Ұлы Отан соғысы жылдарында Арал тұз Комбинатының майданға көмегі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 января, печатный экземпляр отправим 8 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (81) январь-1 2015 г.

Дата публикации: 06.01.2015

Статья просмотрена: 239 раз

Библиографическое описание:

Жубаниязов, И. Ш. Ұлы Отан соғысы жылдарында Арал тұз Комбинатының майданға көмегі / И. Ш. Жубаниязов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 1.1 (81.1). — С. 75-76. — URL: https://moluch.ru/archive/81/14829/ (дата обращения: 24.12.2024).

Адам баласы тарихында сан миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған екінші дүние жүзілік соғысқа пара - пар келетін апат болған емес. Біздің ресми хабарларымызда айтылатын 20 миллионнан астам адамнан айрылғандығымыздың өзі әлі де болса толық емес. Шын мәніндегі шығынның әлдеқайда көптігін тарих дәлелдейтіндігіне күмән келтіруге болмайды.

Ұлы Отан соғысы жылдары майданда оқ - дәрі, қару - жарақ, техника және азық - түлікпен қамтамасыз ету салмағы Қазақстанға түсті. Сондықтан халқымыздың соғыс жылдарындағы қаһармандық бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Халқымыздың шаруашылығына тұз өнімінің қажеттілігі, оны зерттеу Кеңестік дәуірде емес, сонау Патшалық Ресей кезінде басталған болатын. 1847 жылы Патшаның жарлығымен Арал және Каспий маңындағы тұз қорын зерттеу барысында бұл өңір туралы екі тұжырым жасалған, бірі - Арал мен Каспий теңізі аралығындағы жер асты байланыс туралы болжам, екіншісі Арал теңізі терендігінің әр кезенде езгеріп тұратындығы туралы қорытынды. Мысалы, 1847-1925 жылдар аралығында Арал теңізінің терендігі 1 м 70 см төмендеген, ал 1897-1925 жылдар аралығында 0,96 см кеміген [1].

30 - жылдарға дейін халық шаруашылығында тұзға сұраныстың жыл сайын өсуіне байланысты 1927 жылы Аралсольтрест өндірісі ашылып жыл сайын 100 мың пұтқа жуық өнім шығарылып, елімізді қажетті тұзбен қамтамасыз етіп отырған. Ұлы Отан соғысы жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұран біздің көп ұлтты Отанымыздың әрбір азаматын сұрапыл соғыста ерлік, өндірісте қажырлы еңбек үлгісін көрсетуге шақырды. Аралсольтрест еңбекшілері, бірінші күннен бастап, майданға қажетті материалдық игілікті өндіруге кіріскен.

Соғыс жылдары Аралсольтрест еңбекшілерінің алдында соғысқа кеткен ер адамдардың орнын толтыру, жаңа кадрлар дайындау мәселесі тұрған. Сондықтан, бұл саладағы жұмыстарды орындауда өндіріс аз уақыт ішінде жақсы табыстарға жеткен. Қысқа мерзім ішінде тәжірибелі мамандарға жасөспірімдер мен қыз - келіншектер бекітіліп, олар жұмыс барысында үйретіліп, мамандық иесі болуға жағдайлар жасалған. 1942 жылдың қыркүйегіне дейін Аралсольтрест өндірісі бойынша 10 цехтың ішінде 25 адам жаңа мамандыққа, 31 адам жоғарғы дәрежелі маман иесі болып оқып шыққан. Олардың ішінде механизаторлар, слесарьлар, электриктер, ұсталар және т.б. мамандық иелері болғаны белгілі [2]. Оқу мен еңбекті ұштастыра отырып, өндірісте еңбек ететін жасөспірімдер мен әйелдер саны 1942 жылы 41 пайыздан 1945 жылы 50 пайызға дейін көбейді [3].

Ұлы Отан соғыс жылдары Аралсольтрест өндірісіне көптеген тамаша бастамалар үлгісі шыға бастаған. Әсіресе, жеке жұмысшылардың жеке тапсырмаларын орындауға социалистік жарыстар кеңінен дамып, жұмысшылар арасында қолдау тауып отырды. 1943 жылы Аралсольтрест өндірісіндегі цехтар мен бөлімшелер арасында 10 социалистік жарыстық келісімі, 28 бригада арасында 15-тей келісімдер жасаған. Социалистік жарыстың қорытындысы бойынша Аралсольтрест өндіріс орны тұз өндіретін цехты басқарған Әлібеков, өзінің жылдық жоспарын 2 ай бұрын бітірген. Автотранспорт цехты басқарған Коваль жылдық жоспарын сульфатты тасымалдауда бір ай тоғыз күн бұрын орындаған.

