Қазақcтандағы ұлттық қауіпcіздікті cақтаудың пcиxoлoгиялық жәнe пcиxoаналитикалық тeтіктepі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Калдыбай, Кайнар Калдыбайулы. Қазақcтандағы ұлттық қауіпcіздікті cақтаудың пcиxoлoгиялық жәнe пcиxoаналитикалық тeтіктepі / Кайнар Калдыбайулы Калдыбай, Г. Т. Муртазаева, Н. К. Байкенже. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 7.1 (111.1). — С. 16-18. — URL: https://moluch.ru/archive/111/28204/ (дата обращения: 17.12.2024).



Адамзат эволюциясының руханияттық тарихында, философиялық ой кеңістігінде адамға берілген анықтамалар көп жағдайда психологиялық бағытта болып келеді. Ал академиялық философиялық ілімде, адамның басты үш қыры бар: биологиялық, психологиялық, әлеуметтік. Адамның мұндай үш қырының маңызды буындарының бірі – психологиялық қыр болып табылады.

Осыған байланысты, қоғамдық ғылымдар арнасында, оның ішінде әлеуметтануда – әлеуметтік психоанализ, әлеуметтік антропология, әлеуметтендіру, тұлға психологиясы, әлеуметтанудағы психологиялық мектеп т.б. салалар; педагогикада – педагогикалық психология, психодиагностика т.б. бағыттар; философияда – субьективті идеализмнен бастап, бихевиоризм, фрейдизм, гештальтпсихологияның т.б. психологиядағы бағыттардың философиялық негіздері және соңғы уақыттарда ұсынылып жүрген «психофилософиялық» бағдар т.б. барлығы тұтаса келе жалпы психологиялық фактордың адамзат дамуындағы шешуші өзіндік бір ықпалды күш екендігін айқында бере алады.

Сонымен қатар, қазіргі ресми емес пікірлер мен бұқаралық қоғамдық санадағы білімдер бойынша: «Әлемді кім билеп отыр?» деген сауал бойынша: кейбірі – капитал; қайсібірі – ақыл, ал кейбірі – бұқара халықтың пікірі, кейбіреулер – діни сенім десе, кейбір көзқарастар психологиялық ықпалды баса айтады.

Бірақ осы тұста ескере кететін бір жайт, біздің тұжырымымыз бойынша, адам психикасының белгілі бір үстемдік еткен дәуірі болмаған сыңайлы. Дегенмен, психологиялық ықпал өзінің өрісін сан мыңдаған жылдар бойы жалғастырып келеді және ол бүгінгі күні де өзінің қуатын жоймаған басты әсерлердің бірі деп айта аламыз.

Осыған байланысты, біз қауіпсіздік құбылысының психологиялық астарлары мен мәні туралы шолу жасай келе, оның ұлттық қауіпсіздікке қатынасын атап өтіп, еліміздегі ұлттық қауіпсіздікті арттырудың, қатерлердің алдын алудың психологиялық тетіктерін әлеуметтік және философиялық тұрғыдан таразылап өтіп, оны бүгінгі күнгі тәжірибемен байланыстыра келе, өзіндік нақты ұсыныстарды ұсынуға қарай бет бұрамыз. Демек, ұлттық қауіпсіздікті арттырудың психологиялық тетіктерін: әдіснама-теория-тәжірибе сатылары арқылы талдап беруге қарай бағдарлана аламыз.

Қоғамдық өмірде, саясатта жалпы барлық әлеуметтік салада жиі қолданылатын психологиялық әдіснамалардың бірі – психоанализ. Ол бір қырынан, ғылыми әдіснама, екінші бір қырынан қоғамдық өмірде қолданылатын таза тәжірибелік ұстаным болып келеді. Оның негізін қалаған З. Фрейдтің өзі психоанализді бастапқыда невроз ауруларына ұшырағандарды емдеу терапиясы ретінде қолданғандығы белгілі, кейіннен, неофрейдизм ағымы, оның өкілдері бұл бағытты әрі қарай жалғастырды. Мысалы, Э. Фромм оны қоғамдық өмірдің нақты мәселелерін шешіп беретін әлеуметтік психоанализ деңгейіне көтерсе, К.Г. Юнг қоғамдағы күрделі мәселелерді тарихи тұрғыдан шешуге ұмтылып, «ұжымдық психоанализ» түсінігін енгізген болатын, ал А. Адлер «даңққа ұмтылу» құбылысына басымдылық беріп өз ілімін дәйектеді. Түптеп келгенде, бұл ілімдердің барлығы өмір шындығымен тікелей байланысып жатты және саясатта, біз қарастырып отырған ұлттық қауіпсіздік мәселесінде жиі қолданыс тапты. Мысалы, «Жыныстық төңкеріс» идеясын ұсынған Райх бір қарағанда, жай ғана психолог ғалым болғанмен, екінші бір қырынан алғанда осы төңкерістің теориясын жасап берген деуімізге де болады. Бұл ұлттық рухани қауіпсіздік арнасындағы мәселелерге келіп тоғысады.

Сондықтан, біз бұл әдіснаманың қолданылуының қазақ халқының ұлттық қауіпсіздігіне қатысты қырларына қарай ойысамыз: тарихи үлгілер мен тәжірибелер (ретроспектива) – қазіргі заман (интроспекция) – болашақ (перспектива). Сонымен қатар, «ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психоаналитикалық жолы» деген арнайы бағдар ұсынамыз.

Демек, бұл ХХ ғасырда жүйеленіп, арнайы ғылыми білім ретінде қалыптасқанмен, оның түп бастаулары мен тәжірибедегі стихиялы қолданысы сонау тым көне замандардан бастау алады. Мысалы, қауіпсіздікті қамтамасыз етуші және көріпкелдік қызмет атқарушы – бақсы осы психоналитикалық тәсілдерді қолданған немесе қазіргі психоанализдің пайда болуына шамандық психотерапия ықпал еткен.

Атап айтқанда, бақсының көріпкелдегі, ол шындыққа сәйкес келе ме, келмей ме ол өз алдына бөлек мәселе, әсіресе, болашақтағы болуы ықтимал қатерлерді ескертіп отырды. Ол жеке адамнан бастап, бүкіл тұтас ұлт, мемлекеттің қатерлерін жан-жақты деңгейде «көре білді»: өзге елдердің шабуылы, жұт, табиғат апаттары т.б. Мысалы, бұл құбылыс көркемдік түрде айтқанда, «Көшпенділер» фильміндегі жоңғар билеушісінің кеңесші-бақсысының Абылай атты баланың дүниеге келетіндігі, түптің түбінде ол Жоңғарларға қауіп төндіретіндігі бірнеше жыл бұрын болжанады, нәтижесінде нақ солай болады. Міне, сыртқы саяси қауіпсіздіктің алдын алу үшін бұл тұста бақсының қызметі анық байқалады. Бұл жалпы алғанда, түркі халқының да қауіпсіздікті сақтауының тәсілі болған. Оның көне Қорқыт дәуірінде, Шыңғысхан заманында қолданылғандығын және кейіннен де жалғаса түскендігін кейбір тарихи деректер дәйектеп отыр.

Қорыта келе, қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, сыртқы саясат пен ішкі саясаттағы «Елдік ұраны» психологиялық-психоаналитикалық тетіктер арқылы да реттелетін жүйе екендігі баса айтуымызға болады. Социологиядағы психологиялық мектеп өкілдері де қоғамдық құбылыстардың барлығы психикаға байланысты екендігін баса айтады. Әрине, біз бұл тұста, қауіпсіздіктің барлығы тұтасынан психологиялық тетіктер арқылы реттелуі тиіс деп кесіп айта алмаймыз, дегенмен, ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың осындай терең психоаналитикалық және жай ғана психологиялық тетіктері бар екендігін ұсына отыра, болашақта оны жандандыратын арнайы әлеуметтік құрылымдар болуы тиіс. Сондықтан, олардың қызметтері туралы мынадай нақты ұсыныстар береміз:

1. Саясаттанушы-психолог мамандар даярлануы тиіс немесе саясатанушылар психологияны өте жетік меңгерген болуы қажет. Тым болмаса, психолог мамандар мен саясаттанушылардың бірлескен ғылыми бағдарламасы, ғылыми қауымдастықтары т.б. қалыптасса игі болар еді. Әрине, маман дипломаттар елімізде жоқ емес, бірақ олардың таза тәжірибелік екендігін есепке алсақ, теоретик мамандар да қажет, сондықтан, мысалы, «халықаралық қатынастар» мамандығы сияқты оларды да оқу орындарында даярласа игі іс болар еді.

2. Қоғамдық психологияны тиянақты зерттеп отыру да маңызды істердің бірі. Әрине, әлеуметтанушылардың сұрау салуы, ҰҚК-нің сарапшылары сияқты әлеуметтік зерттеу құрылымдары бар. Бірақ, оларға жетіспейтіні, шынайы ақиқатты аша алмау, сұрау салушылардың тым аз болуы, күштеуге көп жүгіну т.б. Қоғамдық психология ауытқып отырады, ал оның динамикасы толық зерттелмей келеді. Мысалы, биылғы, 2014 жылғы теңгенің девальвациясы тұсында да әлеуметтік оптимизм сәл бәсеңдеді. Егер ол ұлғайып кетіп, халықтың ашу-ызасын туғызатын болса, ішкі тұрақсыздық пайда болады.

3. Қоғамдық тәртіпті реттейтін арнайы психоаналитик мамандары бар әлеуметтік институттар құрылуы тиіс. Мысалы, біздің еліміздегі өткізіліп жатқан, жақын және алыс шет елдерден келетін психологиялық тренингтер, жағымсыз музыка түрлері т.б. сараптайтын және оның алдын алудың жолдарын жасайтын, арнайы ғылыми тұжырымдамалдар құратын мамандыр қажет. Бүгінгі таңдағы өткізіліп жатқан желілік бизнес, «адамды бақытқа жеткіземін» деген сарындарда жүргізілетін психологиялық тренингтер, жасырын саентологиялық курстар т.б. адам психикасына әсерін анықтайтын арнайы құрылымдар қалыптаспаған. Шындығында, олардың кейбірінің психикалық ауытқуға жетелейтіндігі ақиқат.

4. Тек психологтар ғана емес, Ұлттық идеяның жүзеге асыру жолдарын ұсынатын философ-психологтар, социолог-психологтар да қажет. Мысалы, сырттан келетін әр түрлі жағымсыз идеологиялардың ықпалы мен ұлттық идеямыздың оған қарсы тұратан тетіктерін де жасақтау қажет.

Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психологиялық тетіктері маңызды мемлекеттік деңгейдегі және әлемдік саяси сахнадағы іргелі мәселе екендігін ұсынамыз. Сондықтан да бұл мәселені арнайы мамандар арқылы болашақта әрі қарай жетілдіре түсу қажеттігін баса айтқымыз келеді. Аталған жағдаят өз кезегінде, біз келесі бөлімде қарастыратын қауіп-қатерлерді болжамдаумен байланысты болып келеді [1].

Әдебиет:

  1. Насимов М.О., Калдыбай К.К., Паридинова Б.Ж. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (саясифилософиялық талдау). – Алматы, 2015. – 150 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена.


Задать вопрос