Орта ғасырлар мәдениеті аясындағы қауіпсіздік жөніндегі филосософиялық көзқарастар | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (112) апрель-2 2016 г.

Дата публикации: 04.05.2016

Статья просмотрена: 162 раза

Библиографическое описание:

Тулеев, М. Т. Орта ғасырлар мәдениеті аясындағы қауіпсіздік жөніндегі филосософиялық көзқарастар / М. Т. Тулеев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 8.9 (112.9). — С. 68-71. — URL: https://moluch.ru/archive/112/29230/ (дата обращения: 17.12.2024).



Ортағасырлар ойшылдарының пікірлерінің қазіргі көрінісі Ежелгі дүниедегі секілді осы кезеңге дейін жеткен деректер негізінде нақтыланды. Бұл кезең идеологиясы діни ұстанымдарға негізделген сипатқа ие. Дәуір схоластикалық және софистік пікірлермен ерекшеленіп, діни-этникалық және авторитарлық нормалар ұстанымы күшейді. Бұл Антикалық дәуірдің соңғы кезеңдерінде әлемде діншілдікке бет бұрыс қайта басталғандығын көрсетеді. Халық күрделі өмірлік мәселелерін шешу жолында дін саласына жүгінді.

Орта ғасырлар кезеңі идеологиялық жағынан христиан дінінің бекітілуімен сипатталады. Сондықтан қауіпсіздік туралы түсінік діни дүниетаным негізінде қалыптасты. Тертуллиан пікірінше, адам жеке күштерге сенім артпауы тиіс, өйткені өз ырқынан тыс қауіптіліктен айырылып қалу мүмкін. Сонымен қатар, ол былай деп пайымдайды: «Үрей құтқару жолының негізі, ал өзіне-өзі сенімділік үрейге кедергі келтіреді [1]. Өз адамгершілігіңе сенудің қажеті жоқ: сенімсіздік бізге үрей әкеледі, үрей бізді қауіпті тануға баулиды, сондықтан біз қауіптен құтыла аламыз, егер біз өзімізге сенсек, құлаудан құтыла алмасымыз анық, кімде кім уайымсыз және тыныш өмір сүрсе, өзін қауіпсізбін деп есептей алмайды. Барлығына қауіптенетін және әр нәрсеге дайындар шын мәнінде өзін сенімді сезінеді» [2].

Аврелий Августин де қауіпсіздік мәселесін үрей түсінігімен байланыстырады. Оның пікірінше: «Өзгеше және күтпеген бақытсыздықтан қорқатын үрей алдын ала қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ойлайды. Сен үшін не өзгеше? Нені күтпейсің? Сенен өзің жақсы көретін затты кім алып қоя алады? Сенен басқа қандай жерде қауіпсіздік бар?» [3].

Ортағасырлардағы батысеуропалық ойлардың дамуына өзінің оң ықпалын итальяндық монах Фома Аквинский тигізді. Оның негізгі еңбектерінің бірі саналатын «Теология жинағы» атты еңбегінде экономикалық категорияның моральды-этикалық сипаты берілді. Экономикалық мәселелердің діни-этикалық әдістерін қалыптастырған еңбектерінде догматтық принциптер орын алды. Сонымен қатар, бұл еңбекті әлі күнге дейін Ватикан кеңінен пайдаланып жатқан католицизмнің энциклопедиясы саналады.

Ол өз дәуірінің мүмкіндіктерін ескере отырып, қоғамның сословиелік бөлінісі кезіндегі әлеуметтік теңсіздік мүмкіндіктерін салыстырмалы түрде талдайды. Ежелгі канонистерге қарағанда, Ф. Аквинский қалалық қолөнер өндірісі, алғашқы сауда операцияларын күнә ретінде қарастырмайды. Әдістемелік позициядан қарағанда, философ көзқарасы бұрынғы канонистер пікірлерімен бірдей. Дегенмен, ежелгі канонистер қасиетті жазбалар мен шіркеу мәтіндерін қатаң түрде қабылдап, экономикалық категориялар мен құбылыстарды моральды-этикалық әдістеріне негіздейді.

Аталмыш еңбегінде ол еңбекті қоғамдық бөлу, жеке меншік, сауда, «ақиқат баға», табыс, жер рентасы, процент секілді экономикалық мәселелерді қарастырады. Оның пікірінше, еңбекті қоғамдық бөлу табиғи жаратылыстық құбылыс болып табылады. Жеке меншікке Ф. Аквинский жеке шаруашылықты жатқызып, адам табиғатынан байлық иеленуіне құқығы бар. Сондықтан өз қажеттілігіңді қанағаттандыруға қажет меншік адамзат өміріндегі қажетті институт болып табылады. Ол жер рентасы мәселесін толық қолдап, табыс пен процентке қатысты екі жақты пікір ұстанады. Бір жағынан ол екеуінің жағымсыз жақтарын айтып, екінші жағынан табысты еңбек үшін төленген ақы ретінде қарастырады [4].

Әл-Фараби «Қайырымды қала» атты еңбегінде «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қалада ғана қолы жетеді» деп тұжырымдай келіп, Қайырымды қаланың келбетін аша түсу мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды классификациялап бөледі. Қайырымды қалада алдарына іс-әрекеттің өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар қала халқы ғана бақытқа жете алады. Әл-Фараби шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше дейді [5].

Қазіргі қоғамда ынтымақтастықты қалыптастырудың негізгі факторы ретінде тұрақтылықты атай аламыз. Тұрақтылықты қамтамасыз ету қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар институттарының маңызды қызметі болып табылады. Осы мақсаттарды орындауда қоғамдық өмірде түрлі механизмдер қолдылады. Тұрақтылық түсінігін саяси жүйеде қолдану барысында ол ішкі және сыртқы өзгерістер шарттарында өз құрылымын сақтап, тиімді қызмет пен дамуға жол ашатын ұғымды білдіреді. Теорияға сәйкес, тұрақты саяси құрылым қоғамның көп бөлігі сол жүйені қолдауда жоғары деңгей танытумен қатар, билік пен халық арасындағы қатынастардың келісімдік түрде жүргізілуін айшықтайды.

Ғалымның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» атты трактатында қалаларды қалай басқару керектігі туралы, олардың көркеюіне, ондағы тұрғындар тұрмысының жақсаруына көмектесу, оларды бақыт жолына бағыттап отыруға қатысты ерте заман ойшылдары айтқан көптеген негізгі қағидалары қамтитын нақыл сөздер берілген.

Ізгі қала бес түрлі адамдардан құралады: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден және байлардан. Ең құрметті адамдар санатына даналар, пайымдағыш адамдар, маңызды істерде беделді болатын адамдар жатады. Олардан кейін діни қызметкерлер мен шешендер, атап айтқанда, дін уағызшылары, сөз шеберлері, ақындар, музыканттар, хатшылар және солар сияқтылар да солардың тобына жатады. Өлшеушілер дегеніміз – есепшілер, геометрлер, дәрігерлер, астрологтар және басқа сондайлар. Жауынгерлер дегеніміз – жасақшылар, сақшылар және соларға ұқсастар солардың тобына жатады. Байлар дегеніміз – қалада байлық табатындар: егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер және басқа сондайлар .

Саяси жүйенің дамуына көптеген факторлар ықпал ететіні белгілі. Олардың арасында жеткілікті түрде интеграция мен тұрақтылықтың жоғарғы деңгейіне жеткізетін, қоғамда қалыптасқан жалпы саяси білім мен құндылықтарды реттейтін индивидтерді әлеуметтендірудің орны ерекше. Қоғамдық ғылымдарда әлеуметтендіру түсінігі көп жағдайда екі аспектте зерттеледі. Біріншіден, әлеуметтендіру теориясы қоғами ортадағы индивидтерді әлеуметтендіруді суреттейді және түсінігін береді. Екіншіден, ғылыми теориядағы әлеуметтендіру ғылыми негізде толық қалыптасқан ұғым. Көптеген психологтар бірінші түсінікті қолдай келе, әлеуметтендіру терминін көзқарастар, идеялар мен нормалар процесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деп түсіндіреді.

«Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастар жайындағы» трактатында әл-Фараби Бірінші Тұлғаға төмендегідей сипаттама береді: «... барлық жеке біткеннің өмір сүруінің бастапқы себебі. Жалғыз сол ғана кемшіліктен ада: басқа жан біткеннің бәрінде – Одан басқасында – ең болмағанда бір кемшілік немесе бірнеше кемшілік бар. Ал Біріншіні алатын болсақ, ол мұндай кемшіліктің бәрінен ада, өйткені оның тіршілігі кәміл және болмысында басқасының бәрінен озық...» [6].

Осыдан лидерлік феноменіне қызығушылық туындайды. Әлеуметтік процестегі басшы, лидердің орны мен рөлі, тарихтағы объективті және субъективті факторлар диалектикасы мен қоғамдық өмір диалектикасын айқындау әл-Фарабидің зерттеу еңбектерін оқығаннан кейін орын алады. Қазіргі әлемдегі қоғамдық дамудың маңызды мәселесі ретінде лидерлікті түсіну болып табылады. Қоғам өзіндік қажеттіліктері мен мүдделері, идеалдары, білімдері, тәжірибесі, құндылықтары, эмоциялары мен мәдениеті бар субъектілер мен объектілерден құралады. Лидерліктің мәселесі нақты шарттар мен бостандықтар қалыптасқанда ғана туындайды. Оның ажырамас негізгі алғышарттары ретінде қазіргі қоғамдағы плюрализм, көппартиялық, партия ішілік және партияның сыртқы қызметін таниды.

А. Йүгінекидің әлеуметтік-саяси көзқарастары оның «Ақиқат сыйы» еңбегінде көрініс табады. «Білімдінің сөзі үгіт, насихат, үгіт-өнеге», - дейді бір сөзінде білімдар ақын. Бақыт жолы білім арқылы білінетіні, білімді азамат қоғам үшін бағалы, ал білімсіз наданның құны жоқ екендігі туралы баян етеді. Демек, білімді салғыртсынбай үйрену арқылы қоғам өмірінің алға жылжитындығына көзімізді жеткізеді. Азаматтарға сөзбен ықпал ету тек білімдінің қолынан келетіндігін түсінеміз.

«Егер өкіметке қолың жетсе, мақтанба», «Бастық болсаң, жайсаң бол, кәріге де, жасқа да құрмет көрсет», - деген пікірлері сол кезеңдегі басшыларға айтылған кеңесі секілді. Бүгінгі күнде лидерлік мәселесі барлық ғылымдарда толыққанды зерттелуде. Мәселен, психология лидердің тұлғалық ерекшеліктерін зерттейді. Әлеуметтану лидерлікті әлеуметтік жүйенің негізінде қарастырады. Әлеуметтік психология лидерлікті әлеуметтік және психологиялық факторлардың өзара қызметтік процесі ретінде зерттейді.

Сопылық дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ойшыл, ғұлама, ақын, Ясауидің атақты төрт шәкіртінің бірі, халық арасында «Әкім ата» деген атпен белгілі Сүлеймен Бақырғани сопылық поэзияны жалғастырып, діни хикметтер жазған және ел-жұртын имандылыққа, адамгершілікке үндеген. «Ақырзаман» дастанының мазмұндық желісін Тажал мен Мәдінің күресі, ақырзаман белгілері, махшар күні мен Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) өз үмбеттерін тозақ отынан құтқаруы құрайды. Ал «Бибі Мәриям» дастанында ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік, Аллаға құлшылық ету, Хаққа деген шексіз сенім бейнеленіп, Мұхаммед, Иса пайғамбарлардың (ғ.с.) үмбеттерінің қамын ойлауы басты назарда ұсталған.

Сүлеймен Бақырғани шығармаларының басты тақырыптары сопылық ағым қағидалары, Аллаға деген сүйіспеншілік, оны мадақтау, Аллаға құлшылық етуге, исламның шарттарын мүлтіксіз орындауға шақыру. Шығарманы ежелгі дәуір әдебиетіне тән Аллаға мадақ айтудан бастап, соңында автордың өзі туралы мәлімет беруі, кейіпкерлердің аса мінсіз болып суреттелуі, сұлулықты асыл тастарға теңеу сияқты дәстүрлер Сүлеймен Бақырғани шығармаларынан да байқалады .

Бақырғани бұл еңбектері арқылы шығыс халықтарының тұрмысы мен тыныс-тіршілігі, тарихы мен мәдениетін танымал ете түседі. Еңбектерінде этика мен эстетика мәселелері талданып, адамзат рухының гармониясы айқындалады. Ол әсемдікті суфизм тұрғысынан қарастырады. Оның пікірінше сұлулықтың үш түрі бар: Алла тағаланың абсолютті сұлулығы; Жаратушы сұлулығының шуағы болып табылатын Жер сұлулығы; Рухани сұлулық.

Мемлекет қайраткері, әскербасы, тарихшы, ақын, жаратылыстанушы, этнограф, дипломат М.Х. Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі Орта Азия халықтарымен қоса, Үндістан, Тибет, Ауғаныстан, Иран секілді мемлекеттердің халықтарының тарихи, географиялық, топономикалық, этнологиялық жағын зерттеуде деректік мәні зор.

Еңбек құрылымында тарихи өмір шындықтары, мемлекет тарихы, мемлекетті басқару, мемлекет қайраткерлерінің саяси, азаматтық келбеті, өнер мен білім, мәдениет, дін, заң, жаратылыстану және басқа ғылым салалары бойынша мол мағлұматтар беріледі. Автор нақты өмір құбылыстарын, олардың белгілі бір ортақ немесе дара ерекшеліктеріне, заңдылы аттарын көркемдеп баяндайды, оларды талдап, саралап, тиісті жерінде пікір түйіп, өз ойларын да ұсынып отырады. Ол өзі көрген, естіп не оқып білген өмір құбылыстарын тұтасып, жалғасып, өзара байланысып, сабақтасып жатқан күйде суретейді, болған оқиғаның, істің сипатын, мазмұнын, мезгілі мен мекенін, себебі мен салдарын, орындалу амалы мен құралын, пәнін, тағы басқаларды көрсетеді [7]. Бүгінде бұл кітап барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүние жүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр.

Демек, орта ғасырдағы қауіпсіздік мәселесінің қозғалуын мынадай екі арнада бөліп көрсеткеніміз жөн: біріншісі, батыс еуропалық схоластикаға сәйкестенетін құдайшылдық пен жазалаушылық, екіншісі, араб-мұсылмандық орта ғасыр мәдениетіне сәйкестенетін құдайшылдық пен руханияттық.

Әдебиет:

  1. Насимов М.О., Калдыбай К.К., Паридинова Б.Ж. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (саяси-философиялық талдау). Ұжымдық монография – Алматы, 2015. – 22-23 б.
  2. Тертуллиан Квинт Септимий Флоренский. Избранное сочинение / сост. А.А.Столярова. – М.: Прогресс, 1994. – С. 350.
  3. Аврелий Августин. Исповедь httр: // www. аzbykа.ru.
  4. Гукасьян Г.М., Нинциева Г.В. История экономической мысли. – М., 2003. – С. 19.
  5. Мекежанов Б.У. Әл-Фарабидің адамдар қоғамдастығы жайындағы классификациясы // «Әл-Фарабидің шығыс халықтарының мәдениеті мен ғылыми тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. – Алматы, 1994. – 3 б.
  6. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1973. – 220 б.
  7. Жүншеев Р.Е., Төкенов Ө.С., Ізтілеуов А.Ә. Философия. –Тараз, 2007. – 250 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, аврелия Августин, бар, пена.


Задать вопрос