Жарқын болашақ басымдықтары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №7 (141) февраль 2017 г.

Дата публикации: 16.02.2017

Статья просмотрена: 137 раз

Библиографическое описание:

Паридинова, Б. Ж. Жарқын болашақ басымдықтары / Б. Ж. Паридинова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 7.1 (141.1). — С. 56-57. — URL: https://moluch.ru/archive/141/39767/ (дата обращения: 17.12.2024).



Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы жаңа Қазақстан құру идеясын қалыптастырған елеулі құжат. Жолдауда біз мемлекет дамуындағы маңызды қимылдар жоспарын көреміз. Мемлекет басшысы Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізілетін үшінші жаңғыру бір-бірімен тығыз байланысты бес басымдығын атап көрсетті.

Бірінші басымдық экономиканың жеделдетілген жаңғыртылуын көздейді. Кешенді міндеттер жаңа индустрияларды санды технологияны қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл IT саласын дамыту мәселесін басты назарда ұстауды қажет етеді. Бұл тұста Төртінші өнеркәсіптік элементтерін жаппай енгізу маңыздылығы баяндалды.

Баршамызға белгілі, Бірінші өнеркәсіптік революция өндірісті іске қосу үшін су мен буды пайдаланды. Екінші революция өндіріс барысында электр қуатын қолданды. Үшіншісі, өндірісті электроника мен ақпараттық технологиялар көмегімен автоматтандырды. Кезекті Төртінші өнеркәсіптік революция Үшіншісіне сүйеніп, өткен ғасырдың ортасынан бастап өмірдің барлық салаларына сандық революцияны ендірді. Технологиялар бірлесіп, материалды, сандық және биологиялық әлем шекараларын жойды.

Бүгінгі өзгерістер Үшінші революцияның жалғасы екенін мынадай нышандардан білуімізге болады: ақпарат жылдамдығы, ақпарат қарқындылығы және жүйелік нәтижелер. Адамзат осы уақытқа дейін жүйрік техникалық өрлеуді көрмеді. Төртінші революция әлемдегі әрбір мемлекеттің индустриясына ықпал етеді. Ол туғызған өзгерістердің ауқымдылығына сәйкес, тұтас өндіріс жүйелерін, менеджмент пен басқаруды түрлендіруді қажет етіп отыр.

Қазіргі таңда біз мынадай зияткерліктің жасанды түрлерімен ұшырасудамыз: дербес машиналар, дрондар, виртуалдық көмекшілер, аудармашы бағдарламалар, кеңес беруші бағдарламалар. Соңғы жылдары әлемдегі есептеу қуатының тұрақты өсімі мен көлемінің ұлғаюына байланысты жасанды зерденің қалыптасуындағы жаңа ілгірілеу жүріп жатыр. Бүгінде жаңа дәрі-дәрмектер әзірлейтін және мәдениеттің жаңарған бағыттарын болжайтын арнайы сандық бағдарламалар бар. Күн сайын сандық технологиялардың материалдық дүниемен ұштасып отыруы жаңа құндылықтарды қабылдаумызды талап етіп отыр.

Екінші басымдық бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді міндеттейді. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру ел азаматтарының өз бизнесін қалыптастыруға үлкен көмек екені анық. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында кәсіпкерлікті дамыту жақсы нәтижелер беретіні белгілі.

Әріптестіктің жемісті болуы қатысушылардың қызуғушылығымен қатар, олардың нәтижелі пайда табуымен байланысты деп ойлаймыз. Мәселен, мемлекет өнімді өнеркәсіптік көлемде тарату, бюджетті толықтыру, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешу, сыртқы нарықтағы ғылыми мәртебелілігін көздейді. Ғылым саласы жабдықтардың жаңғыртылу мүмкіндігін, ғылыми базаның жаңаруын, келесі зерттеу жұмыстарының қаржыландыруын ойлайды. Ал кәсіпкерлік құрылымдар болса, мемлекеттік субсидиялар молдығын, салықтық жеңілдіктер мен кепілдердің барлығын, табыстар өсімі мен өндірістің кеңеюін қалайды. Мұндай өзара байланыстардың келешегі тұрғындар өмірі сапасының артуына және экономика бәсекелестігінің нығаюына әкеледі.

