ҚР шағын және орта бизнесі даму тенденциялары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Назарова, Г. Н. ҚР шағын және орта бизнесі даму тенденциялары / Г. Н. Назарова, Руслан Толегенов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 5.1 (191.1). — С. 62-65. — URL: https://moluch.ru/archive/191/48245/ (дата обращения: 18.11.2024).



Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының өз алдына қойып отырған міндеттерінің бірі- шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде көрініс табуда. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының материалдық негізі ретінде үлкен рөл атқарады. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсаруы үстінде. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей [1], бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20% орнына кемінде 50% өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге- қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек» деп шағын және орта кәсіпкерліктің маңызын атап көрсетті. Осы орайда елімізде көптеген шаралар жүзеге асуда. Олардың қатарында:

- шағын және орта кәсіпкерлік еліміздегі жұмыссыздықты азайтудың негізгі нысаны. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама жүзеге асқалы бері, елді- мекен тұрғындарының табысы 6% артты. Кедейшілік деңгейі 5,9% дан 3,8%- ға қысқарды.

- Мемлекет тарапынан қаржы-несиелік және инвестициялық климат жасалып, шағын және орта кәсіпкерлікке қаржы-несиелік және инвестициялық тұрғыдан қолдау жүргізілуде.

- Шағын және орта кәсіпкерлікті жетілдіру жолында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қызмет атқарып жатыр.

- Ауылдық жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінуде. Бұл шараларды «Ауыл шаруашылықты қаржылық қолдау қоры» АҚ, «Казагрофинанс» АҚ, «Продкорпорация» АҚ жүзеге асыруда.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолы болып кәсіпкерліктің әртүрлі қырларын кеңінен қарастыру ғана емес, инновациялық тәсілдерді, дәстүрлі емес және озық технологияларды қолдану, ең жаңа өнімдер мен қызметтерді пайдалану да табылады. Қазақстанда шағын және орта бизнеске бірнеше инвесторлармен құрылатын, географиялық шектелген зоналарда қызмет ететін және нарықтың шектеулі үлесіне ие, басқаруды құрушылар жүзеге асыратын, барлық негізгі стратегиялық шешімдерді өздері қабылдайтын кәсіпорындар жатады.

1-сурет. ҚР ШОК жұмыспен қамтылғандар саны [2]

Ескерту: ҚР Статистикалық мәліметтерінен алынды

Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған субъектілердің саны бойынша 2005 -2016 жылдар аралығындағы көрсеткіштер соңғы 3 жылды салыстыратын болсақ, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар бойынша 2014 және 2015 жылдарда 39,5%ға артқан, ал 2015 және 2016 жылдарда 5,40%ға артады. Орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар алғашқы жылдары 31,8%ға кеміді, ал 2015 және 2016 жылдарда бұл көрсеткіш оң бағасын берді, алайда 0,3 % ға ғана ұлғайған. Дара кәсіпкерлер бойынша көрсеткіштерде алғашқы жылдар аралығындa 19,7% дық көрсеткіштермен ұлғайғандығымен, 2016 жылы 5,3% ға төмендегендігін көріп отырмыз. Соңғы шаруа немесе фермер қожалықтары бойынша көрсеткіштерде 7,4 % дық көрсеткіштермен оң көрсеткіштермен бағаланса, ал 2016 жылы 3,52%ға төмендегендігін көріп отырмыз.

Шағын кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін аса күрделі мәселелердің бірі – субъектілердің басым көпшілігінде жеке инвестициялық және айналымдық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін жеткілікті қаржы ресурстарының болмауы. Сондай-ақ, қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің дамуы бізде негізінен күрделі қаржы жұмсалымдарын аса қажет етпейтін салалар мен делдалдық салада орын алып отырғандығы да өркендеудің бір мәселесі болып отыр. Төмендегі суретке сәйкес, шағын және орта бизнес негізінен сауда, қоғамдық тамақтандыру, азаматтық нысандар құрылысы, техника мен машиналарды ұсақ жөндеу, ауыл шаруашылығы салаларында шоғырланған. Ал ғылыми-техникалық жаңалық пен ақпарат саласы секілді аса күшті нарық игерілмей отыр.

2-сурет. ҚР шағын және орта бизнесте тіркелген салалар құрылымы[2]

Ескерту: ҚР Статистикалық мәлеметтерінен алынды

Бұл суретте Шағын және орта бизнестің тіркелген заңды тұлғаларының салалық құрылымы бойынша көрсеткіштерді көруімізге болады. 2017 жылдың қаңтарының соңында Қазақстанда 800 мың ЖК (жеке кәсіпкерлік) саналған. Бұл – елдегі шағын және орта кәсіпкерлердің көрсеткіші 69%-ды құрайды . Өткен жылдан бері бұлар 15 пайызға азайған. Соның ішінде жеке кәсіпкерліктің 47 пайызы сауда саласында. 2015 жылдан бері шағын және орта бизнесті қаржыландыру қарқын ала бастады. 2014 жылдан бері банктердің берген несиесі 2,3 есеге артты. Өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда несие 29 пайыз ұлғайып, 3 трлн теңгеге жетті. Алайда тағы да Азия даму банкінің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнестің тек 19 пайызы ғана несие алады екен. Ал қалғандарының қаржы көзін кәсіпорын иесі өзі қарызданып жүріп қамтамасыз ететін болып шықты. Оған себеп – бизнестің несие тарихының нашарлығы немесе қажетті құжаттардың болмауы. Несие негізінен сауда саласында (37%), құрылыс саласында (13%), өнеркәсіпте (13%) және экономиканың негізгі секторына кірмейтін өзге де салаларға беріледі. Қазақстанда еліміздің жалпы ішкі өнімінің едәуір бөлігін – өз қызметінде қосымша жұмыс күшін қажет етпейтін жаңа технологияларды қолдану мүмкіншілігі бар ірі кәсіпорындар құрайды. Мысалы, тау-кен өндірісі саласының кәсіпорындары капиталды қажет етеді және еліміздің тұрғындарының жұмыспен қамтамасыз етілу деңгейіне сәл ғана әсер етеді. Осы саладағы табыс – жекелеген тұлғалардың шектеулі тобының қолында шоғырланған, ал бұл – қоғамдағы әлеуметтік жіктелудің күшеюіне апарып соқтырады. «Голландиялық сырқаттың» кейбір белгілері мен ресурстық қарғыс нышандарының белгілі бір деңгейде орын алып отырғандығын атап өтуге болады[3].

Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдаулар және әкімшілік реттеу жүргізіліп жатқанмен, шағын кәсіпкерлік қызметтің нәтижелері әлі де жоғары деңгейде емес. Шаруашылық салаларын алатын болсақ, саудадан басқа жерде шағын және орта кәсіпкерліктің жетекші ықпалы байқалмайды.


3-сурет. ҚР ШОК белсенді (жұмыс істеп тұрған) субъектілері[4]

Ескерту: ҚР Статистикалық мәлеметтерінен алынды

Бұл суретте шағын және орта кәсіпкерліктің (жұмыс істеп тұрған) субъектілердің саны бойынша 2005-2015 жылдар аралығындағы статистикалық көрсеткіштер берілген. Бұл көрсеткіштердің 2014 және 2015 жылдарын салыстыра келе, шағын кәсіпкерліктегі жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың көрсеткіштері 2014 жылы 74829 мың заңды тұлғалар белсенді жұмыс жасаса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 175679 мың субъектіні құрайды және де 134%ға ұлғайған, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 2014 жылы 4559 заңды тұлға ал 2015 жылы 2097 ғана субъекті ғана жұмыс жасауда және де 54%-ға төмендеген. Осы деректер бойынша дара кәсіпкерліктегі субъектілер 2014 және 2015 жылдарда 27%-ға ұлғайған және де соңғы шаруа немесе фермер қожалықтары бойынша 18,6%-ға артқан.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда тіркелген жеке кәсіпкерліктің (ЖК) 726 мыңы ауылда болса, 564 мыңы қала халқына тиесілі. Дегенмен үкімет қалаға қарағанда ауыл халқының іскер келетінін ескермей отырғанға ұқсайды. 2016 жылдың қорытындысына жүгінсек, Қазақстан қалаларында еңбек ресурсы құрылымындағы 15,4 пайыз азамат қана өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болса, ауылдағы бұл көрсеткіш 39 пайызға тең. Сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлердің еңбек өнімділігі де артып келеді. Дәлірек айтсақ, ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың 52 пайызы жеке кәсіпкер. Салыстыру үшін айта кетейік, 2013 жылы бұл көрсеткіш 35 пайыз болған. Ауыл халқының кәсіпкерлікке деген ынтасының жоғарылығына қарамастан, банктер қалалық жердегі азаматтармен көбірек жұмыс істегенді жөн көреді. Ауыл кәсіпкерлері үшін арнайы несие түрінің жоқтығы да ауыл бизнесінің несие алуына кедергісін келтіріп отыр [5].

Қорытындылай келе, шағын және орта бизнестің рөлінің артуын кәсіпкерлер форумының тұрақты жүргізілуі шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының құрылу, барлық екінші деңгейлі банктердің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие берудің минимал мөлшерін тағайындауы (банктің несие қоржынының негізгі қраыздан 10%-тен за болмау), орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау агенттігінің құрылуы, шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша әкімдердің қызметің қатаң қадағалау, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыстарына жағдай жасау және жеңілдіктер беру. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуының заманауи шарттары – нарықтық ортада жұмыс істеуге барынша дайын болуы тиіс кәсіпкерлердің контингентін жаңарту қажеттілігін анықтайды. Отандық экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, шағын және орта кәсіпкерлік секторы үшін мамандарды ұдайы даярлауды жүзеге асырып отыру қажет.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» // Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты [Электрондық ресурс]. – Қол жеткізу тәртіптемесі:http://www.akorda.kz/ru/page/poslanie-prezidenta-respubliki-kazakhstan-n-a-nazarbaeva-narodu-kazakhstana-29-yanvarya-2010-goda_1340624693 (Жолдаудың күні: 05.02.14 ж.).
  2. Статистикалық деректер // Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігінің ресми сайты [Электрондық ресурс]. – Қол жеткізу тәртіптемесі:http://www.stat.gov.kz/ (Жодаудың күні: 05.02.14 ж.).
  3. Алиев Т.М. Қазақстан: «ресурстық қарғыс» немесе «голландиялық сырқат»? // Экономика мәселелері. – 2013. – № 6. – 17-35 б.
  4. http://stat.gov.kz/faces/wcnav_externalId/homeNumbersSMEnterprises?_afrLoop=3236786985920655#%40%3F_afrLoop%3D3236786985920655%26_adf.ctrl-state%3D5aud72mht_34
  5. http://abctv.kz/kz/news/dagdarys-kezinde-shagyn-biznesti-koldaudagy-kemshilikter
Основные термины (генерируются автоматически): орт.


Задать вопрос