Библиографическое описание:

Таскалиева А. К. Әл-Фараби — әдебиеттанушы хақында... // Молодой ученый. — 2015. — №17. — С. 619-623.

Аль-Фараби как литературовед

Таскалиева Анель Куановна, магистр

Западно-Казахстанский государственный университет имени М. Утемисова (г. Уральск, Казахстан)

 

В этой статье говорится о втором учителя Мира после Аристотеля, о философе, математике, теоретике музыки, учёного Востока Аль-Фараби. И цель нашей статьи —открыть его имя с другой стороны, точнее с области литературы. В статье мы привели примеры его научных трудов и статей других ученых. Кроме того, мы показали, что Аль-Фараби в те времена уже знал литературные термины, которые мы сейчас используем.

 

Дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ойшыл, энциклопедист-ғалым, Шығыс Ренессансының көшбасында тұрған дара тұлғалардың бірі Әбу Насыр әл-Фараби 870-жылы Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келген. Атақты Отырар кітапханасы орналасқан өңірдің түлегі білім баспалдағының алғашқы сатыларын осы өлкеде өткереді. Фараби өмір сүрген дәуір терең тарихы, төлтума мәдениеті, озық дәстүрі бар түркі даласына ислам дінінің дендей еніп, түркі, араб, парсы мәдениетінің тоғысуы басталған күрделі кезең еді.

Саналы ғұмырын ғылым-білім жолындағы ізденіске арнаған Фарабидің өмірлік ұстанымының қалыптасуына аталмыш факторлардың әсері үлкен болғаны анық. Мұсылман әлемінің сол кезеңдегі аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдат, Шам, Мысыр елдеріне сапар шеккен жас Фараби араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік меңгеріп, сан-сала ғылымға бой ұрады. Өз дәуірінің атақты ойшыл ғалымдарымен, өнер иелерімен, сөз зергерлерімен сұхбаттас болған Фараби сол кезең ғылымындағы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді тап басып танып, ізденісін осы арнаға бағыттайды.

Азия мен Еуропаны қосып жатқан Қазақстанмен әлемнің көптеген елдері әртүрлі тарихи, мәдени, қоғамдық, саяси-экономикалық байланысын күні бүгінге дейін үзбей жалғастырып келе жатыр. Ежелден басталған бұл байланыс халықтың мәдени өмірі мен рухани дүниесіне өзінің барлық болмысымен өшпес ізін қалдырғаны даусыз. Адамзат қоғамының бір бөлшегі ретінде жасап келе жатқан қазақ мәдениеті шығыстық өркениеттің құрамдас бір бөлігі десек, ата-бабаларымыз өзінің күрделі де сан қырлы тарихының қатпарлы беттерінде Үндістанмен, Қытаймен, Мысырмен, Иракпен, Сириямен, Византиямен, Иранмен әртүрлі деңгейде мәдени байланыста болғаны тарихтан белгілі. Қазақ жерінен шыққан ұлылар осы мемлекеттерге барып шығыстық ілім алып, білім сырына қаныққан. Рухани байланыстың осы елдермен толассыз жүргенінің кепілі — Әбу Насыр әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Махмұд Қашқари сынды данышпандардың еңбектері мен зерттеулері.

Қазақ және араб әдеби байланыстарының түп төркіні орта ғасырда қазіргі қазақ топырағында туып-өсіп, араб жерінде ғылым нәріне сусындаған, сөйтіп ислам мәдениетінің, араб әдебиетінің классикалық деңгейге жетуіне үлкен үлес қосқан данышпандардың ғылыми еңбектерінде жатыр деп айтуға болады. Себебі жиырмаға жуық әл-Фарабилер, әл-Бестами, әс-Сығанақи, әл-Кердери, әл-Хорезми, әл-Баласағуни және басқада жүздеген ғұламалар өздерінің ғылыми еңбектерін, философиялық пайымдауларын араб тілінде жазғаны белгілі. Олардыңараб тілінің грамматикасы мен әдебиеті жайында жазып қалдырған теориялық ой-пікірлері күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтпаған. Ал, қазақ жеріне ислам дінімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен әдебиеті, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің ауызша таралуы — қазақ әдебиетінің көкжиегінің кеңеюіне ықпал етті.

Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі — әдеби байланыстар. Бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік әдебиетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады. [1, 1–10].

Әдеби байланыс түрлі халықтар мәдениетінің жақындасуына, рухани қарым-қатынасының өркендеуіне үлкен үлес қосады. Бұл жайында атақты шығыстанушы ғалым, академик Н. И. Конрад: “Ұлттық әдебиеттің өркен жаюы мен даму факторларының бірі — өзге халықтардың әдебиетімен өзара қарым-қатынаста, байланыста болу. Кез келген әдебиетте екі компоненттің болатыны белгілі. Бірі — сол елдің өзінде дүниеге келген төл туындылар, екіншісі — басқа елдерден енген кірме шығармалар. Осындай дүниелердің негізінде әдеби байланыстың рөлі ерекше көрінеді. Мұны қандайда бір әдеби шығармалардың түпнұсқасымен тікелей танысып, сол туындымен ұлт әдебиетінің тілінде оқуы негізінде және олардың аудармалары арқылы қанығуынан немесе бір халық жазушысының шығармаларының мазмұны мен мотивтерін басқа елдің жазушысының өзінше қабылдауынан пайымдауға болады. Осындай факторлардың арқасында бір елдің әдеби дүниесі екінші бір елдің меншігіне айналады” [2, 290].

Жалпы белгілі ғалым Ә.Дербісәлінің зерттеулеріне сүйене отырып, Отырар-Фараб қаласынан шыққан жиырмаға жуық Фараби аттас ірі тұлғалар шыққандығын байқаймыз. Шығыстанушы-ғалым “Қазақ даласының жұлдыздары” атты тарихи-филологиялық зерттеуінде мынадай әл-Фарабилер туралы мағлұмат береді: Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Ибраһим Исхақ әл — Фараби, Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби, Бурһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Әбу-л-Қасым әл-Фараби, Махмуд әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Маула Мухаммад әл-Фараби, Бадр ад-Дин әл-Фараби, Исмаил әл-Хусайни әл-Фараби және т. б. [3,237].

Ұлы ғалымның Отырарда туып өсіп, жігіт шағында араб еліне кеткені жайында өзбек ғалымы Хайруллаев: “Әл-Фараби алғаш білімін Отырар медреселерінің бірінде алған болуы керек. Өйткені көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мәуреннаһрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған [4,155].” — десе, әл-Фараби зерттеушілерінің бірі М.Бурабаев: “Әл-Фараби 20 жасына дейін Отырарда оқып, тәрбиеленіп, кейін Самарқанд, Бұхара, Хиуа және Шығыстың көп жерлерін аралаған, ұзақ уақыт бойы араб халифатының саяси, мәдени орталығы Бағдатта тұрған деген деректі келтіреді” [5,68–69].

“Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең”, — деген араб халқының дана мақалы бар. Осындай қанатты ойды ту қып ұстаған Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес ғылыми жазбаларын қалдырады. Аты әлемге мәшһүр Әбу Насырдың еңбектерінен нәр алмаған, сусындамаған ғалым жоқ деп айтуға болады. Оның есімі дүниежүзі мәдениеті мен ғылымының тарихынан берік орын алады. Дүниежүзі ғалымдары әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп атағаны баршаға аян. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол. Ұлы ойшылдың қаламынан екі жүзге жуық трактаттар дүниеге келген. Оның қаламына арқау болған ғылым салалары: философия мен логика, математика мен физика, астрономия мен ботаника, тіл мен әдебиет, медицина мен музыка. Осы еңбектерінің ішінде философия мен әлеуметтану, этика мен эстетика мәселелері ерекше орын алады деп айтуға болады. [1,15].

 Сөзіміз дәлелді болу үшін көрнекті ғалым, үлкен фарабитанушы-ғалым Ақжан Машановтың мынадай естелігін келтіруді жөн санадық: “…Батыс елдерінен соғыстан ығысып келген ғалымдар Алматыда о жылдары көп болатын. Әсіресе, олар КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалы маңында шоғырланды. … Чехославакиядан келген Э. Я. Кольман деген математика ғылымының тарихын жақсы білетін ірі ғалым, профессор филиалда біздерге баяндама жасады. Сол баяндама маған зор әсер етті. Ол 1943 жылдың басы болатын. Баяндаманың негізгі мазмұны Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесі туралы еді.

М.Хайруллаевтің “Мировоззрение Фараби” атты монографиясы әл-Фараби философиясы турасында жазылған алғашқы ауқымды зерттеу еңбек деп атап көрсетіледі [6,14]. Қазақ ғалымдарының ішінде алғашқы қазақ фарабитанушысы А.Машановтан басқа әл-Фараби мұраларын жинауға ат салысқан, оның философиялық трактаттарының жауапты редакторы болған Ш. Е. Есенов, кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан Фарабитану тобын құру жайында бастама көтергендердің бірі Ә.Марғұлан, әл-Фарабидің математикалық, астрономиялық, педогогикалық мұраларын зерттеп, оқырман қауымға таныстыруда көп еңбек сіңірген ғалым А.Көбесов және ұлы ойшылдың мұраларын зерделеу барысында Фараби аттас басқа да ғалымдардың бар екенін және олардың еңбектерін саралай келе “Әл-Фараби эстетикасы” және “Қазақ даласының жұлдыздары” (І тарау) атты Әбу Насырға байланысты көлемді еңбек жазған белгілі арабтанушы-ғалым Ә.Дербісалі. Сондай-ақ. Ә.Әлімжанов, М. С. Бурабаев, А.Х.Қасымжанов, Н.Келімбетов, М.Мырзахметов және басқа дағалымдар әл-Фараби мұраларын зерттеуді өз ғылыми жұмыстарына арқау етсе, Қ.Жарықбаев Әл-Фараби еңбектерінің библиографиясын жасады. Қазіргі таңда Фараби мұраларын араб тілінен орыс-қазақ тілдеріне аударуда арабтанушы ғалым К. Х. Тәжікова үлкен жұмыс атқаруда.Оның кейінгі аудармасы әл-Фарабидің филологиялық трактаты “Китаб-уль-Хуруф” (Таңбалар кітабы), ал, шығыстанушы ғалым Ш.Қалиева Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби еңбектерін алғаш зерттеу нысанына алса, Дамаск кітапханасында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе жүріп, Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ ғалымдарына әлі де белгісіз жатқан ұлы ойшылдың араб тілінде жазылған бірнеше поэмалары мен өлеңдерін тапқан. Ғалым С.Төлеубаева әл-Фараби мұраларын әдеби, лингвистикалық қырынан зерделеп, бірнеше ғылыми мақалаларын жариялады.

Әл-Фараби мұралары тек зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстарына ғана арқау болып қойған жоқ, сонымен қатар, оның бейнесі қаламгер-жазушылардың да шығармаларының негізгі тақырыбы болды. Тарихи тақырыпты жүйелі түрде тереңдеп меңгерген жазушыларымыздың бірі — Әнуар Әлімжанов данышпан философ әл-Фараби жайын баяндайтын шығарма — “Ұстаздың оралуы” атты романын жазды. Онда ақылгөй-ғалымның өмірі әр түрлі қырынан беріледі. Осы романға іргелі талдау жасаған көрнекті ғалым Р.Бердібаев әл-Фараби бейнесін “Ол өзі жасаған музыкалық аспап — “қыпшағиға” қосылып ән де айтатын, күй де тартатын, қаламды ғана емес, қаруды да ұстай білетін, досқа мейірімді, шапағатшыл, әділдік үшін басын қатерге тіге алатын тұтас тұлға ретінде елестеткенін”, — жазады [7,88].

Үлкен әдебиетші ғалым Н.Келімбетовтің “Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз”, –деген сөздері ойымызды нақтылай түсері хақ [8,117].

Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалым өзінің әдебиетке қатысты негізгі теориялық ой-пікірлерін: “Риторика”, “Поэзия өнерінің каноны туралы трактат”, “Поэзия өнері туралы”, “Ғылымдарды классификациялау туралы трактат”, “Өлең және ұйқас туралы сөз” және т. б. еңбектерінде саралайды. Оның осы айтылған еңбектеріндегі теориялық ойлары мен көркемдік-эстетикалық пікірлері әлі күнге мәні мен маңызын жойған жоқ. Ғылымның айтылған саласын зерттеу барысында өзінен бұрынғы ұлы философтардың сара жолымен жүріп, олардың дәстүрлерін бойына сіңіріп, дамытты. Әдебиетші ғалым Н.Келімбетов “Ежелгі дәуір әдебиеті” атты кітабында әл-Фарабидің “Өлең кітабы ” трактатынан мынадай сөздерді келтіреді: “Біз поэзиясымен хабардар болған көптеген халықтарға қарағанда арабтар өз поэзиясында бәйіттің соңғы жағына көбірек мән береді.Сол үшін де араб бәйіттері белгілі бір өлшемдегі шектелген сөздермен толықтырылады, көркемделеді.Мұндай жағдайда қолданылатын сөз тіркестері ырғақты, белгілі бір бөлшектерге жіктелген болуы керек, тіпті ондағы әрбір ритм, ырғақ, буын, бунақ саны да шектеліп тұруы шарт.

Бәйіттегі сөздерде әңгіме не туралы айтылып жатқан болса, соған ұқсас етіп, бейнелі түрде айтылуы тиіс. Сонымен бірге бәйіттердің бір-біріне үндес болуы да талап етіледі” [9,119].

Әл-Фарабидің әдеби мұрасын зерттеушілер оның “Поэзия өнерінің каноны туралы трактатында” поэзия жанры туралы ой-пікірлерін өрбіте келіп, осы өнер саласында жүрген ақындар мен олардың дарындылықтарының ара жігін айыратынына көңіл аударады. Бұл бойынша автор шайырларды табиғи дарынына, арқалылығына, логикалық ойларына, ұйқас пен үйлесімді сақтауына қарап, үш топқа бөледі. “Біріншісі — өлең жазып, оны оқуға қабілетті, табиғи дарыны барлар. Бұлар поэзияның көптеген түрінде көркем бейнелілікке, тамаша ұйқастар мен теңеулер жасауға шебер. Сондай-ақ, олар өлең өнерінің сырымен, сын-сипатымен, теориясымен жақсы таныс болмаса да, алғырлығы мен асқан дарындылығының арқасында жырлары өткір, әрі тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді.

Ұлы бабамыздың поэзия өнері жайында жазған теориялық ой-пікірлерін сол замандағы мықты ғалымдар жоғары бағалаған және “ақындар падишасы” деп ардақ тұтқан. Бұл турасында көрнекті ғалым А.Көбесов мынадай мәліметтерді келтіреді: “Сайф ад-Даула сарайында өмір сүрген арабтың сері, әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас (932–968) Фарабиге мынадай баға береді: “Поэзия — дөңгеленген алтын түйе, оның басы — Әбу Насыр Мұхаммедке, өркеші — Әбу Нуасқа, иығы — Омар ибн Рабияға, кеудесі — Әбу Таммамға тиді, қалғаны — ішек-қарын — оны екеуміз (сарайдың жарамазаншы жыршысы екеуі) бөлісіп отырмыз”. Осы келтірілген деректегі аты аталған адамдар өз замандастарынан озып туған, ақындық өнердің майталмандары саналатын араб халқының бірегей тұлғалары. Демек, Шығыстың аты шулы марғасақаларының басы болған кемеңгер бабамызды әлемде теңдесі жоқ ғұлама деп санауға толық негіз бар.

Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Мәселен, үлкен әдебиетші-ғалым Н.Келімбетов ол жайында: “Әбу Насыр әл-Фараби — өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі дей отырып, Ибн Аби Усайба, Ибн Халликан секілді араб тарихшыларының жазып қалдырған мәліметтерін басшылыққа алады да солардың жазбаларынан әл-Фарабидің өлеңдерін жолма-жол аударып береді” [9,123]. Белгілі фарабитанушы А.Көбесов мынадай дәйекті келтіреді: “Совет ғалымы Е. Э. Бертельстің парсы-тәжік поэзиясы тарихына арналған еңбегінде, түрік зерттеушілері Ахмет Атеш, Хафиз Данышпан еңбектерінде Фарабидің шайырлығы, әдеби мұрасы туралы көп жаңалықтар келтіреді. Бұлар және басқа оқымыстылар Фарабидің араб, парсы, түрік т. б. тілдерде әр түрлі жанрда жыр жазғандығын растайды, үзінділер келтіреді” [10,106]. Бұл зерттеушілердің қай-қайсысы болсын, 1979 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет Аян Нысаналиннің “Трактат және өлеңдер” атты аударма жинағынан әл-Фараби өлеңдерінің мәтінін алады. Олар ұлы ұстаздың өлеңдерін талдай отырып, Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы — Жаратушы-біріншіден кешу тілей отырып, осынау өмірдің мәні мен мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды насихаттау, адамгершілікті уағыздау болды деген ой түйіндейді. Енді бір өлеңінде туған жерден жырақта жүрген бабамыз кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын өлең өрнегіне арқау етеді. Оны Аян Нысаналин аударған мына өлең жолдарынан көруге болады:

