Үздіксіз білім беру жүйесінде ересектерді оқыту ерекшеліктері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №5 (109) март-1 2016 г.

Дата публикации: 30.03.2016

Статья просмотрена: 5488 раз

Библиографическое описание:

Абдраманова, Г. Б. Үздіксіз білім беру жүйесінде ересектерді оқыту ерекшеліктері / Г. Б. Абдраманова, Г. К. Оспанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 5.2 (109.2). — С. 39-41. — URL: https://moluch.ru/archive/109/26703/ (дата обращения: 17.12.2024).



ҚР «Білім туралы» Заңының 24 бабында ересектерге білім беру қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білімдер мен дағдылардың қосымша көлеміне алуға, ересек адамдардың өмір бойы білім аду қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталғандығы атап көрсетіледі. Ересектердің білім алу үрдісі тұлға дамуының басты тұжырымдамасы болып табылатын үздіксіз білім беру идеясынан туындайды. Ал үздіксіз білім – бұл мемлекеттің стратегиялық идеясы.

Ересектерге білім алу үрдісі – жалпы білім жүйесінің бөлінбейтін, маңызды, өзіндік ерекшелігі бар бір бөлігі. Ересектердің білімінің басты міндеті – қазіргідей динамикалық жылдам өзгеретін қоғамда еркін еңбек ете алу, толыққанды өмір сүре алу үшін адамдарды білім, білік, дағдымен қамтамасыз етіп, алған білімді өз мәселесін шешуде тиімді пайдалана алудың жолдарын меңгерту. Сонымен қатар ересектердің білімі – әр адамға қоғамның өзгерістеріне қарай бейімделе алуға, өзінің өмірлік, рухани күштерін өзгерте, сақтай, үстемелеп қоса алуға, өз шығармашылық әлеуетін өзінің дамытуына көмектесу.

Ересек адамның өз білім, білік, дағдыларын әрдайым жаңартып отыруына, қосымша білім алуына мына төмендегі жағдайлар себеп болады:

- ересек адамның өмірінде ұдайы түйткілді мәселелер туындап отыратындықтан, оларды шешу үшін оларға қосымша білім, білік, дағдыларға, іс-әрекет тәжірибесіне ие болып, өмір сүру ережелерін ауыстыруға тура келеді, олар объективті түрде оқу мотивіне айналады;

- кез келген жастағы адамның ақпаратқа деген тұрақты сұраныстарының болуы;

- жастың ұлғаюына қарай адамның ағзасындағы ақпаратты жаңарту үрдісіне жауап беретін танымдық қызметтің әлсізденуі мен нашарлауының салдарын орнын толтыратын құрылымдардың табиғи динамикасына қарай жасына қарамастан оқуға деген қабілетінің болуы;

- тіршілік әрекеті барысында басқалар үшін де, өзіміз үшін де білім алудың мазмұндық негізі бола алатын тәжірибе жинастыруға деген қажеттілік.

Ересектерді оқыту мәселесі үздіксіз білім тұжырымдамасынан туындайды. Үздіксіз білім – толассыз, тоқтаусыз білім. Белгілі ғалым Г.П. Зинченконың мақұлдауы бойынша «үздіксіз білім» термині ең алғаш рет 1968 жылы білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар ұйымының (ЮНЕСКО) Бас конференциясының материалдарында қолданылды. Ал, 1972 жылы дүниежүзінің барлық елдерінде болашақта болатын жаңалықтарға арналған «үздіксіз білім» деп аталатын тұжырымдаманы «жетекші бағыт беретін концепция» ретінде қабылдау туралы ұсыныс «Фор баяндамасында» жарияланды. Бұл ұсыныс осы жылы Токио қаласында білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар ұйымы басшылығының ұйымдастыруымен шақырылған ІІІ Халықаралық конференцияның Қорытынды баяндамасында қолдауға ие болды. Қазақстанда білімнің үздіксіздігі мәселесі С.Мусин, Б.Әлмұхамбетов және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Бүгінде әлеуметтік өмірде білім берудің мәртебесі өзгерді. Соңғы уақыттарда білім беру «білімдік қызмет көрсету» аймағына айналғандықтан оған сұраныс пен ұсыныс заңдары, бәсекелестік, маркетинг сияқты нарықтық қатынастарға тән белгілер де тарай бастады.

Білімдік қызмет аймағын дәстүрлі білім жүйесінен төмендегідей айырмашылықтар өзгешелейді. 1) Оқытудың мазмұнының, түрлерінің, әдістерінің әртүрлілігі. 2) Білім алушыларға білімнің деңгейін, уақытын, ақысын, мазмұны мен әдістерін, түрлерін таңдауға мейлінше еркіндіктердің берілуі. 3) Білімдік қызметті тұтынушылардың қажеттіліктеріне бағыттау. 4) Көрсетілетін білімдік қызметке кепілдіктің берілмеуі. 5) Әртүрлі білімдік қызметтер арасындағы бәсекелестік. 6) Білімдік қызметтің ақылы болуы.

Ересек адамдарды оқытуды ұйымдастырғанда қазіргі білім беру жағдайында олардың тап болатын әдеттегі сыртқы және ішкі қиыншылықтарды ескерілуі тиіс.

Психофизиологиялық қиыншылық.Кейбір ересек адамдарда өзінің оқуға деген қабілетінің төмендеуіне қатысты ішкі кедергілер туындайды. Бұған оқу ақпаратын қабылдау, есте сақтау, қайталау қабілетінің нашарлауы жатады. Алайда ғалымдар адамдарға кез келген жаста оқуға болатынын дәлелдеуде. Олардың пайымдауларынша адам өмірінің әртүрлі кезеңінде есте сақтаудың әртүрлі қызметі, назардың басқа түрлері алдыңғы қатарға шығып, ішкі түрткісі өзгереді. Ересек адам ақпаратпен тиімді жұмыс істеудің сәйкес жеке дара тәсілдерін қолдануға қабілетті болады. Бұл оқу субъектісі ретінде өзінің ерекшеліктері туралы білімі, оқуға деген қалыптасқан тұрақты мотиві болғанда ғана мүмкін болады.

Әлеуметтік-психологиялық қиыншылық.Кейбір ересек адамдар өзін оқушының орнында жайсыз, тіпті қорқынышты сезінеді. Бұл әсіресе әкімшілік орындарды қызмет атқаратын адамдарға қатысты. Психологиялық тұрғыдан алғанда олар өз еркімен педагогикалық ықпалдың «объектісіне» айналуға дайын емес болады.

Әлеумметтік қиыншылық.Қоғам білімнің жаңа деңгейінің талап етпесе немесе кәсіби мәртебе үшін алған білімі жеткілікті болғанда ересек адам үшін білімін жалғастырудың мәні болмайды.

Психологиялық-педагогикалық қиыншылық.Бұл осы заманғы адам үшін өмірлік білім алу қажеттілігі мақсатының қалыптаспағандығы. Үздіксіз білім алуға саналы адам ретінде өзі туралы, өз қабілеті, оқу материалын қабылдау ерекшелігі мен меңгеруі, ақпараттық қажеттілігі туралы тиісті білімдердің болмауы кедергі келтіреді.

Білім алу үрдісіне ене отырып, ересек адам онда белсенділік танытуға тырысады. Бір жағынан ол оқудың ұсынылған мазмұнын іштей қабылдайды. Кейде ол оны теріс қабылдап, тіпті ұсынылған ақпараттан бас тартуы да мүмкін. Екінші жағынан, білім беру қызметінің тұтынушысы ретінде ересек адам оқытушы мен білім беру мекемесінің еңбегін алатын «сатып алып қана қоймай», «өнімнің» сапалы болуын талап етеді.

Кез келген жастағы ересек адамның оқуда нашар болу сияқты қорқыныш сезімі жас баладан да қатты болады. Сондықтан білім беру үрдісін жетістікке жету бағыттылығы бойынша жасаған жөн. Ересектерді оқыту жүйесіндегі білім беру мазмұны ашық сипатқа ие. Ересек адамның оқу ақпаратының көздерімен байланысы ерекше болады. Осыған орай әдебиет пен бағдарламалық өнімдердің кең ауқымын ұсынып, заманауи дерек көздерін пайдалану арқылы оны өз бетінше ақпараттық ізденіске бағыттау керек. Бұл ретте білім берудегі аутенттілік (түпнұсқалық) ұстанымы өте маңызды, өйткені ересек адам алғашқы дерек көздерін өз бетінше талдауға қабілетті. Осындай талдау білім алудың нәтижелі жолы болып табылады. Ересек адамды оқыту, әдетте, жеке уақыт тапшылығы жағдайында жүзеге асатынын ұмытпаған жөн, сондықтан мұндайда жеке дара ұсыныстар мен мүмкіндіктерді ескере отырып, уақытты нақты белгілеу аса маңызды.

Ересектерге білім беру мәдени, әлеуметтік құбылыс және білім берудің метажүйесі ретінде мемлекеттік-қоғамдық құндылыққа ие, адамның, қоғамның, елдің пайдасы үшін білім беру саясатының басты ұстанымдарын анықтайды. Ол елдің тұтас мәдени кеңістігін, ересек адамдардың барлық қатегориясын қамтиды. Ересектерге білім беру жүйесі қазіргі қоғамның прогрессивті-қарқынды, эволюциялық дамуын тұрақтандыратын тетік қызметін атқарады.

Ересектерге білім беру үрдісінің үлгісінде андргогикалық және контекстік жағынан келу зерттеп қарастырылады. Бірінші ұстаным өкілдері білім беру барысында басқару іс-әрекетінің төрт негізгі түрін қалыптастыру керек дейді, олар: ойлау, шығармашылық, қарым-қатынас, рефлексия. Екінші бағыттың өкілдері әлеуметтік, мәндік контекске көңіл бөліп, шынайы мәселелерді шешудің тәжірибесін пайдалану, оқыту мәдениеті мен кәсіби іс-әрекет арасындағы шектің ашық және анық екенін ескеру қажет дегенді айтады.

Андрагогикалық амалды қарастыра отырып, негізгі іс-әрекетке мыналарды жатқызамыз: академиялық түрдегі оқыту іс-әрекеті, кәсіби іс-әрекет, оқыту-кәсіби іс-әрекет, жалпы мәдени іс-әрекет. Бұл топтардың бірігуі ересек адамдарды терең білімдерді игеруге бағыттайды, оларға сүйене отырып ересек адам кезе келген тақырыптағы кәсіби іс-әрекеттің негізгі және қосымша жақтарын дамыта алады.

Осылайша, ересектерге жалпы білім берудің мәдениетін қалыптастыру олардың түпкілікті білім инвариантын игеруімен айқындалады, бұл қажетті ақпаратты қолдана отырып қандайда бір тұжырымдамалар, теориялар мен ойларды тани алып, өзінше жасай алуы дегенді білдіреді. Бұған қоса, білімді ересек адам игерген білімі мен мәдениетін әдеттегі, қалыптан тыс шешімдермен қатар, жаңа шығармашылық мәселелерді шешуде өзектендіріп, дұрыс қолдана алады.

Осылайша, жаңа әдіснамалық нысандарды іздеу ересектерге білім берудің мәдени ерекшелік, әлеуметтік құбылыс және білім беру метажүйесі ретінде өзара шарттастығын ұғынумен байланысты. Ересектерге білім беру жүйесінің философиялық-әдіснамалық негізі ересектерге заманауи білім беруді ересек адамның өмір ағымымен толыққанды мәні аясындағы адами және әлеуметтік-мәдени болмыс ретінде қабылдау болу керек.

