Дарындылық — адам бойындағы тума қасиет деп есептеледі. Адам қабілеттілігінің жан жақтылығы дарындылық терминінің көп мағыналылығын білдіреді. Сондықтан адам дарындылығының қасиетін кешенді зерттеу бүгінгі күннің талабы.
Ерте дәуірдегі грек философтары (Платон, Сократ) дарындылықты құдай берген қабілет ретінде қарастырды [1,2].
Антикалық кезеңде адам психикасы, оның дарындылық қасиеттері танып білуге, ұғынуға өте қиын мәселелердің бірі болғандықтан, жекелеген адамдардың ерекше қасиеттері мен қабілеттіліктің болу құдіреті күшті құдайдың жаратқаны деп есептеген. Платон өзінің керемет туындыларын жаратушының бір құдіретінен — деп түсінді. Ал шындығында ол, оның өзінің өнерлілігі мен білімінен еді. Біздің қазіргі тілмен айтқанда, ол кез келгеннің бойына біте бермейтін дарындылық.
Ғылымның қайта өрлеу дәуірінде дарындылық табиғатын танып білу мәселесімен Европалық ғалымдар айналысты. Соның ішінде испандық дәрігер Хуан Уарте, өз зерттеулерін түйіндей келе, елдің болашағы үшін Испан империясының қайта өрлеуінің болашағы мемлекеттік қызметке аса дарынды азаматтарды тарту деп есептеді. Оның зерттеулерінің негізгі мақсаты адамдардың жеке басындағы қабілеттілікті анықтай отырып, болашақта кәсіби маман таңдауда ескеру болып табылады.
Орта ғасырдағы Европалықтардың пікірінше, егер адамдар бірдей жағдайда өмір сүрсе, олардың ақыл естері бірдей болар еді дегенге тірелді.
Джон Локк өзінің «Адамның ақыл-ой тәжірибесі» атты философиялық еңбегінде мынадай пікір айтады: адамда туа біткен ой-пікірлер болмайды, олар тәжірибе негізінде пайда болады; адамның сәби кезіндегі ақыл-ойы «Таза тақтай» секілді; сезімде жоқ нәрсе ақыл-ойда да болуы мүмкін емес [3].
Неміс классикалық философтары (Э.Кант пен Гегель) дарындылық түсінігінің ерекшелігін зерттеу, осыған дейінгі қиялшылдығы басым философиялық ұғымдарды жетілдіріп адамның дарындылығын дамыту және әрекеттік сипатын сезінуге мүмкіндік береді [4,5].
Балалардың дарындылығының педагогикалық мәселесін түсінудің бастауы — Я. А. Коменский, И. Г. Песталоцци, А. Дистервег, Дж. Дьюи, К. Д. Ушинский секілді көрнекті педагогтардың еңбектерінде қаланған. Олар өздерінің еңбектерінде балалардың жеке ақыл-ой ерекшеліктеріне, сондай-ақ оқушылардың ерекше қабілеттерін дамыту қажеттілігіне аса көңіл бөлді.
ХIХ ғасырда қазақ халық ағартушылары да халықты сауаттандыру, жеке тұлғаның қабілетін, дарындылықты дамыту мәселелерін көтере бастады. Ағартушы Ы. Алтынсарин: «Табиғи ақыл өзін қоршағанды ғана құшағына ала алса, оны дамытып өзі көрмегенді де танып білуге мүмкіндік жасайтын тек қана өркениетке жетелейтін озық білім», — дейді [6].
Қазақ ағартушылары дарындылықтың туа бітетін қасиет екенін мойындай отырып, адам қабілеттілігінің дамуына білім мен тәрбиенің, еңбектің, қоршаған ортаның зор ықпалының бар екенін айтады.
Абай Құнанбаев адамды қоршаған орта — табиғаттың бір бөлігі дей келе, табиғаттың адам баласына берген керемет сыйы — туылғаннан бастап білуге, түсінуге деген ұмтылысы деп есептейді. Бірақ, бала өсе келе осы қасиетті біртіндеп жоғалта береді. Ұлы ойшыл адамның ойы мен санасы еңбектің іс-әрекеті кезінде қалыптасады деп тұжырымдайды: “Кей қасиет туа бітеді, ал кейбірі еңбек арқылы қалыптасады” [7].
Дарындылық теориясының негізі Ресей педагогтары мен психологтарының еңбектерінде жақсы көрініс тапқан. Л. Выготский, Б. Г. Ананьев, В. А. Крутецкий, Н. Лейтес, В. Тепловтың психо-педагогикалық тұжырымдары дарындылыққа интегралдық жеке тәрбиесі ретінде жүйелі көзқарас тууына негіз болды, адам қабілеттілігінің құрылымдық бөліктерін анықтауға мүмкіндік берді.
Соңғы 10 жыл ішінде дарындылық жайлы мынадай тұжырымдамалық ережелер әзірленген: яғни, интеллектуалдық дарындылық феноменіне жасқа сай келу тұжырымдамасы (Н. С. Лейтес); дарындылыққа жақындап келу адамның шығармашылық қабілетінің көрінісі секілді (А. М. Матюшкин, В. С. Юркевич), дарындылықтың динамикалық теориясы (Ю. Д. Бабаева, Н. А. Дарханов, М. А. Холодная), адамның экопсихологиялық даму шеңберінде дарындылық дамуына экопсихологиялық келу (В. В. Панов).
