Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызметі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №44 (230) ноябрь 2018 г.

Дата публикации: 14.11.2018

Статья просмотрена: 14808 раз

Библиографическое описание:

Ортаева, Б. А. Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызметі / Б. А. Ортаева, Ж. А. Джуманова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 44.1 (230.1). — С. 8-10. — URL: https://moluch.ru/archive/230/53755/ (дата обращения: 17.12.2024).



Ұлтымыздың сүйікті перзенті, қазақ тарихының жанашыры, ұлы тұлға Е. Бекмахановтың қоғамдағы орны, оның өмірлік жолы ерекше. Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 14 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген [1, 257 б.]. Әкесі Бекмахан Мұса Шормановтың немере інісі Зында Шормановтың малын баққан. Бекмаханның Бәпіш деген әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш баласы болады. Бекмахан мал бағып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады да, Ермұхан алты жасқа толмай жатып қайтыс болады. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Мектепті бітіргеннен кейін Семейдегі Жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Сол жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыру салдарынан ашаршылық орын алып, Ермұханның анасы мен кішкентай қарындасы қайтыс болады.

1933 жылы Семейдегі Жұмысшы факультетін тәмамдаған Ермұхан ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түсу мақсатында Алматыға жол тартады. Алматыда ол ағасының досы Диқан Әбілевті кездестіреді. Д.Әбілев Ермұханға шолақ белсенді жерлестерің сенің төре тұқымынан екеніңді жәрия етіп, қудалауға түсіруі мүмкін деп, Орталық Ресейдегі оқу орындарының біріне түсуге кеңес береді. Дихан Әбілевтің кеңесімен Тамбов педагогикалық институтында жаңадан ашылған тарих факультеніне түсуге құжаттарын тапсырады. Халықтық ағарту комиссариаты Ермұханның Тамбов қаласына жетуі үшін қаражат бөледі. Осылайша тарихшы болуды ойламаған Ермұхан өзінің ғылымдағы алғашқы қадамын бастайды. 1936 жылы Халықтық ағарту комиссариатының шешімімен Тамбов педагогикалық институтының тарих факультеті жабылып, ол факультеттің студенттері Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. Воронеж қаласында айдауда жүрген Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедов және Мұхаметжан Тынышбайұлымен танысады. Халел мен Мұхаммеджанның әсері Ермұханның келешекте кәсіби тарихшы атанып, үлкен ғалым болуына зор ықпал етеді [2, 77-86 бб.].

1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.

1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.

Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. 1947 жылы Алматыда «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген атпен орыс тілінде жеке монография түрінде жарық көрді [3, 7 б.].

Асыра сілтеу, бурмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дөріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Ермахан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1947- 1950 жылдарда Е. Бекмахановтың жағдайы өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті – «Правда» газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттеғі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды [4, 15 б.].

Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мүғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жүмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында № 699 іс бойынша Е. Бекмахановты айыптау қортындысы дайын болды. Ермұханның жары Халима Бекмаханованың естелігінен: «Тергеу үш айға созылды. Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Жоғарғы Соттың ғимараты Гоголь мен 8-ші март көшелерінің бұры­шында болатын. Ермұқанды 4 солдат айдап алып келді. Ол маған жақындамақшы болған, мен де ұмтылдым, бірақ бізді айырып жіберді. Соттың үш күнінде көптеген куәлар келіп, кетіп жатты. 4 желтоқсанда үкімді жария еткен кезде менің қатысуыма рұқсат берді. Көз жасы еріксіз сорғалаған Ермұқан маған қарады да отырды. Үкімді естігенде жылап жіберді. Мұндай әділетсіз, қатал үкімге қалай жыламассың! Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады» [2, 441 б.].

Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.

Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.

ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді [5, 342 б.].

Е. Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.

Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарық көрді [6, 416 б.].

Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озды. Ғалыммен қоштасу рәсімі бір күннен кейін болды. Кандидаттың және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салды. Ермахан Бекмаханов Алматы қаласының Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов жерленген Орталық зиратына жерленді.

Бүгінгі таңда әкесінің жолын қуып, тарихшы болған оның Нәйлә Бекмаханова әке ізін жалғастырып, тарих оқулықтарына қойылатын талаптардың күрделене түсуіне байланысты Қазақ КСР тарихының жоғары сыныптарға арналған оқулықтарын үнемі жетілдіріп, заман талабына сай толықтырып отырды. Ғалымның 90 жылдығы қарсаңында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 7 томдық шығармалар жинағын басып шығарды. Алматы қаласында көше, Павлодар мен Жамбыл облысында екі мектеп Е. Бекмаханов атымен аталады. Қорыта айтқанда, Е. Бекмахановтың ғылым жолындағы тұлғалық қасиеті, шығармашылығы, ұлт тарихын зерттеудегі шыншылдығы мен тарихтың ақиқатын батылдықпен зерттеуші – тарихшыларға үлгі өнеге. Ол дүниеден өтседе тарихта қалады, ал тарихта қалатын оның мұраларындағы идея нағыз дарын иелерін тауып, соны ұлт игілігіне сай ізденуге бағыттай түсетіндігі белгілі.

Әдебиет:

  1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1999. - 720 б.
  2. Сәрсеке М. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. – Астана: Фолиант, 2010. – 672 б.
  3. Нұрпейіс К. Бекмаханов пен оның басты кітабы қалай жазаланды // Қазақ тарихы. - 2005. - №2. – 5-10 бб.
  4. Құланбаева Р. Тағдыры тәлкекке түскен тарихшы // Әлімсақ. – 2015. - №3. - 15 б.
  5. Бекмаханов Е. Присоединение Казахстана к России. – М., 1957. - 342 с.
  6. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы: Санат, 1994. – 416 б.
Основные термины (генерируются автоматически): Воронеж, Тамбов, алматы, мена, Павлодар.


Задать вопрос