Адам іс-әрекетінің ерекше түрінің бірі – ойынның пайда болуы туралы зерттеушілердің көпшілігі өз еңбектерінде ойын – өнер мен көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіріледі. Ойында шындықтың көрінісі, оның образды сәулесі қылаң береді. Өмірдің әр түрлі құбылыстары мен үлкендердің әр түрлі әрекеттеріне еліктеу ойынға тән нәрсе. Ойын кезінде шартты түрде мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекет бала үшін қызықты. Ойын балаларға ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі деуге болады. Балалар ойын барысында:
1) Өзін еркін сезінеді.
2) Ізденімпаздық тапқырлық әрекет байқатады.
3) Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау секілді түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.
Педагогика бала ойынына ерекше мән беріледі. Өйткені балалық шақтың түйсігі мен әсері адамның көңіліне өмір бақи өшпестей із қалдырады. Бала ойын арқылы өзін толытқан бүгінгі қуанышын, ренішін, асқақ арманын, мұрат-мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез табысып, жақсы қарым-қатынас жасайды, сол қарым-қатынас барысында:
1) адамдар іс-әрекеттің жақсы жақтарын аңғарады, жағымды ойлауды үйренеді.
2) жанындағы адамдарды ұнатып, жақсы көре біледі, оларды қуантуға асығады.
3) бір-біріне көмектесе біледі, жанашырлық сезімі оянады, қамқорлық жасай біледі.
4) кешірімді болуға, өзгені ренжітпеуге тырысады. Халқымыз ойынға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп те ерекше бағалаған.
Ойынға басшылық жасау кезінде бұйыруға болмайды. Егер мұғалім баланың эмоциясына, қиялына әсер ету арқылы олардың қызығушылығын арттыра түссе, онда баланың құштарлығы өсіп, ойынға құмарта түседі.
Балалардың іс-әрекетін ұйымдастыруда әр мұғалім өзінің әдісін оқушының психологиялық және физиологиялық дамуын ескере отырып іске асырады. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ойын үстінде ауызекі сөйлесу барысында түсінеді. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Күнделікті өмірдегі қиындықтың бірі күтпеген жағдайлардағы адамның өзін ұстай білмеуі болып табылады. Әдеттен тыс жағдайға тап келген адамның дұрыс шешім жасай алмауы жиі кездеседі.
Осындай жағдайларды яғни, сюжеттік-рөлдік ойындарды сахнада ойнап көрсету балалардың бойындағы жағдайды ойластыру және одан шығудың жолын табу қабілетін дамыту әдісі болып табылады. Бұдан басқа, осыған ұқсас ойындарда бала басқалармен өзара әрекет жасай білуге, өзінің әрекеттерін басқалармен ақылдаса отырып шешуге үйренеді.
Сюжеттік-рөлдік ойындарды сабақ үстінде де, үзілісте де, бос уақытта да, өткізілетін ертеңгіліктер мен кештерде дидактикалық, қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Демек, ойын арқылы балаларды өмірге ең қажетті қасиеттерге: өжеттілікке, іскерлікке, жауапкершілікке, ептілікке тәрбиелейміз.
Ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады.
Тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын, оқушылардың зор ынтамен тыңдап, толық меңгеруіне көмектеседі. Өйткені төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыласпен орындайды.
Сюжеттік-рөлдік ойындарды сахнада ойнап көрсету үшін, оқушылардың оған толық қатысуы үшін сыныпты 4-6 адамнан тұратын топтарға бөлген жөн. Топтар бір ойынды кезек-кезек көрсетуі мүмкін. Бұл кезде қалғандары көрермен болып отырады. Содан соң бүкіл сынып болып әрекеттерді талқылауға болады.
Алғашқы кезде балаларды белгілі әңгіме, ертегі немесе мысалды сахналауға үйрету оңай болады. Кейіннен олар мұны меңгеріп болған соң, олардың өз шығармаларын ойнап көрулеріне болады. Мысалы, «Сүйіспеншілік» ойынын алайық.
Мұғалім бағыттаушы сөзді таңдап айтады. Ойынға қатысушылар соған мәндес сөзді айтып, допты келесі ойыншыға лақтырады. Мысалы, сен әдемісің, сен бүгін сүйкімдісің!
«Құнды қасиеттер» ойыны.
Музыка ойнайды. Балалар шеңбер құрып отырады. Күні бұрын даярланып қойған парақтарға құнды қасиеттер жазылады. Бала соның мағынасын аша білу керек.
«Пантомима» ойыны.
Балалар топтарға бөлінеді. Әр топқа, мысалы: достық, қамқорлық, сыйластық, сүйіспеншілік деген секілді тақырыптар беріледі. Әр топ музыканың сүйемелдеуімен өздері құрастырған сюжетті көрсетеді. Соңынан тапсырмалардың мазмұны ашылған соң, олар берілген сұрақтарға жауап дайындап, қысқаша мәтіндер құрастырады.
Спорт, ойындар, серуен, мектептен тыс кездесулер кезіндегі пікірталастар, әсерлі әңгімелер, мұражайға, театрға немесе классикалық музыка концертіне бірге бару, үйірмелер, театрланған сабақтар – осының бәрі рухани-адамгершілік тәрбие үшін тамаша құралдар. Олар баланың шығармашылығын оятып, жан дүниесімен сезінетін тамаша ойларға жетелейді. Ал одан жағымды қасиеттер туындайтыны белгілі.
