Сыр бойы ақындарының қисса-дастандарындағы шығыстық дәстүрдің көрінісі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (88) апрель-2 2015 г.

Дата публикации: 24.04.2015

Статья просмотрена: 856 раз

Библиографическое описание:

Сапартаева, Л. Е. Сыр бойы ақындарының қисса-дастандарындағы шығыстық дәстүрдің көрінісі / Л. Е. Сапартаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 8.1 (88.1). — С. 55-57. — URL: https://moluch.ru/archive/88/17602/ (дата обращения: 16.12.2024).

Ұлттық сөз өнеріне негіз болған ақын-жыраулар ұстанған шығыстық дәстүр әдебиетіміздің дамуында маңызды орын алды. Бұл орайда Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері де шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше ден қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып, қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған.

Белгілі ғалым Б.Кәрібозұлы Сыр бойындағы ақын-жыраулар шығармашылығында көрініс табатын шығыстық дәстүр туралы: «Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше ден қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе Шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, әсіресе, Сыр сүлейлері шығармашылықтарында небір ғажайып үлгілі, көркемдігі қамшы салдырмайтындай туындылар Шығыс әдебиетінің дәстүрі негізінде дүниеге келіп, оқырмандарын тауып, халық арасына кең тарай бастаған болатын» [1, 12 б.],– деп бағалаған болатын.

Зерттеуші С.Дәрібаев Сыр шайырларының қисса-дастандарын «Шаһнама», «Мың бір түн» хикаяларын, діни сюжеттер, Орта Азиялық сюжеттер, енді бір шығармаларды үндінің «Тотынамасын» негізге ала жырланған туындылардың қатарына жатқызуға болатынын айта келіп: «Бұл қисса-дастандардың әрідегі дәстүрі, әрине, «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынамаға» барып тірелуі мүмкін. Солардағы айтылатын желілерге салып, бірақ оқиғаны, оның болған жерін, кейіпкерлерін, Орта Азия, қазақ өміріне жақындатып алған қисса-дастандар туған» [3, 78 б.],− деген пікірін білдіреді.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес жасалған типтік оқу бағдарламасында лиро-эпостық жырларды әлеуметтік-тұрмыстық, махаббат және көшпелі тұрмыс-тіршіліктен туған жырлар мен шығыс елдерінің өмірінен алынған қазақ дастандары немесе романдық эпостар деп жіктейді де, «Бозжігіт», «Таһир-Зухра», «Мұңлық-Зарлық», «Жүсіп-Зылиха», «Сейфүлмәлік», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Шәкір-Шәкірат», т.б. қисса-дастандарды көшпелі тұрмыс-тіршіліктен туған жырлар мен шығыс елдерінің өмірінен алынған қазақ дастандары немесе романдық эпостарға жатқызады [4, 11 б.]. Бұдан жоғарыда айтылған пікірдің дұрыстығына көз жеткіземіз.

Сыр дүлділі Тұрмағанбет Ізтілеуов «Шаһнама» дастанының қазақша нұсқасын шығыстың атақты шайыры Фирдоусидің мың жылдық мерейтойына тарту етеді. Шығыстың әйгілі дастаны «Шаһнаманы» қазақ ұғымына үйлестіре жырлап шығу – Тұрмағанбеттің ақындық өнеріндегі шоқтығы биік елеулі ерекшелігі. Осы туындыдағы сюжеті шытырман оқиғаға құрылған бөлімнің бірі – «Сам Зал батыр». Дастандағы Сам палуан мен Мәликеден туған баланың түр-сипатын ақын былайша баяндайды:

Мәлике жүкті болып бір ул туды,

Етті елі ұл туды деп ұлы дуды.

Түк басқан тұла бойын түрі жаман

«Бұл не?» − деп көргендердің көңілі суыды.

Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы,

Сап-сары, салпы ерін, жік-жік басы.

Әрмен көз, бермен маңдай, бірақ оның

Көзінің жанған шамдай шұғыласы [5, 266 б.].

Шығыстық дастандардың желісіндегі дәстүр бойынша бала әкесі аң аулап жүрген кезде дүниеге келеді. Аңнан келген Сам батыр түрі әдеттегі адамнан өзгеше туған баланың түрінен шошып, өлтіруге бүйрық береді. Алайда тапсырманы орындаушылар баланы өлтірмей, орманға тастап кетеді. Баланы жолбарыс асырайды. Шығыс хикаяларындағы баланы арыстан, қасқыр секілді күшті жануарлардың асырауы – оның болашақта батыр болып өсетінінен хабардар ететін әдіс.

Тұрмағанбет Ізтілеуовтің «Жирун» атты хикаясы да шығыс халықтарында көп кездесетін сюжет ізімен өрбиді. Рум елінде Сәлім әулетінен шыққан, байлығына қоса әуе, аспан ілімін меңгерген атақты Жирун деген бай болады. Жирун елші жіберіп, сол елдегі тағы бір Қайсар атты байдың Катаюн деген қызын әйелдікке сұратады. Бұл кезде Катаюн сұлу әкесінің рұқсатынсыз бір кедей жігітпен кетіп қалады. Қайсар: Кімде-кім қызыма үйленгісі келсе, Тасқұн үңгіріндегі алып жыланды жеңсін. Сол адамға қызыммен бірге қазына-байлық беремін,− дейді.

Жіберген елшісінен мән-жайды білген Жирун ніжун ілімі бойынша келешегін болжап, алыс жолға шығады. Сол елде батырлығымен мәлім Кәштасып деген батыр болады. Ол Қайсардан іргесін аулаққа салмақ ниетімен көшіп кеткен болатын. Жирун сол Кәштасып батырды іздеп таппақшы болады. Әкесі Һештің үйінде жүрген батыр аң аулап кеткен екен. Баласы келген соң әкесі Кәштасыпқа Жирунның бұйымтайын жеткізіп, алып жыланды өлтіріп беруін сұрайды. Қайсар ол жыланды өлтіруге талай рет қосынмен барып, бос қайтқан екен.

Әкесін тыңдап болған соң Кәштасып Жирунға: Босқа аң аулағанша, осы жыланды өлтірейін. Бірақ сен Сәлім бабаңның алмас қылышы мен өзіңнің атыңды бересің,– дейді. Жирун қуанып, батырдың айтқанына келісімін береді. Батырды әкесімен бірге қонақ етіп, тарту-таралғы жасайды.

Сәлімнің алмас қылышын қолына алып, қасына Һеш пен Жирунды ерткен Кәштасып батыр жолға шығады. Жол бастаған Һеш пен Жирун батырды Тасқұнға дейін ертіп барып, үңгірді көрсетеді. Енді екеуің өз қамдарыңды қылыңдар,– деп Кәштасып оларды аулағырақ қалдырып, өзі алып жылан жатқан жерге қарай беттейді. Ұзақ уақыт айдаһармен алысқан батыр жыланның басын қылышымен екіге бөлген сәтін ақын былайша әсерлі суреттейді:

Көз қадап, киреңдетіп керіп бойын,

Ысқырды ісіп-кеуіп, толғап мойын.

Құйрығын екі-үш рет ұрып жерге,

Жіберді тозаңдатып жатқан ойын.

Кәштасып тұра сала атты оқты,

Оқ тиіп ашумен кеп атқа соқты.

Мүйіздеп әрлі-берлі, атты өлтіріп,

Аузынан шашыратып зәрін төкті.

Ұмтылды омыраулай өзіне енді,

Жалақтап жұтайын деп жақын келді.

Қылышпен қақ маңдайдан ұрып еді,

Жыланның жарып басын екі бөлді [5, 425 б.].

Кәштасыптың батырлығына таң қалған Жирун оны тағы қонақ етіп, ат мінгізіп, алтынға орап шығарып салады. Кәштасып пен Һеш ақылдасып, бұл тірліктен бейхабар болғансиды. Сол күні Қайсарға: Айтқанын орындадым, ертең күйеу болып барамын, дайындалсын,− деп кісі жібереді. Қуанған Қайсар нар жегілген арбалармен айдаһарды алғызады. Жирунның ерлігіне тәнті болған Қайсар жар салып, оның құрметіне алтын шатыр тіккізіп күтеді, қызын қосады.

Дастандағы Кәштасып пен Һештің бейнелері адамдықтың ақ туын желбіреткен, бейнетпен күнелткен адамдардың бейнесінде суреттеледі. Екеуінің бойындағы берген сертті бұзбайтын адалдығын, уәдеге беріктігін көрсету арқылы ақын шығарманың негізгі идеясын білдіреді. Алтыннан шатыр тігу көбіне шығыс елдеріне тән үрдіс болса, Қайсардың құда, күйеу күтудегі қонақжайлылығын ақын қазақ өміріне жақындатқан сыңайлы.

Сыр өлкесінің белгілі жырауларының бірі Әлімбай Әлиасқаров шығармашылығында да шығыс әдебиетінің үлгі-өнегесі елеулі орын алады. Ол ең алдымен шығыс әдебиетінің классикалық туындыларындағы гуманистік идеяны өзінің дидактикалық жырларына үзілмес арқау етіп ала біліп, халықты әдептілік пен адалдыққа, өршіл талап пен қанағатшылдыққа шақырды.

Әлімбай Әлиасқаровтың шығармашылық мұрасының бір саласы – дастандары. Ақын «Қорқыт», «Төрт дәруіш» дастандарында өзіне дейінгі әдеби-фольклорлық шығармашылық арқауына айналған белгілі сюжеттерді өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен қайта жасап, ертегілік, аңыздық оқиғаларды өзінің адамгершілікке үндейтін тәлімді ойларына арқау етеді. «Қорқыт» дастанында қобыз жасайтын ағаш іздеп орманға бара жатқан Қорқыт:

Жалқау болар белгілі,

Үнемі жатқан саяға.

Түрін бұзар өзгертіп,

Үнемі тойған жаяға.

Ес білсең, елге қызмет ет,

Теріңді көптен аяма...

Өнер мен дүние тілін тап,

Келесің сонда ояға [6, 134 б.],–

деп адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді саралай келе, ұрпағына дүниенің кілтін ашып, халқыңа қызмет ет сынды өсиет айтады. Шығарма сюжеті елге бұрыннан танымал жайлар болғанымен, оны ақын өзіндік авторлық мәнерімен жеткізе білген.

Шығыс шайырларының дәстүрінде ертегілік-аңыздық оқиғаларды негіз етіп алған дастандардың басталуында ақындық идеяны, мақсатты білдіретін кіріспе-шумақтар болған. Бұл шумақтарда ақындар дастанға арқау етілген ертегілік-аңыздық оқиға арқылы өзінің тыңдаушыларына қай мәселеге баса көңіл аударатынын аңғартқан. Әлімбай ақынның «Төрт дәруіш» дастанының композициялық құрылымындағы осындай кіріспе-шумақтар ертегілік-аңыздық оқиғаны түп қазық еткен өз ойының желісінен хабар береді:

...Оқушым, сыр айтайын, айыптама,

Ойымнан хабар беріп не іздейтін.

Өлеңге «Төрт дәруішті» аударсам деп,

Жүруші ем жасымнан-ақ ұғып кейпін...

Талабым – өз қалпында өлең етпек,

Мұраға таласым жоқ пәлен дейтін.

Халықтың қазынасы ғой қалай-дағы

Мағынасын ескергендер елеңдейтін [6, 146-147 бб.].

Дастанның тақырыбы – әділдікке, адалдыққа шақыру, адамгершілікті насихаттау. Тұрмыстық-салттық мәселелер де сырт қалмайды. Шығарманың басты кейіпкерлері – Азадыбақыт патша мен төрт дәруіш. Оқиға желісі бір перзентке зар болып, қайғыдан азап шеккен Азадыбақыт патшаның бас уәзірінің сілтеуімен қабір басына баруынан басталады. Кейінгі оқиғалар сол жерде төрт дәруіштің бастан кешкен хикаяларын айтуы бойынша өрбіп отырады. Әр кейіпкердің әрекетінен өмір сүруді мұрат тұтқан еңбексүйгіштік қалыпты, биік адамгершілік қасиетті тануға болады.

Қазақтың өзіндік көркем сөз өнерінің әбден қалыптасып, әлемдік әдебиеттер қатарына қосылуға ықпал еткен әдеби күштердің бірі – шығыстың классикалық поэзиясы. Осынау әдеби-тәлімдік мәні зор әдебиеттің нәзира үлгісін терең меңгерген Әлімбай Әлиасқаров есімдері әлемге мәшһүр шығыс шайырларынан жеткен аңыз-дастандар сюжетін негізге ала отырып, келер ұрпаққа қазақтың наным-сеніміне, дүниетанымына мейлінше жақын, тың, тәрбиелік мәні зор шығармалар қалдырды. Түйіндеп айтсақ, Сыр бойының атақты шайыры Тұрмағанбет Ізтілеуов пен Әлімбай Әлиасқаров шығармаларында шығыстық үлгідегі өлең дәстүрі берік қалыптасқан. Оған сол шығыс әдебиетіндегі гуманистік ойлардың әсері, әлем әдебиетімен байланысы негіз болғаны айқын.

 

Әдебиет:

1.    Кәрібозұлы Б. Беталыс. – Алматы: Арыс, 2005. –200 б.

2.    Тұяқбаев Ғ. Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлының әдеби мұрасы. Филология ғыл. канд. авторефераты. – Тараз, 2004

3.    Дәрібаев С. Сыр шайырлары поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрі. Филология ғыл. канд. авторефераты. – Алматы, 2002

4.    Типтік оқу бағдарламалары. – Алматы: Абай атындағы ҚМУ, 2005

5.    Рүстем-Дастан // Фирдоуси «Шаһнамасының» ізімен жырлаған халық ақыны Т.Ізтілеуов. – Алматы: ҚМКӘБ, 1961. – 604 б.

6.    Әлиасқаров Ә. Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2008. – 368 б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, Сыр, батыр, пена.


Задать вопрос