Үшінші басымдық макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді басты мұрат етіп қойып отыр. Әлемдік экономика дамуының заманауи кезеңінде мемлекеттің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мәселелері ерекше мәнге ие. Мемлекет өз халқының қауіпсіздігін қамсыздандыруда және өзін-өзі сақтауда аталмыш тұрақтылық тетіктеріне аса назар аударуы қажет.

Жалпы экономикалық ғылымдарда «макроэкономикалық тұрақтылық» түсінігіне байланысты бірнеше тәсілдегі анықтамалар береді: ішкі және сыртқы ықпалдар әсерінен қалыптасқан экономиканың жағдайы; ұдайы өндірістің қалыпты шарттарын қамтамасыз ететін үрдіс; ұлттық экономиканың қаржы-ақша жүйесінің тұрақтылығы; макроэкономикалық тепе-теңдік. Сәйкесінше макроэкономикалық тұрақтылық экономикалық дамудың барлық факторларының, экономикалық саясат пен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігімен сипатталады.

Төртінші басымдық адами капитал сапасын жақсартудыбасшылыққа алады. Білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттілігі айқындалды. Қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Білім беру жүйесімен бірге денсаулық сақтау жүйесін өзгерту қажеттілігі дәйектелді. Әлемдік тәжірибеде тиімділігін көрсеткен міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылатындығы белгілі болды. Бұл басымдықта әлеуметтік қамтамасыз ету саласы да сырт қалған жоқ. Зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне байланысты Үкіметке берілген тапсырмалар анықталды.

Бесінші басымдық институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты жаңа міндеттерді көрсетеді. Елбасы қауіпсіздік мәселесі турасында қазіргі заманда белең алған терроризм және діни экстремизмді насихаттауды алдын алуды атап көрсетті. Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілердегі діни экстремизмді насихаттаудың жолын кесу жұмысын жүргізуді тапсырды.

Заманауи ақпарат технологияларының күнделікті бір қалыпта тұрмай өзгеруі адамзат санасына ықпал жасауда. Сондықтан адамзаттың эволюциялық дамуын жаңа технологияларды қоғам мүшелерінің игеруі тұрғысынан қарастыруға болады. Адамзат қарым-қатынас мәдениетінің өкілі болғандықтан кез келген ақпараттық құрылғыға тәуелділігінен арыла алмайды. Бүгінгі таңдағы Интернет және оны пайдаланудың түрлі мүмкіндіктері толықтай электронды бағыныштылыққа әкелді.

Қоғам мүшелерінің көпшілігі өз өмірлерін әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын жағдайға жетті. Әлеуметтік желілер толықтай бүкіл әлемді қамтып, танымалдылығы жоғарылап жатыр және оның нақты жас ерекшелік немесе кәсіби шектеулері жоқ. Сонымен бірге, әлеуметтік желілер қазіргі заман азаматтарының тұлғалық әлеуметтенуіне ерекше ықпал жасайды. Әлеуметтену үдерісі барысында білім берудің технологиялары, әдіс-тәсілдері қолданылатындығын ескерсек, өзекті мәселелер берілген тақырыппен ұштасады.

Жалпы әлеуметтік желілерде жазылған заңдылықтар жоқ. Десек те, әлеуметтік желілер отбасы, мектеп, дос-жарандар секілді әлеуметтенудің классикалық институттарын қарқынды түрде ығыстыру қаупін туындатып отыр. Виртуалды қауым қалыптастыру шын мәнісінде әлеуметтенудің дәстүрлі уәкілдерін ауыстыруға ықпалы мол. Бірақ, пайдаланушылардың виртуалды әлемде игеретін жағымсыз қасиеттері шын өмірге келгенде әлеуметтенудің нақты процесін күрделендіріп, қалыптасқан қоғамдық ережелерді күйретуі мүмкіндігін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік желілерде ішкі тәртіптерге негізделген нормалар мен ережелер қоғамдық стандарттармен сәйкес келе бермейді және оны бұзғаны үшін шын жауапкершілікке тартылатындығын кеш түсініп жатамыз.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы озық сипаттағы ілгері қимылдарға бағыттайтын және жаңа кезеңнің сын-тегеуріндеріне жауап беретін маңызды құжат болып табылады.



Задать вопрос