Еліміз білімді, ақылды жастармен толығып келеді. Ендеше, болашаққа деген сенімділік те мол. Өмір талабының әсерімен өсіп келе жатқан ұрпақтарды тәрбиелеу мен оқытудың жаңа мақсаттары, тәсілдері анықталады. Біздің республикамызда әлеуметтік, экономикалық, білімділік өсу адамдардың санасының өзгеруін қажет етеді. Олар білім мазмұнын қайта құрылуын және оны білім жүйесі арқылы жүзеге асыруын талап етеді. Білім стандартының негізгі қағидалары: «Білім туралы заңы», 2005-2010 жылдарға арналған ҚР-ның білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, жеке тұлғаның жан-жақты дамуын және оқыту процесінің гуманизациялық бағыттарын анықтап көрсетеді.
Осының барлығы оқушының шығармашылық қабілеттерін ашуын және тәрбиеленушінің жеке басына тән психологиялық ерекшелігін қадағалауын талап етеді. Біздің, яғни ұстаздардың алдында азаматтарды тәрбиелеу және отанымыздың интеллектуалды потенциялын сақтап қалу ғана емес, оны мүмкіндігінше одан әрі өркендету міндеті тұр. Сонымен қатар педагог үнемі ізденіп, өз шеберлігін жетілдіріп, оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін іздестіріп отыру қажет. Сабақта оқушылар тек жаңа материалды оқып, есте сақтап қана қоймай, өмірдің түрлі бағалы тәжірибесінен үйреніп, әлемдік зерттеу ақпараттарымен танысып, солармен біте қайнасып, бағалай білуге үйренсе ұстаз еңбегінің зая кетпегені деп білеміз. Әр ұстаз өз сабағының қызықты да тартымды болғанын қалайды, бұл үшін өз пәнін жақсы білу жеткіліксіз, ұстаз жақсы әңгімешіл болуы қажет.
Оқушылардың күнделікті оқу материалын қабілдауын қызықты да, тартымды ететін, олардың шығармашылық ізденісін шыңдай түсетін, оқу үрдісінің бірден-бір тиімді тәсілі – ойын технологиясы болып табылады.
Ойын тәсілдері таным қызметінің эмоциональды және тиімді жаңа жақтарын біріктіреді. Бұл бала үшін табиғи дұрыс тәсіл. Ойын кезінде бала өзінің нақты өмір тынысын, шынайы табиғатын танытады. Бұл оқушының оқиғаға деген ынтасын арттырып, ойлау қабілетін, қиялын дамытады.
Ойын – шығармашылық ізденіске жол бастайды, қабілетін қалыптастырады. Бұл жерде белгілі ғалым психолог Д.Б.Элкониннің айтқанын еске алсақ: «Ойын – баланы ешкім, ешқашан үйрете алмайтын нәрсеге үйретеді. Бұл нақты өмірге, кеңістікке, құбылыстарға, адамның іс-әрекетіне бағдар беретін зерттеу тәсілі. Ойын үрдісі кезінде балалар зерттеу, сараптама жасау, оқу арқылы өмірге, әлемді танып-білуге бағалауға үйретеді».
Ойынның ұйымдастырылуы оның негізгі арқауынан: өткізілу орнын, уақытын, қатысушыларды айқындаудан басталады. Бұл үшін тақырыптық күнтізбе жоспар құру кезінде әр түрлі сабақтарда ойындарды қолданудың перспективалары айқындалады.
Сабақ жоспарларын қарастыру кезіндегі ойынның ережелері құрылады, атрибуттары дайындалады. Ойынды әрекеттің басқа түрлерінен шартты болуы ерекшелендіреді, өйткені қызығушылық - шарттылық жағдаят туғызу арқасында әрекет ойын өзгешелігіне айналады. Сондықтанда керекті шарттарды ескере отырып, ойындарды топтарға бөлуге болады.
|
|
|
|
|
Мысалы «Терушілер ойыны» фонетиканы өтіп біткен кезде қолданылады.
|
Сонымен, балалардың өзіндік өмірлік тәжірибесін, олардың ой-өрісін, әлеуметтік өмірге қызығушылығын, өмір жайлы түрлі білімдерді кеңейту негізінде сюжеттік-рөлдік ойындардың мазмұны, сюжеттің ауқымы және рөлдермен байыта отырып, жағдай жасалады. Ойын - бала әрекетінің бір түрі, адамзат мәдениетінің қазынасы. Ұлы педагогтер, ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалаған. Бала ойын арқылы өмірге енеді, табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі, атын – түсінігін арттырады, еңбек ете білу дағдысы қалыптасады.
Әдебиет:
1. Венгер Л.А., Дьяченко О.М. Игры и упражнения по развитию умственных способностей у детей дашкольного возраста. – М: Просвещения, 1989. – С. 212.
2. Нұрғаева Г. Ойын сабақ // Бастауыш мектеп. - 2001. - №7. - 40-46 бб.
3. Жайлауова М., Сексенбаева З. Дидактикалық ойындар және оларды пайдалану // Бастауыш мектеп. – 2004. - №6. - 28-30 бб.
4. Қаженбаева А.Е. Бала танымын ойынмен дамыту // Отбасы және балабақша. - 2002. - №1. - 9-10 бб.
5. Қоянбекова С. Ойын мақсатын талдау жэне оның мәні //Қазақстан мектебі. -2002. - №1-2. - 45-49 бб.