Қызылорда облысы геокешендердің табиғи даму тенденциясы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Айдаров, О. Т. Қызылорда облысы геокешендердің табиғи даму тенденциясы / О. Т. Айдаров, Г. О. Байзулдаева, Э. У. Жусупова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 7.1 (87.1). — С. 12-14. — URL: https://moluch.ru/archive/87/16657/ (дата обращения: 19.12.2024).

Табиғи кешендердің тарихи даму ерекшелігіне шолу жасау олардың болашақтағы өзгерісіне баға беру үшін қажет. Л. С. Бергтің «Табиғи ландшафтарды танып — білу үшін оның қашан қалай пайда болғанын, уақыт өте келе неге айналатынын анықтау керек» — деген тұжырымы осы ойдың бірден-бір дәлелі болып табылады. Алуан түрлі табиғи факторлар мен процестер комплекстердің дамуына бірдей әсер етсе де әрқайсысының қарқыны мен бағыты әрқалай. Әсіресе, «Древняя дельта Сыр-Дарьи и Северные Кызылкумы» еңбегінде А. М. Боровский, М. А. Погребинский сияқты ғалымдар, әсіресе климатқа негізгі фактор ретінде табиғи факторларға көп көңіл бөлген [1]. Климаттағы жылу мен ылғалдың қарым-қатынасы, ылғалдану коэффициенті сияқты көрсеткіштерінің рөлі ерекше. Сонымен қатар, климаттың көп жылдық көрсеткіштерінің ауытқуы, кеңістік пен уақыт арасында өзгеруіне көп көңіл бөлу қажет. Жалпы ылғалдану теориясы бойынша солтүстік жарты шарға әр түрлі ұзақтықтағы ритмикалық ауытқулар тән. Ең ұзақ ритмнің мезгілі — 2000 жыл. Ол ірі екі фазаға және өтпелі фазаға бөлінеді:

а)     салқын-ылғалды — 300–500 жыл;

б)     жылы және құрғақ — 600–800 жыл;

в)     бірінші мен екінші фаза аралығындағы өтпелі фаза -700–800жыл.

Дегенмен, қазіргі климаттың өзгеруі ылғалданудың бірде артып, бірде төмендеп ауысып отыруына сәйкес. Шнитников бойынша, мұндай кезендердің ұзақтығы — 45 жыл. Ылғалданудың соңғы өсу фазасы Қазақстан территориясында өткен ғасырдың 40- жылы болған [2].

Сонымен өткен геологиялық даму кезеңінде де климаттық көрсеткіштер өзгеріп отырған. Мерзімі бойынша климаттық көрсеткіштердің өзгеруі соңғы геологиялық кезеңде пайда болған: 70 млн. жыл бұрын жылы климат оның қайта суылып, мұздықтарды пайда етуімен ауысып отырған. Мұздықты кезендер плейстоценде (ұзақтығы 100000 ж.) мұзаралық жылынумен (ұзақтығы 20000 ж.), соңғысы осы күнге дейін созылуда. Плейстоцен мен голоцен аралығындағы климаттың өзгеруі қазіргі табиғи зоналардың шекараларының қалыптасуына ықпал етті. Алғаш рет М. Х. Байдал Қазақстан территориясы үшін апатты қуаңшылықтың калыптасуын күннің активтігімен байланысты екенін дәлелдеді: күн активтілігінің (белсенділігінің) 11 жылдық цикл максимумында қуаңшылық сирек, ал керісінше болған жағдайда көп, яғни жиі қайталанып отырды. Ал ауа температурасының көп жылдық өзгеру циклы — 30 жыл. Сонымен, жоғарыда айтылған авторлардың еңбектерінен ылғалдану режимінің, температура мен жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі күннің активтілігімен байланысты екенін түсінеміз. Циклдық өзгерістер жылы және суық кезеңдердің бір-бірімен ауысып отыратынынан байқалады. Бұл кезеңдердің ұзақтығы әрқалай: 2-ден 11–22 және 30 жылға дейін [3].

Сонымен, Қызылорда облысындағы қазіргі климаттық жағдайының өзгеруі, мысалы, теңіздердің деңгейлерінің тартылуы мен өзен суларының азаюы жағымсыз табиғи процестердің қалыптасуына әсер етті. Егер де өткен ғасырдың 60 — жылдарына дейін облыс аумағында су эрозиясы, тұздану, дефляция сияқты процестер басым болса, қазір теңіз деңгейінің төмендеуінен жер асты суларының деңгейінің де төмендеуі көп кездеседі. Аридті климат үдеді, батпақтардың, қамысты кешендер мен тоғайлардың ауданы азайды. Кейбір жерлерде өзен — көлдер құрғап, сортаң және сор шұңқырлар пайда болды. Осы процестердің нәтижесінде табиғи кешендердің ауысуы, тұз шоғырлану, өсімдік пен топырақтың нашарлауы, жалпы алғанда, эолдық процестер ұлғайды. Мұндай процестер бүкіл Қазақстан территориясына тән. Осы процестердің тарихи кезеңде дамуы мен кеңістік бойынша алмасып отыруы бірнеше факторға байланысты. Әсіресе территорияның морфоқұрылымдық және морформүсіндік құрлымын, неотектоникалық қозғалыстардың режимін, климат және антропогендік факторларды ерекше атап кетуге болады. Осы процестерге байланысты аккумуляция мен денудация, экзогендік процестердің қарым-қатынасы кеңістік бойынша әр түрлі. Бағыты мен қарқыны әр түрлі эолдық процестер бүкіл Қазақстан территориясында дамыған.

Дефляция процестері климаттың континентальдығымен, жиі-жиі соғатын қатты желдермен байланысты, көтеріңкі рельеф формаларына жақын орналасқан депрессиялардың дамуында маңызды рөл атқарады. Тұйық депрессиялар қатты қызатындықтан, құмдар мен шаң-тозаңдар олардан тымық ауа райы кезінде де ұшатыны белгілі. Қарқындылығы жоғары дефляциялық процестер теңіз түбінен босаған жерлерде де басым. Осының нәтижесінде теңіз, көл түбінен босаған шаң — тозаң, химиялық құрамы әр түрлі тұздар басқа территорияға ұшырылады. Теңіз, көл түбінен босаған тау жыныстарының құрамына, механикалық құрылымына байланысты олар әр түрлі қашықтыққа жетеді, сөйтіп пайда болған орталығынан алыс аймақтарға шоғырланады. Мысалы, ғалымдардың мәліметі бойынша Арал теңізі табанынан ұшқан тұздар Тянь — Шань тауының мұздықтарының еруіне әсер етуде деген мәлімет бар. Тәулік пен жыл мезгілдері бойынша температураның күрт өзгеруі химиялық және физикалық үгілуге негіз болады. Мұндай үгілу процестері бүкіл территорияда кеңінен тараған. Олар белгілі бір рельеф формасын құрамайды, дегенмен басқа аридті процестерге материал жинақтайды. Шөлдену, құрғақтану процестерінің нәтижесінде топырақ пен өсімдік жамылғысының сандық және сапалық қасиеттері нашарлайды. Әсіресе топырақ жамылғысының тұздануы, бірақ тұздану қарқындылығы территория бойынша әрқалай. Өйткені, өзен аңғарлары мен теңіз деңгейінен және жер асты суларынан қаншалықты алыс, жақын орналасқанына байланысты өзгермелі сипатқа ие болады. Сондықтан бір табиғи комплекстерде тұздану қарқынды болса, екіншісінде керісінше. Оның салдары: тұздану мөлшері алуан түрлі тақырлар мен шалғынды, батпақты, сортаң топырақ түрлерінің дамуы. Топырақ жамылғысының, ауа қабатының тұздалуының негізгі көзі — палеоген және неоген дәуірлерінің құмды-саздақты тау жыныстары. Территорияға, жалпы хлоридті-сульфатты тұздану тән. Қарқынды тұз шоғырлану Қазақстанның жазық аймақтары мен қазаншұнқырлы территорияларында кездеседі. Мысалы, Сырдария сияқты ірі өзен суының азаюы оның жағалауында орналасқан өзен, көлдердің, батпақтардың су және гидрохимиялық режиміне де ықпал етеді. Ол судың минералдануының көбеюінен, өзен, көлдердің тартылуынан, батпақтардың құрғауынан айқын көрінеді. Шайылу процестері рельеф формасының көтеріңкі аймақтарында дамыған. Олардың төменгі етегінде орналасқан ойпаттарда делювий, пролювий процестері басымырақ. Беткей денудациясының құрамдас бөлігі гравитациялық процестер болып табылады. Тау жыныстарының литологиялык құрамы, климаттық, топырақ пен өсімдік жамылғысының ерекшеліктері ірі беткейлерде ысырынды, шайылу, эрозия сияқты процестердің жақсы дамуына әсер етеді. Олардың ұзындығы 0,5 км-ден 2 км дейін, ені — 0,1–1 км. Гравитациялық процестердің нәтижесінде борпылдақ тау жыныстары қалыптасады да, эолдық процеске дайын материал пайда болады.

Құрғақтану процесінің үдеуіне байланысты топырақтың беткі қабатында жарықтар пайда болады. Әсіресе осындай жарықтар айқын байқалатын тақырлы жерлер құрғаған қазаншұңқырларда кеңінен өріс алған.

Батпақтану процесі 60-жылдармен салыстырғанда нашар дамыған, көптеген батпақты ойыстар құрғап, тақырға, сор қазаншұңқырларға айналып отыр. Бірақ толығымен жойылып кетеді деп айтуға болмайды, кішігірім батпақтар өзен аңғарларында кездеседі. Сонымен табиғи ортаның қазіргі жағдайында территорияның барлық компоненттері тұрақсыз. Әсіресе, биота тұрақсыздығын ерекше атап өткен жөн. Ол топырақ жамылғысының механикалық құрамына, ылғалдану денгейіне ирригациялық жүйелерге және мал жайылымына тікелей байланысты. Топыраққа қарағанда өсімдік жамылғысы аз уақытта шөлді типтерге ауысады. Сондықтан өсімдік жамылғысы — табиғи компоненттердің даму сатысын көрсететін негізгі индикатор. Өсімдіктің динамикалық өзгерісі негізгі жайылымды жерлердің өнімділігінің өзгеруінен, яғни күрт төмендеуінен айқын көрінеді. Өсімдік трансформациясы олардың бір топтарының екіншісімен ауысуынан, ылғал сүйгіш өсімдіктердің орнына қуаншылыққа төзімді, тұз сүйгіш өсімдіктердің қалыптасуынан байқалады. Дегенмен, табиғи жағдайлардың нашарлауы (шөлдену бағытында) жалпы өсімдік топтарының зоналық ауысуына әсерін тигізбейді. Өйткені зоналық өсімдік жамылғысы да аридті территорияларға тән галофитті ксерофитті формациялардан тұрады [4].

Сонымен қазіргі ландшафт құрушы процестер зоналық және азональдық геологиялық, геоморфологиялық ерекшеліктермен айқындалады. Өз кезегімен табиғи зона шеңберіндегі ландшафт құрушы процестердің таралуы литогендік негізге рельефтің морфометриялық және морфологиялық ерекшеліктеріне де тікелей бағынышты.

Қазіргі табиғи кешендердің дамуына, эволюциялық ерекшелігіне антропогендік факторлардың тигізер әсеріне ерте кезден-ақ назар аударылған. Ал соңғы уақытта ғылыми-техникалық революция жетістіктерне байланысты оның әсері кейде табиғи процестер әсерінен он есе артық больп отыр. Сондықтан қазіргі ландшафтардың шығу тегі мен болашақтағы даму бағытын анықтауда тек табиғи факторларды есепке алу жеткіліксіз. Табиғи кешендердің қуаңшылыққа ұшырауының әр түрлі деңгейде болу себебі — табиғи факторлармен қатар, антропогендік факторлардың әсерінен.

Шөлдену, тұздану т. б. процестердің нақты көрсеткішінен — ең алдымен топырақ құнарлылығының және өсімдік жамылғыларының азғындауы, егіс өнімділігінің кемуі. Тіпті, ну тоғайлардың мүлдем жойылып кету мүмкіншілігі байқалады. Нәтижеде — ауыл шаруашылық айналымынан шығып қалған жерлердің көлемі артады және айналымдағы жерлердің биологиялық өнімділігі төмендейді. Ондай жерлерді Сырдария бойындағы тоғайлықтар мен егістік алқаптарда жеткілікті кездестіруге болады.

Қызылорда облысында суармалы егістік жерлерінің басым бөлігі ағынсыз шұңқырларда орналасқандықтан, қайта тұздануға қолайлы. Екіншіден, егістік аймақтарда суару нормасы дұрыс жүргізілмесе топырақ құрамының құнарлығы да өзгеріске ұшырайды, сөйтіп құнарлы жерлердің ауданы кемиді, топырақтың екінші қайтара тұздануы жүреді. Егістік жерлердің мелиоративтік жағдайында нашарлауы қайта тұздануға, тұзды жер асты суларының жоғары көтерілуіне себеп болады. Кейде қайта тұздану суармалы егістікке су каналдары арқылы жіберілген тұзды су қосылуы арқылы да пайда болады.

Өзен суларының әр түрлі пестициттер мен минералдары тыңайтқыштармен ластануы да қосымша фактор болып табылады. Бұл процесс тіпті «химиялық ластану» деген атқа ие болған. Олар өзен аңғарында орналасқан өнеркәсіп қалдықтары мен мал фермаларынан жиналатын органикалық ағын сулар.

Соңғы 20–30 жылда Қызылорда облысының геокешендерінің табиғи даму тенденциясы антропогендік фактордың әсерінен қарқынды жүруде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.               Боровский А. М., Погребинский М. А. Древняя дельта Сыр-Дарьи и Северные Кызылкумы. — Алма-Ата, 1958. — Т.1. — С. 515.

2.               Сауытбаева Г. З., Айдаров О. Т., Дүйсенбаева А.Қ. Қызылорда облысының физикалық және әлеуметтік-экономикалық географиясы.- Қызылорда: Тұмар, 2004. — 16 б.

3.               Қазақстандық Шығыс Арал өңірінде табиғи ортаның антропогендік бұзылуы және оның әлеуметтік-экономикалық зардаптары // Ғылыми-зерттеу экспедициясының есебі / ҚМУ. — Қызылорда, 2002. — 95 б.

4.               Нұрғызаринов А. М., Шапшанов Қ. Арал өңірінде өндірісті экологияландыру. — Алматы: НЦПФЗОЖ, 2001. — 35–40 бб.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, дама, Древняя дельта Сыр-Дарьи, оса, пена.


Задать вопрос