Библиографическое описание:

Ташмухамедова Ж. Ш. Ортағасырлық ойшылдардың экономикалық көзқарастары // Молодой ученый. — 2015. — №19.2. — С. 16-17.

Жалпы ортағасырлық экономикалық ойлардың дамуы діни-теологиялық шеңбер ішінде өрбуімен сипатталады. Бұл дәуірдегі нақты көзқарастар көрсеткішін арабтық Шығыс ойшылы ибн-Халдун дамытты. Ол өз концепциясында сауданы Жаратушы теріс көрмейтінін, еңбек қатынастарының жоғарылығы, пайдақұмарлық, сараңдық және бекер шығындар қолдау таппайды. Ойшылдың негізгі жетістігі ретінде қоғам эволюциясының сипаты «қарабайырлықтан» «өркениетке» өту болып саналады. Ибн-Халдун пікірінше, экономиканың барлық салаларының сәтті дамуы халық байлығын жоғарылатады және әрбір адам өмір-салтын жақсартуға әсерін тигізеді. Салық көлемі неғұрлым аз белгіленген сайын, кез келген қаланың, қоғамның гүлденуі нақты құбылыс.

Ибн-Халдун қолданыстағы ақшаның шаруашылық өміріндегі маңызды элемент екенін мойындай келе, оның маңызды рөлін алтын мен күміс тиындар атқаратынын айтады. «Ақша – адамзат еңбегінің сандық мазмұны болып табылады, әрбір мүліктің құндылығы жинақтаушылық қасиет пен байлықтың негізі» [1], - санайды ойшыл.

Ойшыл пікірімен әрине келісеміз. Экономикалық қатынастардың дамуы қоғамның ілгерілеуіне жол ашатыны анық. Әрбір саяси жүйенің орнықтылығы мен жоғарғы көрсеткіші сол қоғамның айнасы болып табылады.

Ортағасырлардағы батысеуропалық ойлардың дамуына өзінің оң ықпалын итальяндық монах Фома Аквинский тигізді. Оның негізгі еңбектерінің бірі саналатын «Сумма теологии» атты еңбегінде экономикалық категорияның моральды-этикалық сипаты берілді. Экономикалық мәселелердің діни-этикалық әдістерін қалыптастырған еңбектерінде догматтық принциптер орын алды. Сонымен қатар, бұл еңбекті әлі күнге дейін Ватикан кеңінен пайдаланып жатқан католицизмнің энциклопедиясы саналады.

Ол өз дәуірінің мүмкіндіктерін ескере отырып, қоғамның сословиелік бөлінісі кезіндегі әлеуметтік теңсіздік мүмкіндіктерін салыстырмалы түрде талдайды. Ежелгі канонистерге қарағанда, Ф. Аквинский қалалық қолөнер өндірісі, алғашқы сауда операцияларын күнә ретінде қарастырмайды. Әдістемелік позициядан қарағанда, философ көзқарасы бұрынғы канонистер пікірлерімен бірдей. Дегенмен, ежелгі канонистер қасиетті жазбалар мен шіркеу мәтіндерін қатаң түрде қабылдап, экономикалық категориялар мен құбылыстарды моральды-этикалық әдістеріне негіздейді.

Аталмыш еңбегінде ол еңбекті қоғамдық бөлу, жеке меншік, сауда, «ақиқат баға», табыс, жер рентасы, процент секілді экономикалық мәселелерді қарастырады. Оның пікірінше, еңбекті қоғамдық бөлу табиғи жаратылыстық құбылыс болып табылады. Жеке меншікке Ф. Аквинский жеке шаруашылықты жатқызып, адам табиғатынан байлық иеленуіне құқығы бар. Сондықтан өз қажеттілігіңді қанағаттандыруға қажет меншік адамзат өміріндегі қажетті институт болып табылады. Ол жер рентасы мәселесін толық қолдап, табыс пен процентке қатысты екі жақты пікір ұстанады. Бір жағынан ол екеуінің жағымсыз жақтарын айтып, екінші жағынан табысты еңбек үшін төленген ақы ретінде қарастырады [2, 19 б.].

Ақшаның пайда болуына байланысты пайымдауларында, ол ақшаның адамдар арасындағы келісім барысында орын алды. Оның негізгі міндеті - әділ айырбас жолын жеңілдету болып табылады. Аквинский ақшаның «ішкі құндылығы» мен «номиналды құндылығын» ажыратып бөледі. Оның пікірінше, ең соңғы құндылықты мемлекет өзі анықтайды.

Ақша мәселесіне қатысты пікірін француз ғалымы Ш. Оресм өзінің «Ақшаның пайда болуы, табиғаты, құқықтық негізі мен ауысуы туралы трактат» атты еңбегінде жазады. Оның пікірінше, ақша адамдар арасындағы тауар айналымын жеңілдетудің құралы болып табылады. Алтын мен күміс өзінің табиғи ерекшеліктеріне байланысты өз дәрежесін көтерді.

«Күн қаласы» еңбегінің авторы саналатын Томмазо Кампанелла да утопиялық социализм идеяларын жалғастырды. Кампанелла идеалды утопиялық мемлекет идеясын қалыптастырып мүлік пен шаруашылықтың натуралды түрі жиынтығын дамытты [2, 21 б.]. Жалпы Томас Мор мен Томмазо Кампанелланың пікірлері ғылыми тұрғыдағы теория саналмайды. Бұл тек жарқын болашақ туралы арман болатын.

Экономикалық ойлардың дамуына ортағасырлық философия өкілдерінің үлесін бағалай келе, дәуірді адамзат дамуындағы «тоқырау» кезеңі деп есептеу қате пікір. Ортағасырлардағы ой-пікірлер экономикалық ойлардың дамуына өзінің оң ықпалын тигізгенін осы мақала арқылы айқындауға болатынына толық сенімдіміз.

 

Әдебиет:

1.    Фролова Т.А. История экономических учений: конспект лекции. – Таганрог: ТРТУ, 2006. – С. 15.

2.    Гукасьян Г.М., Нинциева Г.В. История экономической мысли. – М., 2003. – С. 9.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle