«Медиа» термині біздің елімізде қолданыста жиі аталмағанымен, өміріміздің ең маңызды бөлігіне айналып кетті. Ол қазіргі «жаһандық ақпарат ғасырында» қоғамымыздың дамуына, тұлғаның қалыптасуына зор әсер етуші қару болып отыр.
Медиа тек тұлғаның қалыптасуына әсер етіп қана қоймай, оның теріс ықпалы белгілі бір деңгейде жас буынның санасының дамуына өз әсерін тигізуде. Сондықтан да заманауи, жылдамдығына көз ілеспейтін ақпаратты ажырата білуге, ондағы жақсы мен жаманды пайымдап түсінуге, тұлғаның сыни ойлау қабылетін дамытуға атсалысу осы медиа-білім берудің басты міндеті болып саналады.
Медиа-білім беру — педагогикадағы білім алушылардың бұқаралық байланыс заңдылықтарын оқуын жақтайтын бағыт. Негізгі міндеті — жас ұрпақты казіргі ақпараттық заман талаптарына, түрлі ақпаратты қабылдау мен талдауға дайындау, адамды оны түсінуге, оның психикаға әсерін білуге үйрету, байланыстың вербальдік емес формалары негізінде, техника құралдар мен қазіргі акпараттық технологиялар көмегімен қарым-қатынас жасау тәсілдеріне үйрету [1].
Медиа ұғымының тамыры тереңде жатқанын сонау ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздан, тарихи мұрағат пен жәдігерлерден, салт-дәстүрлерімізден, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандарымыздан да байқауға болады.
Педагогикалық-психологиялық сөздікте медиа-білім беру оқушыларға бұқаралық қатынас заңдылықтарын үйрететін педагогикалық бағдар. Оның негізгі міндеті болашақ ұрпақты ақпараттық жағдай өміріне, оны түсіне білуге, қазіргі ақпараттық технологияларды қолдана білуге үйрету [2].
Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу еліміздің білім беру жүйесіне тың өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Енді мектептерде білім беру үрдісі демократиялық жолмен ізгілендіру, тұлғаның өзін-өзі ойлантуға, жетілдіруге, өз іс-әрекетіне сын көзбен қарауға бағдарланып отыр. Мұндағы біздің назарымызды аударатын басты нәрсе тұлғаға бұқаралық ақпарат және қатынас құралдары (баспа, радио, кино, теледидар, видео, компьютерлік мультимедиалық жүйелер, интернет және түрлі әлеуметтік желілер) арқылы жеткен ұғым-түсінік болып табылады. Себебі, санасы әлі қалыптаспаған бала келіп жеткен ұғым түсінікті сол күйінде шынайы қабылдап, түйгендерін өмірлік тәжірибесіне қолданып жатады [3].
Мектептердегі медиабілім беру технологиясын жобалау және қолдану келесі бағыттарда жүргізілуі мүмкін: Жеке пән мен медиабілім беруді интеграциялау мақсатында жеке пәндерді оқыту барысында медиамәтіндерді көрнекі қолдану негізінде сыни ойлануға мүмкіндік беру [интеграцияланған медиабілім беру]; заманауи медиа тәжірибесін оқыту — мектеп баспасымен жұмыс, мектеп кино- және телестудиясында видео түсірілім және монтаж негіздерін үйрену [арнайы немесе әлеуметтік мәдени медиабілім беру].
Сыни ойлауға үйретуді кеңірек қарастырайық.
Заманауи медиа материалдарын оқу процесінде қолдану барысында ақпаратты жинақтау мен тексеруден басқа сыни ойлануын дамыту керек. Яғни, ақпаратты талдай білуді, типтік қателіктерді ерекшелей білуді және қорытынды шығаруды, ақпаратқа сенудің жеке деңгейін қалыптасытруды және ақпараттық хабарламаның жасырын мағынасымен жұмыс істей білуге үйрету керек.
Дидактика тұрғысынан алғанда медиабілім беруді қолдану тұлғаның сыни ойлауын дамытатын және шығармашылық потенциалын арттыратын икемді және әмбебап үрдіс. Біріншіден, оқытушы қызметі мейілінше күрделілене түседі. Ол мультимедия технологиясын меңгеруде арнайы даярлығының болуымен қатар, оқытудың техникалық құралдарын қолданудың мәдениетімен байланысты педагогиканың әдістерін белсенді қолдана білуі тиіс. Екіншіден, оқыту мен тәрбие беру процесінің белгілі бір бөлігі оқушылардың өзіне жүктеледі де, тікелей олардың белсенділігін тәуелді және бұл жеке білім траекториясын құруға мүмкіндік береді. Мұнда оқу материалын түсіндіру оқытушы мен оқушының мейіленше белсенді және интенсивті жұмыс істеуін қажет етеді.
Әдебиет:
- Фёдоров А. В.Развитие медиакомпетентности и критического мышления студентов педагогического вуза. — Монография. — М.: МОО ВПП ЮНЕСКО «Информация для всех», 2007. — 616 с. — ISBN 978–5-98517–064–1.
- Медиаобразование в школе / Вартанова Е. Л., Смирнова О. В. и др.. — Сборник программ для преподавания дисциплин. — М.: МедиаМир, 2010. — 320 с. — ISBN 978–5-91832–025–9.
- Айтимова У. Ж., Киянбеков А. Ж. «Об особенностях архитектур облачных приложений» [Текст]/ Молодой ученый. — 2015. — № 7.2. — С. 9–11.