Қоғам өміріндегі әлеуметтік желілердің рөлі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №7 (87) апрель-1 2015 г.

Дата публикации: 08.04.2015

Статья просмотрена: 17968 раз

Библиографическое описание:

Насимов, М. О. Қоғам өміріндегі әлеуметтік желілердің рөлі / М. О. Насимов, Б. Ж. Паридинова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 7.2 (87.2). — С. 26-28. — URL: https://moluch.ru/archive/87/17233/ (дата обращения: 17.12.2024).

Бүгінде қоғам мүшелерінің көпшілігі өз өмірлерін әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтыны анық. Әлеуметтік желілер толықтай бүкіл әлемді қамтып, танымалдылығы жоғарылап жатыр және оның нақты жас ерекшелік немесе кәсіби шектеулері жоқ. Сонымен бірге, әлеуметтік желілер қазіргі заман азаматтарының тұлғалық әлеуметтенуіне ерекше ықпал жасайды. Әлеуметтендіру үдерісі барысында білім берудің технологиялары, әдіс-тәсілдері қолданылатындығын ескерсек, өзекті мәселелер берілген тақырыппен ұштасады.

Адамзат өмір сүріп жатқан жоғары технологиялар ғасыры қоғам дамуындағы жаңа әрі өзгеше деңгейге әкелді. Ақпаратпен алмасу, адамдар арасындағы тілдесу, қарым-қатынас орнату әдістері, жұмыс беру ұсыныстары мен іздеу жолдары, демалыс түрлері шын өмірден виртуалды әлемге өтті. Миллиондаған адамдар күнделікті түрде әлеуметтік желілер қызметтерін пайдаланады, жаңа достар мен клиенттер, қызметкерлер іздейді, кейбіреулері уақыттарын бос өткізуге арнайды. Білім деңгейін жоғарылату мақсатында ғаламтор ресурстарын пайдаланғанымен, көбінесе әлеуметтік желілерді виртуалды тілдесу үшін ғана пайдаланушылар жеткілікті екендігі жасырын емес. Сонымен қатар, ХХІ ғасырдағы азаматтарды тәрбиелеу теледидардан Интернетке көшті. Сондықтан оның қоғамдағы рөлінің жағымды және жағымсыз жақтарын ажырату ақпараттандыру ғасырында қиынға соғары анық.

Жалпы әлеуметтік желілерде жазылған заңдылықтар жоқ. Десек те, әлеуметтік желілер отбасы, мектеп, дос-жарандар секілді әлеуметтендірудің классикалық институттарын қарқынды түрде ығыстыру қаупін туындатып отыр. Виртуалды қауым қалыптастыру шын мәнісінде әлеуметтендірудің дәстүрлі уәкілдерін ауыстыруға ықпалы мол. Бірақ, пайдаланушылардың виртуалды әлемде игеретін жағымсыз қасиеттері шын өмірге келгенде әлеуметтендірудің нақты процесін күрделендіріп, қалыптасқан қоғамдық ережелерді күйретуі мүмкіндігін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік желілерде ішкі тәртіптерге негізделген нормалар мен ережелер қоғамдық стандарттармен сәйкес келе бермейді және оны бұзғаны үшін шын жауапкершілікке тартылатындығын кеш түсініп жатамыз.

Бүгінде әлеуметтік желілердің даму тенденцияларына байланысты түрлі көзқарастар бар. Әрине, оның даму басымдықтары әлеуметтік желі бағыт алып отырған мақсатты аудиториямен тікелей байланысты. Негізінен әлеуметтік желілерді белсенді әлеуметтік күш саналатын жастар кеңінен пайдаланады. Қазіргі заманғы қоғамның күнделікті өзгерістері жағдайында жастарға әлеуметтік желі сайттары жол сілтегіш құралы саналады. Сондықтан әлеуметтік желілерде берілетін кез келген ақпарат сөздері мен көздеріне мұқият қарағанымыз жөн.

Психология ғылымы әлеуметтік желілерді пайдаланудың жоғарғы өсімі әрбір пайдаланушылардың маңызды өмірлік қажеттіліктеріне әсер ететіндігі жөнінде айтады. Әсіресе, шын өмірдегі барлық кемшіліктерді виртуалды кеңістік көмегімен орнын толтыруда көмегін береді. Бірақ, виртуалды байланысты шамадан тыс пайдалану нақты кеңістіктегі қарым-қатынастарға қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Десек те, социомедиалық революция оның жағымсыз жақтарына қарамайтыны анық.

Әлемнің әр аймағында түрлі әлеуметтік желілірдің танымалдылығы әртүрлі. Мәселен, Солтүстік Америкада MySpace, Facebook, Twitter, Nexopia және LinkedIn кеңінен таралса; Еуропада Facebook, Bebo, dol2day, Tagged.com, XING, Skyrock; Оңтүстік және Орталық Америкада Public Broadcasting Service, Orkut, Facebook; Азияның Филиппины, Малайзия, Индонезия, Сингапур секілді елдерінде Friendstar, Multiply, Orkut, Renren және Cyworld әлеуметтік желілері танымал.

Посткеңестік елдердегі әлеуметтік желілер тобы мынадай: Арменияда - Meet Friends, Hayland.am, Haysite.am, Kuku.am, EsHayem.am; Белоруссияда -  ВСети.by, Takepin.com; Қырғызстанда - laytlux.tm.kg; Молдовада - Onspace.net, People.md; Украинада - Connect.ua; Өзбекстанда - muloqot.uz, youface.uz, sinfdosh.uz. Википедияның орыс тілді материалдарында Қазақстанның әлеуметтік желілері төмендегідей: on.kz, vseti.kz, my.nur.kz, www.newkaz.kz, pautina.kz, nsc.kz, liveinternet.kz, namba.kz, www.birge.kz [1]. Уикепедияның қазақ тілді нұсқасында тек Zhelide.kz және www.kazlife.com көрсетілген. Сонымен қатар, Ресейлік әлеуметтік желілер қатарына В Контакте, Мой Круг, Мой Мир@mail.ru, Одноклассники.ru, Живой Журнал жөнінде атап көрсеткен [1, 2].

Сонымен бірге, WEB 2.0 форматында белгілі бір бағытты ұстанған арнайы ресурстар да бар. Мәселен, ғылыми мақалалардан құралған сілтемелер базасының әлеуметтік каталогтары, кітаптар топтамасын ұсынатын әлеуметтік кітапханалар, ойындар тізімін ұсынатын желілік ойындар әлемі, алысты жақындастыратын геоәлеуметтік желілер, кәсіби тәжірибемен бөлісетін кәсіптік әлеуметтік желілер, жас және гендерлік ерекшеліктерге тән әлеуметтік желілер, қайырымдылық көмек беруге бағытталған әлеуметтік-қаржылық желілерін ғаламтордан табуға болады [1, 2].

«Internet World Stats» агенттігінің кезекті зерттеу нәтижесіне мән берсек. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 525 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады.

Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді. Өйткені, бұл ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Агенттік ұсынған тағы бір қызықты дерек, әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазады. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтатын болып шыққан [3]. Әрине, бұл нәтижелер көпшілікті ойландыруы қажет деген пікірдеміз.

Бүгінгі таңда еліміздегі қызмет атқаратын кез келген мекемелер ғаламторға өз сайттарын орналастырумен қатар, кері байланысты қалыптастыруда әлеуметтік желілер көмегіне сүйенеді. Әрине, әлеуметтік желілер арқылы өз қызметтерін насихаттау немесе сілтемелер беру арқылы жағымды жақтарын көрсетуде оның беретін көмегі орасан зор. Сонымен бірге, кез келген азаматтың электронды жәшігі болғандықтан оның ішкі сезімі өзгелер секілді виртуалды әлемге енуді қалайды. Әлеуметтік желілердің электронды шақыру хаттары да қызығушылық туындатады.

Қоғамдық дамудың қазіргі заманғы ерекшеліктеріне байланысты, бүгінде ғылымда адамды киберәлеуметтендіру [4] мәселесін тереңірек қарастырған жөн. Бұл ұғымға мынадай түсініктеме беріледі: «Өмірлік іс-әрекет контекстінде қазіргі заманғы ақпараттық және комьютерлік технологияларды пайдаланудан орын алатын ықпал ету нәтижелеріндегі тұлғаның өзіндік сана құрылымындағы өзгеріс процесі, тұлғаның киберкеңістікте әлеуметтенуі». Бұл процесте жаңа мүдделер, себеп-салдар мен мақсаттар қоғам мүшелерінің психологиялық және әлеуметтік белсенділігіне ықпал жасайды

Бұл ғылымның түрлі салаларындағы желілік, әсіресе, әлеуметтік желі ықпалына назар аудартып жатқандығын көрсетеді. Себебі, аталмыш ұғым кейбір қауымдастық мүшелері арасындағы кешенді өзара қатынастарды реттеуде қолданылады. Бүгінгі ғылымда әлеуметтік желілер әдістемесінің адам мінез-құлқына ықпалын зерттеумен қатар, ғылым салаларындағы инновациялық және мәдени ықпалдастығы қарастырылған жөн.

Қазіргі әлемдегі саяси және қоғамдық өмірдегі әлеуметтік желілердің рөлін анықтау мақсатында SWOT-талдау жасалды және оның нәтижелері төмендегідей:

Әлеуметтік желілердің жағымды жақтары: компьютерлік сауаттылықтың жоғарылығына байланысты ақпарат алу, алмасу жылдамдығы артады; халықтың билік органдары блогтарына хабарласуы арқылы кері және өзара байланыс орнатуға жол ашылады; іздестіру жүйелері арқылы кез келген тақырыпта ақпарат алу және пайдалану; тиімді пайдаланған жағдайда білімін толықтыру; сыныптастар мен курстастарын, ескі достарын табу және хабарласу; тек компьютер арқылы ғана емес, ұялы телефондар арқылы да желіге ену; өз мүддеңе сай келетін азаматпен виртуалды тілдесу.

Әлеуметтік желілердің жағымсыз жақтары: бос уақыттың жұмсалуы; оппоненттің манипуляциялық тәсілдеріне мән бермей, алдауына түсу; ақпараттың ақиқаты мен жалғандығын айыра алмау, кез келген ақпараттың ұсынылуы; қоғам құндылықтарына жатпайтын лас сөздерді пайдалану, теріс пиғылды азаматтардың өз мүддесін жүзеге асыру үшін мүмкіндігінің болуы; ақпаратты кез келген тұлғаның өз мүддесі үшін пайдалануы; толықтай электронды бағыныштылық.

Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері: ақпарат алмасуда сурет, бейне, блогтар мен микроблогтар, қауымдастық, чат және т.б. көздер арқылы қажетті мәліметтерді кеңінен пайдалану; өз профиліңді құру және автор туралы мәлімет ұсыну; мүдделері бойынша ортақ виртуалды достармен қатар, өмірдегі достар, туысқандар, әріптестер, сыныптастар мен курстастар бірлестігін құру; халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты блогтар арқылы күшейтеді; кез келген жерде қажетті ақпаратты өз уақытында алу және пайдалану.

Әлеуметтік желілердің қатерлері: орналастырылған ақпаратты кез келген азамат оңай тауып және өз қажетіне пайдалана алады; ұсынылған ақпаратты жұмыс берушілер, ата-ана, балалары, қылмыскерлер, құқық қорғау органдары кез келген шараларға қолдана алады; әлеуметтік желілерге тәуелділік; ауызша, жазылмаған заңдар басшылыққа алынады; заңнамалық базаның әлсіздігі; виртуалды тілдесуге байланысты сөйлеу, ақпараттың жылдам алынуы және жеке ізденістің жоқтығына байланысты ойлау қабілеті кемиді, дүниетанымы төмендейді; компьютерлік тролльдер қақпанынна түсу.

Әлеуметтік желілердің кеңес берушілік қасиеттерін ғылыми зерттеуде төмендегідей мәселелер қарастырылуы тиіс деп ойлаймыз: қоғам мүшелері бос уақыттарын қалай өткізетіндігін анықтау; жаһандық Интернет желісін қолданушылардың жас ерекшеліктеріне қарай өзгешеліктерін анықтау; пайдаланушылардың әлеуметтік желі ұғымы бойынша түсініктерін зерттеу; азаматтар қандай мақсаттармен әлеуметтік желілерді пайдаланатындығын сараптау; пайдаланушылардың демалыс уақытын ұйымдастырудағы әлеуметтік желілердің беретін көмегін айқындау; желідегі қарым-қатынас шын тілдесуге лайықты өзгерістері мүмкіндіктерін анықтау; әлеуметтік желілерде кеңінен таралатын әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды зерттеу; әлеуметтік желілерде таратылып жатқан нормалар мен құндылықтардың ықпалын айқындау.

Зерттеу жұмысы көрсеткендей, бүгінгі күнде Интернет жаһандық өрмегі адамзаттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде ерекше орын алады. Алдағы уақытта зерттелуі қажет мәселелері де жетерлік. Әсіресе, жасанды қоғам құру заманының жағымды жақтары мен жағымсыз жақтары, мүмкіндіктері мен туғызатын қатерлері пысықталып, зерделенуі керек. Қашып құтыла алмайтын ақпараттандыру ғасырындағы әлемдік білімді қалыптастыру барысында әлеуметтік желілерді пайдаланудағы білім қоғамын құру мақсатының тиімді тұстарын айқындау қажет.

 

Әдебиет:

1.       Социальная сеть // [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://ru.wikipedia.org/wiki/Социальная_сеть

2.       Әлеуметтік желілер // [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://kk.wikipedia.org/wiki/Әлеуметтік_желілер

3.       Әлеуметтік желілерді күніне 5,6 миллион қазақстандық пайдаланады // [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://www.baq.kz/news/18917

4.       Плешаков В.А. Виртуальная социализация как современный аспект квазисоциализации личности // Проблемы педагогического образования. Сборник научных статей. Вып. 21. – М., 2005. – С. 48-49.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, кез, WEB, XING.


Задать вопрос