Библиографическое описание:

Байдаулетова А. У., Бахадурова Г. У. Балаларға арналған шығармалардың сипаты // Молодой ученый. — 2015. — №1.1. — С. 121-122.

Қазақ әдебиетіндегі тілдік, тақырыптық ерекшелігімен дараланып тұратын көркем шығармалардың бірі – балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Мазмұны ғибратты, тілі көркем, жеңіл жатталатын, ғасырлар бойына халық даналығына, тәжірибесіне суарылған Қазақ балалар әдебиеті балалардың мінез-құлқын, көркемдік талғамын танытатын, шығарманың қуат көзін ашатын асыл мұра. Ол өзінің бала табиғатына лайықтылығымен, жүйелілігімен, сазды әуенімен, өнегелі мазмұнымен, нәрлі тілімен балалардың рухани азығына айналған тәрбие қайнары болып табылады.

Қазақ балалар әдебиеті қазақ әдебиетінің даму кезеңінде өзіндік тарихы бар сала деуімізге болады. Балаларға арналған әдебиет ұлт тарихында сонау ауыз әдебиетінен бастау алып, қазіргі кезеңге дейін өзінің тілдік, стильдік жағынан, мазмұны мен құрылымы жағынан, үлкен белеске көтерілді. Жалпы балалар әдебиеті өзінің негізін ауыз әдебиеті үлгілерінен алады. Қазақ ауыз әдебиетінің «шілдехана», «бесік той», «тұсау кесер», «сүндет той» т.б. үлгілерінен бастау алатын балалар тақырыбына арналған шығармаларды сөз еткенде, қазақ ертегілері мен жұмбақтардың, жаңылтпаштардың мазмұны мен тақырыптық жағынан ерекшелігін айта кеткен жөн. Мұның барлығының мазмұнында алғашқы қоғамдастыққа тән өмірдің сарқыншақтары басым болып келетінін ескерсек, оның тілдік ерекшелігі мен танымдық деңгейін арнайы қарастырудың өзіндік мәні бар. «Қазақ балалар әдебиеті басқа да көркем шығармалар тәрізді сан ғасырлық тарихи даму кезеңдерді басынан өткеріп келеді. Балалар әдебиетінің атасы деп А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Ж.Жабаев, І.Жансүгіров, С.Бегалин т.б. сынды ақын-жазушыларды атасақ, одан кейінгі кезеңде жарыққа шыққан М.Әуезовтың «Бала Шоқан» әңгімесінің ізін ала қазақ әдебиетіндегі балалар тақырыбына жазылған шығармалар да, тақырыбы мен мазмұны жағынан ерекше мәнге ие бола бастады. Жетпісінші жылдардың басында қазақ әдебиетінде Ж.Дәуренбеков, Ж.Аяшев, Р.Қунақова, С.Бердіқұлов, С.Ерубаев, С.Елубай, Ә.Тарази, Б.Соқпақбаев, М.Қабанбаев, М.Гумеров сынды ақын-жазушылардың балалар тақырыбына жазылған шығармалары дүниеге келді. Осы тұста Ж.Дәуренбековтың «Алғашқы сабақ», Ж.Аяшевтің «Алақан», С.Бердіқұловтың «Жұмыр жерде теңбіл доп», С.Ерубаевтың «Мәңгілік өмір туралы жыр», С.Елубайдың «Ойсыл қара», М.Гумеровтың «Өзіұшар», Ә.Таразидың «Арман атаман», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты әңгімелері жарық көрді» [1]. Осы тұстағы көркем әдебиет пен фольклор жанрында балалар тақырыбына арналған әдебиеттерге жоғарыда аталған қаламгерлердің шығармаларын жатқызуға болады. Балалар тақырыбына жазылған шығармалар өзінің тақырыптық, стильдік, құрылымдық жағынан ерекше дүние. Осындай шығармалардың біршамасы аталған жылдары әдебиетімізге қазақ тіліне аударма жасау арқылы келді. Аударма жасау арқылы әлем  әдебиетіндегі  балалар тақырыбына жазылған шығармалардың озық үлгілері тәржімаланды.  

