ХІХ Ғасырдың орта шеніндегі орыс-қазақ соғыстары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (60) январь 2014 г.

Дата публикации: 08.01.2014

Статья просмотрена: 359 раз

Библиографическое описание:

Аманжол, Күзембайулы. ХІХ Ғасырдың орта шеніндегі орыс-қазақ соғыстары / Күзембайулы Аманжол, Нурлыбек Нурланулы Елкей. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 1.2 (60.2). — С. 43-46. — URL: https://moluch.ru/archive/60/8909/ (дата обращения: 17.12.2024).

Тарих ғылымындағы осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан көп мәселелердің бірі – ХІХ ғасырдың орта шеніндегі еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалуға бағытталған қазақ хандығының сырт ел басқыншылығына қарсы күресі. Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 20 жылдан асса да, ғылымға, саясатқа, қоғамдық ойға сіңіп қалған отаршылдық пиғыл негізінде қалыптасқан қазақ елі тағдырындағы Ресейдің рөлі жөніндегі парадигма өзгеріске ұшырамай отыр.

ХІХ ғасырда жарық көрген кейбір басылымдарда, Ресей ғалымдарының еңбектерінде, тіпті көпшілікке арналған энциклопедиялық анықтамаларда Кенесары хан өзі басқарып отырған мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресті деген парадигма қалыптасқан. Кейін де, әсіресе, ХХ ғасырдың орыс ұлтшылдығы шарықтап тұрған 50-ші жылдары оған жала жабылып, оның жүргізген соғыстарына феодалдық-монархиялық баға берілді. Сол ғасырдың 80-90-шы жалдары белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған ғылыми мақалаларда, арнаулы әдебиетте, конференцияларда феодалдық-монархиялық қозғалыс ұлт-азаттық қозғалыспен ауыстырылды. Бірақ, осы қозғалыстың теориялық мәселелері бүгінге дейін анықталмай отыр.

Қазақстан тарихнамасында соғыс, көтеріліс, қозғалыс ұғымдарына теориялық жағынан әлі бірыңғай түсінік жоқ. Көбіне көтеріліс пен қозғалыс ұғымдары бір мағынаны білдіреді. Мәселен, Кенесары хан бастаған орыс отаршылдарына қарсы соғыс бір оқулықта «қозғалыс», екіншісінде «көтеріліс» ретінде көрсетіледі. Тіпті, бір мақаланың өзінде осы дефиницияларды қатар пайдаланады.

Мысалы, биылғы жылы «Қазақ тарихы» журналында жарық көрген Р.Жантемірованың мақаласында мұны көтеріліс деп атайды [1, 46-47 бб.]. Оны былай қойғанда, осы журналдың орысша нұсқасында 10-11 сыныптарға арналған Қазақстан тарихы пәні бойынша бағдарламада ХІХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы Қазақстанда болған Ресей басқыншылығына қарсы соғысты «қозғалыс» деп атайды.

Ал енді, интернеттен алынған «восстание» ұғымының мағынасы мынандай: «... открытая акция сопротивления группы людей против государственной власти. Наиболее важным видом восстания является вооруженное восстание. Участники восстания называются повстанцами. Восстание, в котором принимает участие значительная часть населения, называется народным восстанием.» [2]. Қарап отырғандай, көтеріліс дегеніміз – бір мемлекеттің ішіндегі белгілі бір әлеуметтік топтың сол мемлекет жүргізіп отырған саясатына қолына қару алып, қарсы тұруы екен. «Движение» деген дефиниция сөздіктерде белгілі бір мемлекеттік саясатқа қарсы жүргізілетін, бүкіл әлеуметтік топтар қолдайтын, халықтың көпшілік бөлігі қатынасатын, күрестің әртүрлі әдіс-тәсілдің түрлерін пайдаланатын саяси іс-әрекеттер. Ғылымда жиі пайдаланатын термин «соғыс (война)». Соғыстың түсінігі «... конфликт между политическими образованиями (государствами, племенами, политическими группировками и т.д.), происходящий в форме вооруженного противоборства, военных (боевых) действий между их вооруженными силами. Как правило, война имеет целью навязывание оппоненту своей воли.». Ал енді, ғалым Клаузевицаның пікірінше: «соғыс дегеніміз саясаттың жалғасы» екен [3]. Соғыстағы мақсатқа жетідің негізгі тәсілі, әдісі, ұйымдасқан түрде әскери қарсылық көрсету. Кейде соғыстың экономикалық, дипломатиялық, идеологиялық, ақпараттық және басқа түрлері де болады. Яғни, соғыстың мәні бір елдің екінші елге өзінің мақсатын күшпен орнату.

