Библиографическое описание:

Еспенбетова Ш. О., Алмаханова Ж. М. Химияның білім мазмұны, оның оқулықтағы көрінісі // Молодой ученый. — 2015. — №19.2. — С. 9-10.

Мектепте химиядан берілетін білім – қазіргі дүниенің ғылыми бейнесін түсінуге үлкен үлес қосады. Ол бүкіл әлемді құрайтын заттарды, олардың құрамы мен құрылысын, бірбіріне айналу жолдарын, адамзат қажетіне пайдалану мен күнделікті тұрмыста қолдану тәсілдерін көрсетіп береді. Мұндай түбегейлі мәселелерді жүйелі түрде оқыту шәкірттердің дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Соның ішінде табиғатта кездесетін заттардың материалдық тұтастығы; химиялық байланыстар табиғатының бірлігі; заттар қасиеттерінің, оның құрамы мен құрылысына тәуелділігі және оларды бір-біріне айналдыру кезіндегі химиялық тәсілдердің бірлігі туралы идеяны терең түсінуге жетелейді.

Химияда іске асатын айналулардың мәні мен мағынасын қазіргі уақыттағы ғылыми - әдістемелік жолдармен толық түсіндіріп, оны оқушыларға жете танытуға болатындығын дәлелдейді. Оның мазмұнын анықтағанда, ең алдымен білімнің тұтастығы ескеріледі. Тек белгілі бір логикалық жүйеге келтіріліп берілетін тиянақты химиялық білім ғана шәкірттердің ақыл-ойының дамуына, көзқарасының қалыптасуына әсер етеді, оның жалпы дүниетанымдық тұрақтануына әкеледі.

Қазіргі заман талабына сай химиялық білім беру үшін оның бастапқы ұғымдарын, анықтамасын мейлінше түсінікті етіп ұғындыру қажет.

Негізгі мектептегі химия пәні жалпы химиялық білімнің міндетті деңгейін қамтуға тиіс. Өз кезегінде ол стандартты базалық білім деігейін ескеріп берілетіндіктен, оқулықта бұрыннан оқытылып келе жатқан жалпы химияның теориялық бөлімі де, элементтер химиясы да, органикалық химия мен полимерлер химиясы да сөз етілуге міндетті. Басқа сөзбен айтқанда, бұрынғы дәстүрлі бейорганикалық химия мен органикалық химияның тақырыптары, оның мазмұны негізгі мектептегі химия пәнінің өзекті мәселесі болып есептеледі.

Химия оқулықтарында ізгілендіру принципі мен экологиялық жағдайлар үнемі ескеріліп отырады. Теориялық білімді өмірмен тығыз байланыстыру үшін практикалық жұмыстарды көбірек беруге талаптану соның дәлелі. Барлық оқу процесінің 20-30%-і көрнекі тәжірибелер мен практикалық жұмыстар атқаруға жұмсалатын болады. Әрбір оқушы экологиялық проблеманы сөз еткенде өз аулының, қаласының өнеркәсібі мен өндірісінің, табиғаты мен ауа райының ерекшеліктерінен туындайтын мысалдарды келтіруге міндетті.

8-9-сыныптарға арналған химия оқулықтарының басты ереншелігі- дамыта оқыту принциптерінің қатаң сақталуы. Оны әрбір тақырыптан соң берілетін сұрақтар, жаттығулар, есептерден айқын көруге болады. Өз бетінше орындалатын бұл тапсырмалар 4 деңгейлі етіп берілген жөн. Мәтінмен берілетін теориялық материалдар, әдетте мазмұны бойынша алғанда міндетті стандартты жіне одан кейінгі алгоритмдік деңгейді қамтиды. Сұрақтар мен жаттығулардың көбі осы алғашқы екі деңгейдің шеңберінде жатады. Олар арнайы белгімен бөлініп көрсетілген. Жаттығулар мен есептердің ішінде эврикалық деңгейге сай келетіндері де бар.

Әрбір таңдаудың соңында берілген ең жоғары шығармашылық деңгейге сәйкес оқушының қабілетін сипаттайтын тапсырмалардың өзіндік ерекшелігі бар. Олар әдетте нақты жаттығу немесе есеп түрінде тұжырымдалып берілмейді. Шығармашылық деңгейге жетуге талаптанатын шәкірттің өзі жалпы тапсырмадан туындайтын мәселелерді қамтитын нақты тапсырманың шартын немесе моделін ұсынады. сол модельдің шешу алгоритмін тауып, толық жауабын дайындап, мұғалімнің және оқушылардың алдында толығымен түсіндіріп озі еңбегін қорғайды.

Саралап оқыту принципін іс жүзіне асыру мүмкіндігі осыдан барып шығады. Әрбір шәкірт өз қалауы бойынша 4 деңгейлі білім алады. Оның алғашқысы, яғни стандартты білім мазмұнына сай келетін репродуктивті деңгейді игеру үшін оқушы оқулықтағы ең мәнді мәліметті өз сөзімен қайталап айтып беруге міндетті. Одан кейін келетін деңгейлердің біріншісі- алгоритмдік деп аталады, себебі оқулықтағы жаңа тақырыптың мазмұнын толық түсіндіріп айтып берумен қатар, игерген материалды қолдана білетіндігін байқатады. Тапқырлық (эврикалық) деңгейге жету үшін оқушы алған білімі мен білігін, қалыптасқан дағдысын бірге қолданып, өз бетінше қажетті жаңа білмді игеруге немесе бұрынғыларын толықтыруға ат салыса отырып, берілген тапсырманың жаңаша шешімін табатындай, болмаса бірнеше шешімдерін ұсына алатындай болуы керек. Ең жоғары шығармашылық деңгейге көтерілу үшін шәкірт тек алғырлық танытып қоймайды, ал өзінің білімі, білігі, дағдысы, қабілеті өзі ұсынған жаңа проблеманы шешуге жететіндігін дәлелдейді. Мысалы бір типті қосылыстар қасиеттерінің периодты өзгеруін сипаттайтын жаттығу құру тапсырылған болсын. Мұндай күрделі тапсырманы орындау үшін шәкірт химиялық қосылыстардың кластарын,олардың генетикалық байланысын, периодты өзгертетін қасиеттерін терең біле отырып, бір класқа жататын типі бірдей заттардың белгілі бір тобын таңдап алады. Сол топқа кіретін заттар қасиеттерінің периодты өзгеретіндігін нақты деректермен дәлелдеп шығады.

Мақала авторы химияны оқытудың мәселелерін терең зерттей отырып, зерттеу жұмыстарын «Молодой ученый» [1] журналына және бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда [2] жариялады.

 

Әдебиет:

1.      Еспенбетова Ш.О., Орақбаева Г. Ә., Тимурқызы А. Мектепте химиялық өндірістерді оқыту барысындағы экологиялық білім берудің ерекшеліктері // Молодой ученый. – 2015. - №7.2. – С. 46-48.

2.      Еспенбетова Ш.О., Наренова С.М.,Арынова К.Ш.Химиядан сындарлы білім беру – сапалы оқыту негіздері«Жасыл экономиканы дамыту: өзекті мәселелері, құқықтық қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдар жинағы. 14-15 қараша 2014 жыл.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle