Ұлттық спорттың танымдық және тәрбиелік мәні | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №6 (86) март-2 2015 г.

Дата публикации: 19.03.2015

Статья просмотрена: 364 раза

Библиографическое описание:

Куатбеков, Ш. Н. Ұлттық спорттың танымдық және тәрбиелік мәні / Ш. Н. Куатбеков, Ж. М. Есиркепов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 6.2 (86.2). — С. 43-45. — URL: https://moluch.ru/archive/86/16537/ (дата обращения: 18.12.2024).

Қазіргі уақытта бүкіл тарихи, мәдени – адамгершілік, рухани құндылықтарымыз жаңа ғасыр, жаңа заман тұрғысынан қайта бағаланып, ұлтымыздың төл мәдениеті, салтымыз, тіліміз, ұлттық намысымыз, табиғи ортамыз, ұлттық мәдениетіміз бекіп, жаңғырып, дамып, өркендеуде.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеттері ретінде азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, басқа да тілдерді меңгеруді» -  міндеттейді [1].

Ал,  бүгінгі таңда жеке тұлғаны дамытуды жаңаша көзқараспен қарап, оны әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен ғасырлар бойғы қалыптасқан тәрбие әдістері мен тәсілдерін ұштастырып, өмір тәжірибесі сынынан өткен әдептілік, сыпайылық, адалдық пен инабаттылық, іскерлік, мейірімділік, дарындылық, қайырымдылық, енбексүйгіштік, үлкенді сыйлау, оған ілтипат көрсету сияқты қасиеттерді, сондай-ақ, жас ұрпақтан өркениетті қоғамның ерікті, өз бас бостандығын қорғай алатын, бүкіл адамзат құндылығын бағалай алатын дені сау, ой еңбегі мен дене еңбегіне бірдей қабілетті азамат тәрбиелеу қажет [2].  

Әрбір әдепті ұрпақ халық дәстүрін, ата кәсібін, халық мұрасын жоғары бағалайды. Ата кәсіп – атадан балаға ауысып келе жатқан тіршілік мұрасы, мұрагер жалғастыратын дарынды әрекет болса, халық дәстүрі имандылыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салттары мен дәстүрлері өзінше бір ғажайып әлем.

Халықтық тәрбиенің қайнар көзі: ұлттық дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ауыз әдебиетінің туындылары, өнер түрлері, ұлттық ойындар, отбасы тәрбиесі, тағы басқалары.

Ойын - тіршіліктің нышаны, еңбекке бейімделудің белгісі, дене шынықтыру мен сергудің құралы. Кез-келген қазақ халқының ұлттық ойындарының тәрбиелік мақсаттары бар. Мысалы: “Асық” ойыны бағдарлыққа, дәлдікке, мергендікке, ептілікке үйретсе, доппен ойын бүкіл дененің тұтас қимылдап, шынығуына себепші болады. Ойнаудың түрлерін: «қауымдасып ойнау, одақтасып ойнау, жеке ойнау» деп, мазмұнына қарай оларды «тұрмыстық ойындар, шынығу ойындары, кәсіптік ойындар», ал жас ерекшеліктеріне байланысты «спорттық ойындар» деп бөледі.

Халқымыздың өткен заманда жасаған өнегелі тәжірибесі бізге қалдырған ой-парасаттық мұрасы мол. Бүгінгі ұрпақ бұрынғылардың ақыл-кеңесіне құлақ асса, адаспай, абыржымай, жаңылмай, жаза баспай арман–тілегіне неғұрлым тезірек жетуге жол табады екен. Әр замандағы ақылмандар айтып кеткен даналық сөздер тірліктің барша саласына қатысты, халықтың тәлімі қарастырмайтын бірде-бір мәселе жоқ. Өйткені тәрбие - өмірдің өзекті мәселесі. Олар өмір сүру үшін ғана жазбаған, керісінше, жазу үшін өмір сүрген. Өмір сүруді - өмірдің өзінен үйрену керек деп ескерген, өнегелі ғибраттарын, кітаптарды ауызша сөзбен қалдырған.

Ақылшы ғұлама ұстаз-ақын, әмбеге аян әулие бабамыздың өсиеттері өскелең өмірімізге өнеге, өсер өрендерімізге – тәлім-тәрбие, ісімізге – нұсқа. 