Міне осыған қарағанда, Кенесары хан саясаты қозғалыс та, көтеріліс те емес. Ресей қазақ жеріне қарулы күшпен басып кірді. Шекарадан өтіп, қазақ даласының орталық аймақтарына өз бекіністерін салған Ресей әскерінің іс-шаралары қазақ мемлекеті тарапынан қарсылыққа кездесті. Енді осы тезисімізді әлемдік тарих ғылымындағы басқа да ұлттық қозғалыстармен салыстыра отыра, дәлелдеп көрелік.

Қазақтың әдеттік заңы бойынша басқа мемлекетке қарсы соғысты жариялау функциясы ханның қолында. Жарияланған соғысты хан кейінде мәслихатқа бекіттіріп алады. Ал енді, ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары бүкіл қазақтық хан болып Абылайдың үлкен ұлы Ғұбайдолла сайланған болатын. Оның орнына ел билігін өз қолына алған інісі Уәли Ресейдің ықпалынан шыға алмады.

Өкінішке орай, қазақ төрелері, кейбір рубасылары мен батырлары Ресейдің араңдату саясатының түпкі мақсатын түсінбей, уақытша берілген уәделерге сеніп, алған шендері мен киген шекпендеріне мәз болып, ұлт мүддесін сатып кетті. Тіпті, арғын руының өте беделді Шеген би Мұсаұлы Кенесары саясатына өте сақтықпен қарап, тек кейіннен оны қолдауға мәжбүр болған. Оған дәлел, Шегеннің мұндай позициясын қолдаған патша әкімшілігі оны Анна лентасындағы алтын медальмен марапаттап, үстіне шапан жапқан. Мұндай жағдай дүние жүзі халықтарының тарихында да кездеседі. Мәселен, ХІХ ғасырдың орта шенінде Қытай еліне ағылшын басқыншылары басып кірген кезде көптеген жергілікті атқа мінерлер өзінің жағдайын ұлт мүддесінен жоғары ұстады. Гуанчжоу провинциясында үкіметтің кейбір чиновниктері жөнінде мынандай листовка таратылды. «Наши кровожадные чиновники до сих пор были соучастниками английских грабителей во всех деяниях, которые последние совершали против порядка и справедливости... Они смотрели на инностранных дьяволов, как на богов, а народ презирали, как собак, и человеческая жизнь для них не представляла никакой ценности. Они стремились лишь к тому, чтобы сохранить свое высокое положение» [4].

Ресей мемлекеті осындай саясатты пайдалана отырып, қазақ даласына тереңдей еніп, өздерінің әскери бекіністерін сала бастады. Арынғазы ханның тұтқындалуы Уәли ханның қайтыс болуына байланысты Қазақстандағы хан билігінің дағдарысын пайдаланып Ресей әскері қазақ даласына тереңдеп ене бастады. Сатқын сұлтандарға үміт артқан Ресей патшалығы Батыс және Солтүстік Қазақстан жерінде басқарудың жаңа жүйесін енгізуді ойластырды. Сөйтіп, 1822 жылы орыстың мемлекет және қоғам қайраткері М.Сперанский «Устав о Сибирских киргизах» деп аталатын құжатты дүниеге әкелді. 1822 жылы патша үкіметі Сібірді екіге бөліп, оның Батыс аймағының құрамына Қазақстанның солтүстігін де кіргізді. Оның орталығы 1839 жылға дейін Тобольск қаласы, одан 1839 жылдан кейін Омск қаласында болды. Аты аталған құжат бойынша Орта жүз мекендейтін қазақ жері 7 округке бөлінді (Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті). Әрбір округті аға сұлтан билейтін болды. Ол өзінің билігін орысша «приказ», қазақша «дуан» деп аталатын мекеменің көмегімен жүргізуге тиісті болды. Аға сұлтанға «Орыс әскерінің майоры» деген атақ беріліп, оған ай сайын жалақы төленетін болды.

Ал енді, 1822 жылғы Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен жасаған «Устав о Оренбурских киргизах» деп аталатын құжат бойынша Кіші жүз жері 3 бөлікке бөлінді (батыс, Шығыс және Орталық). Егер округ сұлтандары сайланатын болса, бұл жерде сұлтан-правительді патша әкімшілігі тағайындайтын болды. Әрбір аға сұлтанды, сұлтан-правительді қол астында 100 казак-орыс әскері бар орыстың офицері бақылап отыратын болды.

Міне, осылай жоғарыдағы құжаттар бойынша Ресей Қазақстанның Солтүстігі мен Батысын отарлаудың жаңа деңгейін іске асыра бастады. Дегенмен де, Ресей бұл жерлерді өзінің территориясының санатына қоспады. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті арқылы жүзеге асырды. Ал құрылған әкімшілік органдарды «сыртқы округтар» деп атады. Осы күнге дейін қазақ халқы Ресейді «іш» деп атайды. Осындай жағдайда, 1823 жылы Кіші жүздің қатардағы батыры Жоламан Тіленшіұлы Сібірдегі Ресей әкімшілігіне хат жазып, егер патша үкіметі қазақ даласындағы орыс бекіністерін жоймайтын болса, қазақ халқы қолына қару алып, басқыншыларға қарсы тұрады деп мәлімдеді. Ол Жаңа-Елек шекара шебінің салынуына қарсылық ретінде Орынбор әкімшілігіне бірнеше рет хат жолдап, нәтиже шықпаған соң қазақ жігіттерін атқа қондырды.

Абылайдың отыз ұлының ішіндегі ең кішісі Қасым сұлтан еді. Оның екі әйелінен жеті баласы болды. Уәлидің әкесі Абылай мен Ресей арасындағы келісімшартты бұзғандығына риза болмаған олар «Абылай ханның Русиямен жасасқан шартын бұзғандарына көніп отыру бізге ұят. Құдай қаласа, барлық қазақтың басын қосып, Абылай хан дәуренін қайта орнатуымыз керек. Алла Тағала өзі бізге жар болғай!» дейді [5].

Орта жүзде Саржан Қасымұлы бастаған қазақ әскері 12 жылға жақын Ресей билігін мойындаған аға сұлтандар мен орыс отаршылдарына қарсы қаруылы соғыс жүргізді. 1826 жылы қазақ әскері Қарқаралы приказын жоюға тырысты. 1832 жылы Ресей Ақмола бекінісінің іргетасын қалап, осы жерде Ақмола дуанын құрды. Саржан Қасымұлы Орта Азия мемлекеттеріне үміт артып, Ресейге қарсы одақ құруға тырысты. Ташкенттің әмірі бұл ұсынысты жылы қабылдап, 1834 жылы Ұлытау маңында  Қорған атты бекініс салды. Бірақ бұл одақтың ғұмыры ұзақ болмады. Абылай ұрпақтарының саяси аренадағы беделінен қауіптенген Орта Азия әміршілері берген уәделерінде тұрмады. Алдымен Саржан мен Садық, кейіннен Қасым сұлтандар солардың қолынан қаза тапты.

Ағаларынан айрылған Кенесары ұлт-азаттық қозғалыс басшылығын өз қолына алуға мәжбүр болды. 1841 жылдың күзінде қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, ақ киізге көтеріп Кенесарыны хан сайлады. Ол билік басына келгеннен кейін бірнеше реформалар жасады. Ұлтын, елін, жерін сүйген азаматтар кірген хан кеңесі сайланды. Мемлекеттік басқару жүйесі қайта құрылды, көрші елдермен қарым-қатынас орнататын дипломатиялық қызметке қатты көңіл аударылды, салық жинау ісі, жолға қойылды. Хан қарулы күштерді нығайту үшін жаяу әскер, артилерия, қатаң тәртіп, сарбаздар мен сардарлардың сыртқы түріне, әскерді үйретуге ерекше дем берді [6].

Мақаламыздың негізгі мақсаты, Кенесары бастаған отаршылдыққа қарсы соғысты бүге-шігесіне дейін баяндау емес, бұл процесті ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Ермұхан Бекмаханов, одан кейін Ж.Қасымбаев, Е.Уәлиханов еңбектерінде толық талқыланған [7]. Революцияға дейінгі, одан кейінгі кейбір авторлар Кенесары қозғалысының статусын көтерілістен гөрі, басқашалау көрсетеді. Мысалы, 1831-33 жылдары Польша азаттық қозғалысына қатынасқан поляк революционері А.Янушкевич Кенесарыны бірде Рим империясымен соғысқан Нумидия патшасы Югуртамен, бірде ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарындағы Алжир халқының азаттық күресінің Абд-әль-Кадермен салыстырады [8].

ХІХ ғасырдың 50-ші жылдарында Верный қаласында болған ұлы саяхатшы П.Семенов Тян-Шанский осы көтеріліс жөнінде әртүрлі мәліметтер жинастырып, Кенесарыны біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырда Кіші Азиядағы кішкене ғана Понт патшасының билеушісі, Рим құл иеленуші мемлекетінің жаулағыш саясатына қарсы тұрған Митридат ҮІ Евпатормен теңейді де қазақ феодалдық мемлекетін уақытша болса да қалпына келтірген Кене ханды жоғары бағалайды [9].

Расында да, Кенесарының соғысын 1341-1381 жылдары ағылшын шаруаларының Уолтер Тайлер көтерілісімен, 1670-1671 жылы Ресейдің оңтүстігінде болған Степан Разинның, 1707-1709 жылдары болған Кондратий Булавиннің, 1773-1775 жылдары болған Емельян Пугачевтің 1857-1859 жылдары ағылшын отаршыларына қарсы көтерілген сипайлардың, 1916 жылы қазақ даласында орыс отаршыларына қарсы қазақ жігіттерінің көтерілістерімен салыстыруға болмайды. Бұлардың бәрі бір мемлекеттің өз ішінде бір әлеуметтік топтың орталық үкіметке қарсы болған қарулы қақтығыстары. Ғылыми әдебиетте олар шаруалар соғысы деп аталады.

Кеңес заманында тарих факультеті студенттеріне арналған, сол кездің белгілі тарихшылары профессорлар П.П.Епифанов, В.В.Мавродин редакциясын басқарған, «ССРО тарихы» тарихы оқулығында шаруалар соғысына мына төмендегідей анықтама береді: «Крестьянские войны являются высшей формой кассовой борьбы в феодальной России. Они направлены не против отдельных светских и духовных феодалов, а против всего этого класса, против гнета крепостнического государства и олицетворяющих его воевод, приказных людей и пр.

Крестьянские войны отличаются тем, что и при сохранении локальности и стихийности борьбы движение охватывает значительную часть страны. Оно носит вооруженный характер – в нем участвует масса крестьян. Наряду с отдельными выступлениями (индивидуальными, группами или отрядами) действуют и крупные вооруженные силы вооставших» [10].

ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Европа елдері Африкадағы, шығыс елдеріндегі мемлекеттерді отарлауға бар күшін салды. Әсіресе, Африка мемлекеттерін отарлау үшін болған соғыстар миллиондаған адамның өімірін қиды. Африкадағы Европа отаршыларының саясаты жергілікті халықты қыру, оларды шахталардағы, кеніштердегі ауыр жұмысқа салу, сол елдің байлығын мейлінше тонау. Бір өкініштісі, өз халқын тонауға сол елдің ірі-ірі рубасылары көмектесті. Африкада Кимберли, Иоханнесбург сияқты тұрғындарының көпшілігі европалық болып келетін қалалар пайда болды.           Қазақстанда Ресейдің жүргізген отарлық саясатының Европа мемлекеттерінің Африка менен Азиядағы отарлық соғыстарынан айырмашылығы болмады.

ХІХ ғасырдың аяғында Африканың батысындағы Ахмаду және Самори мемлекеттерінің Францияға қарсы соғысы Ресейдің қазақ жерінде жүргізген агрессиялық саясатына өте ұқсас. Бірнеше соғыстарға қатынасып, тәжірибе жинақтаған француз әскері кішкентай екі мемлекетті жаулап алу үшін төрт жылға жақын соғыс жүргізді. Ал, қазақ әскері қырық жылға жақын қарсыласты. Самори әскері дала көшпенділерінің әскери тактикасын пайдалана отырып, француз әскерін тізе бүктірді. 1886 жылы француздар Самори сұлтанымен келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болды [11].

Әлемдік әдебиетте Азия және Африка халықтарының отаршылдыққа қарсы күресі «Ұлт-азаттық соғыс», «Отаршылдық соғыстар» деп аталады. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін 1837-1847 жылдары жүргізілген соғыс ғылымда ұлт-азаттық соғыс статусын алуы тиіс. Бұл процесс екі мемлекеттің: Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы соғыс деп атауымыз керек. Жүздеген жылдар бойы қазақ жеріндегі Ресейдің отаршылдық агрессиясы Қазақ әскерінің жеңіліс тауып, еліміздің Ресей империясының құрамына отар ел ретінде кіруімен аяқталды. Қазақ халқы жүргізген соғыс екінші отан соғысы деп атауға әбден лайықты. Бұл жөніндегі пікірімізді біз осыған дейін жарияланған мақалаларымызда жазғанбыз. Алғашқы рет қазақ тарих­на­ма­сында 1992 жылы жарық көрген оқу­­лығымызда ХҮІІІ – ХІХ ғасырларда орыс басқын­шыла­ры­на қарсы қа­рулы қақтығыс­тарды «Орыс – қазақ соғыстары» - деп атаған бо­ла­тын­быз [12]. Біз бұл пікірімізді 2006 жылы нау­рыздың 17 жұлызында М.Қо­зы­ба­ев атындағы Солтүстік Ка­зақ­стан мемлекеттік универ­си­те­ті өт­кіз­ген «Аблай хан – тарих және қазіргі кезең» атты халы­қаралық ғы­лы­ми практикалық конференциясында да айтқан едік [13].

2003 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Кенесары Қасымұлының туғанына 200 жыл толуына байланысты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізген болатын. Баяндамашылар ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихына жан-жақты талдау жасап, ұлт-азаттық қозғалыстың қыры мен сырына тоқталып, осы тақырыптың зерттелу деңгейін анықтады.

Конференцияда сөз сөйлеген Қазақ университетінің байырғы профессоры, тарих ғылымдарының докторы Серік Құрманғалиұлы Жақыпбек өз сөзінде, Кенесары қозғалысы жөнінде былай деді: «В истории Казахстана некоторые события по своей особой значимости занимают очень важное место. К числу их прежде всего относится народная война казахов под руководством Кенесары хана против царской России и стремление царизма превратить Казахстана в полную колонию. Эта война продолжалась десят лет (1837-1847 гг.) и охватила почти все казахские земли. Война велась за свободу и независимость, за сохранение национальной государственности как залога единства и целостности Казахстана, будущего его развития» [14]. Бұған біздің алып қосарымыз жоқ. Тек қана осындай ұғым бүгінгі тарих ғылымында қалыптасып, мектеп және жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарда өз орнын тапса дейміз.

Әдебиет:

1.      // Қазақ тарихы. – 2011. - №4. - 46-47 бб.

2.      http: //ru.wikipedia.org/wiki/восстание

3.      http: //ru.wikipedia.org/wiki/война

4.      История стран Азии и Африки в новое время. - М.: Изд-во МГУ, 1989. - І часть. С. 38.

5.      Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. – Алматы: Жалын, 1992. - 8 б.

6.      Карпык Аль-Халел. Белая кость прошлого. – Алматы: Агентство Аль-Халел, РГЖИ «Дәуір», 1994. -  С. 90-91.

7.      Қараңыз: Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында (оқу құралы). – Алматы, «Санат», 1994. - 416б., Қасымбаев Ж. Кенесары хан. – Алматы: Қазақстан, 1993. - 112 б.

8.      Стеклова Ф. Адольф Янушкевич и его книга // Дневники и письма из путешествия по казахским степям. – Алматы, 1966. - С.1-ХХХҮІІІ.

9.      Семенов Тян-Шанский А. Путешествия (Мемуары). - М., 1949. - Т. 2. - С. 48.

10.  История СССР. С древнейших времен до 1861 года. Учебник для студентов исторических факультетов педагогических институтов. - М.: «Просвещение», 1983. - С. 221.

11.  История стран Азии и Африки в новое время. - М.: Изд-во МГУ, 1991. - ІІ часть. - С. 341.

12.  Қара­ңыз: Кузембайулы А. Исто­рия до­революционного Ка­­зах­стана. Учебник. – Алма-Ата: Рес­публиканский издательский ка­би­нет по учебной и мето­ди­ческой литературе, 1992. - 382 с.

13.  Қараңыз: Кон­фе­рен­ция мате­риал­­дары. – 105-106 бб.

14.  Кенесары Қасымұлы туғанына 200 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2003. – 131 б.

Основные термины (генерируются автоматически): Африка, Азия, мена, хан, Европа, оса, Алматы, История стран Азии, Рим, Семенов.


Задать вопрос