Ересектерге білім беру саласындағы адам жайлы философиялық антропология ойларын түсіндіру оның бейнесінің біртұтастығын қалпына келтіру қажетті туралы, ересек адам дамуының тетіктері туралы білімдер мен рәсімдердің бірігуі туралы айтады. Ересектерге білім берудің философиялық-педагогикалық жағы мынадай негізгі ойларға сүйенеді: адамға қатысы жоқ болмыстың түбегейлі көпөлшемділігін және көпдеңгейлігін, ал субъект ретінде ересек адам болмысының даралығын, әмбебаптығын ескеру қажет; әлемнің көпдеңгейлі мен ересек адамның субъекті болмысының көпөлшемділігі арасында өзара байланыс бар; ересек адамның жоғары талпынысын, өзі үшін сыртқы ықпалдарды анықтап, оларды қабылдау немесе қабылдамау құқығын қорғау қажет; ересек адамның субъекті болмысының вирутальды тереңдігі дегеніміз қазіргі және келешек дамуы ғана емес, кез келген адамның бойынща жасырын вирутальды мүмкіндіктердің түпсіз ішкі дүниенісінің бар екенін мойындау; ересек адамның субъекті әлемін оның әлеуметтік рөлдерін орындаумен теңестіруге болмайды, оған өзі қарым-қатынас жасауға мәжбүр қоғамның өкілі, агенті деп қарауға болмайды; ересек адамның білімін субъектілер арасындағы және диалогтік қатынас аясында ашу басқалармен терең, ашық немес жасырын, ортақтастығын көрсетеді; ересек адамның тіршілік әрекеті аясында үдемелі қозғалысының үздіксіздігі білім берудің әмбебаптық, эвристикалық қозғалмалы, көп қызметтік және жағдайларға байланысты сипатын арттырады.

Бұл ойлардың өзара шарттастығы ересектерге білім беру жүйесінің негізгі ережелерін қалыптастыруға көмектеседі. Олар:

- ересектерге білім беру жүйесінде қабылданған мемлекеттік шешімдердің тарихи уақыт жағынан жалпылама және жергілікті болуы;

- білім беру үлгілерінің қызмет етуінің жобалы және шынайы болуы;

- білім беру жүйесінің контекстік мазмұнының, эволюциялық кең жайылуының логикасының болуы;

- білім беру іс-әрекетінің басқарушылық үлгісінің, гуманитарлы-онтологиялық іскерліктің болуы;

- нәтижелерге жетудің қайшылықсыз тұжырымды, мәдени технологиялық болуы;

- жаңа мақсатқа болжам арқылы ілгерілеу, анықтау және қабылдау;

- әрбір адамның рухани субъектілігін мойындау, топтардың, елдердің, құрлықтардың әлеуметтік әріптестігі мен мәдени қарым-қатынасын нығайту;

Ересек адамының, маманның кәсіби құзіреттілігін жетілдіру, жеке тұлғаны дамыту сонымен қатар әдіснаманың мына төмендегі ұстанымдарын басшылыққа алғанда нәтижелі болады: дербестік пен субъектілік, рефлексивтілік және оқыту нәтижелерін өзектілендіру.

Сонымен, философиялық-білім беру, психологиялық-андрагогикалық және мәдени-технологиялық бағыттардың әдіснамалық бірігуі ересектерге білім берудің басты өлшемдерін анықтайды, ойлардың мазмұндық негізін құрайды. Бұл ересектерге білім беру саласында психологиялық-педагогикалық зерттеулердің жаңа әдістерін жасап, анықтауды талап етеді. Бұл талаптардың жиынтығы ересектерге білім берудің идеологиясы мен технологиясында жаңа ғылыми бағыттың – ересектерге білім беру менеджменті негізінің іргетасын қалайды, ол ол өз кезегінде ересектерге үздіксіз білім беру аясында қоғамды басқарудың озық - тиянақты, тұрақты-эволюциялық сапалы тәсілдерін жасау үшін қажет.

Әдебиет:

  1. Тұрғынбаева Б.А. Андрагогика. Алматы «Алатау» баспасы, 2011.-180 б.
  2. Змеев С.И. Основы андрагогики. – М.: Флинта. Наука, 1999.-245 с.
  3. Громкова М.Т. Андрагогика: теория и практика образования взрослых. ЮНИТИ-М.: - 2005. – 310 с.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, кез.


Задать вопрос