Ұлы тәлімгер Мұхаммед Хайдар Дулати тарихи тұлғалар туралы мәлімет бергенде, олардың тәлім-тәрбиелік ерекшеліктерін көркем сипаттап, болашақ ұрпаққа оларды үлгі-өнеге қылып көрсете білген [3].

Ал, Ыбырай Алтынсарин еңбектерінде діннің тәрбиелік мәнін жоғары бағалады. Ұлағатты ұстаз ислам дінінің аяттарындағы адамгершілік, имандылық, қайрымдылық, мейрімділік қағидаларын өзінің педагогикалық көзқарастарына негіздей отырып, терең түсіндірді. Мысалы, “Намаз оқу мен ораза тұту парыздарының рухани тәрбиелікте, денсаулыққа да мәні зор екенін, жан мен тәнді шынықтыратынын» былай деп көрсеткен:  «Тысқары парыз: дегені дұрыс қимылдату, қолды, аяқты, басты қимылдату – бұл тән тәрбиесіне арналады; ал ішкі парыздың ой-пиғылды намазға арнап, беріліп оқуы – жан тәрбиесіне арналады» [4].

А. Байтұрсынов халықтық педагогика ғасырлар бойы еліміздің тәлім-тәрбиенің пәрменді құралы қызметін атқарып отырғанын анық көрсеткен [5]. А. Байтұрсынов 1922 жылы «Тәні сұлудың - жаны сау» деген еңбегін жазды. А. Байтұрсынов бала тәрбиесін тек білім, тіл, ақыл тәрбиесі деп, біржақты емес, сонымен бірге тән сұлулығына да көп көңіл бөлген [5].

Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Олар өзара бір-біріне байлаулы, бірінің жайына бірі қарайды, біріне келген кемшілік біріне білінбей қоймайды. А.Байтұрсынов өз еңбектерінде тек тән мен жан байланысын көрсетіп қоймай, дене тәрбиесіне керекті мәселені атап көрсетті:

1.    Мерзіммен күнтәртібін сақтау, таза ауа, тамақ, сусын.

2. Тән қызметі дұрыс болу үшін дене шынықтыру, гимнастика, ат спорты, ұлттық қимыл ойындары.

3. Дененің әртүрлі мүшелерінің қызметін дұрыс басқару, дұрыс атқару, тамақ қорыту, қан айналу.

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» аты еңбегі қазақ топырағында тұңғыш жарық көрген нағыз ұлттық - педагогика оқулығы. Сол еңбегінде М.Жұмабаев сөз басында: «Тәрбие деген не?»- дейді де, оған жауап бере келе, оны дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі деп төртке бөледі. «Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны»,- дейді. «Балам адам болсын дейтін ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын»,- деп жазып, оларды ұлттық тәрбиенің құрамдас бөліктері деп санайды.

1. Ең әуелі дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оны физиологиямен, математикамен, эстетикамен, бала психологиясымен ғылыми байланыстырып, талдау жасау арқылы, халық педагогикасын пайдалана отырып, бұл тәрбиені іске асырудың жолдарын көрсетіп берді. «Дене – жанның қабы», «Дені саудың жаны сау», - дейді.

2. Дене тәрбиесінің өзін 19 бөлімге бөліп, осы әр бөлімдерге жеке-жеке тоқтап, түсініктеме беріп педагог ретінде нақтылы дәлелдермен бекітеді [6].

Адам қимылының шын мәнімен  жетілгендігі сол қимылды қажет еткен саналы әрекетке тікелей байланысты. Әрекетті  құрайтын қимылдар тобы белгіленген мақсатқа орай басқарылады және реттеледі. Дәл осы орындалатын әрекеттің нәтижесі қойылған мақсат тұрғысынан бағаланады, қажет болса оған түзетулер ендіріледі. Адамның көздеген мақсаты нақты осы мезетте көрінбейді, ол ендігі орындалатын әрекеттің жемісі.

Халқымыздың зиялылары ұрпақ тәрбиесін жас кезеңнен бастауды және де оның дене күші мен рухани күшін бірдей жетілдіріп, дамытуға аса мән берген. Олар баланы жас кезінен бастап, туған халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ана тілі арқылы тәрбиелеу керектігін өз еңбектерінде айқын көрсетті. 

Дене шымыр болмай, оның әлсіз жетілгеніне қарамастан, ақыл-ой құрылысы мен қызметінің арасында үйлесімдіктің мұндай тең болмай ауытқуы жазасыз қалмайды. Ол өзінің дене әлсіздігін байқатады: адам ойлап түсіне білуі мүмкін, алайда ойлаған идеяларын жүйелі түрде тексеруден өткізіп, оларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін қажыр-қайраты жетпейтінін көреміз. «Күшін білмеген күшенер» деген осындайдан айтылса керек.

Адамның дені сау болуы бірқатар факторларға – оның психикалық күшіне, өзін-өзі ұстай білу сезіміне, қарама-қайшылықты дер кезінде жоюға, эмоциялық дау-жанжалды жеңуге, отбасы, ұжымдардағы адамдар арасындағы әртүрлі мүдделер мен өркөкірек мінезді үйлестіретін қарым-қатынастың қалыптасуына байланысты болады. Олар үш топқа бөлінеді:

1) топтағы ерекшелік – белсенділік пен мақсатқа ұмтылу.

2) топтағы сипат жігерсіздікпен және сезіп қана қоюмен шектеледі.

Мұндай адамның әрекетсіздігі кейде оның ішкі жан-дүниесінің қайшылықтарына, әсіресе өмірдегі өз орнын таба алмай ауытқу себебіне байланысты.

Оқыту мен тәрбиелеу өзінің мазмұны бойынша халықтың көпқырлы әрі терең дәстүрлері мен ұлттық психологиясының көрінісі болып табылады.

Әр халықтың өзіндік сана-сезімі мен ішкі рухани үдерістеріне байланысты оқыту мен тәрбиелеудің бағыттары тарихи кезеңдегі қалыптасуы жүзеге асып отырады. Сондықтан ұлттық-психологиялық ерекшеліктер оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын анықтай отырып, мынадай принциптер арқылы жүзеге асады:

- педагогикалық әсер етудің этнопсихологиялық детерменизмі принципі-  оқыту мен тәрбиелеу үдерісі халықтың ұзақ уақыттағы, тарихи кезеңдердегі дәстүрлері мен мұраларына, халықтың ұлттық-психологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени дамуына бағытталуын қарастыруы;

- педагогикалық қызмет пен халықтық түсініктердің өзара бірлігі принципі– халықтың тарихи кезеңдерде қалыптасқан ұлттық сана, ұлттық рух пен құндылықтар негізіндегі білімі мен тәжірибесін, біліктерін педагогикалық үдерісте сабақтастықта қолдану;

- халықтық педагогика идеяларының арнайы (кәсіптік) білім беру жағдайындағы ықпалдастығы принципі– халықтық дәстүрлер, мұраларын педагогикалық шараларды ұйымдастыруда, белгілі бір кәсіпке сәйкес немесе болашақ мамандығына ықпалдастыру;

- халықтық мұраларды педагогикалық процеске бейімдеу және оны дамыту принципі - студенттің кәсіби іс-әрекетіне дайындығы барысында халықтық педагогика материалдарының мәнін жете түсінуі, оны қызығушылықпен қабылдап, практикада қолдану және ұлттық құндылықтарды дамытуға, жетілдіруге ат салысу т.б. қарастырады;                 

Сонымен, жоғарыда келтірілген теориялық талдаулар зерттеліп отырған мәселенің қазіргі таңда жастарымыздың қазақ елінің ардақты, рухани санасы мен мәдениеті қалыптасқан жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызы зор екенін көрсетіп отыр.

 

Әдебиет:

1.      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылға дейінгі даму бағдарламасы. Білім және ғылым хабаршысы – Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігі, 2004. - №1.

2.      Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Астана: Елорда, 2006. - 48 б.

3.      Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау: Теориясы және практикасы. – Алматы: «Нұрлы әлем», 2004. – 304б.

4.      Алтынсарин Ы. Шығармалары. –Алматы: «Жазушы», 1990. -201б.

5.      Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы: «Ана тілі», 1992. – 448б.

6.      Жұмабаев М. Таңдамалы. –Алматы: «Ғылым», 1992. -272б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, Алматы.


Задать вопрос