Тілдік білім құрылымы және семантикалық өріс мәселесі ақиқат болмыс пен тіл; тіл мен адам; адам мен ақиқат болмыс қатынастарына онтологиялық, гносеологиялық және лингвистикалық аспектілерде талдау жасауды қажет етеді.Бұл ретте сөздердің семантикалық өрісі, мәтіндік байлам, көркем шығарма тіліндегі көркемдік ой, сөздердің мағыналық астарының дискурс шеңберіндегі ойнақылығы, мағынаны құбылту сырлары, олардың көркем мәтін арқалаған эстетикалық идеяны ашуға қосар үлесі туралы айту керек.
Тілдік бірліктер үш аспектіде қаралатыны белгілі: онтологиялық аспект, гносеологиялық аспект және лингвистикалық аспект. Онтологиялық аспект – объективті шындықтың мәні; гносеологиялық аспект - әлем бейнесінің адам санасында бейнеленуі; ал лингвистикалық аспект - олардың тілдік көрінісі.
Ұғым – болмыстағы заттар мен құбылыстардың маңызды белгілерінің адам санасындағы бейнесі. Ұғымдық категория болмыстың бейнесін танытады және бұл адамзат атаулыға ортақ болып табылады. Өйткені болмыс біртұтас және ондағы құбылыстар да барлық жерде бірдей. Ал болмыстағы әмбебап құбылыстарды тану, логикалық пайымдаулар адамзат үшін ортақ деуге болады. Сондықтан ұғымдық категория ойлау деңгейінің әмбебап категориясы ретінде сипатталады. Бұл ұғымдық категорияның тілден тыс тұратындығын көрсетеді және ол тіл құрылымына негіз болады. Бұл категорияны В.фон Гумбольт «әмбебап категория» десе, О.Есперсен «ұғымдық категория» деп атайды.
Ұғым мен тілдік таңбаның байланысы синтаксистік категория арқылы жүзеге асады. Осы ретте сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы ақпарат алмасудың сөйлеуші үшін ұғым (В) ®функция (Б) ®тұлға (А), ал тыңдаушы үшін тұлға (А) ®функция (Б) ®ұғым (В) түрінде өтетіндігі көрсетіледі [2,24].
Ұғымдық категория - тілдеқандай да бірформадакөрінетін сана категориясы. Ұғымдық категориялар тілде көрініс тауып, сол арқылы тілдік жүйені қалыптастыратындықтан, олар тілдік категория болып саналады. Ал тілде көрініс тапқан таңба санада да бейнеленеді. Ал санадағы бейненің тілде көрініс табуы семантикалық жағынан да, тұлғалық жағынан да түрліше болады.
Б.Уорф ұғымдық категорияны санада орын алған және тілден де көрініс табатын категория ретінде түсіндіреді. «Жасырын» категорияға қарсы қойылатын «ашық» категория тілде әрқашанда қандай да бір тұлғада көріне алатындығымен ерекшеленеді. Ғалымның мұндағы ашық категория деп отырғаны - тұрпаты жағынан тұлғаланған, грамматикалық мағына беретін тілдік бірліктер жүйесі. Б.Уорфтың түсіндіруіндегі «жасырын» категорияға қатысты теориялық тұжырымдар пресуппозицияға жақындайды. Ол ұғымдық категорияны тілдік емес мәнділіктермен байланысты түсіндіруге тырысады және бір жағдайда өзінің санада бекітілген таза ұғымдық табиғатын сақтайтын, екінші жағдайда өңдеуден өтіп, белгілі бір тілдік қалыпқа түскен, соның нәтижесінде «ашық» категорияға айналған тілдік құбылыстарды бөліп көрсетеді.
Ұғымдық категорияның тілдік жүйедегі құрылымдық сипаты дегеніміз - адамның болмысты танып, оны меңгеруіарқылы адам санасындағы түйсігінің тілдік формада қалыптасуы.Ұғымдық категориялар тілдік құралдармен берілетін семантикалық функциямен бірлікте болады. Мазмұн тұрғысынан алғанда семантикалық функциялар ұғымдық категориялардың туындылары іспеттес. Мазмұн дегеніміз – объективті шындықтың көрінісі мен сана «жұмысының» нәтижесі. Яғни сөйлеуші құрастырған белгілі бір мазмұнды бойына жинақтаған құрылым объективті шындықпен және санамен арақатынаста болады. Ал белгілі бір мазмұнды беруді немесе ақпаратты жеткізуді тілдік бірліктердің семантикалық функциясы іске асырады.
Семантикалық функция - түрлі тілдік құралдар мағынасының жұмсалымы және сол жұмсалымның нәтижесі. Ұғымдық категорияның семантикалық функцияға өтуі ұғымдық категорияның тілдік семантикалық интерпретациясы деп аталады. Ұғымдық категория семантикалық функцияға өту процесінде және сол процесс нәтижесінде түрлі тіл деңгейлеріне жататын тілдік бірліктер өзара әрекеттес келіп, семантикалық функцияларға бірігеді. Оның (бірігудің) заңдылықтары тілге, ал іске асуы сөйлеуге тән болып келеді. Яғни тілден тыс объективті шындықтың таңбалануы, берілуі сөйлеу әрекетінен көрінеді. Жалпы функцияның бірігуі жекелеген элементтер функциясының өзара әрекеттестігі дегенге саяды. Әр түрлі құралдардың қызметтерінің өзара әрекеттестігі нәтижелері сөйлеуде (сөйленім – қабылданым процесінде, дайын мәтінде) көрінеді. Сөйтіп, ұғымдық категория бір жағынан тілмен, екінші жағынан - сөйлеумен байланысты болып шығады. Бұл ұғымдық категория интерпретациясының екі аспектіде қаралатындығын көрсетеді: тілдік және сөйлеу (язык и речь).
Тілдік құралдардың семантикалық функциясы арқылы берілетін ұғымдық категорияны жеткізудің потенциалды мүмкіндіктері өте көп болғанымен, сөйлеуде сол мүмкіндіктердің біреуі ғана қолданылады. Тілде семантикалық функциялар белгілі бір жүйе түзеді. Бұл жүйе көпдеңгейлі категориялды мағыналар жүйесінен, грамматикалық тұлғалардың полисемантикалық мүмкіндіктерінен, олардың жекелеген мағыналарынан, лексика-грамматикалық топтардың мағыналарынан, функционалды-семантикалық микро- және макроөрістерден тұрады. Сөйлеуші айтар ойымен сәйкестенетін тілдік мағынаны беретін құралдарды осы жүйеден таңдап алады. Сөйлеуші оларды тек құрастырып қана қоймай, олардың көмегімен жаңа мағыналарды тудырады.
Көркем мәтін - құрылымы ерекше семиотикалық құрылым. Соған орай мәтіндегі тілдік таңбалар кодтар жүйесі ретінде қарастырылады.
Мәтін – айрықша тілдік код, сондықтан оқырман санасында мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай тілдік білімнің болуы шарт, өйткені автор айтпақ ой-сезімін тілдік бірліктер арқылы кодқа салады. Ал тілдік білім дегеніміз сөзді, оның мағыналарын, сөйлем оның мағыналары мен құрылымдарын білу дегенге саяды. «Оқырман – тілдік тұлға» мен «суреткер – тілдік тұлға» – нақты бір тілдің субъектісі. Тілдің дыбыстық, лексика-семантикалық, грамматикалық бірліктерінің мән-мағынасы мен қызметі, нормасы екеуіне де ортақ. Алайда автор дыбыстық,лексика-грамматикалық, т.б. бірліктерді діттеген мақсатына қарай іріктейді. Мәтінде кездесетін тұрмыстық мазмұндағы лексика-фразеологизмдер (төс айыл, артқы айыл, құрық, құлыншақ, шылбыр, жалбағай, торы бесті, найза, сойыл, т.), қашықтық өлшемдерді білдіретін халықтық атаулар (қозы көш жер, найза суырып, сойыл сілтейтін жер), уақыт өлшемін білдіретін халықтық атаулар (Үркер жамбасқа келді, Шолпан маңдайға таянды; күн найза бойы көтерілді, т.б.), әлеуметтік жікті білдіретін атаулар (молда, би, батыр, күң, құл,балуан, т.б.), бағыт-бағдарды білдіретін лексика-фразеологиялық бірліктер (маңдайды батысқа, төскейді үзеңгіге алды; төскейге бет алды т.б.), кәсіптібілдіретін атаулар (малшы, жылқышы, сауыншы т.б.), этнографизмдер (әдет-ғұрып, салт-жоралғы т.б.) атаулары (құнын өтеу, сауғаға алу, сауға, сүндеттету, бәйге тігу, бас бәйге, ат жарыс, жабулы нар, күң бастаған тоғыз, құл бастаған тоғыз т.б.) этнографизмдер өткен замандардағы ақиқат дүниенің денотаттар әлемінен хабар береді. Мәтінде осылар арқылы оқырманға ерте заманның «есігі» ашылады. Бір жағынан, бұл тәрізді таңбалар тілдік код болса, екінші жағынан, когнитивтік код, я болмаса тіл субъектісінің санасындағы ақиқат дүниенің картинасы, ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы беріліп келе жатқан дәстүрлі білімдер жүйесі. «Мәтіндегі әлгіндей тілдік таңбалар индивид санасындағы ақиқат дүние туралы «тыныш» күйдегі білімді «оята» бастайды. Тілдік таңба стимул болса, оқырман санасындағы білімнің мән алуы (актуалдануы) – реакция. Бұл жайт мәтін арқылы «оқырман тілдік тұлға» мен «суреткер тілдік тұлға» арасында диалогтің басталғанын байқатады. Екі бірдей код – тілдік код пен когнитивтік код, – ашылғанда ғана сөз субъектілерінің (адресант пен адресат) арасында диалог болады» [1, 38 б.].
Алайда мәтінде, тіпті орта білімі бар тілдік тұлға үшін де қиынға соғатын тұстар болуы мүмкін. Өйткені қайсыбір тілдік таңбаларда когнитивтік кодқа салынған ақпараттар оқырман санасында үстірт қана ашылуы ықтимал.
Тілдік таңбаларда кодқа салынған мәдени-тарихи ақпараттарды аша білу мәтінді тереңірек түсінуге септігін тигізетін жайттардың бірі. Бұл жерде мәселенің түйіні мәтінді қабылдаушы реципиенттің санасымен байланысты. Егер адресаттың дәстүрлі білімдер жүйесі әр алуан және жан-жақты болған сайын, мәтіндегі кодқа салынған ақпараттарды ашу мүмкіндігі көбірек болады. Ондай оқырманның мәтін арқылы автормен болған диалогі, алатын әсері айрықша болмақ.
Сонымен, көркем мәтінде 1) тілдік, 2) когнитивтік, 3) эстетикалық кодқа салынған тілдік семиотикалық жүйе болатыны байқалады. Көркем мәтін тілінде бұлар бір-біріне байланыссыз оқшау тұрмайды, керісінше, олар өзара астасып, көркем тіл өрімін эстетикалық тұтас дүниеге айналдырады. Дүниедегі белгілі бір зат санада сәулеленіп, оның санада пайда болған қарапайым бейнесі эстетикалық мәнділікке айналады.
Соңғы жылдары лингвистика ғылымында мәтін терминімен жарыса дискурс атауының қолданыла бастауы жайдан-жай емес. Әуелде дискурс пен мәтін тепе-тең ұғымдар түрінде қолданылғанымен, кейіннен ара жігі ажырай бастады. «Мәтін – сөз актісінің, процесінің нәтижесі болса, ал дискурс күрделі коммуникативтік құбылысқа байланысты қолданылып, «коммуникативтік уақиға» (событие) деген ұғымды білдіретін терминге айналды. Ал коммуникативтік уақиға ұғымы коммуникацияға қатысушыларды да қамтиды. Дискурс термині тек мәтінмен шектелмейді, адресант пен адресат, әлеуметтік жағдаят дегендерді де түгел қамтиды. Дискурс ретіндегі коммуникациялық процесте тек тіл ғана емес, сондай-ақ менталды процестер де әрекет етеді» [3,153 б.].
Коммуникативтік уақиға әлеуметтік мәдени контекст, автор, мәтін, оқырман тәрізді компоненттерден тұрады.
Көркем әдебиет дискурсының ерекшелігі -коммуникативтік уақиғаға қатысушылардың кеңістік, уақыт параметрлері бойынша байланысы болмайды. Оқырман мен автор әр кеңістікте, басқа бір уақытта болуы, оқырманның автор жөнінде нақты ешнәрсе білмеуі мүмкін. Бірақ мәтінмен арақатынаста отырып, оқырман автордың коммуникативтік стратегиясын, діттеген мақсатын танып білуге тырысады. «Автор мен оқырманның тілдік, тілдік емес білімі; тілдік емес білімдердің жүйесі бұлардың ақиқат дүниенің индивид санасындағы ой, сурет, схема, фрейм т.б. түрінде сақталатыны статикалық және динамикалық сипаттағы образдары екені, олардың тілдік аналогтарының болатыны, болмайтыны когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселелеріне қатысты. Ой, бейне, схема, фрейм тәрізді концепті типтері адам санасындағы ақиқат дүние туралы ақпараттарды сақтауға, қажет кезінде қолдануға, вербалдандыруға болатын жоғары деңгейдегі ұйымдасқан білімнің құрылымы» [4, 118 б.]. Автор мен оқырман бір-бірімен осы білімдер жүйесі арқылы байланыс жасайды. Коммуникацияға қатысушылардың қоршаған дүние, ақиқат дүние туралы білімі, тілді білуі, көркем әдебиет оқудағы тәжірибесі, сенімі мен түсінігі мәтін мен оқырман арасындағы өзара байланысқа негіз болады. Стилистикалық эффект немесе көркем сөз ықпалы оқу үстінде пайда болатын құбылыс. Ал көркем сөз ықпалы, әсері дегенді когнитивтік, әлеуметтік, психологиялық факторлардың өзара әрекеті деп түсінуге болады. Мәтін және көркем дискурстың концептуалдылық қисындарыдегенде негізінен осыларды айтуға болады.
Суреткер мен оқырман арасындағы эстетикалық қарым-қатынас көркем мәтін арқылы жүзеге асырылатын ерекше сипатқа ие коммуникация шартына, оның субъектілері арасында орын алатын байланыс=кері байланыс жағдаятына қатысты іске асады.
Көркем дискурстың құрылымы әлдеқайда күрделі. Мұндайда мәтінге дейін де автордың санасында тілдік емес құрылымдар түзілетінін еске алу қажет. Коммуникацияның мәтінге дейінгі бөлігіне автордың ойлаған көркем идеяны, сол идеяны тілдік құралдармен объективтендірудің тәсілдері мен амалдары жатқызылады. «Автор өзінің санасындағы тілдік парадигмадан (вертикал түзуден) тілдік бірліктерді таңдап, талғай бастайды. Ой елегінен өткен бірліктер синтагмалық (көлбеу түзу бойынша) тізбекке түседі. Сөйтіп, автордың «нені айтсам?», «қалай айтсам?», «кімге айтсам?» деген мәтіндік құрылымға дейінгі ойша сөзі, яғни «коммуникацияның» бірінші кезеңі тілдік таңбалар арқылы объективтеніп, мәтінге, яғни екінші кезеңге – сөз актісінің бір бүтініне айналады, бірақ коммуникация аяқталмайды» [1, 47 б.]. Коммуникация мәтінді оқырман қабылдаған соң, автордың идеясын, нені айтқанын, қалай айтқанын, кімге айтып отырғанын, не мақсатпен айтқанынигерген соң аяқталады. Бұл- коммуникацияның сәтті аяқталуы. Ал коммуникацияның сәтсіз аяқталуы да мүмкін. Ол сөздің коммуникативтік сапасын төмендететін тілдік//тілдік емес факторлармен байланысты болуы ықтимал. Сөздің коммуникативтік сапасын төмендететін//жоғарылататын жайттарды анықтау мен себептерін көріп, коммуникативтік сәттілік// сәтсіздік мәтінге дейінгі аймақта ма, мәтінішілік аймақта ма, мәтіннен кейінгі аймақта ма, оның орнын нақты айқындау лингвостилистика мен сөз мәдениетінің іргелі теориялық мәселелері бірі болып саналады.
Сөйтіп, суреткер мен оқырман арасында диалогтың болуын коммуникацияның сәтті аяқталғаны деп бағалап, эстетикалық қарым-қатынастың (диалог) орнауы деп қарастыруға болады.
Көркем дискурс прагматикасын қарастыруда «автор → мәтін → оқырман» моделін емес, яғни «солдан оңға қарай емес, керісінше, оңнан солға қарай, яғни «автор ← мәтін ← оқырман» моделі бойынша қарастыру әдісін қолданған дұрыс. «Мәтін – айрықша тілдік код, сондықтан оқырман санасында мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай тілдік білімнің болуы шарт, өйткені автор айтпақ ой-сезімін тілдік бірліктер арқылы кодқа салады» [5, 9 б.]. Ал тілдік білім дегеніміз сөзді, оның мағыналарын, сөйлем, оның мағыналары мен құрылымдарын білу дегенге саяды. «Оқырман – тілдік тұлға» мен «суреткер – тілдік тұлға» – нақты бір тілдің субъектілері. Тілдің дыбыстық, лексика-семантикалық, грамматикалық бірліктерінің мән-мағынасы мен қызметі, нормасы екеуіне де ортақ. Алайда автор лексика-грамматикалық, дыбыстық т.б. бірліктерді діттеген мақсатына қарай іріктейді.
Мәтінде кодқа салынатын ақпараттардың енді бір типі – эстетикалық ақпараттар. Эстетикалық ақпараттар кодқа салынған көркем мәтінде оқырманға әсер ету, сезіміне әсер ету үшін қолданылады. Сыртқы дүниедегі белгілі бір денотатты меңзейтін сөздер оқырман санасындағы ақиқат дүние картиналарына қозғау салады. Сондықтан көркем шығарма тілі абстракті ойлауға емес, сезім мүшелерінің деректі қабылдауына сүйенеді. Күн суық, күн аязды, боран соғып тұрдеген сөздер көру, тері, сезім мүшелерінің қабылдауына негізделген. Сондай-ақ күн суық жай хабарлау болса, күн қақап тұрсөйлемі сөйлеушінің объективті ақиқат жөнінде ұнату/ұнатпау сезімін, көзқарасын да білдіреді. Мәтіндегі денотативтер (денотаты бар атаулар) оқырман санасының бір түпкіріндегі ақиқат дүниенің картинасын «оятады», сөйтіп, санада ақиқат дүние ұғымының елесі пайда болады.
Оқырманмен байланысты күшейту үшін жазушы сөздің әралуандығына ерекше көңіл бөледі. Мәтіндегі сөз бір сарынды болып кетсе, оқырманмен арадағы байланыс әлсірей бастайды. Мысалы, күн суып кетті, боран түтеп барады деген тұлғалар екінің бірі айта беретін, ешкімге таңсық емес сөздер. Бұл – үйреншікті сөзқолданым. Суреткер сөзді бәріміз айта беретіндей қолданса, яғни қалыптан, нормадан ауытқымаса, оқырманмен мәтін арқылы байланыс ойдағыдай болмас еді. Сондықтан қаламгер уәжді ауытқуға жол береді: көкжал боран ысқырына құтырып, айналасын жалмап барады; ақ түтекқұтырына ойнақ салып, әлемнің әлек-шәлегін шығарды, т.б. Суреткер бұл ретте нормадан жөнді ауытқуды көркемдік тәсіл ретінде қолданады.
Мұндай эстетикалық мәнділіктер тіл арқылы кодқа салынады. Мұндай тұсқа оқырманның қалайда назары тоқтайды. Назары тоқтау (автоматизмді азайту) деген іркіліп, кідіру емес. Назар тоқтату дегеніміз -оқырманның әлгіндей ерекше кодты жай кодқа ауыстыруы. Көркем мәтіндегі ерекше эстетикалық бедері бар кодты жай кодқа көшіру арқылы оқырман оның мән-мағынасын ұғынады.
Әдебиет:
1. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. докторы ... авторефераты. – Алматы, 2007.- 56 б.
2. Жолшаева М. Қазақ тіліндегі аспектуалды семантика: форма және мазмұн. филол. ғыл. докторы ... авторефераты. – Алматы, 2010.- 56 б.
3. Васильева А.Н. Художественная речь. М., 1983. - 255 б.
4. Роль человеческого фактора в языке. Язык и картина мира. – М., «Наука», 1988.- 214 с.
5. Кубрякова Е.С. Слово в дискурсе (новые подходы к его анализу) // Текст и дискурс: традиционный и когнитивно-функциональный аспекты исследования. Сб. науч.трудов. – Рязань, 2002. - С. 7-11.