1942-1943 жылдары жеке міндеттемелер қабылдаған бригада мүшелері жоғарғы көрсеткіштерге жетті, сульфатты жинауда Алдыкешова, өз нормасын 250 пайызға, Ерғазиева 205 пайызға, жүкшілер бригадасындағы Крекотина өз нормасын 132 пайызға, Найда 225 пайызға орындаған. 1945-1946 жылдары аралығында Аралсольтрест өндірісінде 450 адам социалистік жарысқа қамтылған. Социалистік жарыстың қорытындысы бойынша 1946 жылы Аралсольтрест өндіріс іс орнында 1945 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 136 пайызға өсті. Өз нормасын 200-300 пайызға орындайтындардың саны 1945 жылы 10 адам, 1946 жылы 112 адамға өсті [4].

Ұлы Отан соғысы жылдары күн сайын Аралсольтрест өндіріс еңбекшілерінің белсенділігі, олардың қоғамдық қызметке деген ынтасы, пайдалы еңбекке кеңінен араласуы жаппай халықтық сипат алды. Соғыс жылдары Аралсольтрест өндірісіндегі алдыңғы қатарлы жұмысшылардан рационализациалык ұсыныстар түсе бастады. 1945 жылы тұз қорын көбейту мақсатында тұз диірменде ленталық транспорттарды қолдану нәтижесінде 10-нан астам жүк тиеуші адамдар қысқартылып, 30 мыңдай ақша үнемделді. Осындай жаңашылдық ұсыныс ұсталар цехында желдеткішті қондырудың нәтижесінде темір балқытатын 2 от орнынан бір мезгілде жел беріліп, ұсталар цехының еңбек өнімділігін 150 пайызға дейін өсірді [5].

Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздегі бүкіл еңбекшілер сияқты Аралсольтрест комбинатының майданға тигізген көмегі зор болды. Соғыс жылдарында Аралсольтрест орнының еңбекшілері аянбай тер төге еңбек етті, жанқиярлық еңбек ерлігі үлгілерін көрсете білді [6]. Аралтұз еңбекшілерінің соғыс жылдарында көрсеткен еңбек ерліктері мен еңбекке деген құштарлығы қазіргі күнге дейін жалғасын табуда. Мәселен, белгілі еңбек майталманы Социалистік Еңбек Ері Әбжали Сарымсақов тек облыс қана емес, Қазақ елінің мақтанышына айналғаны белгілі. Еліміз егемендігін алған уақыт ішінде Аралсольтрест комбинаты зор табыстарға ие болды. Өнеркәсіп атауы өзінің көп жылғы қызметі кезінде бірнеше рет өзгертілді «Сольтрест» (1927), «Аралсоль» (1933), «Сольартель» (1945), «Аралтұз» Акционерлік қоғамы 1994 жылы бүгінгі күні өнеркәсіптің еңбек өнімділігі өсіп, 400 000 тонна хлоритті натрий өндіріліп тұтынушыларға жіберілуде.

 «Аралтұз» Акционерлік қоғамы мемлекет меншігінен алынып, жекешелендірілді. Өндіріс өнеркәсібі алдына мынадай мәселелер қойылды:

-       Қазақстан Республикасының рыноктарын сапалы да арзан отандық ас тұзымен камтамасыз ету;

-       шетелдік рыноктарға шығу;

-       өндіру мен өткізудің тиімділігін арттыру үшін, басқару мен ұйымдастырудың қазіргі кездегі принциптерін енгізу бүгінгі таңда ел егемендігіне, елдің дамуына үлкен үлес қосар ұйым ретінде танылып отыр.                                                                                                                        

 

Әдебиет:

 

1.    Қызылорда Мемлекеттік архив қоры. - 287, 232, 243, 250

2.    // Ленин жолы. 1943, 17 сәуір.

3.    // Ленин жолы. 1946, 15 мамыр.

4.    // Ленин жолы. 1946, 17 желтоқсан.

5.    // Ленин жолы. 1947, 15 желтоқсан.

6.    // Ленин жолы. 1947, 27 желтоқсан.

Основные термины (генерируются автоматически): Каспий, мена.


Задать вопрос