Қазақ философиясындағы қауіпсіздік жөніндегі ойтолғамдар | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №7 (111) апрель-1 2016 г.

Дата публикации: 12.04.2016

Статья просмотрена: 127 раз

Библиографическое описание:

Абдрасилов, Берикбай Курманбайулы. Қазақ философиясындағы қауіпсіздік жөніндегі ойтолғамдар / Берикбай Курманбайулы Абдрасилов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 7.1 (111.1). — С. 23-25. — URL: https://moluch.ru/archive/111/28183/ (дата обращения: 19.11.2024).



Қазақ халқының өз заманының ойшылдары дүниенің, болмыстың, өмірдің, адамның жай-күйін жете түсінуге ұмтылған. Нақты өмірден бастау алатын қазақтың философиялық көзқарастары қоғам мен табиғат туралы пікірлерге толы. Міне, осы қоғамдық қатынастар турасындағы кейбір тұжырымдамалар бүгінгі күнде адами мәдениеттілікті насихаттау сипатына ие.

Қазақ халқының философиялық көзқарастарының қалыптасуының алғашқыларының қатарындағы ағартушы-классиктер Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев еңбектеріндегі тұжырымдар мен ойларына сараптама жасауды ниет еттік.

Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар: үшеуі үш мұнарадай болған Шоқан, Ыбырай, Абай.

Бұл үшеуінің өмір, еңбек майдандары үш алуан болуымен қатар, үшеуін бір туғандай ететін ұқсастық та аса айқын. Ол ұқсастық: олардың нәр алған тамырынан, аналық топырағынан туған. Бұлардың бәрі де қазақтың киіз үйінде туып, өз елінің өкілі болып шығуымен қатар, тек қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да бұлардың өрісі, өсуі басқаша. Олар өздерінен бұрынғы қазақ баласы бармаған ырыс өлкесіне жетті. Сол барысында шын шұрайлы, анық аналық қазына тапты.

Шоқан орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық озғын мәдениетін меңгермесе, Шоқан болмас еді. Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесі, орыстың адамгершіл, прогресшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді. Солар сияқты Абай да Крылов, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин қалдырған әдебиетік мұраны ұғып, меңгермесе Абай болмас еді» [1].

Қазақ ойшылы, этнографы, тарихшысы, географы, ғұлама ғалымы және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері мен қоғамдық көзқарастары бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпайды. Оның «Абылай», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка», «Жоңғария очерктері» атты мақалалары халқымыздың қалыптасуы мен дамуы туралы баяндайды [2].

Мәселен, «Абылай» мақаласында Шоқан даңқты ханның өмір жолына шолу жасайды. Сол заманның қазақтар үшін ерлік дәуірі екендігін айқындайды. Ханның көптеген басшылық сынынан өтіп, жау қолында тұтқында болған кезеңдері туралы айтады. Оның түбі терең болжағыш саясаткер екені анықталады.

«Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары» атты мақалада ғалым қазақ халқында шамандықтың қалдықтары туралы да ғылыми тұжырымдар келтіреді. Халқымыздың ислам дінін ұстанатынын, оның ішінде шаман ғұрыптары мен ырымдарын тұтынуы анықталады. Сонымен қатар, өлген ата-баба рухтары, аруақтар, немесе оргондар, шамандардың емдеу тәсілдері мен табыну нысандары, садақаға сойылатын малдар, қазақтардың космологиялық ұғымдары, жаратылыстағы киелі күштер туралы сөз етеді. Осы мақаласында Шоқан «Өлі мен тірі туралы және олардың достығы туралы ертегі» ұсынады. Өлі жігіт пен тірі жігіт арасындағы достықтың мәнін айқындайды. «Балам, есіңде болсын, елсіз жерде кездессең... моланы құр қалдырма, егер оған түнде кездессең түнемей өтпе», - деген сөздері дәстүрді ұстану мен өзгенің кеңесін тыңдау, жігіттің жолбарыстарға ұмтылуы батырлықтың қажеттілігін дәріптейді.

