Қазіргі білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде үнемі туындап отыратын жаңа талаптарға сәйкес оқушылардың шығармашылығын, пәнге қызығушылығын шығармашылық есептерді қолдану арқылы оқыту әдістемесінің теориялық және тәжірибелік тұрғыдан зерттелінуінің жеткіліксіз орын алып отырғандығы байқалды. Биологиялық шығармашылық есептерінің оқушылардың шығармашылық потенциалын жүзеге асыру мен дамытудағы мән-мағынасының, маңыздылығының сыры ашылмай, назардан тыс қалып отыруы; оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттерінің, көбінесе, сабақтан тыс уақыттарда, факультативтік сабақтарда жетілдіру әдістемесінің басым болуы; биология сабақтарында оқушылардың білімін шығармашылық есептер арқылы дамытуға арналған зерттеу жұмыстарының жеткіліксіз қарастырылуы байқалады.
Жалпы, «шығармашылық қабілетке» берілген нақты анықтама жоқ, әр зерттеуші оны өз түсінігінше жеткізеді. Шығармашылық қабілет деген не? Қабілеттің шығармашылық деңгейге жеткізілуі неге байланысты деген сұрақтар әрбір ұстазды мазалайды. Шығармашылық әрекет өте күрделі үрдіс және ол адамға ғана тән. Шығармашылық — адам іс-әрекетінің түрі.
Шығармашылық — жаңа нәрсе ойлап табуға бағытталған қабілет деңгейі. “Шығармашылық” сөзінің төркіні (этимологиясы) «шығару», «іздену», «ойлап табу» дегенге келіп сояды. Демек, бұрын тәжірибеде болмаған жаңа нәрсе ойлап табу, жетістікке қол жеткізу деген сөз [1].
Осы айтылғандарды негізінде биологиялық шығармашылық есептердің мазмұнын құрастыруда келесі критерийлер басшылыққа алынды [2]:
- шығармашылық есептер мазмұнының оқу үдерісінде проблемалық, дамыта оқыту принциптерін жүзеге асыратындай болып құрылуы;
- шығармашылық есептер мазмұнының оқу бағдарламасында берілген оқу материалынан асып кетпеуі;
- шығармашылық есептерді шығару үшін оқу бағдарламасынан тыс жатқан ұғымдардың және заңдылықтардың қажет болмауы;
- шығармашылық есептер мазмұнының бағдарлы болуы, яғни биологиялық білімнің өндірістегі, өнеркәсіптегі, техникадағы, табиғат құбылыстарындағы, үй-тұрмысындағы орнын көрсету мен айқындау мақсатын көздеуі;
- шығармашылық есептер мазмұнының оқу материалының бірыңғай мазмұнымен тұтас байланыста болуы әрі оқушының дара-тұлғалық, психологиялық және іс-әрекеттік құрылымының ерекшеліктерін есепке алып іріктелуі;
- шығармашылық есептерді құрастыруда ғылым мен техника жетістіктері және алдыңғы қатарлы озық тәжірибе нәтижелерінің ескерілуі;
- шығармашылық есептер мазмұнының ақыл-ой мен іс-әрекеттің түрлі амалдарын меңгеруге мүмкіндік беруі.
Ұсынып отырған шығармашылық есептердің классификациялануы төмендегідей [2]:
Логикалық-ізденушілік:Белгілі салдарлар бойынша себепті табу; белгілі себептер бойынша салдарды жобалау; қайсыбір биологиялық заңдылықты, құбылысты алуға жетелейтін шарттарды көрсету; өзгермелі шарттарда құбылыстың өту барысын болжау; құбылысты түсіндіруге арналған есептер; дәлелдеуге арналған есептер.
Зерттеушілік: сандық есептер; сапалық есептер; эксперименттік есептер
Құрастыру: құрастыру идеясын ойлап табу; берілген схеманы жетілдіру; тәжірибені ойластыру және орындау; тәжірибенің жаңа нұсқасын ойлап табу.
Шығармашылық есептердің мұнан басқа да классификациясы бар. Бірнеше авторлар шығармашылық есептерді төмендегідей типтерге бөлуді ұсынады:
Проблемалық тапсырмаларды шартты түрде екі класқа бөлуге болады: 1) конструктивті тип (тікелей есептер), 2) түсіндірме тип (кері есептер). Тікелей есептер былай құрастырылады: проблемалық ситуация беріледі, сырттай ықпал жасау арқылы бірнеше өз шешімін табу талап етіледі; не жөнінде айтылып тұрғандығын айқындау керек.