Осылайша психикалық-педагогикалық әдебиеттерді теориялық талдау балалардың дарындылығын зерттеудің негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
Мектеп оқушыларының дарындылығын дамыту мәселесі тек оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға жекелей жақындап келу ұстанымында қарастырылды. Сондықтан дарынды оқушының теориялық үлгісінің жоқтығын және осы сәтте дарындылықтың нақты анықтамасының болмауын айта кету керек. Соған сәйкес, С. В. Кузнецова төмендегідей анықтама береді: оқушы дарындылығы — осы білімді кез-келген жағдайға қолдана алатын, білімнің кеңдігі, жас ерекшелігіне сәйкес жоғары белсенділігі, психикалық процестерінің дамуының жоғары деңгейлігі, дұрыс ой-түйіндерге сүйене отырып, жұмысты жемісті орындауды қамтамасыз ететін психикалық қасиеттерінің жиынтығы [8].
Н. Ожеговтың сөздігінде дарындылық «табиғаттан» берілетін ерекше қабілет деп түсіндіріледі.
«Дарындылық тұжырымдамалары» атты психологтар дайындаған құжатта «Дарынды бала дегеніміз — айрықша жетістіктермен ерекшеленетін және іс-әрекет барысында сондай жетістіктерге ұмтылатын баланы айтамыз», — делінген.
Педагогикалық энциклопедияда бұған келесі түсінік беріледі: «Дарындылық» — бұл адамның белгілі іс-әрекет аумағында ерекше табыстарға жетуге көмектесетін, қабілет дамуының жоғары деңгейі. «Дарындылық» түсінігі «қабілет» түсінігіне өте жақын.
Дарын дегеніміз адам бойында негізінен ана сүтімен, ана тегімен даритын құбылыс екенін өмір тәжірибелері дәлелдеп отыр. Ғылымда қоғам, орта, мектепте тәрбие нәтижесінде дарынды анықтауға, оны дамытуға мүмкіндік бар.
Дарын — адамның белгілі бір дүниеге психологиялық қабілеттілігі. Осы қабілетті дер кезінде анықтап, оны одан әрі дамыта білу қажет. Жалпы адам баласы табиғатында қабілетсіз болмайды. Біреулердің қабілеті жоғары, екінші біреулердің қабілеті орташа, төмен болады. Өз қабілетіне сай маман иелері өмірде көздеген мақсаттарына қол жеткізе алады.
Сонымен дарын деген не? Дарынды балалар қандай?
Дарынды балалар әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің ортасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен бірден көзге түседі.
Дарынды балаларды қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н. С. Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берді.
Бірінші категория — ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар.
Екінші категория — жеке бір іс-әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.
Үшінші категория — дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар.
Ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша — оларды байқамау мүмкін емес.
Бала дарындылығының байқалмайтын жағдайлары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады.
Балалардың бойында белгілі бір қабілеттердің жарқын көрінісі ой-өріс деңгейінің жалпы дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады.
Үшінші категорияға жататын оқушылар жалпы дамуы жағынан өз қатарластарының алдына шықпайды, бірақ ақыл-ойының өзіндік ерекшелігімен өзгешеленеді.
Дарынды бала — оқушы бойында бұл қасиеттердің бірде-бірі, әсіресе, дүниетанымдық көзқарасы қалыптасып үлгермейді. Сондықтан оқушының дарындылық қасиеті барынша орнықсыз қасиет. Оның басқа түрге енуі немесе сөніп қалуы көзқарастың өзгеруіне байланысты кез келген сәтте орын алуы мүмкін.
Көбіне «Дарынды оқушы — бұл жақсы оқитын оқушы» деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торренстің зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында да жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақтар қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне, түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торренстің зерттеуі нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететінін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Сондықтан мұғалімдер осы зерттеудің нәтижесін есте ұстағандары жөн.
Дарындылықтың танылуына байланысты екі көзқарас бар: 1) барлық бала дарынды болып табылады; 2) дарынды балалар өте сирек кездеседі. Бұл мәселе туралы педагогтар мен психологтар мынадай тұжырым жасайды: потенциалды дарындылық іс-әрекеттің бірнеше түрімен айналысатын балаларға тән, ондай балалар аз емес.
Дарындылық жайлы айтылған пікірлер өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, бұл феноменнің негізінде адамға іс-әрекеттің бір немесе бірнеше түрінде жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін қабілеттер жатыр.
Сонымен, дарынды бала — бұл болашақта жаңа технологияларды шығарушы, әділ саясаткер, сенімді медик, шебер музыкант, қайталанбас суретші, бұл еркіндікті сүйетін, жауапты, рухы биік адам, бұл — ұлттық құндылық.
Менің өз ойым — дарындылық балаға қаннан беріледі. Барлығына бірдей емес. Қазақта мынадай сөз бар — қанына тартқан, қанында бар қасиет — дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Қажет болса бұл сөздердің өзін философиялық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сократ. История философии в кратком исложении. / Пер. с чем. Н. Н. Богута. — М.: Мысль, 1991. — 590 с.
2. Платон. Государство: Сочинения. — М., 1971. — Т. 3, ч. 1. — 315 с.
3. Локк Д. Избранные философские сочинения. 2-х том. Т.1, М., Соц.-экон.лит. 1960- 537.
4. Кант және Гегель философиясы. Әлемдік философиялық мұра. -Алматы: Жазушы, 2006. — Т. 8. — 520 б.
5. Гегель Г. Философские сочинении. — М., 1959. — Т. 9. — 457 с.
6. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. — Алматы, 1994, — 285 б.
7. Құнанбаев А. Қара сөздер. — Алматы: Өнер, 2006. -118 б.
8. Кузнецова С. В. Формирование умственных действий. Под ред. Ю. Б. Гиппенрейтер, В. В. Петухова. — М., 1981. — 86 с