мекендеген еді. Бүгінгі қамыс арасында күні кешеге дейін өріп жүрген жабайы шошқалар, даламызда үйір-үйірімен жосылған құландар туралы естіген адамға аңыз сияқты.

Қазіргі кезде Құлан Арал теңізінің ішіндегі “Барсакелмес” аралында (қазір құрлыққа қосылып кетті) 1939 жылы аңшылық шаруашылығы негізінде ұйымдастырылған сол арал аттас қорықта бар. Құланды Барсакелмеске жерлендіру тек 1953 жылдан басталды.

Құлан-19-ғасырда қазақ жерінде кең тараған ірі аң. Сырт пішіні жылқыға ұқсас, қимылы өте шапшаң, ал басының салмақтылығы, құлағының үлкендігі, кекілсіздігі мен құйрығы есекті елестетеді. Екеуінен де өзгешелігі-басын көтеріп жүгіруі мен ұшқырлығы, әрі мықтылығы мен төзімділігі. Дәмді еті үшін есепсіз аулаудан сол ғасырдың отызыншы жылдары қазақ даласынан құлан жойылып кетті. Тек Түрікменстанның оңтүстігінде “Бадхыз” қорығында сақталып қалған еді. Қазақстан жерінде Құланды түр ретінде қайтадан қалпына келтіру мақсатында оны “Барсакелмес” аралына жерсіндірілді.

Бұрын теңіз толық кезінде «Барсакелмес» арал болып тұрғанда ондағы жануарлардың түрлік құрамы Арал теңізін айнала қоршаған құрлықтағы хаиуанаттар түрлерінен бір шама жұтаң болды. Ол кезде ондағы сүт қоректілердің – 12 (сыртқы құрлықтағыдан үш есе кем), бауырымен жорғалаушылар – 8 (сырттағының 1\4), қосмекенділерден – 1, құстардың – 211 (бұл сыртқы құрлықтағымен бірдей) түрлері болған. Мұндағы фауна, әсіресе ірі сүт қоректілер тобы адам қызметінің нәтижесінде қалыптасты. Мысалы, Барсакелместегі сүт қоректілердің 12 түрінен төртеуін (Құлан, Қарақұйрық, құм Саршұнағы, Ақ Қоян) және құстың екі түрі (Қырғауыл, Сұр Куропатка) сырттан әкеліп жіберілген. Соңғы жануарлар (Аққоян, Қырғауыл, Сұр Куропатка) жергілікті жердің табиғатына тез көндігіп кеткенімен 1948-1949 жылдың қатты қысында қырылып қалды. Арал теңізі тартылған соң “Барсакелмес” аралы теңіздің құрғаған орнындағы құрлыққа қосылып, оның қиыр батыс шеті болып қалды. Қазір онда ірі сүт қоректілерден азын – аулақ Ақбөкен мен Қарақұйрық бар, ал Құландар түгелдей шығып, Жыңғылтүп пен Қасқақұланның маңын мекендеп жүр. Себебі, бұл жерде тұщы су көзі (скважина) бар. Қазір Барсакелместің қорықтық мәні төмендеді. Оған себеп, Арал теңізінің айдыны тарылып, суы ащылануымен бірге құрғаған орны тұзды шаң тарататын шөл далаға айналды. Сонан аралдың ауа бассейнінде қалқып жүрген тұз массасы көбейді, өсімдіктің вегетациясына жағымды микроклиматтың режимі бұзылды. Қорықта мекен деген Құланның, Ақбөкеннің, Қарақұйрықтың популяциялары соншалықты ащы суды ішуге үйреніп, түр ретінде сақталуы былай тұрсын, ұрпақ санының көбеюі тірі организмнің қоршаған ортаға бейімделу қабілеті орасан күшті екенін көрсетеді. Қазір ірі сүтқоректілер Барсакелместен шығып кетті де онда тышқандар иелік етіп қалды. Оған хайуанаттардың тығыздығы, шөп қорының тапшылығы және кеңістік үшін түраралық күрес себеп болып отыр. Тышқандардың популяциясын шектейтін биологиялық (түлкі, күзен, жыртқыш құстар) және антропогендік (тышқан аулау) факторлар болмаған соң олар Барсакелместе тежеусіз көбейіп барады. Тышқандардың осы өңірдегі фитомассаны құртып жіберу қаупі жоқ емес. Бұл жағдайда онсыз да экологиялық күйі мәз болмай тұрған өлкенің қу далаға айналуы ықтимал. Қазіргі кезде Құланның үйірлері Қасқақұлан, Жыңғылтүп, Ақбасты телімдерінің арасындағы шөбі қалың, ішетін суы бар (скважина) ауқымды сексеуілді даланы мекендеп жүр.

Арал теңізінің суы кеткен соң оның жағалауындағы қуаң аймақтарда кеміргіштердің саны көбейіп бара жатқаны байқалады. Әсіресе, тіршілігі сумен байланысты аңдардың жағдайы өте ауыр. Солардың ішінде ең құндысы ондатр болатын. Елуінші жылдары Арал өңірінде жыл сайын 233,6 мың данаға дейін ондатр терісі дайындалып жүрді. Бертін келе оның өрісі тарылуына байланысты саны азайды, сөйтіп, 1972 жылы небары 72 дана ондатр терісі алынды. Сол сияқты ірі аңдардан борсық, жабайы шошқа, қаракұйрықтың басы тез кеміп барады. Олар қазіргі кезде ілуде ғана біреу-жарым болмаса кездеспейді.

Бауырымен жорғалаушылар. Қазақстанда тіршілік ететін бауырымен жорғалаушылардың 49 түрінен Сыр өңірінде 24 түрі кездеседі. Бауырымен жорғалаушылар ортаның ығалдығына онша сезімталдық  көрсетпейді. Сол себепті, экологиялық жағдай қанша қолайсыз болғанымен олардың түрлік құрамы онша көп өзгермейді. Мұнда бұрыннан тіршілік ететін кесіртке, тасбақа, қалқан тұмсық, құмайдаршасы, оқжылан т.б сияқты түрлер сақталған, олардың сандық және түрлік құрамында өзгеріс жоқ. Олар өздерінің байырғы мекендерінде жиі кездеседі. Көптеген экожүйелердің маңызды құрамы болып табылатын қосмекенділер мен рептилиялар бұл өңірде аз емес. Демек, өңірдің экологиялық жағдайы олар үшін жағымсыз болып тұрған жоқ. 20-30 жыл бұрын жоқ болып кеткен келес (серый варан), 2010 жылы Сырдария өзенінің сол жағалық Шаған өзені бойынан ауланды (жергілікті халық). Қазір ол Қызылорда қаласындағы ҚМУ зоомұражайында.

Ихтиофауна. Қазақстан жеріндегі сулы-нулы аймақтың ең ауқымдысы Сыр өңіріндегі биологиялық түрлердің құрамында балық ерекше орын алады. Жалпы Қазақстан жерінде балықтың түрлері 104-тен артығырақ. Ол кезде Арал теңізінде балықтьщ 20 түрі болды. Олардың көпшілігі өте дәмді, ең құнды балықтар еді. Ол кезде Арал теңізнен ауланған балықтың 70 пайызы бентофагтар (зоопланктенмен қоректенетін), - Тыран, Сазан, Торта, 10 пайызы жыртқыш балықтар - Жайын, Шортан, Тісті балық, Ақ балык, 9-10 пайызы Бекіре, Қаяз, Қылыш балық, Шемая (патша балығы), 10 пайызы басқа әр түрлі балықтар мен майда шабақтар. Теңіздің ихтиофаунасын құрайтын түрлер тегі жағынан тұщы судың балықтары. Сондықтан олардың сан жағынан көбеюі уылдырық шашатын тұщы сулы өрісіне байланысты.

2005 жылы Көкарал бөгетінің бірінші кезегі аяқталған соң Солтүстік Арал теңізі өз алдына дербес теңіз болып, өңірдің экология-экономикалық және жергілікті тұрғандардың әлеуметтік жағдайын жағымды ықпалын тигізе бастады. Соның айғағы ретінде 2006 жылы Кіші теңізден 2,3 мың тонна балық ауланды. Бұл алдыңғы 2005 жылғы көлемімен салыстырғанда он есе көп. Қазіргі кезде құнды балықтар Бекіре мен Қаяздың популяцияларын көбейту жұмыстары қолға алынды. Олардың майда шабақтарын сырттан әкеліп, «Қосжар», «Тастақ» балық питомниктері мен Аманөткел тоғанды су шаруашылығы көбейту жұмыстарын жүргізуде. Жақын болашақта осы құнды балықтардың популяциялары қалпына келеді деген үміт жоқ емес.

Жалпы, Арал өңірінің жануарлар дүниесі мен олардың мекен ету ортасының экологиялық  жай – күйін қалыпты деңгейде сақтау бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып табылады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      Редкие птицы и звери Казахстана / Под ред. А.Ф. Ковшарь. - Алма-Ата: Гылым, 1991. - С. 30-203.

2.      Қазақстандық Шығыс Арал өңірінде табиғи ортаның бұзылуы // Ғылыми-зерттеу экспедициясының есебі / ҚМУ. - Қызылорда, 2000. - 116 б.

3.      Қазақстандық Шығыс Арал өңірінде табиғи ортаның антропогендік бұзылуы және оның әлеуметтік-экономикалық зардаптары // Ғылыми-зерттеу экспедициясының есебі / ҚМУ. - Қызылорда, 2002. - 95 б.

4.      Нұрғызаринов А.М., Шапшанов Қ.  Арал өңірінде өндірісті экологияландыру. - Алматы: НЦПФЗОЖ,  2001. - 35-40 бб.

Основные термины (генерируются автоматически): Арал, мена, сан, бар, Сыр.


Задать вопрос