Қазақ тілінде көркем әдебиет тілі мен қаламгердің сөз қолданысын, шеберлігін талдау маңызды мәселелердің бірінен саналады. Себебі көркем шығармаға қойылатын талаптардың қатарында тіл шеберлігі де үлкен рөл атқарады. Балалар әдебиеті – адам психологиясының, дүниетанымы мен қабылдау ерекшелігінің ең нәзік тұсын бейнелейтін сала. Жазушы адам мінезінің толып жатқан қыр-сырын, оның сыртқы бейнесін, ішкі жан дүниесін әртүрлі тілдік тәсілдерді қолдану арқылы бейнелейді.

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи дамуының, дүниетанымы мен мәдени байлығының көрінісі. Жер бетіндегі әрбір этностың бір-біріне ұқсамайтын мәдениеті мен өзіне тән ерекшеліктері болатыны тарихи заңдылық. Мұндай құбылыс сол тілдік ұжымдағы ортаның қарым-қатынасынан, олардың сөйлеу мәдениеті мен өмір сүру дағдысынан анық байқалатынын аңғаруға әбден болады. Бұл ерекшеліктер сол кезеңге тән қоғамдық сананың тілінде  жақсы сақталады да, сол этностың рухани, мәдени құндылықтарының негізін көрсетеді. Осыған орай қазіргі тіл ғылымында халықтың, индивидтің, оның ішінде бала дүниетанымындағы қоршаған ортаның өмірін, дүниетанымдық сипатын қарастыратын жаңа бағыттағы зерттеулердің мәні зор болмақ. Себебі, «тіл адамдардың іс-әрекетінен тыс дамымайды. Тілдік ұжымды, жеке адамды тілі арқылы танығанда ғана оның шаруашылық, мәдени өмірінен толық ақпарат алуға болады. Ал, баланың қоршаған ортаны қабылдауы мен ой-танымы, оны санаға сіңіруі, болмыс туралы ақпарат жинақтауы жас ерекшелік психологиясына сай этностың когнитивтік деңгейінің даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді» [1]. Балалар әдебиетінің мазмұны мен құрылымы көркем шығармалардың басқа саласына қарағанда стильдік мәнімен ерекшеленіп тұрады.

«Әрбір ұлттың тілі – сол елдің менталды дүниесі мен шынайы этникалық болмысының айнасы. Тіл ұлттың мәдени өмірі мен дүниетанымы туралы ақпаратты сыртқа көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге шаруашылық тәжірибесінен алынған білімдер жүйесінің  санада ұғым ретінде қалыптасып, тілдік таңбалар арқылы репрезентациялану құбылысын айқындаушы бірден-бір құрал»[2]. Тілдің байлығы тек сөздік қор мен сөздік құрамның, грамматикалық мүмкіндіктердің молдығымен айқындалмайды, бұл ретте тілдік тұлғаны қалыптастыратын танымдық жүйелердің, психологиялық және әлеуметтік құрылғылардың, мәдени тілдік бірліктердің барлығы да ескерілуі қажет. Сол секілді шағын мақалаға арқау болып отырған балаларға арналған шығармалардың танымдық сипаты, оған сәйкес анықталатын сана қызметі адамзат атаулының когнитивтік ерекшеліктерін сұрыптауға бағытталады. Сондықтан тіл білімінде тіл, мәдениет және ұлт арасындағы қарым-қатынасты, олардың бір-бірімен байланысын танымдық тұрғыда зерттейтін жаңа бағыт – когнитивтік тіл білімінің орны ерекше. Тіл білімінде көркем шығарманың, оның ішінде жекелеген қаламгерлердің тілдік тұлғасын, тілдік қолданыс ерекшеліктері мен танымдық негізін қарастырған зерттеу еңбектері өз нәтижесін берген болатын. Сол сияқты балаларға арналған шығармалардың танымдық жағынан зерттелуі де қазіргі таңда жемісін беруде. Мұндай шығармалардағы кейіпкер барлық болмысымен толық танылуы үшін тілдік құралдардың бала дүниетанымымен, болмысымен сай қолданыла білуі автордың тіл шеберлігі мен бала психологиясын жетік меңгергендігін байқатады.

 

Әдебиет:

 

1.      Абдуллина З.Ә. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы: Филол. ғыл. канд. дисс. –А, 2008. - 118 б.

2.      Абдуллина З.Ә. Балалар әдебиетінің тілдік тұлғасы (Б.Соқпақбаев шығармалары негізінде). // Республикалық конференция, ҚазҰАУ Мемлекеттік тілде маман даярлау «Жаңа мақсат, жаңа жүйе». - Алматы, 2006.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle