Библиографическое описание:

Сейлханов А. А. Қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесі // Молодой ученый. — 2014. — №4.1. — С. 24-25.

Көшпелі тұрмыспен күнелткен қазақтың тайпа-рулары байлыққа бас ұрмай, құқықтық жүйені мойындады. Оны танып-білуде, қабылдауларында өз ерекшеліктері болды. Кең дала, еркін өмір, қоршаған табиғат – бейбіт өмір сүрудің басты тұтқасы тәртіптілікті сақтау, құқықтық тәлім-тәрбиені үздіксіз жүргізу деп ұққан олар мұны отбасынан, жеке адамнан бастап, бүкіл қоғам болып қолдап – қуаттады. Адам және қоғам, әлем, олардың арақатынасын ақылмен түсіне алды, адам өмірі мен мәні тек бейбіт өмір сүруде, сіз - біздікте жатқанын ұқты. Құқықтық сана мен осындай ой-әуендерден бастау алып, жетіле кемелдене түсті. Қазақ құқығы оның басты саласы адам құқықтары мен бостандықтар аясында, өзіндік теңдік, өзін-өзі басқару негізінен бастау (азаматтық қоғам) алып дамыды. Оны ел ішінен шыққан дуалы ауыз би-шешендер жүргізіп отырды. Ел даулы мәселеде осы би-шешендерге жүгінді. Көшпелі қоғамда тәртіптілікті қадағалау мен реттеу маңызды болғандықтан бұл іспен кез келген би емес, елден озып шыққан, логикалық ойлау және шешім шығару әдісі мол, тілге жүйрік, әділ билер ғана араласқан. Қазақтың тұңғыш зерттеушісі Ш. Уәлиханов: «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған. Сонымен бұл би деген атақ келіп билік айтуға және төрелік сөз сөйлеуге патент сияқты нәрсеге айналған» [1]. Шоқаннның бұл пікіріне қарағанда, қазақ қауымында би атағын алу үшін екі шарт: бірінші - әдет-ғұрыпты жетік білу; екінші – шешендік қабілеті болу керек. Дәл осыған ұқсас пікірді қазақтың ұлы ақыны Абай да айтады. «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басында күнде кеңес болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек, һәм ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді...» [2].       Шоқан мен Абайдың бұл пікірлеріне қарағанда, дау шешіп, бітім-билік сөйлеу үшін әдет-ғұрып заңын білумен бірге шешендік өнер патент сияқты маңызды роль атқарғанын аңғарамыз.

Ежелгі Грек тарихында шешендік өнердің өркендеуіне атақты Салон заңы себеп болған. Афиннің әрбір азаматы өз мүддесін өзі қорғауға тиісті екен. Бұлай істеу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Осыдан келіп сот алдында айтылмақ сөзді алдын ала жұптайтын, даярлайтын логорифтар – сөз жұптаушылар пайда болған. Афинде шешендік өнердің негізін салған ежелгі Грецияның әйгілі саясаткері Демосфен шешен алғашында, міне, осындай логориф болған. Қазақтың «Жеті жарғысы» гректің Салон заңына ұқсас. Ш.Құдайбердіұлының да «Би һәм билік туралы» деген мақаласында қазақтың «қазылған қара жолдай» тамаша билік- кесімдері болғанын, бірақ та даңғыл дәстүрлердің бәрі «орыс законына қарағандықтан» мүлде көмескіленіп кеткенін, егер де солардың кейбір ереже қағидаларын сұрыптап алса, қазіргі күннің рухына, қазақ тұрмысына сайма-сай келетінін әңгімелейді. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейханов та «Тағы да һәм билік» деген мақаласында би тағдыры, билік жасаудың қиындығы мен күрделілігі туралы айта келіп, орыс судьясына құлақ асу керек пе, не болмаса шариғат жолын берік ұстау керек пе деген мәселені көтереді. Бұл пікірлерден шығатын қорытынды қазан төңкерісіне дейін халық сотының алдында билер бірі талапкердің, екіншісі айыпкердің сөзін сөйлеген, ал үшіншісі – төбе би болып төрелік – қалыстық сөз айтқандығын аңғарамыз.

Қазақ биінің моральдық-құқықтық мәртебесі халықтың «атаның бала-сы болма, адамның баласы бол» деген талабынан көрініс тапты. Қазақ құқы-ғы бойынша сот әділдігін іске асыру әділдік, халықтық және адамгершілік идеологиясына негізделді және оның мақсаты - дауласушы жақтарды татуластыру болып табылады.

Қазақ қауымында ертеден қалыптасқан ел ішіндегі дау-жанжалды мәм-лемен шешіп, реттеудің осы бір қарапайым халықтық тәсілі дәстүрлі шешен-дік өнердің дамуына әсер еткен және құқықтық жүйенің қалыптасуына негіз болған. Қазақтың дәстүрлі шешендік өнері мен ел билігін жүргізу тәсілі қа-зақ қоғамында ерекше рөл атқарып отырған. Бұл қазіргі заманда, өркениеттік идеяларының жаһандануында, Ата заңымыз ден қойып отырған талаптарды қанағаттандырады. Белгілі ғалым, академик Салық Зиманов: «Бір кездегі ежелгі қазақ даласындағы ұрпақтар мұрасы болып табылатын заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың алтын бетіне айналуда және болашақта жалпы өркениеттік мұрасына да айналар деген үміт бар»,- дейді [3].

Қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп өлім аузында тұрған тұтқынға да ақырғы сөз айтуына мүмкіндік берілген. Мәселен, екі ұрысы ұсталып қалып ашуға булығып отырған Тезек төренің үстіне рұқсатсыз кіріп келген Сүйінбай ақыннның басын алмақ болып алмас қылышты ала ұмтылған Тезекке Сүйінбайдың табан аузында:

Ассалаумағалейкум, Тезек төре,

Елден жылқы қоймаған кезек төре.

Сәлемге келген елді тонап алып,

Елде кісі қалмапты әттеген-ә!

А, тақсыр, жақсы да өтер, жаман да өтер,

Дүниеден жүйрік те өтер, шабан да өтер.

Сәлемге келгендердің басын ала берсең

Ұры төре, саған да кезек жетер...- деп сөзден сүріндіріп, Тезек төрені райынан қайтаруы көзсіз ерлік.

Ақындардың ас пен тойда, билердің жесір дауы, жер дауы, құн дауындағы билікте айтқан шешендік сөздері табан астында тұтқиылда туған халық тілінің қаймағы, шешендік пен тапқырлықтың асыл үлгілері деуге болады. Сондай-ақ қазақтың би-шешендері негізін қалаған билер соты демократиялық бұқараның мақсат-мүддесіне жақын сот билігі болып табылады. Оның қызметі қоғамдық-саяси жүйенің болмысына және азаматтық-халықтық қоғамға, тұрақтылыққа деген құлшынысын көрсететін императивтік нормалар мен өнеге өсиетке толы қадір-қасиет құндылықтарына негізделген. Олай болса, өзіміздің дәстүрлі құқық жүйеміз қоғам өмірінде басты орын алады. Дәстүрлі құқық жүйесі, қазақ қоғамындағы өркениеттік идеялар жаһандану қойып отырған талаптарды қанағаттандырады. Қазіргі қоғам оны ұрпақтан-ұрпаққа қасиеттеп табыстап, дамытып отырғаны баршамызға аян. Өйткені бұл құқықтық жүйе адамзат өркениетімен бірге өзектес етене жақын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз өзіміздің арғы-бергі ата-бабаларымыздың жүздеген буынының қалдырған өсиетін ақтап, мұраларын сақтап, молайта беру жолында топтасуға тиіспіз,- дей келе: ...Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» [4], - деген сөзінен-ақ біздің Ата Заңымыздың қазақтың дәстүрлі құқық жүйесімен тамырлас екенін аңғаруға болады.

Ел ішіндегі бейбітшілік пен келісім, ауызбіршілік пен түсіністік – қай қоғамда да маңызын жойған емес. Қазақ даласындағы тарихи тамыры тереңде жатқан ел бірлігін сақтауды мақсат еткен би-шешендер елдің әдет-ғұрып заңын жетік білгендер еді. Қазіргі ұрпақ та осы дәстүрді бойына сіңіре отырып Ата Заңымызды қадірлеу керек. ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтадғу Біліг» дастанын жазды. Дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқарған. Дастанның басты идеясы – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Олай болса, қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елінің әділ заңы бар. Оны құрметтеу – әрбір қоғам мүшесінің міндеті.

Әдебиет:

1.      Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. - А,1985.

2.      Құнанбаев А. Таңдамалы шығармалары. – ІІ том. - А,1977. – 133 б.

3.      Зиманов С.З. Қазақ даласында әділ соттың «Алтын ғасыры» болды ма? // Қазақтың Ата заңдары, 10 томдық. – ІІІ том. - А, 2004.

4.      Назарбаев Н. Туған елім – тірегім. - А, 2006. – 122 б.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle