Кәсіби қазақ тілін оқытудың технологиялық-инновациялық әдістері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Абилкасов, Г. М. Кәсіби қазақ тілін оқытудың технологиялық-инновациялық әдістері / Г. М. Абилкасов, Г. С. Байпелова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 2-4. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42672/ (дата обращения: 16.12.2024).



Елбасы ғылыми инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынғанын жақсы білеміз.

«Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз ғылыми инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сондықтан ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуымыз қажет», – деп атап көрсетті Н. Ә. Назарбаев.

Н. Ә. Назарбаевтың жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мен инновация туралы ой-тұжырымын көрсететін пікірін әрқайсымыз қолдаймыз. «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың ғылыми инновациялық жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, экономикалық, ғаламдық , коммуникациялық желілерге шығу...»- деген еді мемлекет басшысы [1, 6]. Бұл барлық құндылықтарды талапты жастың көкейіне сіңіруге үндеген тәлімді сөз.

Инновация дегеніміздің өзі – жаһандану заманында ғылымның, жаңалықтың өндіріске енгізілуі деп білеміз. Қазақстандық ғалымдарымыз да ұлттық ғылыми инновацияға өз үлестерін қосуда.

Соңғы жылдары әлемдік экономикада білім мен инновацияны маңызды экономикалық ресурстар ретінде пайдалану базасында экономикалық өсудің жаңа типі қалыптасты. Қазір материалдық игіліктерді жасау көп жағдайда ғылымның жалпы деңгейі мен техниканың прогресіне немесе осы ғылымның өндірісте қолданылуына тәуелді.

Дамыған елдердің экономикасын қазіргі уақытта индустрияланудан кейінгі ақпараттық немесе білім экономикасы, болмаса қызмет көрсету технологиялық экономикасы деп анықтайды. Басқа да анықтамалар бар, бірақ, бастысы, қазіргі экономиканың мықты инновациялық құрамдас бөлігі бар. Сондықтан, егер біз әлемдік экономикаға тең түрде ықпалдасқымыз келсе, жаһанданудың талаптарына өзімізге пайдалы жағынан бейімделгіміз келсе, онда өзіміздің дамуымызда бұдан әрі қарай да тек табиғи ресурстарға иек артпауымыз керек. Осы жолдағы негізгі міндеттердің бірі «білім экономикасы» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды қолдану, инновациялық экономиканы дамыту болып табылады. Ол үшін адами капиталды дамыту, елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайту талап етіледі. Бұл ғылым мен білім беру ісінің алдына үлкен міндеттерді қояды, оларды дамытуда радикалды өзгерістерді талап етеді.

Қазақ тілін оқытуда инновациялық төл технологияны пайдалануды жүзеге асыру басты мақсатқа айналып отыр. Төл технологияны жасауға өзге елдің ой-пікірлерімен қатар, алаш арыстары мен қазақ халқының көрнекті ғалымдарының оқыту, тәрбие туралы жасаған ғылыми тұжырымдары, әдістемелік кешендері негіз етіп алынады. Ұлттық технологияның мақсаты-қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде діттеген мақсатын орындата алатын, қазақтың тарихы, әдебиеті мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді, мәдени ұлттық тұлға қалыптастыру [1, 6]. Бұл мақсаттың орындалуы үшін мына төмендегідей міндеттер басшылыққа алынады. Олар-қазақ тілінің сөз байлығын терең игерту арқылы, әр сөздің ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін, сөз сырына бойлату арқылы студенттің танымдық дүниесін қалыптастыру, кез-келген шаршы топта өз ойын мүдірмей шебер де шешен жеткізе білуге машықтандыру. Сол арқылы әр студенттің қазақ тілінің құдіретін басқаларға таныта, бағалай білуге баулу, жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде шығармашылықпен орындай білуге төселдіру. Қазақ тілі өзге пәндердің негізін түсініп, терең меңгеруге басты құрал екенін саналы түрде түсінуге бағыт – бағдар беру, түрлі шығармашылық жұмыстар жүргізу арқылы студенттерді іскерлікке, тапқырлыққа баулу. Ана тілінің негізінде екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау, пәнаралық байланысты қүзеге асыру, кешенді талдау арқылы теориялық материалды тілдік қатынасым теориясы (жазылым, айтылым, тыңдалым, сөйлесім) арқылы практикалық тұрғыдан талдап, тұжырым жасап, оны өмірде қолдана білуге машықтандыру.

Мәтіндер атқаратын қызметі, мазмұны, көлеміне қарай негізгі, қосымша және түсіндірме мәтіндер болып үшке бөлінеді. Негізгі мәтіндер іштей сипаттама, теориялық және түсіндірме түрінде келіп, нақты материалдарға құрылады. Сипаттама мәтіндер ғылыми фактілерді суреттеп, шындық өмір құбылысын дәл береді. Теориялық мәтіндер, теориялық пайымдаулар мен анықтамалар ретінде келіп үлкен танымдық роль атқарады. Қосымша мәтіндерге, студенттерге арналған құлақққағыс мәтіндер, деректі-хрестоматиялық материалдар, жаттығулар мәтіндер, қорытындылар мен түйіндеулер жатады. Осы орайда кәсіби қазақ тілін техникалық жоғары оқу орнының студенттеріне оқыту барысында белгілі бір мәтіндерді тіл дамыту жұмыстары үшін ұсынамыз. Трансформатор – бұл айнымалы токтың параметрлерін түрлендіретін (кернеу, ток, жиілік) екі немесе одан да көп қозғалмайтын орамнан тұратын, электромагнитті статикалық түрлендіргіш. Электр құрылғыларында өзгермейтін жиілікте айнымалы токтың кернеуін түрлендіретін сонымен қатар, оның жиілігін, фаза санын түрлендіруге арналған трансформаторлар арнайы тағайындалған трансформаторлы құрылғы деп аталады [2,55]. Тағайындалуы бойынша трансформаторларды мынадай түрлерге бөлуге болады:

1. Күштік – электр энергиясының берілуі мен үйлестірілуі үшін тағайындалған;

2. Автотрансформаторлар – кернеудің салыстырмалы шектеулер арасында айналуы, әртүрлі кернеулердің энергожүйелерінің байланысы үшін тағайындалған;

3. Күштік арнайы тағайындалған пештік, дәнекерлік;

4. Орнату жасауыштарымен жұмыс істеу үшін (инверторлар);

5. Сынақтық – жоғары кернеумен өндірісті сынау үшін;

6. Өлшегіш – схемаға өлшегіш құрылғылардың қосылуы кезінде ток пен кернеуді өлшеу үшін;

7. Өнеркәсіптік электроника мен радиотехниканың құрылғыларын қоректендіру үшін қолданылатын трансформаторлар.

Айнымалы токтың түріне байланысты трансформаторлар бір фазалы және көп фазалы болып бөлінеді. Көп фазалылардың ішінде үш фазалы трансформаторлар кең таралған. Трансформатор екі негізгі бөліктен электротехникалық болаттан жасалған ферромагнитті өзекшеден және екі немесе бірнеше орамнан тұрады. Екі орамы бар трансформатор екі орамды, ал орам саны көп трансформатор көп орамды деп аталады. Көп фазалы трансформатор деп белгілі түрде өзара байланысқан, бірдей кернеулі барлық орамдардың жиынтығын айтады. Электрлік энергия келетін орам біріншілік деп аталады. Электрлік энергия шығатын орам екіншілік деп аталады. Орамдардың атауларына сәйкес барлық шамалар – кернеу, ток, қуат біріншілік деп аталады, ал екіншілік орамға қатысты шамалар екіншілік деп аталады. Төмен кернеулі желіге қосылған орам төмен кернеу орамы деп аталады. Неғұрлым жоғары кернеулі желіге қосылған орам жоғары кернеулі орам деп аталады. Егер екіншілік кернеу біріншіліктен артық болса, онда трансформатор жоғарылатушы, егер екіншілік кернеу біріншіліктен кем болса, онда трансформатор төмендетуші деп аталады. Жұмыс кезінде трансформатор қызады, себебі онда өзекшеде магнит шығындары есебінен және орамдардың кедергісінің электрлік шығындар есебінен жылу бөлінеді. Аз қуатты трансформаторда бұл жылу ауаның конвекциясы және жылу шығару есебінен шығарылып отырады. Мұндай трансформаторлар құрғақ деп аталады. Орташа және жоғары қуатты трансформаторларда жылу шығару жеткіліксіз, сондықтан оларға май толтыруды қолданады. Трансформаторды толығымен май толтырылған бакқа орналастырады, ол жылу беруді жақсартып, оқшаулағыш қызметін атқарады. Мұндай трансформаторлар майлы деп аталады. Жақсы жылу алмасу үшін бак корпусы радиаторлармен жабдықталады. Жоғары қуатты трансформаторларда бұл радиаторлар желдеткішпен салқындатылады. Трансформаторлы май егер басқа қоспалармен араласпаса, жақсы оқшаулағыш болып табылады. Қоспаның аз ғана мөлшері, тіпті судың оқшаулағыш қасиетін бірден төмендетеді. Сондықтан майлы трансформаторларды эксплуатациялау кезінде майдан оның қасиетін анықтау үшін сынама алады. Май буы ауамен қопарылғыш қоспалар түзеді, сондықтан майлы трансформаторлар қопарылғыш қауіпті. Кейбір жағдайларда трансформаторлы майдың орнына жанбайтын синтетикалық сұйықтық автолды қолданады, бұл кезде трансформаторды герметиздейді, себебі автол адам үшін улы, мұндай трансформаторлардың жөндеу жұмыстары тек зауыт шарттарында жүргізіледі.Жоғарыда атап өтілген оқыту материалдары студенттердің білімдерін тереңдетіп, кеңейтуге, интеллектуалдық өресін биіктетуге, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Қосымша материал неғұрлым жақсы дайындығы бар орыс тобындағы студенттердің кәсіби тілді оқып үйреніп, талқылауына арналған біршама күрделі мәтіндерден тұрады. Ауызша және жазбаша жаттығу мәтіндері студенттердің тікелей тәжірибелік жұмыс істеуіне арналған. Осы жұмыстарды орындай отырып, студенттер белгілі бір дағдылар мен біліктіліктерге ие болады. Кәсіби қазақ тіліне дайындалған қосымша техникалық мәтіндер өтілген сабақты меңгеруге қызмет істей отырып танымдық, тәрбиелік те үлкен роль атқаруға тиіс. Сондықтан ондай мәтіндерді мазмұн, тіл-стиль, әдеби сапасы жағынан үлкен талғаммен таңдап алуға ерік береді. Кәсіби техникалық мәтіндер айқын, неғұрлым қысқа, белгілі бір ұғымды дәл тұжырымдайтын болуы тиіс. Кәсіби техникалық мәтіннің табиғатын тану үшін оны бөлшектеп, шағын лингвистикалық бірліктер деңгейінде қарастыру әдісі тиімді.

Сөзді дұрыс қабылдамай тұрып, оны ұғынуға болмайды. Қабылдау мен ұғыну сезім мүшелерінің қатысуымен бір мезгілде жүріп отырады. Тілді өзге ұлт өкілдеріне үйрету барысында дұрыс қарым-қатынас ол бірінші қажеттілік деп білеміз. Дұрыс қарым-қатынас жасай білу дегеніміз – олардың жүрек сезіміне жол табу, тілді оқып – үйренуіне, ықпал жасай алатын жұмыстың мазмұны мен формаларын білу және онымен дара жүргізілетін жұмыстың әдістері мен амалдарын белгілеу деген сөз. Мысалы, техникалық оқу орнында өзге ұлттарға кәсіби қазақ тілін оқыту барысында жаңа технологияға байланысты кәсіби сөздерді жеке сөз түрінде емес, сөз тіркесі, сөйлем түрінде үйрету мақсат етіп қойылуы тиіс. Мысалы: Мәтіндер мен тапсырмаларда сол кәсіпке байланысты техника тарихында орын алатын ірі тұлғалар, көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар ашқан жаңалықтардан қысқаша мәліметтер беру де қарастырылуы тиіс. Тілші әдіскер – ғалымдар екінші бір тілде еркін сөйлеп, жаза білуі үшін шамамен бір мың сөз жеткілікті деп санайды. Әрине, бұл кәсіптік тілді үйренуге аздық етеді. Мемлекеттік тілді үйренуге талпынған әрбір студент бір сабақта 10-15 сөзді пәрменді сөздік қорына қоса алады. Оқытушылар сол кәсіп саласы бойынша лексикалық минимумдық сөздік қорды үйретуде мына пайыздық ара салмақты ұмытпауы тиіс: түбір сөздер мен еркін сөз тіркестері – 50 пайыз, терминдер – 30, фразеологизмдер – 20 пайыз. Жазба жұмысын жүргізуде мазмұны түсінікті, тәрбиелік мәні зор, тиісті мамандықтарына сай мәтіндер алынады. Мұндай мәтіндер студенттерді жаңа біліммен қаруландырып, дүниетанымын кеңейтеді.

Мәтін сөйлесім әрекеті мен ойлау үрдісінің жемісі. Кәсіби мәтінді пән бағдарламасы мен мемлекеттік стандарт талаптарына сай өз мәнінде оқыту, студенттеріміздің түсініп қабылдауын ұйымдастыру, оқытушылардың білімі мен білігіне, ізденіп еңбектенуіне байланысты.

Әдебиеттер:

  1. Оразахынова Н. А. «Егемен Қазақстан» Қазақстан халқы бірлігінің басты дәнекері – мемлекеттік тіл. 01.11.2013.
  2. Хожин Г. Х., Сажин В. Н . Электроэнергетика.Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, трансформатор, ор.


Задать вопрос