Шоқанның «Жоңғария очерктерінде» Жоңғар тауларының табиғи ерекшеліктері, жануарлары, бұл елдің ертеден қалған ескерткіштері және бұл елдің тұрған халықтары туралы айтып өтеді. Көшпелі тұрмыс үстем болған Жоңғарияда отырықшылықтың да болғаны туралы Чига қаласындағы алғашқы тарихи мәліметті пайдаланады. Сонымен бірге, сол төңіректегі діни бірлестіктер жайында да материалдар келтіреді.

Қазақ мектептерін Европа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл оқытушы, тарихта өшпестей із қалдырған педагог, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметке қосқан үлесі мен еңбегі зор. Ыбырай жастарды оқу-білім, өнерге үндегенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады. Айтпақ пікірді оқушы зердесіне еркін сіңіру үшін әр алуан ұстаздық амал-тәсіл қолданады. Ол ең алдымен шешендік қайталауларды ұтымды пайдаланады. Ақын әр шумақ сайын:

«Бір құдайға сыйынып,

Кел балалар, оқылық,

Оқығанда көңілге

Ықыласпен тоқылық!» -

деген жолдарды әдейі қайталай отырып, оқу-білімнің пайдасын айтуда бала жүрегіне жол таба білген. Ол білімділік пен надандықтың ара жігін ашып көрсету талабында жарық пен қараңғылықты қатар, жарыстыра алып сипаттайды. Осы орайда ақын алдымен оқудың пайдасын жарыққа балап:

«Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар!» -

десе, надандықтың мән-жайын:

«Оқымаған жүреді,

Қараңғыны қармалап» - дейді.

Автор өзі үндеп отырған оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына үлкен мән береді. Ол үшін инемен құдық қазғандай ыждаһат, сабырлылық қажет екенін ескертеді. Сондай сарыла ізденудің арқасында қол жеткізген оқудың азбас, тозбас өнерге айналатынын айтады. Ақынның ойынша, оқу-білім мәңгілік, ол жұтамайды, таусылмайды.

Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңі тың мазмұнды, жаңа сипатты шығарма дей аламыз. Ақын мұнда қазақ балалары түгіл, ересектердің ұғымында жоқ техника тетіктері мен құрал-жабдықтарының іс-әрекет, қозғалысы мен адамға көрсетер қызметін суреттейді. Шынында, құлақ естіп, көз көрмеген паравоз, параход, радио, телеграф, телефон, газ, электр, самолет т.б. секілді техника құрал-жабдықтарының қызмет-көмегі жас балалар үшін тек қиялдағы дүние секілді болатын. Сондықтан бұларды қазақ балаларына айтып түсіндіру талабында ол ел өмірінде бұрыннан бар жұмбақтау тәсілін ұстанады. Мұның бірден-бір дұрыс жол екенін дәлелдеу қажет болмас. Дегенмен мұның кейбір қырларына зер сала кеткен де артық болмас дейміз.

Автор сол таныс емес техника заттарының іс-әрекеттерін алдымен өз өмірімізде бар нәрселермен теңеу арқылы ұғындырмақ болады. Айталық, ол паравозды «аты жоқ құр арба» деп бейнелесе, ал суда жүзген кемені кәдімгі нән балыққа балайды. Бұл біріншіден, жұмбақ шешіп үйренген қазақ балаларының ойлау қабілеті мен соған деген ықылас-ынтасын арттырса, екіншіден, жаңа заттың болмысы мен қызметінен хабардар болып, нақты түсінік алады. Сондықтан бұл жырлар танымдық сипаты жағынан теңдесі жоқ шығармалар болып саналады.

Ы. Алтынсарин алғаш әдебиетімізде проза жанрының да негізін қалады. Ол әңгімелерінде жас шәкірттерді адамгершілікке, ізгілік пен бауырмалдыққа, адал еңбек пен әділдікке, әдептілік пен сабырлылыққа, зейінділік пен білімді еркін игеруге шақырды. Өз әңгімелерінде отырықшылықтың артықтығын дәлелдеуге ерекше зер салған жазушы «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» секілді шығармаларын жазды.

«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде автор мал баққан халықтың жұт пен барымтаға тәуелді екенін айта келіп, жоқшылыққа ұшыраған отыз үйлі тобырдың басшысы Сейітқұлдың ақылдылығы мен тапқырлығын жастарға үлгі етіп ұсынады. Ол сауда жасауға мал жоқ, ұрлық істеуге оның түбі қорлық деп санап, өзен-сулы Қабырға деген жерге елін көшіріп әкеліп қоныстандырады. Жұртқа кетпен беріп, жер тегістетіп, арық қаздырып, егін өсірумен айналысады. Өнімдерін көшпелі елдерге сатып, аз жылда малды ауыл болып, байып та кетеді. Ойдан-қырдан келушілер көбейіп, артынша төрт жүз үйлі ауылға айналады. Сөйтіп адал еңбек, маңдай терімен байыған жұрт өзгелер батып келе алмайтындай қорған тұрғызып, қалалардан киім-кешек, азық-түлік алдырып, мамыражай өмір кешеді.

Сонымен қатар, жазушының «Аурудан аяған күштірек», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» атты әңгімелері қайырымдылық пен бауырмалдық, сабырлылық пен шыдамдылық секілді ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге арналған. Ыбырай мұнда балалар ұғымын ескеріп, оқиғаның қысқа қайырылып, мысал, жұмбақ іспеттес етіп құрылуына мән береді. Сол арқылы шәкірттердің зейін-ықыласын арттырумен қатар, олардың ойлау қабілетін жетілдіруге зер салады.

«Бай мен жарлы баласы» атты әңгімесі өзге шығармаларынан жеке дара тұр деп айта аламыз. Мұнда жазушы бай баласы Асан мен кедей баласы Үсенді бас кейіпкер етіп ала отырып, әлеуметтік мәні зор ірі мәселеге назар аударады. Баланың қалыптасуына орта мен отбасының әсер-ықпалын ашып көрсету арқылы мән-маңызы үлкен қорытынды жасайды. Жоқшылық көрмей, тек дайынға үйренген бай баласы Асанның өмірге икемсіздігін, ал бұған қарсы еңбексүйгіш, тәжірибелі кедей баласы Үсеннің қиын сәтте икемділігін нанымды етіп сипаттайды. Сол арқылы өмірдің күрделілігін аңғартып, қандай қиыншылықты болса да еңбек пен тәжірибе жеңеді деген байсалды пікір ұсынады [3].

Қазақтың ұлы ақыны, философ, жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың әлеуметтік-саяси, антропоцентристік, гуманистік көзқарастарының орны ерекше. Оның әрбір поэмалары, қара сөздері, өлеңдері мен аудармаларының негізгі мәнін тереңінен түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халық тағдыры мен арманын ұғынамыз. Сол арқылы қазіргі кезеңді, кешегі мен бүгінді, болашағымызды айқындай аламыз.

Ұлы Абай өзінің бірінші қара сөзінде: «қалған өмірімді қайтып өткіземін», - дей келе, «ел», «мал», «ғылым», «дін», «бала» бағамын ба?», - деп сауал тастайды. Ақыры: «... ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын...» - дейді [4].

Үшінші қара сөзінде: «...Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді...» - дейді. Бұл ақын дәуірінде демократиялық қарым-қатынас құндылықтарының қалыптасқандығын көрсетумен қатар, ол сол заманның өзінде бүгінгі күндегідей сайлау науқаны барысындағы кандидаттардың жағымды имидж қалыптастырудағы қимылдарын еске түсіреді. Болыстыққа түсерде қазіргідей өзіндік технологиялар жүргізу кезеңінде сол заманның өзінде-ақ білімді болуының негізгі алғышарт екендігін көрсетеді.

Сегізінші қара сөзінде: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді...», - дейді. Ақын бұл пікірі арқылы екеуінің өз заманында өздерін үздік кісі, біреуге үлгі беріп, ақыл айтуға сайланғанбыз деп шектейтіндігін, байлар үшін адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білімнің малдан қымбат еместігін қынжыла баяндайды. Қоғамдық дамудың негізгі құндылықтарын олардың бұлай бағалауы кедейлердің ой-пікіріне ықпал етіп, білім, ғылым, ақылды керек етпейтіндігіне көңілі толмайды. Десек те, бүгінгі күнде халықтың санасында мұндай көзқарастардың қалып қойғандығы жасырын емес.

Абайдың ақылды кісі мен ақылсыз кісінің парқын айқындауы (он бесінші қара сөз), қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып ғылымға жүгінуі (он жетінші қара сөз), тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым,ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық (он сегізінші қара сөз). секілді ойлары ақылдылық пен ғылымның жоғарылығын дәлелдейді. Ғылымның қоршаған әлемді объективті бағыттарын жүйелендіретін адамзаттың ерекше дүниетанымдық қызметі екендігін көрсетеді. Бұл қызметтің негізі болып мәліметтерді жинау, оларды жүйелендіру, жаңа ілімді сараптау мен синтездеуде жатыр. Ғылым бақыланатын табиғи немесе қоғамдық құбылыстарды суреттеп қана қоймай, болжамдар жасауға септігін тигізеді. Сондықтан Абай шығармашылығынан болжам жасау үлгісін байқаймыз.

Демек, Қазақ дүниетанымындағы қауіпсіздік туралы толғаныстар ең негізгі мынадай мәселелерді басымдылыққа шығарды: «елдік пен ерлік – ел қорғау – елдің тыныштығы» (эпостар мен жыраулар поэзиясы); «рухани құлдырау қаупі – адамгершілікті сақтау – дәстүрді берік ұстану» (жыраулар, ақын-жыраулар, салт-дәстүр мен әдет ғұрып жүйесі); «білімсіздік пен надандық қаупі – әлемдік өркениеттен оқшау және тыс қалу қаупі» (ХІХ ғасырдағы ағартушы ғалымдар мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мектебі) т.б.

Философиялық ілімдер адам мәселесін қарастыру барысында қауіптің ашаршылық, құрғақшылық сынды өзге де табиғи түрлерін, өшпенділік және бәсекелестік секілді әлеуметтік байланыстардың кері ықпалын таниды. Қоғамдық дамудың сипаттамалық белгілеріне сәйкес, қауіпсіздіктің табиғи және әлеуметтік үдерістерін сараптау жүреді. Қауіпсіздік мәселелерін қазіргі заманғы зерттеулер оның көпқырлылығын танытты. Десек те, зерттеудің пәндік ұстанымдары жинақталса да, мәселе бойынша толықтай айқындалған тұжырымдар жоқ.

Жалпы Қазақстан қоғамының базалық ұлттық қазыналарын зерттеуде еліміздің еуразиялық құндылықтарын бағалайтындығын көреміз. Бұл тұста қоғамның рухани жағдайын сақтауда философиялық, саяси, діни, ғылыми, этикалық, әдеби және өзге де мәнділіктерді сақтауға назар аударған жөн.

Бұл идеялар төңірегінде ұлттық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері айқындалатыны белгілі.

Әдебиет:

  1. Ыбырай Алтынсарин тағылымы / құраст. М. Жармұхамедов. – Алматы: Жазушы, 1991. –Б. 20-21.
  2. Шоқан Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. – Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1949. – 169 б.
  3. Ыбырай Алтынсарин тағылымы / құраст. М. Жармұхамедов. – Алматы: Жазушы, 1991. –Б. 8-17.
  4. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының: 2 томдық толық жинақ. – Алматы: Жазушы, 1995. – 2 т. – 336 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, пена, абай, атта.


Задать вопрос