Антропоцентрлік парадигмадағы гендерлік лингвистика қоғамдағы гендерлік рөлдермен астасып, ұлттық-мәдени ерекшеліктермен, халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, наным-сенімдерімен тығыз байланыста қарастырылуды қажет етеді. ТМД елдерінде гендерлік топшылаулар, ой-тұжырымдар 1990 жылдарда пайда бола бастады. Ресейде М.Арутюнян, Т.Рурко, А.Клецин, О.Воронина, Т.Клименкова, В.Бодрова т.б. зерттеушілер гендерлік бағытты дамытты. XX ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап гендерді лингвистикамен байланыста қарастырған ғылыми зерттеулер жарық көре бастады. Зерттеуші А.В.Кирилина өз еңбектерінде «гендер» және «жыныс» ұғымдарын ажыратып берді: «Гендер (социальный или социокультурный пол) не является языковой категорией, но его содержание может быть раскрыто путем анализа структур языка, что объясняет востребованность лингвистической компетенции для изучения культурной репрезентации пола» [1, 133 б.]. XX ғасырдың 80-шы жылдарынан бастап гендерлік зерттеулерге арналған еңбектер көбейе түсті. Тіл білімінде жыныстарға қатысты сөйлеу үлгілерін зерттейтін ғылым – гендерлік лингвистика пайда болды. Гендерлік лингвистика теориясын, әдістемесін талдап-түсіндіруде батыс лингвистері Дж.Лакофф, Д.Спендер, О.Есперсон, орыс лингвистері А.В.Кирилина, М.А.Китайгородская, Н.Н.Розанова елеулі үлестерін қосты. Қазақ тіліндегі гендерлік факторды зерттеу тарихи сипатқа ие. Гендер факторы қазақ ағартушы, зиялыларының еңбектерінде де жиі ескеріліп отырған. Қазақ гендерлік лингвистикасының негізін қалаушы көрнекті ғалым, тұңғыш профессор Қ.Жұбанов әртүрлі халықта әйелдер тіліне тән ерекшеліктер болатынын көрсеткен. Қ.Жұбановтың еңбектерінде әйел тілінің спецификалық ерекшеліктеріне баса назар аударылған [2, 41 б.].
«Әйел», «Ер адам» концептілері кез келген мәдениетте кездесетін концепт болғандықтан, әмбебаптық сипатқа ие. Дегенмен, бұл концептілердің белгілі бір қоғамға тән нақты ерекшеліктері де бар екені анық.
«Ер адам» концептісі барша халыққа ортақ концепт болғанымен, әр халықтың менталитетіне, дүниетанымына, болмысына орай оның концептосферасы айқындалып отырады. Еркек атаулыны сипаттауда оның жас ерекшелігі, отбасындағы орны, әлеуметтік орны, туыстық байланысына қарай атаулары да әртүрлі лексемалармен беріледі. Мысалы, «ер адам» тезаурсын түзетін ұл, ер бала, бозбала, жігіт, ер, еркек, күйеу жігіт, отағасы, әке, ата, баба, ақсақал, шал сөздері мақал-мәтелдерде «еркек-ұл», «еркек-жігіт», «еркек-ер», «еркек-күйеу жігіт», «еркек-әке», «еркек-ата», «еркек-баба», «еркек-ақсақал» когнитивтік модельдерін құрады. Аталмыш ұйытқы сөздер қатысқан мақал-мәтелдерден «Ер адам» концептісіне байланысты этностық дүниетаным мен халықтың ұлттық-мәдени ерекшелігін аңғаруға болады. Ер адамға тән қасиеттерді халық аса бағалап-қастерлеген. Ер адамға тән ақылдылық, батырлық, өткірлік, білімділік, пысықтық т.б. қасиеттер ұлт мәдениеті шеңберіндегі «Ер адам» концептісін қалыптастырады.
«Қазақ отбасында ер баланы ерекше қадірлеген, тіпті оның алғашқы рет атқа мінгенін де, бір жаққа жолаушы жүргенін де, алғашқы рет шаруашылыққа араласуын да шашу шашып, қуанышпен атап өтетін, «тоқым қағар», «тырнақ алдысы» деп жақын туыстары мен көрші-қолаңдарын шақырып кішігірім той-томалағын жасайтын» [3, 62 б.].
Мақал-мәтелдердің зерттелуі, гендерлік ерекшелігі, мақал-мәтелдердегі қосымшаның қызметі [4], бейвербалды сипаты [5] зерттеушілер еңбектерінде қарастырылып жатыр.
«Ер адам» концептісінің құрамдас бөлігіне жататын «Ұл» микроконцептісі мақал-мәтелдерде мынадай ассоциациялар құрады:
1) Ұл – мұрагер, өмірдің жалғасы, қара шаңырақтың иесі: Қызыңды құтты орынға қондырғанша күт, Ұлыңды отау иесі болғанша күт; Ұл туғанға – күн туған; Ұлың үйленсе – ырысың, Қызың орнын тапса – өрісің т.б.
2) Ұл – халықтың болашағы: Ұл баланың үй күшік болғаны жараспайды, Қыз баланың қыдырма болғаны жараспайды; Құлқынның құлы болма, Халқыңның ұлы бол;Бетеге, жусан – бел көркі, Білімді ұл-қыз ел көркі;Ұлтының қамын ойлаған – ұл болады, Құлқынның қамын ойлаған – құл болады т.б.
3) Ұл – ата жолын қуушы:Ұл – түтінге, Қыз – күтімге; Ұлың үйленсе – ырысың, Қызың орын тапса – өрісің; Аталы ұл – қожалы құл; Атадан ұл туса игі, Ата жолын куса игі; Қартайған ата марқаяр, Халыққа жағып ұлы өссе;Атаның ізін ұл басар, Ананың ізін қыз басар; Үй иесі – қыз, Төр иесі – ұл т.б.
Дүниенің паремиологиялық бейнесінде «ұл» бейнесін сипаттайтын жақсы-жаман қасиеттер «еркек-ұл» концептісі төңірегінде жүйеленген ассоциативтік өрісін көруге мүмкіндік береді:
«Жақсы ұл» когнитивтік моделі аясына: Ұл жақсысы құрметті, Келін жақсысы келбетті; Қызың жақсы болса, өрісің кеңейеді, Ұлың жақсы болса, қонысың кеңейеді; Жақсы келін құрдасыңдай болар, Жақсы ұлың сырласыңдай болар; Адам болар ұлыңның арқа-басы кең келер, Дана болар ұлыңның ақыл-есі тең келер т.б.
«Жаман ұл» когнитивтік моделі аясына: Әкеден безген ұл болмас, Шешеден безген қыз болмас; Қыздың аңқауынан сақта, Ұлдың жалқауынан сақта; Ит жаманы түз қорыр, Жігіт жаманы қыз қорыр; Жаман етікші біз таңдайды, Жаман жігіт қыз таңдайды;Арсыз болса – қыз қорлық, Ақылсыз болса – ұл қорлық; Үйдегі ұлың жаман болса, Есіктегі құлмен тең; Ұрысқақ болса – ұлың жау, Керіскек болса – келін жау т.б.
«Ер адам» концептісінің құрамдас бөлігіне жататын «Жігіт» микроконцептісі қазақ халқынының дүниетанымында екі түрлі категорияда беріледі: жақсы жігіт және жаман жігіт. Ғаламның тілдік бейнесінде «Жақсы жігіт» стереотиптік үлгісін беретін мақал-мәтелдер жігіттің батырлығын, күштілігін, қайсарлығын, іскерлігін, білімділігін, өнерлілігін т.б. қасиеттерін алға тартады.
«Жақсы жігіт» стереотиптік үлгісін танытуда мынадай қасиеттер айрықша сипатталады:
Батыр жігіт:Ер жігіт үйде туып, түзде өледі; Ер жігітке өлім бар да, қорлық жоқ; Арыстанды арыстандай жігіт алар; Ер жігіт не көрмейді, Ер көңілі не бермейді; Жігіттің жолбарысы жол торымайды, ел қориды; Жібек белбеу – белдің көркі, Батыр жігіт – елдің көркі т.б.
Өнерлі жігіт:Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын; Жігітке жетпіс өнер де аз; Өнерлі жігіт өрде озар, Өнерсіз жігіт жер соғар; Жігіт көркі – өнер т.б.
Намысшыл жігіт:Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, Еменнің иілгені – сынғаны; Намысы бар жігіттің, Нар күшіндей күші бар; Жігітке жар қымбат, Намыс пен ар қымбат; Жүйрік – алысқа, Жігіт намысқа шабады т.б.
Ақылды жігіт: Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер; Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, Жетелі жігіт ел бауырлап өседі т.б.
Пысық, табыскер жігіт:Пайдасы бар жігіттер дария, шалқар көлмен тең, Пайдасы жоқ жігіттер ел қонбайтын шөлмен тең; Жігіттің іскерлігі ісінен мәлім, Жылқы жақсысы тісінен мәлім; Ауыл билеген аймағын билейді; Аты атанбаған жігіттен аты атанбаған төбе артық; Жақсы болар жігіттің жұмыссыз жүрген күні жоқ, Жаман болар жігіттің жұмысқа еш қыры жоқ т.б.
Тәрбиелі жігіт: Тәрбиелі жігіт тәртіпті келер; Әдепті жігіт – сыпайы, әдепсіз жігіт – тұрпайы; Аталы айғыр – үйірін жауға алдырмас, Ата көрген жігіт – ауылын дауға алдырмас т.б.
Білімді жігіт: Сиырдың сүті – тілінде, Жігіттің құты – білімде; Білімсіз жігіт – бірді жығады, Білімді жігіт – мыңды жығады т.б.
Қазақ мақал-мәтелдерінде «Ер адам» концептісіне жағымсыз коннотация үстейтін ақылсыздық, жарлылық, сорлылық, менмендік, өркөкіректік, жалқаулық т.б. стереотиптік бейнелері мынадай фреймдік құрылымға бөлінеді:
Ақылсыз жігіт: Ақылсыз жігіт – ауыздықсыз ат т.б.
Менмен жігіт: Батырсынған жігітті жау келгенде көрерміз, Менменсіген жігітті дау келгенде көрерміз; Адаспаймын деген жігіт тал түсте адасады; Азынаған айғырды үйірінде көр, Адамсыған жігітті үйінде көр т.б.
Өркөкірек жігіт: Өрлеген балық ауға жолығар, Өркөкірек жігіт дауға жолығар; Жоқшылық – жігіттің қолын байлар, Тәкаппарлық – жігіттің жолын байлар т.б.
Қыңыр жігіт: Қисық арба жол бұзар, Қыңыр жігіт ел бұзар; Қисық ағаш үй болмас, Қыңыр жігіт би болмас т.б.
Жалқау жігіт: Аттың сүріншегі, Жігіттің еріншегі жаман т.б.
Бос жігіт:Босаң жүрген жігітті бел үстінде бөрі алар, Еркінсіген көкжалды ебін тапқан ер алар; Көбелең өскен жігіттен, Көкала сақал шал артық; Шабан жігіт дегенше, Жаман жігіт десеңші т.б.
Қорыта келгенде, мақал-мәтелдер – этностың өмірінен, оның мәдениеті мен тарихынан, дүниетанымынан, менталитетінен хабар беріп отырады. Гендерлік ерекшеліктер антропоцентристік парадигмада этностың өзіндік ерекшеліктері, наным-сенімдері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен, дүниетанымымен байланыста қарастырылуды қажет етеді. «Ер адам» концептісін қалыптастыратын мақал-мәтелдерден ер адам бейнесінің ұлттық табиғаты жан-жақты ашылады. Қазақ тіліндегі «Ер адам» концептісін қалыптастыратын мақал-мәтелдер образ жасауда, ұлттық танымның ерекшелігін көрсетуде, ұлттық дүниетанымды беру мақсатында, этнос болмысын, таным-түсінігін әр қырынан көрсетуде мол ақпарат береді.
Әдебиет:
1. Кирилина А.В. Язык и гендер. - М.: Языки славянской культуры, 2005. - 624 с.
2. Жұбанов Қ.Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. - Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
3. Арғынбаев Х. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. – Алматы: Қайнар, 2005. – 216 б.
4. Байдаулетова А.У., Садуахасова Г.Ж., Сапартаева Л.Е. Лексические формы с падежными окончаниями // Молодой ученый». - № 11.1 (58.1). – С. 39-41.
5. Нурсултанкызы Ж. Невербальные средства – важные элемент разговорной речи // Молодой ученый». - № 11.1 (58.1). – С. 46-48.