Отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін арттыру жолдары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Узакова, Б. Б. Отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін арттыру жолдары / Б. Б. Узакова, Ж. Б. Бекмаганбетова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 14.1 (200.1). — С. 23-24. — URL: https://moluch.ru/archive/200/49099/ (дата обращения: 17.12.2024).



Қазіргі кезеңде шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Тіпті бірқатар дамыған елдерде бұл идея ұлттық қағидаға айналған. Әлемдік бәсекелестік заманда әрбір адамның білім санасын, қабілеттілік деңгейін, іскерлік мүмкінділігін анықтайтын адам ресурстарын дамыту мәселелері күн тәртібіне өткір қойылып отыр, яғни адамның білімі мен біліктілігі қазіргі заманда мемлекеттердің бәкесеге қабілеттілігінің ең маңызды көрсеткішіне айналды. Сондықтан көптеген елдер бәсекеге қабілетті қоғам үшін адам ресурстарын дамыту, әсіресе оның қабілетін арттыру сияқты арнайы бағдарламалар қабылдауға кірісті. Сондықтан да, үздіксіз білім беру жүйесінің басты міндеті - жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бұл әлеуметтік педагогикалық міндетті орындау үшін тәрбие жұмысымен тікелей айналысушылардың жүргізетін тәрбие мазмұны қоғамның бүгінгі талабына сай болуы керек. Жалпы білім беруде мектеп өзінің міндетін толық атқару үшін, қоғамның оған қоятын әлеуметтік сұранысын ескере отырып, тәрбие мазмұнын жақсарту үшін мектеп пен жанұяның бірлігін қамтамасыз ету қажет. Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27-бап 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінсе, «Қазақстан – 2030» бағдарламасында «әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балалары- мызбен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткенде қандай күйде көргіміз келеді» делініп, ұрпақ тағдыры мен мемлекет тағдыры қатар қойылған. Демек, балаға дұрыс бағыт беретін үлкен мықты тәрбие ошағы – отбасы болып саналады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2030» жолдауында: «...Оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет. Бүгіннен бастап, ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек» деген болатын [1].

Өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесін білім нәрімен сусындатып, халқының ерте заманнан жинақталған асыл мұрасымен байытып, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерін санасына сіңіріп, Абайша сөйлесек, «көкірек көзін оята тәрбиелеу» - ата-анадан басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып атсалысатын жауапты міндеттердің ең бастысы. Отбасы-адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті-отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын атқаруға кіріседі, яғни оларға тәрбиеші бола бастайды. Отбасының берік негізі міне, рухани мүдденің бірлігінде болмақ. Оның біртұтас тату болуы береке бірлігі ең алдымен әке-шешенің бір-біріне, балаларына қалай қарайтындығына байланысты. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халық дәстүрлері мен салттары болған, отбасы тәртібі солар арқылы қатаң реттеліп отырған. Мысалы: қызға қандай киім лайықты, шашты бір өрім бе, әлде екі өрім етіп өруі дұрыс па, оны шашбаумен сәндеу керек пе, не орамалдың, не кимешектің астына жасырып қойған жөн бе? дейтін жайларды жіктеген [2].

Ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы. «Тәрбие – табалдырықтан басталады» нақылы өмірден алынған шындық. Бала тәрбиесі – нәзік те күрделі, әрі қоғамдық жауапкершілікке жатады. Бала – өмірдің гүлі, сол әлеуметтің болашағы. Баланы тәрбиелі де, саналы азамат етіп өсіргіміз келсе, ең алдымен өзіміз кіршіксіз таза, тәрбиелі адам болуымыз керек. Адамгершілік пен саналықтың бастапқы қарапайым белгілерін өнегелі отбасында дарытқан баланың болашағы жарқын, өмірі мәнді болмақ. «Біздің балалар-біздің қарттығымыз, жаман тәрбие-болашақтағы қайғымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз» демекші кең байтақ елімізде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұяттылық, әдептілік, көргенділік, мейірімділік, шарапаттылық салтанат құрып үйлесімділік тауып жатса, сол қымбат қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаятынын естен шығармауымыз керек. Осы тұста қазіргі жағдайда отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін арттыру біз үшін алға қойған үлкен мақсаттардың бірі емес бірегейі болып отыр. Себебі балалар білімді болу үшін алдымен тәрбиесі дұрыс болуы керек. Ал , тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы. Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен , қоғамдастықпен мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды [3].

Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Тәрбие – алдын ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсаты бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі. Себебі бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы – ата-анасы. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің не табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші ортаның факторларының маңызды кешенін туғызады. Жалпы білім беретін мектептегі сынып жетекшісі – сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруымен, үйлестірумен және өткізумен айналысатын педагог. Бұл сынып ұжымындағы әр алуан тәрбиелеудің түрлері арқылы мектеп, отбасы, бала арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырып, әр оқушының жеке өзіндік ерекшеліктерін көрсете білуіне жағдай жасап, өз қызметін оқу тәрбие жұмысының бірыңғай жүйесінде жүзеге асыратын өз ісінің шебері. Ал шебер деген сөз шебер бола білгенде ғана айтылатынын естен шығармайық. Өсіп келе жатқан ұрпаққа бұл мәселеде көмектесу, оған қолайлы жағдай туғызып, қолдау көрсету педагог пен ата-ананың басты міндеті болуы тиіс. Балаға қолдау көрсету, біріншіден, оның рухани адамгершілігін, өзін-өзі дамытуын, оның денсаулығы мен, оқуымен, жеке бас ерекшелігімен байланысты мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, екіншіден, балалардың дамуы және өзін өзі бамытуы үшін қолайлы жағдай туғызу, қауіпсіз орта құруды білдіреді.Отбасы – салыстырмалы түрде тәрбиенің тұйық институты, ата-аналардың тәрбиелік күш қуаты мен мүмкіндігінің әр түрлі деңгейде болатынын ескеру қажет. Сондықтан ата-аналармен жұмыста мектеп түрлі амалдар мен әдістерді саралап қолдану керек [4].

Сөзімді Мұхтар Әуезовтың сөзімен қорытындылағым келеді. «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» . Сондықтан еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік - мектеп. Ал мектеп , ондағы ұстаз яғни біз отбасындағы тәрбиені одан әрі қарай жалғастырып, өнегелі өмір тұғырынан түспей, мәртебесін төмендетпей, еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек еттік, етіп жүрміз, ете де береміз.

Әдебиет:

  1. Назарбаев Н. Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Егемен Қазақстан. – 1997. – 11 қазан. [Электрондық ресурс]. Көру режимі: http://www.netref.ru/mazmni-2-kirispe-3-i-bolim-mektep-pen-janya-birligi-negizinde.html
  2. ҚР Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // [Электрондық ресурс]. Көру режимі: http://www.zkoipk.kz/kz/ss3/874-conf.html
  3. // [Электрондық ресур]. Көру режимі: https://issuu.com/bekzhan90/docs/__________________3_2016
  4. // [Электрондық ресурс]. Көру режимі: https://www.zharar.com/kz/4554-tarbie.html
Основные термины (генерируются автоматически): бал, мена.


Задать вопрос