Библиографическое описание:

Шарипова А. Ж., Тапаева А. П., Абдуллаев Н. Б., Каримов К. Ы., Картанбай А. Т. Инновациялық технологияларын қолдану арқылы білім сапасын арттыруды жүзеге асыру жолдары // Молодой ученый. — 2014. — №20.1. — С. 57-59.

Бүгінгі күні Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Педагогика ғылымында баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылыс көбеюде.

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан да оқушылардың ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен сана-сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыруда тәрбие жүйесіндегі инновациялық іс-әрекеттердің ендірілуі үлкен жетістіктерге жетелейді.

Бүгінгі мақсат — әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау [1].

«Халық пен халықты теңестіретін - білім» - деп қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, білім бәсекесіне бейім шәкірт тәрбиелеу – біздің мақсатымыз. Сондықтанда жаңа жаңалықтардан қалмай жаңалық жаршысы болуымыз керек. Бұл мақсаттарға жету үшін мұғалімнің ізденісі, жаңа тәжірибе, жаңа технологиялар қолдану қажеттілігі туындайды. Инновациялық технологияларды қолдана отырып оқыту - таным әрекетін ұйымдастырудың ұтымды формасы. Мақсаты–оқу үрдісінің өнімділігін арттыру. Инновациялық технологияны қолдану: оқып үйрену, меңгеру, өмірге ендіру, дамыту кезеңдері арқылы іске асады. Инновациялық оқыту білімді тереңдетумен қатар, оқушыны оқу әрекетіне жетелеп, олардың оқуға деген ынтасын оятады.

«Инновация» ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Инновация латыншадан аударғанда «жаңа», «жаңалық», «жаңарту» дегенді білдіреді немесе «инновация» — бұл нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже - жаңалыққа бет бұрудың кілті.

Инновациялық үрдістің негізі - жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін өтілген материал тәрізді.

Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады. Кейінгі кезеңде ғалымдар өз зерттеулерінде оқу-тәрбие ісіне жаңалықтарды енгізіп, тарату мәселесін қарастырады [2].

Қазіргі оқу орындары мен педагогикалық ұжымдар ұсынылып отырған көпнұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды. Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады. Жаңа технологияны қолдану оқып үйрену, меңгеру, өмірге ендіру, дамыту кезеңдері арқылы іске асады. Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары: балаға ізгілік тұрғысынан қарау; оқыту мен тәрбиенің бірлігі; баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту; баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту; баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту; әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту; барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу; оқу үрдісін оқушының сезінуі [3].

Бүгінгі таңда білім берудің ұлттық жүйесі өте маңызды, қарқынды өзгерістердің сатысында тұр. Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Сондықтан да қазіргі уақытта мамандық атаулының барлығы дерлік бейімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін ғана емес, мектеп ұжымынан үлкен жауапкершілікті, қызу белсенділікті талап етеді.

Білім беру мекемесінің алға қойған мақсатына жетуі үшін басқаруға ықпал жасайтын (мұғалімдер, мектеп оқушылары) және өзінің басқарушы ішкі жүйесі (әкімшілік, педагогикалық ұжым) біртұтас жүйе болғандықтан, инновацияға үнемі орын табылады. Ал жаңа өзгеріс нәтижесі білім беру мекемелері үздіксіз өзгеретін және дамитын жаңа қайшылықтардың көздері болады. Сонымен қатар басқарудағы маңызды орын үнемі қозғалыс пен дамуда болатын педагогикалық және балалар ұжымының қажеттілігіне беріледі.

Инновацияның қажеттілігі сыртқы себептермен де анықталады, мынадай бірқатар себептерге байланысты: адамдардың мұқтаждылығын қамтамасыз ету қажеттілігі, мектеп оқушыларының білімге, дағдыға шеберлікке деген ұмтылысы, жоғары сапалы білім алудағы жеке түлғаның дамуы. Технологияны, ұйымдастыруды үнемі жаңғырту жағдайында ұстап тұрып қана мектеп өз бағытын нығайта алады. Жаңалық енгізу кез келген білім беру мекемесінің дамуы мен жоғары жетістікке жетуінің негізгі факторы болып табылады [4].

Білім беру қоғамдық әрекет ретінде қоғамда өзгеріс ізін қалдырады. Білім беру жүйесінің даму деңгейі қоғамдық дамудың белгілі дәрежесінің нәтижесі немесе салдары деп айтуға болады. Дегенмен, кері байланыс та бар. Білім беру жүйесінің өзі қоғам мен оның дамуына ықпал етеді. Ол қоғамдық дамуды тездетуі немесе тежеуі мүмкін. Осы тұрғысынан қарайтын болсақ, білім берудегі бетбұрыс қоғамның болашақ дамуының тек қана салдары болып қоймай, қажетті шарттары да болып табылады.

Педагогтердің идеясы, ойлап шығарулары мен ашулары сияқты кез келген инновациялық қызметінің нәтижесі мектептер мен педагогика ғылымының прогрессивті дамуына ықпал етуі керек. Бұл қызметті күнделікті тіршілік әрекеті мен психологиялық және тағы да басқа стресс сияқты нәрселерден құтқарып, шығармашылық ой заңдылығы бойынша және ғылымның өзіне тән дамуының кең өріс алуына мүмкіндік беруі керек.

Жалпы, білім беруде енгізілген жаңалық тек педагогикалық қана емес, ол қоғамдық та мәселе болып табылады, білім беру қызметі қоғам үшін ерекше ықылас білдіріп, балалар үшін бұл саладағы жаңалыққа қоғамның мүдделі екенін де айтуымыз керек.

Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір ғана мақсатты көздейді, олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет [5].

Білім беру жүйесі құрылымының өзі қоғам үшін, өмір сүріп отырған деңгейінде сақтап қалу үшін оның тамыры табиғатта, біздің қоғамның негізінде жатқанын түсіну керек. Дәл сол себептен қоғам құрылымындағы әрбір маңызды өзгеріс өзімен бірге білім беру жүйесін де жаңалыққа тартады.

Ғылым мен техниканың дамуымен әлеуметтік өмір деңгейі де өзгеріп отырады.

«Қазақстан Республикасының білім беру дамыту туралы тұжырымдамасының» басты мәнділігі - ол үздіксіз білім жүйесінің негізгі иедеялары мен қағидаларын XXI ғасыр талаптарына сәйкестендірудің және оны әлемдік білім кеңістігінің даму заңдылықтарына ұштастырудың жолдарын көрсетуге арналып отыр.

Тұжырымдаманың басты ерекшелігі мен артықшылығы білім берудің ұлттық жүйесін қайта құрудың принципті жаңа идеяларын ұсынуында болып отыр.

Бүгінгі қоғамда мектеп қабырғасында және жоғары оқу орнында оқып білім алып жатқан жас ұрпақ алдында «Қазақстан – 2030» бағдарламасында көрсетілген «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы» сияқты ұзақ мерзімдік асыру стратегиясын үшінші мыңжылдықта жүзеге асыру міндеті тұр. Демек, бұл қоғамдық саладағы өзгерістерді сай жоғары талаптар қоя отырып, экономикалық бәсекелестік жағдайында сапалы мамандар даярлау қажеттігін алға тартады [6].

Білім берудің мақсаты, оның ұйымдастырушылық құрылымы, технологиялық жағынан жабдықталуын, оқыту әдістемесі қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындайды. Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері:

Мақсат — мазмұн — форма — әдіс — оқыту көрнекілігі болса, бүгінде жаңа технология бойынша оқып үйрену — меңгеру — өмірге ендіру — дамыту болып өзгерген.

Инновациялық оқыту білімді тереңдетумен қатар оқушының оқу әрекетіне жетелеп, олардың оқуға деген ынтасын оятады. Казіргі кезде педагогикалық технология ұғымы педагогикалық лексиконымызға берік еніп келеді. Технология – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы деген ұғымды білдіреді.

Қазіргі кезде көп айтылып, талқыланып жүрген жаңалықтарды оқыту үрдісіне енгізу, яғни, инновациялау инновациялық үш бөлімнен тұрады:

І-бөлім. Кәсіби шеберлік

ІІ – бөлім. Біліктілік дағдылары

ІІІ-бөлім. Жүзеге асыру, қолдану.

Жаңа технология жүйесінде проблемалық, іскерлік ойын арқылы оқытудың маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге деген қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді. Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы 3 кезеңнен тұрады. I кезең. Дайындық (рольдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау). II кезең. Ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау). III кезең. Қорытындылау (проблеманы шешудің тиімді жолдары іздестіру) [7].

Қазіргі заманғы білім беру мазмұнындағы осы өзгерістердің барлығы – оқытудың негізгі мақсаты Оқушылардың танымдық ой белсенділігін қалыптастыруда ойын сабақтарын өткізу оқушыларды өз бетінше ізденуге, ойлау кабілетін арттыруға, тапқырлыққа баулиды. Сондықтан оқушылар сұрақтар мен сөзжұмбақтарды шешу үшін өтілген материалды үнемі кайталап отыруды әдетке айналдырады. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, олардың шығармашылык ой-өрістерін, түсінік-танымдарын еселеп, арттыра түседі.

Сабаққа дайындық барысында оқушылар әр түрлі газет-журналдарды, көмекші құралдар мен анықтама кітаптарды пайдаланады, яғни бір сөзбен айтқанда оқушылардың өз бетінше шығармашылық ізденіспен жұмыс жасау қабілетін арттырады.

 

Әдебиет:

 

1.      Поташник М.М. Инновационные школы России: становление и развитие.-М.: Новая школа, - 1996. - С. 320.

2.      Полат Е.С. Новые педагогические технологии - М.: - 1997.

3.      Лернер П.С. Инновационные образовательные технологии. - 2006. - №6.- 155 б.

4.      Қоянбаева С. Танымдық қызығуды белсендіру // Қазақстан мектебі. - 2003. - №6. - 20 б.

5.      Дамитов Б.К., Фредман Л.М. Физические задачи и методы их решения. -Мектеп, 1987. – 160 б.

6.      Назарбев Н.Ә. «Қазақстан-2030» Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // Білім. - 1997. - 176 б.

7.      Пидкасистый П.И. Самостоятельная деятельность школьника в обучении. – М, 1980.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle