Қызылорда облысының жер ресурсының сапалық жағдайы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №7 (87) апрель-1 2015 г.

Дата публикации: 30.03.2015

Статья просмотрена: 4136 раз

Библиографическое описание:

Сауытбаева, Г. З. Қызылорда облысының жер ресурсының сапалық жағдайы / Г. З. Сауытбаева, Г. Б. Токтаганова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 7.1 (87.1). — С. 63-65. — URL: https://moluch.ru/archive/87/16687/ (дата обращения: 19.12.2024).

Жер ең негiзгi табиғат байлығы. Ол барлық тiршiлiк көзi, өмiр сүру ортасы. Қазір адамдар өздерiне керек қоректiк заттардың 88 %-н егiстiк жерлерден, 10 %-н ормандар мен жайылымдардан, 2 %-н теңiз бен мұхит суларынан алады. Сондықтанда, жер қорын қорғау және тиiмдi пайдалану ең негiзгi, ешқашанда маңызын жоймайтын өзектi мәселе.

Өнеркәсiптiң дамуы, қалалардың, жолдардың, гидротехникалық құрылыстардың салынуы жердiң беткi қабатын бұзып, табиғи ландшафтардың өзгеруiне алып келедi. Өзгерген жерлер шаруашылық жағынан төмен бағаланып, қоршаған ортаны токсиндiк заттармен ластап, адам өмiрiнiң санитарлық-гигиеналық жағдайын төмендетедi.

Жер қорының құрылымдық және сапалық жағдайының өзгерiсiн қарастыра отырып байқайтынымыз, олардың, әсіресе ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердiң даму бағыты негативтi сипатта екендiгiн көре аламыз. Мұндай жағымсыз процестер жердiң ресурстық потенциалының қысқаруына, оның нәтижесiнде ауылшаруашылық өнiмдерiнiң төмендеуiне алып келiп, мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiне қауiп тудырады. Бұл процестi тез арада тоқтатудың ең негiзгi жолы жердi тиiмдi пайдалану. Әсiресе бұл қазіргi шаруашылық жағдайында, яғни, өнеркәсiптiк ресурстардың жетiспеушiлiгi мен топырақтың өнiмдiлiгi төмендеген уақытта маңызды.

Шаруашылықтың және жердi пайдаланудың экономикалық механизмiнiң жоқтығы жер ресурстарының тапшылығы мен деградациясына алып келедi. Осыған байланысты жердi пайдаланудың ақысыз түрiнен ақылы түрiне өту арқылы жер ресурстарын тиiмдi пайдаланудың экономикалық негiзi жасалды.

Жер қоры халқымыздың ең басты ұлттық байлығы, сондықтан оның құндылығы ақшалай бағаланып ұлттық байлықтың құрамында есептеледі. Жер иеленуге, пайдалануға, жалға беріледі, жер несиеге кепілдік болады, жер пайдаланушылардан салық, т.б. төлемдер алынады осының барлығының шамасын анықтау негізінде жердің құндылығы — экономикалық бағалау жатады.           

Барлық табиғат байлықтар сияқты жерді экономикалық бағалау негізгі үш түрлі қызмет атқарады [1]:

1.                  Есептеу. Жер ұлттық байлық ретінде, аймақтардың, кәсіпорындардың, жеке жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың өндірістік-материалдық қоры ретінде есептеледі. Жер өндірістің, басқа да құрылымдардың, тұрғын үйлердің, т.б. орналасқан орны, шаруашылық орны ретінде де есепке алынады.

2.                  Жер қорын тиімді пайдалануға экономикалық ынталандыру үшін оның бағасы болуы керек және сол арқылы нарықтық қарым-қатынасқа қосылады.

3.                  Жер бөлімшелерінің сапалық қасиеттері — өнімділігі, орналасу тиімділігі әр түрлі. Құнарлы, тиімді жерлер жеткіліксіз, сондықтан өнімділігі, тиімділігі төмен жерлер де пайдаланылады және жұмсалған еңбектеріне қарамай жақсы (тиімді) пайдаланушылар қосымша пайда табады. Тиімділігіне байланысты әр түрлі жер бөлімшелері әр түрлі бағаланып жер пайдаланушыларға біркелкі жағдай туғызылады. Нәтижесінен тиімділігі төмен, бірақ халық шаруашылық тұрғыдан қажетті жерлерді пайдалануға ынталантырылады.

Жер қорын экономикалық бағалаудың барлық қызметтері бір-бірімен тығыз байланысты, жалпы жерді қорғауға, тиімді пайдалануға қызмет етеді.

Жалпы, облыстағы жер қорын топырақ пен климаттық және басқада шаруашылық жағдайларына байланысты үш табиғи-экономикалық ауданға бөліп қарастыруға болады.

Бірінші зонаға (оңтүстік) екі әкімшіліктік аудан (Жаңақорған және Шиелі), екінші (орталық) зонаға төрт әкімшіліктік аудан (Жалағаш, Қармақшы, Сырдария және Қызылорда қаласы), ал үшінші зонаға (солтүстік) екі әкімшіліктік аудан (Арал және Қазалы) кіреді [2].

Облыстың күріш шаруашылығына мамандануына байланысты, топырақ пен климат ерекшелігіне және басқада жағдайларды ескере отырып табиғи суармалы егістік жерлерді үш табиғи сілемге бөліп қарастыруға болады: Жаңақорған-Шиелі, Қызылорда және Қазалы-Арал. Соңғы жылдары Арал ауданындағы ауыл шаруашылықты аудандарда шағын күрішті алқаптар қалыптаса бастады. Бұл сілемдердегі негізгі мәдени өсімдік — күріш бұрынғы инженерлік-дайын жерлерді өзіне сәйкес келетін мәдени өсімдікпен бірге егіледі.

Облыстағы жалпы жер қорының 9193,0 мың га немесе 74,0 % жер көлемі суландырылатын жайылымдық жер. Осы уақытта бос жерлердің көлемі -129,8 мың га ұлғайған. Бұл негізінен, ауыл шаруашылығының финанстық жағдайының нашарлауынан, минералдық және органикалық тыңайтқыштардың жетіспеушілігінен, тұқымның жетіспеуінен, сонымен қатар, тозығы жеткен материалдық-техникалық базаға байланысты.

Облыс аумағындағы табиғи-экономикалық жағдайдың әр түрлі болуы, ауыл шаруашылықтық өндірісті орналастыруға мамандануға байланысты Арал маңында ауыл шаруашылығының дамуының өзгеше түрі қалыптасты (әр түрлі мамандыққа маманданған, әрі өзі сатып алып өзін-өзі қаржыландыру тәрізді түрі).

Солтүстік зонада соңғы жылдары суландыратын судың жетіспеуінен күріш пен басқа да мәдени өсімдіктерді өсіретін егістіктің көлемі азайған. Әйтсе де, елді мекендердің бір-бірінен қашық орналасқандығы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болып отыр. Әсіресе, оның ішінен ірі жүнді қой, түйе және жылқы шаруашылығын дамытуға ыңғайлы.

Оңтүстік зонада температураның қолайлығына байланысты шаруашылыққа жайлы, әсіресе көкөніс-бақша, жеміс-жидек, майлы және техникалық мәдени дақылдар мен жүзім өсіруге қолайлы. Сондықтан соңғы жылдары мұнда негізгі мәдени өсімдік күрішпен бірге мақта және т. б. өсіруді дамытуда.

Орталық зонада шаруашылықты дамытуға қолайлы болғандықтан мұнда күріш және күріш тұқымдасына жататын басқа да мәдени өсімдіктер, дәнді, майлы, бау-бақша, жеміс-жидек егілуде.

Кез-келген жер қоры құнарлылығымен ерекшеленеді. Қызылорда облысына тән климат, өсімдіктер дүниесі, гидрологиясы мен гидрогеологиясы негізінде қалыптасқан топырақ жамылғысы жер ресурстарының сапалық жағдайына ерекше ықпал жасайды. Осыны негізге ала отырып, облыс аумағындағы топырақтарды екі үлкен топқа бөлуге болады:

-        суармалы егіншілік дамыған атыраулық ылғалды топырақтар;

-        шөлейт бөлігінде ескі заманнан қалған суармалы егіншіліктің ізі бар және мал жайылымына пайдаланылатын құрғақ топырақтар [3].

Топырақтың құнарлығының өзгеруіне адамдар әрекеті де әсер етеді. Ғылыми тұрғыдан әрекет жасаса, топырақ құнарлығын арттырады, ал жауапсыздықпен қарайтын болса, топырақ құнарлылығын төмендетеді немесе жойып жібереді. Топырақ құнарлылығын, жерді пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі агрономиялық, агротехникалық, агромелиоративтік, ұйымдастырушылық шаралар мыналар:

1.      Топырақты эрозиядан (азудан) қорғау. Эрозияның негізгі үш түрі бар: жел, су және техникалық. Тегіс емес, тақыр жерлерде жауын-шашын топырақтың құнарлы қабатын жуып кетеді. Ормансыз ашық жерлер, әсіресе өнімділігі құртылған (жыртылған) жерлер жел эрозиясына ұшырайды, топырақтың құнарлы қабатын жел ұшырып кетеді. Жерді ауыр техникамен өңдеу, жылма-жыл бір дақылды егу, техниканың жолсыз жерлермен жүруі топырақ эрозиясын күшейтеді.

Шөл және шөлейт аймақтарда маусымдық пайдалану тәртібін сақтамай шамадан тыс мал жаю, техникалардың жүруі өсімдіктердің, әсіресе құнды өсімдіктердің жойылуын тудырып отыр. Беті ашылған топырақ жел, күн, су эрозиясына ұшырайды. Бұл қауіптен қорғанудың басты жолы тоғайлар өсіру, суландыру, реттеп пайдалану.

2.      Топырақты сортаңданудан (тұзданудан) қорғау. Топырақтың тұздануы жауын-шашын мөлшері буланатын ылғалдан аз болғанда болды. Егістікті көп жыл бойы көлдетіп суғару топырақтың тұздануын тудырады. Жаңбыр суының жер бетіне көлкіп жатып булануы жерді сортаңдандырады. Егістікті, жайылымды суғарудың озық тиімді әдістерін қолдану топырақты сортаңданудан сақтайды.

3.      Топырақты құм басудан қорғау жолдары — ағаш (сексеуіл, жыңғыл), бұталар отырғызу, көп жылдық шөптер егу.

4.      Жерді батпақтанудан қорғау үшін гидромелиоративтік жұмыстар жүргізу, суғару жүйелерін жетілдіру қажет болады.

5.      Топырақтағы қоректік заттарды сақтау үшін мелиоративтік жұмыстар, сортаң жерлерді әкпен, гипспен өңдеу, арнаулы әдіспен жырту, тыңайтқыш беру, мал жаюды ретеу, т.б. агрономиялық жұмыстар жүргізіледі.

6.      Топырақты уланудан қорғау — пестицид, гербицид, тыңайтқыштар қолдану мөлшерін реттеу, өндіріс, тұрмыс қалдықтарынан қорғау, санитарлық сауықтыру шаралары болып табылады.

7.      Құрылыс, жол салу, жер қойнауын барлау, пайдалы қазбаларды өндіру, қалдықтарды орналастыру нәтижесінде бүлінген жерлерді қалпына келтіру (рекультивация) республикамыздың жер қойнауын едәуір жақсартады.

8.      Егістік құнарлы жерлердің ауыл шаруашылық айналымнан шығарылуын болдырмау шаралары заңдастыруды талап етеді. Соңғы жылдары әр түрлі құрылысқа, саяжайға, жолдарға, сауда орындарына егістікке қолайлы, құнарлы тегіс жерлерді, ормандарды бөлу кең етек жайып келеді. Оны заңдастырып тоқтату қажет-ақ [4].

Аталған жұмыстар арнаулы ғылымдар саласындағы жетістіктерге сүйеніп жүргізіледі. Сонымен қатар бұлар экономикалық шаралар болып табылады. Өйткені жұмсалатын қаржы, материалдық шығындарды есептен, шаралардың экономикалық тиімділігін анықтау қажет. Жерді қорғау, тиімді пайдалану шараларын жүзеге асыру үшін экономикалық есептеулер, бағалаулар жүргізіледі. Жердің құнарлығын бағалау, қалпына келтіру, қорғау, жақсарту шығындарын анықтау, жерді нарықтық қарым-қатынасқа қосу, т.б. экономикалық есептеулерді, бағалауды талап етеді [5].

Қорыта айтқанда, жер өндiрiс қорының көзi, әрi өндiрiстi орналастыру ортасы ретiнде өндiрiстiң барлық саласына қатысты. Өндiрiстiң даму қарқыны артқан сайын жер байлығын, жер қорын пайдалану мөлшерi де өсiп келедi. Соған байланысты, жер ресурсының тиiмдi қорының сапасының төмендеуi қоғамның өндiрiске жұмсалатын шығынының артуына керi әсер етуде. Жер қоры сапасының төмендеуiнен туындайтын өндiрiс тиiмдiлiгiне керi әсердi ғылыми техникалық жетiстiктер нәтижесi де жоя алмай отыр.

Сондықтан жер қорын үнемдi, тиiмдi пайдалану кезек күттiрмей шешiмiн табуы тиiс мәселеге айналып отыр. Оны шешу үшiн жердi тиiмдi пайдаланудың қазіргi экономикалық механизмге сай жаңа экономикалық жағдайларды ұйымдастыру керек және осындай комплекстi жолдардың iшiнен ең тиiмдiсiн, ең қолайлысын, нақтысын таңдап алуымыз қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      М. А. Гендельман, Ж.Қ.Қырықбаев «Жерге орналастырудың және кадастрдың ғылыми негіздері», Астана-2004 ж

2.      Система сельскохозяйственного производства Кызылординской области. Под.ред. С. У. Нургисаева. –Алматы: Бастау, 2002

3.      Саданов А.Қ., Нұрғызарынов А. Н. Арал өңірінде орнықты дамудың ғылыми негізі. –Астана, 2008

4.      Нұрғызарынов А., Шапшанов Қ. Арал өңірінде өндірісті экологияландыру. –Алматы: НЦПФЗОЖ, 2001

5.      Т. Х. Тоқмурзин, Л. И. Подольский «Жер кадастры», Алматы-2001 ж

Основные термины (генерируются автоматически): Арал, мена.


Задать вопрос