Ислам тарихында Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін бір ғасыр өтпей, Исламды тек өздері ғана ең жақсы меңгерген басқалардың көзқарасы қате деген түсінікпен әртүрлі ағымдар шыға бастады. Солардың бірі хариджиттік ағымы. Кейбір ғалымдар хариджиттік ағымды исламдағы ең алғаш шыққан діни-саяси радикалды әрекетті бастаушылар ретінде қарастырады. Хариджиттік ағымы халифа Осман қайтыс болғаннан кейін дүниеге келген, ішкі қайшылықтар мен төрелік оқиғасы нәтижесінде пайда болды. Хариджиттер өз көзқарастары бойынша халифа Алиді де, Муавияны да және олардың жақтастарының барлығын кәпірлікте айыптап, оларды қоғамнан жоқ қылу керек деп есептеген. Өздерінен басқалардың мұсылман болғандығына сенбей, басқа мұсылмандардың жандары мен малдарын өздеріне халал санаған, көбінесе бәдәуи халқынан шыққан және бүгінгі күнге дейін діни-саяси оқиғаларға өз ықпалдарын тигізіп отырған радикалды ағым. Қазіргі күнде де осы ерекшеліктерді бойларына сіңіріп және олардың ізбасарлары ретінде өмір сүріп жатқан ағымдар бар. Олар ислам дінін толық меңгерген, осы саланың нағыз білгірлері ретінде ортаға шығып, өздерін басқаларға мойындату үшін түрлі әрекеттерге баруда. Қарапайым халықты араларына тартып, оларға басқаларды дұшпан ретінде көрсетіп, көздері мен ой-санасын байлауда. Соның нәтижесінде жер бетіндегі бейбітшілік діні ретінде танылған, адамдарды бір-біріне дұшпан болуға емес, достыққа шақырған, мұсылмандарға бір-бірінің жанын алуға тиым салған ислам діні, әлемге жауыздықтың діні ретінде танылуға шақ қалып тұрғанын бүгінгі күні болып жатқан әртүрлі қанды оқиғалардан анық көруге болады.
Бұл атаудың берілу себептеріне байланысты әртүрлі көзқарастар бар. Кейбір түсіндірмелер бойынша Сыффын соғысынан кейін тараптар бір ауыздан шешімге келе алмағандықтан, мәселенің шешімін төрешілерге тапсырулары себеп болғандығы айтылады. Бұл бойынша Амр б.ал-Ас Муавияның, Абу Муса ал-Ашарий Алидің өкілі ретінде төрелікке жіберіледі. Осы сәтте хариджилерден Хуркус бин Зухайр және Зурат бин ал-Бурж Алиге келіп, «Үкім тек Аллаға тән» деген тезисті ортаға тастайды [1]. Осылайша Алиден сол көзқарас бойынша бөлініп шыққан бір топ әскер хариджилер деген атау алды. Басқа бір түсіндірме бойынша, Аш’ас б. Каус келісім мәтінін алып Алидің әскерлері арасында оқуды бастаған кезде шыққан келіспеушілікте Бани Тамимнен Урва б. Удаййа: «Аллаға тән болған төрелікті қолыңа алғың келеді ме? Үкім тек Алладан. Өлгендердің жағдайы не болады?» деп айқайлап, Аш’асқа шабуыл жасайды [2]. Осы келіспеушіліктен кейін халифа Али өз жақтастарымен Куфаға кетеді. Әскерінің көп бөлігін қамтыған Тамим тайпасынан шыққандар онымен Куфаға қайтпай, «Үкім тек Аллаға тән» деген ұранмен Куфаға жақын жердегі Харураға жол тартады. Тарих кітаптарында Хариджи деген топ осылар болып, бұл топ сол кезден бастап халифатқа бағынбай, бөлек, тәуелсіз топ ретінде өмір сүре бастайды [3].
Хариджиттердің халифа Османды өлтірушілер болғаны үшін өздерін халифа Али мен Муавияның өлтірулері мүмкін екендігінен қорыққандықтары үшін, бұған бір діни себепті сылтау етіп, Алиді және әскерін дұшпандары алдында тастап қашқан «бүлікшілер тобына», яғни ибн Саба және оның жақтастарына берілген бір атау болғандығы туралы да көз-қарастар бар [4]. Бүгінгі күнде хариджиттердің бір тармағы болған Ибадилер, хариджиттік атауының өздері үшін қолданылмайтындығын айтады. Олар бойынша хариджиттер бұл: Нати б. Ал-Азрак, Нажда б. Амир Ибн ас-Саффан және оның жақтастары. Олардың көз-қарасы бойынша «хуруж» иманнан шығу мағынасында және хариджилік саяси мағынада емес діни мағынада қолданылады [5]. Хариджиттерге «хариджиттік» атауынан бөлек, өздері және қарсыластары тарапынан әртүрлі есімдер қолданылған. Солардан бірі ,ал-Мухаккима болып, алғашқы Мухаккимамен байланысты болған хариджиттерге берілген атау. Бұл атау Харурия атауынан бөлек хариджиттер үшін ұзақ уақыт бойы қолданылған негізгі есімдердің бірі. Олардың Мухаккима деп аталуы «Үкім тек Аллаға тән» деген ұрандарымен байланысты. Малати өз еңбегінде олардың әрекеттеріне былайша сипат береді: «Мухаккима құрамындағылар базарларда адамдардың алдына кенеттен шығып, «Лә хукма иллә Лиллаһ,»- деп айқайлайды, қолы жеткен адамдарға қылышпен шабуылдайды, өлтірілгенге дейін өлтіруді жалғастыратын еді. Тахким үшін шыққан адам өлтірілгенге дейін қайтпайтын еді. Олар адамдар арасында қорқыныш пен бүлікке себеп болды». Хариджиттер үшін берілген тағы бір атау «Шурат» . Аш-Шурат атауының қай әрекеттен немесе қай есімнен келгендігі, қандай мағынада қолданылғандығымен байланысты көптеген көз-қарастар бар. Бұл көз-қарастар бойынша аш-Шурат, шар сөзінің көпше түрі. Хариджиттер бойынша бұл сөз «Сатушы» сөзінің көпше түрі болып, «сатушылар», «өздерін Аллаға сатқандар» деген мағынаны білдіреді. Олар мұны аш-Шураттың жекеше түрі, аш-шари түрінде түсіндіреді және өздерінің жаннат үшін ақы ретінде Аллаға өздерін сатқандары үшін осы есіммен танылғандарын айтады. Құрандағы: «Иман еткендер ішінде, Алланың разылығын қалағандықтары үшін жандарын сатқандар бар» аятын дәлел ретінде келтіреді. Шурат есімі хариджиттерге Омаяттар кезінде жандарын Алла жолында сатқандар мағынасында өздері тарапынан берілген.
Хариджиттерге тән тағы бір атау «Харурия» деп аталынады. Бұл есім Алиге қарсы шыққан топтың қоныстанған жерінің атауымен байланысты. Кейбір көз-қарастар бойынша Харура Куфа сыртындағы бір ауыл, ал кейбір көз-қарастар бойынша ол Куфа айналасындағы жердің атауы. Яғни харуриттердің былай аталуы, жердің атауымен байланысты. Сонымен қатар, хариджиттерге тура жолдан шыққандары үшін «Марика» атауы да берілген. Хариджиттер өздері үшін «Ахл-ул Хақ», «Ахл-ул Адл уа-л-Истиқамат», «Ахл-ул Истиқамат уа-л-Иман» сияқты есімдерді де қолданған. 3.Суфрия- Зияд ибн әл-Асфар негізін салған топ. Олар өздеріне қосылмағандарды кәпір демейді, бірақ әзариқалар сияқты күнә істегендерді кәпірлікте айыптайды. Амалда тақия жасауды дұрыс санамайды. Сенімдері: - Өз араларындағы біреу ұрлық жасаса немесе зина жасаса, оны кәпір немесе мүшрик деместен, Құран тілімен зинақор немесе ұры деп атаған; - Намаз оқымаған немесе ораза ұстамаған адам кәпір; - Соғыстан қашқан адам кәпір.4. Ажарида- Абдулкарим ибн әл-Ажрадтың соңынан ерушілердің атауы.Сенім ерекшеліктері:
- Тақуалығы үшін соғысқа қатыспағандарды сатқындықта айыптамаған;
- Өздеріне қосылмаған мұсылмандарды тек соғыста өлтіру халал деп есептеген;
- Мүшрик ата-анадан туылған бала балиғат жасқа толмай қайтыс болса, ата-анасы сияқты ол да тозаққа барады;
- Құрандағы ғашықтық жайында айтылған қиссаларды қабылдамағандықтан, Юсуф сүресін Құранның сүресі деп есептемейді.
5. Ибадия- Абдулла ибн Ибадтың артынан ерушілердің тобы. Өзге хариджиттік топтарға қарағанда сенім тұрғысынан ахлу-суннаға жақын. Олар қазіргі кезде Оман мемлекетінде көптеп кездеседі. Хариджиттік ағымы жоғарыда айтылғанындай өз араларында тағы қаншама топтарға бөлінген. Оның негізгі себебі көзқарастарының үйлеспеуінде. Көзқарастарында ауыз бірліктің болмауының себебі, жоғарыда айтылғанындай, хариджиттер көбінесе білімсіз бәдәуи және исламды кейіннен қабылдаған халықтардан құралған еді. Білімдерінің таяздығы нәтижесінде Құран аяттарын әрқайсысы әр түрлі түсінді және түсіндірді. Соның нәтижесінде өз араларында пікір, түсінік қайшылықтары туындап, іштей ағымдарға бөлініп кете берді [6].
Тарихқа үңілер болсақ хариджиттік топтың құрылуы, діни сипаттан гөрі саяси сипатқа жақын келеді. Өйткені олардың тарихта жүзеге асырған астыртын әрекеттерін, қантөгістерін ешқашан діни сипатпен ақтап алуға болмайды. Бейбіт өмірді дәріптеген ислам діні қай жағынан қарасаң да өзгенің қанын төгуге рұқсат бермейді. Яғни хариджиттердің сол кездегі билікке, басшылыққа қарсы күрестерін діни сипатқа үйлестіріп көрсетпек болғандықтары үлкен қателік. Жоғарыда айтылғанындай бәдәуи тайпаларынан шығуына байланысты олар, өте қатыгез, төзімсіз. Сонымен қатар соғыстарға жихадты сылтауратып шыққандарымен, негізгі мақсаттары мал-дүниеге қол жеткізу, басқаның малын оңай иелену болғандығы анық көрініп тұрады. Олар өздерінің іс-әрекеттерін ақтау үшін өздеріне ыңғайлы дәлелдер жүйесін қалыптастырып, өзгелерді кәпірлікте айыптап, кәпір деп білген кісінің малы мен жанын өздеріне адал санау, олар үшін қалыпты жағдай. Алланың кітабына сүйенетіндіктерін сылтаурату, кез келген діни мәселені нақылға негіздеу тағы да басқа осындай мәселелерден құралған дәлелдер жүйесі алғашқы кезден бастап ислам дінінің негізгі жауы болды және қазірге дейін бұл көз-қарастар жүйесі үзілер емес. Осы көзқарастардың жүйесі сол хариджиттерден бастау алып, кейіннен ибн Таймияшыларда, вахабиттерде, 19 ғасырда ортаға шыққан жадидшілердің артынан ерушілер және қазіргі кезде өзін сәлафит деп атаушылардың идеологиясында жалғасын тауып жатыр. Осылайша ислам дінін догмаға айналдырып, исламафобияны күшейтуде. Бұл жағдай хариджиттер пайда болғаннан бастап, қазірге дейін қоғамның негізгі проблемасына айналып тұр . Бір кездері мұсылмандардың қанын жазықсыз төккендіктері үшін халифтардың тырысуымен оларды жойып жіберді. Бірақ бүгінде солардың көзқарастарын толықтай болмаса да, өздеріне алып, өзгелерді кәпір санайтын, өзгенің малы мен жанын өздеріне халал санайтын радикалды топтар бар. Олар бүгіннің өзінде шариғаттың шегінен шығып, Алла Құранда тиым салған, жасалуы күнә саналатын әрекеттерге баруда. Солардың негізгісі бұл өзгенің қанын төгу. Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде де хариджиттік көзқарастардың ықпалында қалған топтар қоғамның негізгі мәселесі болып тұр.
Әдебиет:
- Mesud Cubran er-Ra’id, Beyrut, 1986, C.1,s. 617.
- Abdulkadir Seybe, Cagdas Dunya Dinleri ve Mezhepleri. Ist.1995, s. 147.
- Yasar Kutluay, Tarihte ve Gunumuzde Islam Mezhepleri, Ank.1968, s.57-59.
- Ethem Ruhi Figlalı, Ibadiyenin Dogusu ve Gorusleri, Doktora Tezi, Ank.1983, s..52.
- Sabri Hizmetli, Islam Tarihi, Ank.1991, s.220.
- Euset Bukeyrb.Said, Dirasat-I Islamiyye fil Usulil-Ibadiyye, Kahire, M.1988/H.1408, s.35.