Жаппай жазалау құрбаны Ұзақбай Құлымбетов жайлы бірер сөз | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №44 (230) ноябрь 2018 г.

Дата публикации: 14.11.2018

Статья просмотрена: 115 раз

Библиографическое описание:

Баймырза, Л. Б. Жаппай жазалау құрбаны Ұзақбай Құлымбетов жайлы бірер сөз / Л. Б. Баймырза. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 44.1 (230.1). — С. 1-2. — URL: https://moluch.ru/archive/230/53753/ (дата обращения: 17.12.2024).



Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адамзат тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Біздің ұлы қандастарымыз өмірлерін қиып, шыбын жандарын шүберекке түйіп, біздің тәуелсіздігімізді жақындата түскен... Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген» - деген аталы сөзі еске оралады [1].

Тарлан тарихқа көз жіберсек, қай дәуірде болмасын елі мен жері үшін басын бәйгеге тіккен азаматтар аз болмаған. Солардың қатарында ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің соңына дейін халық мүддесі үшін қызмет жасап, қарапайым ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға – Ұзақбай Құлымбетов еді.Ұзақбай Құлымбетов жайлы белгілі тарихшылар М. Қойгелді, Т. Омарбеков, С. Смағұлова, К. Есмағамбетов, Г.Жүгенбаеваның бірнеше көлемді зерттеу мақалалары жарық көрген. Ұзақбай Желдірбайұлы 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болады. 1919-22 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді [2].

1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы, 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы бола жүріп, Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы бірнеше мәселе көтерген. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болады, Ұ. Құлымбетовтың кезінде Қазақ автономиялық республикасы Одақтың республика мәртебесін алып, Қазақ ССР конституциясы бекітіледі. Осы жұмыстардың барлығы да тау тұлғаның табанды еңбегінің арқасында іске асты. асыл азамат қазақ жастарының сауатты болуы үшін қолынан келген істердің барлығын атқарған. Мектептер, жетім балалар үшін интернат ашқызған. Ол Калининге жазған хатында Қазақстандағы балалар саны Одақ көлеміндегі панасыз жасөспірімдердің үштен бірін құрайтынын хабарлап, болашақ ел иелерінің талапқа сай білім алуы үшін, олардың оқу орындарын жабдықтау үшін қосымша үш миллион қаржы бөлуін сұраған [3]. Сонымен бірге Ұзақбай Құлымбетовтің қайраткерлік қырлары жайлы белгілі тарихшы, Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеуші, Көшім Лекерұлының зерттеуінде де айтылады. Қызылордаға барған кезінде Нұртаза Шоқайға Ұ. Құлымбетовтің заман ағымынан хабар бергендей болып, «Мен барда сендерге көп зәбірлік көрсетіле қоймас, ал бізден соңқайдан білейін» деген ескертуі де ел аузында. Бұл жағдайлардан қазақ зиялыларының қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне іштарта, сыйластықпен қарағаны, «өкпеге қиса да, өлімге қимағаны», олардың Кеңес өкіметі жағында жүргендері де Мұстафаға ілтипат көрсеткені байқалады [4]. Мұның өзі Ұ. Құлымбетовтің адамгершілігі зор, ақыл-парасаты биік тұлға болғанын көрсетеді.

1937 жылғы жаппай террор Ұ. Құлымбетовті де айналып өтпей қоймайды. Ол 1937 жылы тамызда Қазақстандағы шаруалар қозғалысының (Созақ, Қарақұм, Абыралы, Қызылқұм, Адай) ұйымдастырушыларының бірі, құрамында Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Сейфуллин және басқа қайраткерлер бар антикеңестік ұлтшылдар ұйымының мүшесі деген айыппен тұтқындалады. 1938 жылы наурыз айында 19 адамның ату жазасына кесілгені газетке жарияланып, Үкім 25 ақпанда орындалды [5]. Ел үшін бүкіл күш-жігері мен білім-біліктілігін аямаған ер осылай жазықсыз жан қиды. Сол кездегі «Социалистическая Алма-Ата» газетінде жарияланған хабарға сүйенер болсақ, КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде «ұлтшыл-фашист, троицкистік-бухариншілдер» деп 19 адамға айып тағып, ату жазасына кескен. Олардың алдыңғы қатарында қазақтың арыс азаматтары Ұ. Құлымбетовпен бірге Т. Жүргенов, С. Сәдуақасов секілді тұлғалармен бірге жерлесіміз С. Есқараев та болған [6].

Ұ. Құлымбетов жазықсыз атылғаннан кейін оның отбасы мен ағайын-туғандарына оңай тимеді. Оның әйелін «халық жауының әйелісің» деп айыптап, Ақмоладағы әйелдер лагеріне АЛЖИРГЕ айдап әкетеді. Артында қалған балалары далада қалады. Сонымен бірге, Құлымбетовтің туыстарына да нәубет күні туады. Оларды да тыныш отырғызбай «Халық жауының туысысыңдар» деп қуғын-сүргінге ұшыратады. КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының әділетсіз үкімі 1958-ші жылы бұзылып, 20 жылдан кейін ақталады [7].

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау қарсаңында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдық мерейтойы Алматы, Ақтөбе, туған жері - Ырғыз ауданында кеңінен аталып өтілді. Осы мерейтой кезінде тұлғаның өмір жолы жайлы мақалалар мен естеліктер, ғылыми баяндамалар жасалды. Дегенмен Ұзақбай Құлымбетовтің еліне жасалған еңбегін, қайраткерлік тұлғасын танытатын жинақ шықпаған-ды. Бұл - ұрпақ алдындағы бір парыз да еді. Енді бұл парыз орындалып, 2016 жылы Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай жинақ жарық көрді. Сонымен бірге Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ғимаратында Ұ. Құлымбетовке арналып, ескерткіш тақта ілінді.

Зерттеу соңында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «…Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешеккесақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі» деген болатын. Біздер бүгінде бар болғаны 47 жасында мерт болып, артына өшпес атын қалдырған Ұ. Құлымбетовтің қайраткерлерлік қырларын тарихтан сыр тартқан құжаттар айғақтайтынына сенеміз.

Әдебиет:

  1. Есмағанбетов К. М. Шоқай шығармаларының толық жинағы. 12 томдық, І-том. -Алматы, 2012. – 5 б.
  2. Адырбекұлы К. Қайшылықты заман қайраткері // Түркістан. – 2017. - 16 ақпан.
  3. Жүгенбаева Г. Ұзақбай Құлымбетовтің шығармашылық мұрасы // Айқын. – 2017. - 24 қаңтар.
  4. Есмағанбетов К. М. Шоқай шығармаларының толық жинағы. 12 томдық, І-том. - Алматы, 2012. – 253 б.
  5. Салқынбек Д. Сұлтанбек Қожанов және жер үшін күрес // Түркістан. - 2009. - 8 желтоқсан.
  6. Нұрпейісов С. Тұңғыш дербес прокурор // Егемен Қазақстан. – 2013. - 4 сәуір.
  7. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? – Алматы, 1993.
Основные термины (генерируются автоматически): Алматы, мена.


Задать вопрос