Кейін қарай берілетін тапсырмаларда қандай да бір құбылыстың себебін ашып көрсетеді (түсіндіреді). Ойлау көзқарасы тұрғысынан конструктивті типті есептер синтездік, ал түсіндірме типті есептерге аналитикалық талдау басым.
Конструктивті есептердің өзін үш түрге бөлуге болады: жалпы жобалық есептер, конструктивті есептер және ойлап шығару (өнертапқыштық).
Жалпы жобалау есептерінің мақсаты –адамның қандай да бір қажеттілігін қанағаттандыратын таңдаулы үздік әдісті табу. Оларға тән сипат шешімін іздеу аясының айқын еместігі, ақпараттың жеткіліксіздігі. Мұндай жағдайда шешімін кездейсоқ табу әдісі қолданылады, мысалы миға шабул.
Жалпы шартты түрде шығармашылық есептерді: логикалық-ізденушілік есептер;зерттеу есептері; құрастыру есептері; болжау есептер
Шартты аяқтау есептері деп жіктеуге болады.
Психологияда ойлауды екі типі бар: конвергенті (жабық, шығармашылық емес) және ашық дивергентті (ашық, шығармашылық). Конвергентті ойлауы бар тұлғалар «интеллектуальды», ал дивергенттілер «креативті» деп аталады. Интеллектуальдылар оған дейін шешу технологиясы анықталған кез-келген күрделі есептерді шығара алады. Ал креатив қойылған шарттан өзі шығуға ұмтылады, өзіне мақсатты қоя алады (сурет).
Негізінде барлық адамда «интеллектуальды» және «креативті» ойлау болады, бірақ әртүрлі деңгейде. Салыстырмалы түрде ересек адамдарда «креативті» ойлау баяулайды. Ал жоғары сынып оқушылары мен студенттерде ақпарат бойынша өзбетінше шешім шығаруға қорқақтық таныту жиі байқалады. Суреттегі сызбаға қарап шығармашылық тапсырмалардың бірнеше жауабы болатынын байқауға болады.
ЗЕРТТЕУ ЕСЕПТЕРІ Жүріп жатқан немесе жүрген құбылыстарды бақылып қорытынды шығару. Оның себебін анықтап, түсіндіру керек. Негізгі түйінді сұрағы: Қалай жүреді? Неге?- деген сұрақтарға жауап іздейді. Зерттеу есептерін шартты түрде үшке бөлуге болады: сандық, сапалық, эксперименттік.
Сандық және сапалық есептер:
Мысалы белгілі бір өзен аймағындағы құндыздардың кездесу жілігін анықтау сандық талдауға жатады, ал оны түсіне, салмағына, терісіне қарай бөліп қарастыру сапалық талдауға жатады. Нәтижесі кестедегіде болады (1-кесте):
1-кесте 500 құндыздың түсіне қарай бөлінуі
Құндыз түрлері |
Жануарлар саны |
Пайыздық көрсеткіші |
Стандартты сұр |
120 |
24 |
Күмістүсті-көгілдір |
160 |
32 |
Сапфир түсті |
180 |
36 |
Скандинавиялық қара |
40 |
8 |
Барлығы: |
500 |
100 |
Эксперименттік есептер:
1. Бөлме өсімдігінің бір өркеніне колба кигіземіз. Колбаның мойнын мақтамен нығыздап жабамыз. Бірнеше күннен кейін колба ішінде қандай өзгеріс болады. Эксперимент нәтижесін сипаттап жаз.
2. Екі традесканция өсімдігін шыны банкаға салыңдар. Оның біруін ашық күн сәулесіне, ал екіншісін қараңғы жерге қоямыз. 2–3 күннен кейін банка ішіне жалыны бар балауыз шамды саламыз. Ашық күн сәулесінде тұрған банкада және қараңғы жерде тұратын банкада қандай құбылыстар байқалады. Түсіндіріп беріңдер.
ЛОГИКАЛЫҚ-ІЗДЕНУШІЛІК ЕСЕПТЕР: Логикалық-ізденушілік есептерге қойлатын шарт жауаптың айқын еместігі, бірнеше ұшты жауаптың болуы. Арнай формуланың болуы міндетті емес.
1. 1.. Шалғындықты еске алыңдар, ғажайып әсем гүлдер. Адам тіршілік етпейтін жерлерде мұндай әсем гүлдер кімдерге қажет? Бұл жөнінде не ойлайтындарыңды сипаттап жазыңдар.
2. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін сексеуілдердің жапырақтары құрғақшылыққа байланысты қабыршаққа айналған. Транспирация және фотосинтез процесі қалай жүреді. Сексеуілдің хлорофилл және лектесігі қайда орналасады?
3. 3.Ауасы құрғақ және температурасы жоғары бөлмелердегі өсімдіктерді неліктен жиі суару ұсынылады?
4. Адамға тәулігіне 430 г оттегі қажет, ал тыныс шығарғанда 800–900 г көмір қышқыл газын шығарады., 1 гектар орман қанша көмір кышқыл газын сіңіре алады, 200 адам қанша көмір кышқыл газын шығарады. Жалпы Қазақстан халқын оттегімен қамтамасыз ету үшін Қазақстанда қанша гектар орман болуы қажет.
БОЛЖАМ ЖАСАУ ЕСЕПТЕР.
Белгілі құбылыстардың оң және теріс жақтарын айқындауға негізделіп құрастырыл,ан есептер.
Тапсырма: Үңгірге саяхат.
Пайдалы қазбаларды қазып алу кезінде жер астында үлген үңгірлер қалады. Мұның салдары қалай болады? Адамдар жер асты қуысын қалай тайдалануға болады. Мүмкін болатын жауаптар-гипотезалар.
Тапсырма: Дәрілік өсімдіктер. Өсімдіктердің табиғаттағы маңызы белгілі. Дәрілік мақсатқа өсімдіктердің жапырағы, сабағы, гүлі, тамыры жиналады. Гүл және тұқымы жиналса аймақта дәрілік өсімдіктер ареалы азаяды, ал тамырын жинасақ ол жерде өсімдіктер мүлдем өспейді. Өсімдіктердің түрлерін сақтап және адамзаттық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін не істеуіміз керек. Мүмкін болатын жасаутар-гипотезалар.
Оқушылардың шығармашылық есептерді шығаруына қажетті теориялық және практикалық біліктіктерге жасалған талдаулар тоқталайық.
Талдау. Бұндай біліктікті төмендегі тектес тапсырмалар қалыптастыра алады:ұсынылып отырған объектілер немесе параметрлердің ішінен біреуін таңдау;есептің құрамындағы негізгі ойды бөліп қарау, математикалық қорытынды жасау, дәлелдеу. есептің шартын талдау және “оқиғаға” қатысып отырған объектілерді көрсету, олардың әрқайсысының қандай күйде болатынын суреттеу; жұмыстың анағұрлым маңызды кезеңдерін көрсете отырып, зерттеу жоспарын құру.
Жинақтау. Осындай біліктіктің қалыптасуына төмендегідей тапсырмалар себебін тигізеді:түрлі есептерді шешу үшін әртүрлі оқу жағдайларын туғызу; немесе реферат жазу.
Топтау. Бұл әдіс амалын орындауға мынандай тапсырмалар үйретеді:түрлі ақпараттық көзден алынған мәліметтерді, тұжырымдалар ішінен нақты үдерістерді сипаттайтындарын таңдап алу керек.шығармашылық есептерді шығару нәтижесінде алынған биологиялық заңдардың, құбылыстардың, үдерістердің практикалық қолданылуын жан-жақты қарастыру;
Индукция. Бұл біліктік амалын мынандай тапсырмалар дамытады:бірнеше эксперименттер немесе бақылаулардан қорытынды жасау (мысалы, қайсібір биологиялық құбылыстардың немесе оның пайда болу шарттары туралы);бір проблема бойынша келтірілген фактілерден қорытынды жасау;
Дедукция. Осы біліктікті қалыптастыру үшін мынандай тапсырмаларды орындаған пайдалы:теорияны пайдалана отырып, сөйлемді толықтыру;теория негізінде оқушының қайсыбір қойылған мәселе бойынша өз ойын айтып, пікір таластыруы;шығармашылық есептердің берілу сипатына қарай оқушылардың түрлі болжамдар ұсынуы;
Жалпылау. Бұл біліктікті қалыптастыруға мынандай тапсырмаларды орындау қажет болды: теорияның негізін (анықтама, ұғым, түсінік, идеалды модель және т. б.) ядросын (постулаттар, заңдар, тұрақтылар), салдарын (формула-салдар, практикалық қолдану және олардың байланысы) бөліп көрсете отырып, теорияның құрылымдық сызбасын жасау;есепті шығарудың құрылымдық логикалық жүйесін құру, яғни тапсырманы орындауда іс-әрекеттің «тізбегін» бастапқы жағдайдан шығарып түзу.
Жалпы шығармашылық есептерді шешу жолдарын игеру оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Әдебиеттер:
1. Б. А. Cүлейменова Студенттердің шығармашылық қабілетін дамытудың психологиялық ерекшеліктер. ВЕСТНИК ВКГТУ, 2005, № 2. 133–136 бет
2. Дүйсембаев Б. М. авторлық бірлестікте. Шығармашылық есептерге қойылатын талаптар //ИФМ. − 1997. − № 6. − 39–41 бб.