Елімізде алғаш рет «Өскелең ұрпақтың азаматшылық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-ана рөлінің өзектілігі» тақырыбында республикалық ата-аналар съезі өтті. Қазақ тарихы үшін маңызды Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлайтын биылғы жылы елімізде алғаш рет ата-аналар съезінің өткізілуі — тарихи оқиға. Сол себепті бұл шара жас ұрпаққа тәрбие беруде маңызды өзгерістерге бастама болары анық.
Қазақ халқы — қашанда отбасы өнегесін, жас ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қойған, көреген халық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында білім мен тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында да білім нысандарын көбірек салуға тапсырма берді. Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та, жастардың болашағы үшін, ел игілігі үшін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар — балабақша, мектеп құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қазақ жерінде туып, білім мен тәрбие алған қазақстандық шәкірттер әлемдік деңгейдегі білім, өнер, спорт саласындағы талай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Еліміздің мектептерінде жыл сайын білім сапасы жақсарып келеді.
Оқушылардың эмоционалдық, интеллектуалдық, күш-жігері мен адамгершілік қасиеттері қалыптасуының және оқушының өзін қоршаған табиғат пен әлеуметтік ортасымен өзара қарым-қатынасы, өзара іс-қимыл жасауы арқылы тұлға болуының кешенді құралы. “Ел болам десең, бесігіңді түзе”–деп, М.Әуезов айтқандай, бүгінде балаға ата-ананың уақыт бөлуі кемшін тұста мектеп қана тәрбие жұмысымен айналысқанда ұтыларымыз көп. Компьютерлік даму заманында елімізде нашақорлық пен түрлі бағыттағы діни ұйымдарар асындағы балаларға кері әсерін беретін факторлардың дамуын тежейтін бірден-бір орталық, бұл –мектеп. Бала өзіне таныстан беймәлім қүпия тарихты білуге, жеңілден күрделіге қарай түсінуге ұмтылады.
Бала тәрбиесіндегі ең маңызды буын – «үштік одақ». Иә, мектептерде білім сапасы жақсарып келеді, баланың мектепте қорғалуы, қолдау табуы көзге көрінеді, нәтижесі екшеленеді. Ал, отбасындағы бала тәрбиесі қаншалықты табысты жүріп жатыр? Осы тұста мектеп пен отбасының байланысы аса қажет екені даусыз.
Оның үстіне, адамның тұлға ретінде қалыптасуында отбасының орны ерекше. Әрбір ата-ана өзінің баласын Отанға пайдалы, мейірімді, саналы, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге - халық алдында да, мемлекет алдында да - жауапты.
Қазіргі кезеңде егеменді елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Бұл педагогика тарихы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр, себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарды, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды.
Жеке адамның санасының қалыптасу барысында өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі ерекше орын алады. Бала даму барысында өзін-өзі жетілдіру мақсатын көздей, талаптанып, әр түрлі әрекет жасайды.
Оқушылардың өзі-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу тәрбие жұмысының барысында сана сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету – мұғалімнің басты міндеті. Осы мақсатта мен «Бала тәрбиесі - баршаға ортақ» атты сыныптағы оқушылардың ата-аналарымен кездесіп, тренинг өткіздім. Мектепте алты сағат партада отыратын оқушының тәртібі, үлгерімі, міндеті сынып жетекшіден талап етілетіні белгілі. Баланың жақсы азамат болып қалыптасуы, ата-ана мен мұғалімнің абыройы болмақ.
«Тарихи тұрғыдан «тәрбие» ұғымы ата-аналардың балаларына қамқорлық көрсетуі ретінде белгіленгеніне әрі мұнда анаға ерекше рөл берілетіне қарамастан, қазіргі заманғы «табиғат тәрбиеге қарсы» дауында кейбір зерттеушілер бұл терминді қоршаған ортаның факторы ретінде қарастырды. ...сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, нарықтық жағдай және әлеуметтік – экономикалық мәртебе сияқты себептердің дамуға ықпалын негізге ала отырып, «тәрбие» ұғымы қайта қарастырылды» [1].
Ата-ана мектеппен тығыз байланыс жасап, баласының сабағына, тәрбие сағаттарына, тренингтерге қатысып тұрса, жаңа форматтағы ата-ана рөлін атқарады. «Бала – біздің болшағымыз» болғандықтан, мектепте, отбасында оған үлкен көңіл аударып, ақыл-кеңесімізді аямауымыз керек. «Сыныпта «оқуды үйрететін» білім ордасын құру нәтижесінде оқушылар өздерінің отбасы тарапынан қолдау табады, сондай-ақ, мектептің ішінде және тыс жерлерде олардың оқу әлеуеті артады.
Осы мақсатта мен өзім жетекшілік ететін сынып ата-аналармен «Бала тәрбиесі - баршаға ортақ» атты тренинг өткіздім. Бұл сыныпты таңдау себебім – бесінші сыныптан бастап, сынып жетекшісі болып жұмыс атқарып келемін. Тренингке сыныптағы ата-аналар және мектеп директоры, тәрбие ісінің орынбасары, пән мұғалімдері қатысты.
Семинар жұмысын оның мақсатымен таныстырып, жаңа бағдарлама туралы слайд арқылы түсіндіруден бастадым. Қатысушыларға жеті модульдің сабақ үдерісінде кіріктірілуі туралы мағлұмат бердім. Ары қарай қатысушы ата-аналарды ортаға шақырып, қолдарын жайғызып, бір-бірлеріне жылы тілектер айтқыздым да, балаларымен жасалып жатқан тың жұмыстармен қаруландыру мақсатында ауылымызда ынтымақ, бірлік болса деген ниетпен, ата-аналарды «Ынтымақ» және «Береке» топтарына кеспелер арқылы бөліп, орындарына жайғасуын сұрадым. Алғашқы тапсырма «Гүл» бейнесінде өз тобын таныстыру болды. Нәтижесінде бірінші топ бәйшешек гүлін салып, мақал –мәтел пайдалана отырып, жауап берсе, екінші топтың спикері барлық ойын өз сөзімен жеткізе білді. Мұнда менің көңілімнен шыққаны, ата-анасына қарап, баласын таниды екенсің, яғни сыныпта өзін еркін ұстап, ойын ашық айтатын оқушылардың ата-анасы белсенді түрде топтық қорғауға атсалысып, «сегіз қол» әдісімен бірлесіп жұмыс жасағаны болды.
«Үшеуміздің суретіміз» атты тапсырма аясында қатысушылар жеке жұмыс жасады. Ата-аналар әке, шеше, бала - үшеуінің ынмақтастығын бейнелеп, оны өз сөздерімен баяндап, талдау сұрақтарына жауап берді. Сынып ата-аналары бір-бірін енді кеңірек тани бастағандай болды маған. Қатысушылар «Өтінемін» ойынына да асқан қызығушылықпен қатысқаны, ата-аналарға осындай жанды басқосулар аса қажет екендігіне менің ғана емес, мектеп әкімшілігінің де көзін жеткізді.
Келесі жұмыста суреттерді интерактивті тақтадан көру арқылы ата-аналар шет елдің балаларының өмірі мен біздің өмірімізді салыстырып, сүріп жатқан қоғамымыздың әлеуметтік жағдайымыз туралы сөз қозғады, адамға ой салатын тұшымды пікірлер айтты. Ата-аналардан кері байланыс жүргізіліп, сабақтан алған әсерлерін қағаз түсіріп, өз ойларын білдірді.
Әрине, сабағымда жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, ата-аналарды сыйластыққа, ұйымшылдыққа шақырып, тақырыпты толық қамтыдым деп ойлаймын. Ата-аналар топтық ,жеке жұмыста барлығы белсенділік танытты. Тапсырмалардың шарттарын бұлжытпай орындап шықты. Сыныпта жағымды ахуал орнады. Әсіресе, «Бақыт деген не?» - деген сұрақтан кейін, шам жағып, кері байланыс жасағанда, ата-аналар ойлана отырып, өз ойларын ақ парақ бетіне жеткізе түсіргені, шамасы оттың маңызы туралы айтқан сөзімнің әсері болуы керек. Салтымыз бойынша отқа май салып иіскету, оттан аттату деген жоралғыларды еске түсірдім.
Сабағым көтеріңкі көңіл күйде өтті деуге болады. Себебі, топпен және «Өтінемін» ойыны ойналғанда ата-аналардың жарқын дауыстары, күлкілері естілді. Сабақта байқағаным: ата-аналар топтық жұмыста бір-бірімен ақылдасып, көмектескенде, ұйымшылдықтың нышаны анық байқалды. Жалпы айтқанда, сабағымда жоспарлаған жұмыстар өз деңгейінде өтіп, мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Сәтсіз тұстарым болған жоқ. Уақыттың тапшылығына қарамастан, ата-аналар өздерін өздері реттей алды. Дегенмен, әкелердің белсенділігі төмендеу болғаны, алдағы уақытта мектепте «Әкелер кеңесі» сияқты ұйым жасақтау қажет екен деген тоқтамға итермеледі. Ендігі алдағы кіші мақсат – осы ұйымның жоспарын жасап, түрлі жұмыс формалары арқылы әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлінің маңыздылығына оларды сендіру деп ойлаймын.
Үздіксіз білім беру жүйесінде жүргізілген тәрбие жұмысының өміршеңдігі, сынып жетекшісінің кәсіби білігі оқушының өмірлік құзыреттілігін қалыптастыру және оны дамыту игілігінен көрінеді.
Әдебиет:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. - Астана, 2014. – 18 б.
2. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. - Астана, 2014.
3. Әбдікәрімұлы Б., Әлібекова М. Білім берудегі педагогикалық технологиялар // Педагогикалық ізденіс. - 2002. - №4. - 200-203 бб.