Қашықтасың туған жер — қалың елім,

Не бір жүйрік болдырып жарау деген,

Шаршадым мен, қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуанар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм сықылды тез ысып, тез суынар.

Сонымен қатар арабтанушы ғалым Ш.Қалиева әл-Фарабидің араб тілінде жазылған бірнеше өлеңдері мен поэмаларын Дамаск кітапханасынан тауып көшірмелерін елге алып келгені әлі де болса фарабитанушы ғалымдардың құлағына шалына қоймады деп ойлаймыз. Ойшылдың аталған өлеңдері мен поэмаларын қазақ тіліне аударып, көркемдік ерекшеліктерін анықтау келешектің үлесінде.

Поэтикалық пайымдаулардың (А.Нысаналин “ақындық түйіндеу” деп келтіреді) өлшем мен мазмұнға қарай жіктелетінін айта келіп, Фараби өлшем бойынша жіктеулерді музыканттың немесе просодистің үлесіне жататын тіл мен әуеннің тегіне қатысты дүние деп білсе, мазмұн жөніндегі ғылыми жіктеулерді символдарды түсіндіріп, поэзияны талдаушы, поэтикалық идеяларды, түрлі халықтар мен мектептерге тән поэзияны зерттеуші қауым өкілдерінің еншісінде қалдырады. Фараби көптеген халықтардың поэзиясында мазмұн мен өлшем арасына шек қойылмай, аралас қолданылатынын, бұл мәселеде қатаң қағиданы тек көне гректер ғана сақтағанын айтады.

 Әрине, Фараби бұл жерде поэзияның әрбір түріне белгілі бір өлшемді ғана қолданатын көне гректік өлең қағидаларын үздік үлгі ретінде ұсынғалы отырған жоқ. Өлшем мен мазмұнның қатаң қағидаларға бағындырыла бермеуі түрлі халықтардың дүниетанымындағы, көркем ойлауындағы, сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерге байланысты екені айқын. Фараби тек қатаң сақталатын қалыбы бар, теориялық тұжырымға салуға икемді, ең бастысы, біршама зерттеулерге арқау болып үлгерген грек поэзиясын толымды талдауға лайық және танымдық мәні бар объекті ретінде алады. Сонымен Фараби жіктеуінде көне грек поэзиясы мынадай түрлерге бөлінеді:

Трагедия –арнаулы өлшемі бар, тыңдаушыға да, айтушыға да ләззат беретін өлең түрі. Трагедияда өзгелерге үлгі-сабақ боларлық жақсылы-жаманды істер сипатталады, билеушілер марапатталады. Музыканттар әдетте трагедияны әміршілердің алдында орындайды. Әмірші дүниеден өткен жағдайда трагедияға жоқтау сарыны бар өлеңдер қосылады.

Дифирамб — трагедиядан екі есе артық өлшемі бар өлең түрі. Дифирамбта жекелеген адамдарға емес, жалпы адам баласына ортақ абзал мінездер, ізгі істер, сондай-ақ күллі адамзатқа қайырлы істер жасаған дара тұлғалар дәріптеледі.

Комедия — арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Комедияда келеңсіз, оғаш жайттар суреттеліп, адамдардың мінез-құлық, іс-әрекетіндегі ұнамсыз көріністер шенеледі. Жекелеген тұстарда кейбір адамдар бойындағы жануарларға тән жағымсыз, жиіркенішті мінездер баса көрсетіледі.

Ямб — бұл да арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Ямбта мақал-мәтелдер секілді жақсылы-жаманды істерді сипаттайтын нақыл сөздер келтіріледі. Бұл өлең түрі соғыстар мен дау-жанжалдар кезінде, ашу-ызалы сәттерде қолданылады.

Драма — алдыңғы түр тәрізді поэзия жанры. Ерекшелігі сол — мұнда белгілі бір адамдарға, жеке тұлғаларға арналған ой түйіндері, нақыл сөздер қолданылады.

Айнос — жоғары шеберлікпен жазылған, көркем де келісті пайымдауларды қамтитын өлең түрі.

Диаграмма — тәртіпке бағынбайтын, тезге салуға көнбейтін адамдардың жанын қандай жан түршігерлік азаптар күтіп тұрғанын сипаттайтын заң шығарушылар қолданатын өлең түрі.

Эпос және риторика — өткен дәуірлердегі саяси және құқықтық тәртіптер суреттелетін поззия жанрлары. Өлеңнің бұл түрлерінде сонымен қатар билеушілердің өмір-салты мен іс-әрекеттері, ел басқарған кезеңі мен сол тұстағы айтулы оқиғалар баяндалады.

Сатира — белгілі өлшемі бар, музыканттар ойлап тапқан өлең түрі. Олар өздерінің әндері арқылы аң кейпінде киінген адамдар мен әртүрлі жануарларды таң қалдырарлық, әдеттен тыс қимыл-қозғалыстар жасауға мәжбүр етеді.

Поэма — жақсылық пен жамандықты, дұрыстық пен бұрыстықты бейнелейтін өлең түрі. Мұндай өлеңдердің әрбір түрі өзі сипаттайтын үлгілі, жарқын немесе келеңсіз, айыпты жайттарға сәйкес келеді.

Амфигенезис — жаратылыстану ғылымдарын сипаттау мақсатында жаратылыстанушы-ғалымдар ойлап тапқан өлең түрі. Поэзия жанрларының ішінде өлең өнерінен алшақтау жатқаны — осы түр.

Акустика — шәкірттерді музыка өнеріне баулу үшін қолданылатын өлең түрі. Оның қолданылу шеңбері осымен шектеледі, ол басқа салаларда қолданылмайды [11.36–38].

Ал Фараби ұғымында өлең еліктеу, яғни образ тудыра алса ғана — өлең, тудыра алмаса, өлең емес. Трактаттар контексіндегі “образ” ұғымының астарында кейіпкер бейнесі ғана емес, өлең өнеріне тән күллі көркемдік жатқаны айқын. Қазіргі әдебиет теориясы да образ ұғымына осы тектес анықтама береді. Сондай-ақ өлең өнерінің бітім-болмысы лиризмге, эмоцияға, экспрессияға бейім екендігін ескерсек (“Поэзия — эмоция, проза — сюжет”), Фарабидің амфигенезиске берген бағасы — оның поэзия табиғатын тап басып тани білгендігінің айқын айғағы деуге болады.

Фарабидің өзі ескерткендей, ол жоғарыда келтірілген грек поэзиясы түрлерін осы тұтас қалпында түпнұсқадан тауып, жалаң аударма жасап қана отырған жоқ. Зерттеушілердің анықтағанындай, “поэзия жанрларын бұлайша жіктеу Аристотель туындыларында кездеспейді” [9.15]. Фараби бұл мәліметтерді “Аристотель, Темистий және басқа да философтар мен олардың еңбектеріне түсіндірме жазушылардың поэзия өнері жайлы пайымдау-пікірлерінен алғанын” айтады [4.39–41]. Мұның өзі көне грек поэзиясын талдап-түсіндірмес бұрын оны саралап, жіктеуде, көзқарастарды тиянақтап, тұжырымдауда әл-Фарабидің қосқан үлесі елеулі екенін көрсетеді.

Теңеу сөздерге талдау жасағанда Фараби олардың көркемдік дәрежесіне қарай жіктелетінін айта келіп, өзара ұқсас заттар арқылы ғана емес, бір-біріне мүлде ұқсамайтын заттар мен құбылыстар арқылы да теңеулер жасалатынын, оларды әсерлі де иланымды ете білу ақынның шеберлігіне байланысты екенін атап көрсетеді. Фарабидің “теңеу” ұғымының аясында онымен табиғаты туыс бейнелеу құралдары — ауыстыру, шендестіру, сипаттама (эпитет), параллелизмдерге тән сипаттар қамтылғанын аңғару қиын емес.

Әл-Фарабидің поэтика мәселелерін талдаған екінші бір еңбегі — “Поэзия өнері туралы трактат”. Еңбектің кіріспесінде араб өлеңінің құрылысына тән ұйқас пен ырғақ, өлшемдер, образдылық, үйлесімділік мәселесі сөз болады. Фараби сондай-ақ әуен (музыка) мен өлеңді бөле-жармай бірге қарайтын халықтар мәдениетіндегі қос құбылыстың табиғатына тоқтала келіп, “өлеңді әуенмен айтушылар әуеннің ырғағын бұзып алудан қалай сақтанса, өлең өлшеміне нұқсан келтіруден де солай сақ болуы қажет” деген тұжырым жасайды [10].

 Тек бұл трактатта ғана емес, музыка мәселелерін талдаған еңбектерінде де Фараби өлең мен әуеннің байланысына үнемі мән беріп отырады. “Әуен өлеңмен үйлескенде әлдеқайда әсерлі естіледі, мұндайда (өлең) сөз де мәнерлірек бола түседі” деп жазады ол [8]. Әуеннің поэзияның белгілі бір түріне бейімделетіні, қолданылатын тілдің синтаксистік құрылымына тәуелді болатыны, диалектикамен байланысты қос құбылыс — поэтика мен риториканың заңдылықтарына әуеннің де бағынатыны жайындағы ғалым тұжырымдары синкретті фольклор жанры басты роль атқарған, әуен мен өлеңнің ара-жігі ажырап болмаған ортағасырлық мәдениеттің болмыс-бітімімен тығыз байланыста туындаған.

Фараби ұғымында өлеңге қойылатын басты екі талап — өлшем және еліктеу (образдылық). Екеуінің бірі кем болса, өлең өлең болудан қалады. Бірі артық болса да солай. Осы соңғы құбылысты да ғалым сарабдал сана елегінен өткізген: сөз мағынасына лайықты пішін қолданбай, образдылықты шектен тыс көп пайдаланған шешендердің риторикадан поэтикаға, ал шешендік сөздерді көптеп қолданған ақындардың поэтикадан риторикаға ауытқитынын ғалым айқын мысалдармен дәлелдейді.

Еліктеу (образ) тудырудың іспен және сөзбен орындалатын екі түрі барын айта келіп, Фараби соңғысын екіге бөледі: 1.Заттардың өзі арқылы елестету. 2.Заттарды өзге бір зат арқылы елестету. Алғашқы елестету түрі ғылыми анықтамаларға тән болса, екіншісі ғылыми дәлелдемелерге тән [1]. Келтірілген тұжырымды дәлелдеуде Фараби елестету мен еліктеу тудыру нәтижесінде туындайтын көптеген психологиялық құбылыстарды талдап көрсетіп, әдебиеттегі образ жасау әрекетінің табиғаты мен мән-мазмұнын ашып береді. Трактаттың поэзия өнеріне арналғандығына қарамастан ғалым тұжырымдары мен дәлелдемелерінде түрлі ғылыми салалардан алынған мысалдар көптеп кездеседі.

 

Әдебиет:

 

1.      Салқынбаев. М. "Әл-Фарабидің әдеби мұраларының зерттелуі" монография.

2.      Конрад Н. И. Запад и Восток. — Москва: Наука, 1972. — 496 б.

3.      Ә.Дербісалиев. Қазақ даласының жұлдыздары, Алматы, 1995.

4.      М.Хайруллаев «Мировозрение Фараби» монография

5.      М.Бурабаев. Өшпес жұлдыздар. Ұлы ғалымдар өмірінен (ҮІІІ-ХІҮ ғғ), Алматы, 1989.

6.      Аль-Фараби. Философские трактаты, Алматы, 1972.

7.      Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии, Алматы, 1993.

8.      А.Көбесов. Әбу Насыр әл-Фараби, Алматы, 2004.

9.      Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991. 264 б.

10.  Әл-Фараби. “Поэзия өнері туралы трактат”, Алматы,1972.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle