Библиографическое описание:

Абжалиева Ж. Е. Болашақ педагогтарда салауатты өмір салтына тәрбиелеу проблемаларының зерттелу жайы // Молодой ученый. — 2014. — №2.1. — С. 27-29.

Қазақстан Республикасының әлемдік өркениетке, демократиялық дәстүрге өту жағдайында адамзат қоғамының ғасырлар бойы жинақтаған жалпы құндылықтар мұрасына ден қоюы, рухани-адамгершілік негізінде дені сау жан-жақты дамыған , салауатты өмір сүру дағдыларын арқылы мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі артуда. Бұл мәселе «Білім туралы» Заңында, білім беру жүйесінің басты міндеттерінің  бірі ретінде көрініс тапқан [1].

Сыр сымбат, сыртқы және ішкі мәдениетті жетілдіру, жаңа технология мен озат тәжірибені ұлттық және жалпы адамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастыра зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған педагогика ғылымының міндеттерінің бірі. Денсаулықты  сақтап, оны жетілдіру  мәнін бүгінгі жаңа заман талабына сәйкес қарастыру – бұл адамды өзі өмір сүрген ортаның жемісі ғана емес, сол ортадағы дене мәдениеті, адамгершілік қарым-қатынасы әрекетімен көрінетін субъект деп танылуымен айқындалады. Қоғамның елеулі өзгерістерге түсуі, адамның мақсат-мұраттарына, тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқына, сондай-ақ өзінің жеке басына да субъект ретінде өзгеріс енгізуде. Оның үстіне қоғамдағы салауаттылық, дене мәдениеті мен рухани құндылықтардың табиғаты, мәні, шығу тегі және атқаратын қызметтері туралы жан-жақты зерттеу, оқушылардың тәрбиенің құрамдас бөліктерінің бірі салауаттылық мәселесімен байланысты қарастыру қажеттігі біздің тақырыбымыздың өзектілігін айқындай түседі [2].

Ғылым, техника, мәдениет және білім дамуының өзара байланыстылығы мен өзара сабақтастығы тарихи сипатта екендігін ескере отырып, жүргізген теориялық зерттеулеріміз қорытындылары, озат тәжірибелерді оқып үйрену мен жүйелеу, көп жылдық тәжірибе көрсетіп отырғандай, болашақ педагогтарды  бәсекеге қабілетті, дені сау етіп тәрбиелеу болашақ мұғалімдерді  сапалы даярлауда олардың болашақ кәсіби әрекетінде білімгерлердің  салауатты өмір сүру дағдыларына баулу, салауатты өмір сүру салтын  теориялық  талдаудың маңыздылығы өте жоғары екендігі айқындалды.

Салауатты өмір сүру салты  әлеуметтік жүйе және қоғамдық құбылыс оның қалыптасуы мен дамуының негізгі заңдылықтарын, оның қызметі мен құрылымын танып, білудің қажеттілігі білім мен тәрбие талаптарына сәйкес өсіп келе жатқан ұрпақтың жан-жақты дені саулығын қамтамасыз ету үшін керек. Салауатты өмір салтын қалыптастыру сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы салауаттылық  жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді. Мұндай маңызды әдістеме ғылыми және оқу пәні ретінде жетекші рөл атқаратынын,  болашақ педагогтардың тәрбиесі саласындағы кәсіптік бағытта дайындауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарындағы оқыту жүйесіне тікелей байланысты екені белгілі.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру  мәселелерін шығармашылық тұрғыда шешуге, өзгермелі өмір жағдайында инновациялық процестер мен жаңашыл бағыттарды дер кезінде меңгере отырып, тәжірибеге сын көзбен қарап, салауаттылықты қалыптастыру  міндеттерін жүзеге асыруға белсенді, салауаттылық пен денсаулығы мықты маман даярлаудың маңыздылығы артуда.

Демек, жоғары оқу орындарына болашақ мамандарды кәсіби дайындау денсаулығы мықты, жан-жақты дамыған, алуан түрлі дене және ақыл-ой еңбектерін тәрбиелеуге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік қажеттілік талаптарына байланысты жүргізілетін іс. Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – халықаралық білім жүйесіне ену.

Жоғары білімді дамытудың жаңа ұлттық тұжырымдамасы мен бағдарламасына, жоғары білімдегі құрылымдық өзгерістерге байланысты білім мазмұнына оның жаңаша педагогикалық негіздерін енгізу қажеттігі туды, біздің зерттеуіміз салауатты, денсаулығы мықты болу  үшін жүргізіліп жатқан іс-шаралар аз емес.

Республикамыздағы білім беру саласында және әртүрлі қолдану салаларына байланысты жаңа бағыттағы білімді де, денсаулығы мықты жан—жақты дамыған мамандарға деген сұраныстардың артуы, оларды дайындаудағы білімділігі мен қабілеттілігі, біліктіліктің қазіргі талаптарға сай болуы өте үлкен маңызды жұмыстарды атқаруды талап етеді және болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын, білім стандартына, мазмұнына сай жетілдіру мәселелері көкейкесті мәселеге айналып отыр.

Денсаулықты нығайту, білім беру, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін шешуге арналған педагогикалық жұмыстардың бірі бола отырып, жеке тұлғаның денсаулық деңгейін арттыру, табиғи күш-қуатын нығайту, дене мүшелерін гигиеналық негіздері мен дене-қозғалыс қабілеті мүмкіндіктеріне сай, өз бетінше қимыл-қозғалыс жаттығуларын орындап, өзін-өзі үнемі дамытып, көңілді де сергек жүруге баулиды [3].

Болашақ ұрпағымыздың денсаулығының мықтылығы, салауатты өмір сүруі мектеп мұғалімінің жеке басымен оның жоғары оқу орнындағы теориялық жеке тәжірибелік дайындығының дәрежесіне тікелей байланысты. Осыған орай білімгерлердің салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру  жүйесін жүзеге асыру жұмыстарын  болашақ мұғалімдерді даярлау ісін кәсіби дайындықтың ажырамас бөлігі ретінде қарастыру керек.

Бүгінгі таңда болашақ мұғалімдерді оқушылардың спортпен шұғылдануға, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау  жүйесін жүзеге асыруды ескере отырып дайындаудың қажеттігі мен бұл мәселенің ғылыми-теориялық тұрғыда талданбауы және болашақ мұғалімдердің кәсіби дайындығын ғылыми - әдістемелік тұрғыдан жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету сұранысы мен осы уақытқа дейін педагогика ғылымының мәселенің арнайы жүйе ретінде қарастырылмауы арасында қарама-қайшылықтарорын алып отырғанын  байқадық. Қарама-қайшылықтар бізге зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты «Болашақ педагогтарды салауатты өмір салтына тәрбиелеудің ғылыми педагогикалық шарттары» деп таңдауымызға себепші болды.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасында «Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша,  біз қуатты мемлекет пен қарулы күштер құра алмаймыз, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз»,- деген болатын [3].

Соған байланысты көптеген құжаттар бар, мәселен: Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 ж 18 мамырдағы «Халық денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесінде «Салауаттану-денсаулықты сақтау» бағдарламалары. Бұл құжаттардағы  негізгі мәселенің бірі –салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастар тәрбиесі. Сондықтан да болашақ мұғалімдерге қойылатын жаңаша талаптар мен өзгерістер туындап отыр. Бұған себеп қазіргі кезде жеке тұлғаның қоғамдық және әлеуметтік мәні болашақ мұғалімінің назардан  тыс қалмауы қажет.Оқу тәрбие  үдерісіндегі  сауықтыру, білімдік, тәрбиелік міндеттерімен қатар, педагог кәсіби жұмысын атқарып қоймай, оқушылардың рухани жеке тұлғасын қалыптастыруды жүзеге асыруы керек [2].

Салауатты өмір сүру салтының  теориясы мен әдістемесінің қайнар көздерін, тарихи даму кезеңдерін сараласақ, олардың мынадай жағдайларға байланысты пайда болатынын анықтауға болады:

- салауаттылық дағдысы  жетілген, денсаулығы мықты адамдардың қажеттілігінен туындаған қоғамдық өмірдің іс-тәжірибесі;

- әр түрлі тарихи кезеңдерде ойшылдар мен ағартушылардың жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу туралы ой-тұжырымдары мен идеялары;

- үйлесімді дамыған, жан-жақты, білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеудегі озат педагогикалық іс-тәжірибелер мен ұсыныстар;

- кәсіби білім беру саласындағы ізденістер мен ғылыми негізделген тұжырымдамалар;

-   кәсіби білім беру саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік сұраныстар.

Салауатты өмір сүру салты  адам әрекетінің сан – қилы сипатымен, өзіне тән ой-сана мен даму заңы, өзара ішкі байланыстары мен өзара ықпалдастықта дамитын ерекшеліктері, әдістері мен өзіндік тарихы қалыптасқан. Нәтижесінде салауаттылықты қалыптастыру  теориясы ғылым ретінде қалыптасып, мәні мен мазмұнын анықтауға мүмкіндік береді. Тарихи деректерді сараптасақ, адамзат қоғамы пайда болып, алғашқы өмір сүру кезеңінен-ақ дене мәдениетіне  көңіл бөлініп, сол еңбек пен тұрмыстық өмірдің шарты ретінде дамыды. Алғашында  ұйымдасқан ойындар мен ойындық-қимыл қозғалыстар түрінде көрініс берді. Бұл кезеңдегі ойындар мен денешынықтыру жаттығулары қарапайым болғанымен, олардың адамды қалыптастыру мен тәрбиелік маңызы зор болды [4].

Салауатты өмір сүру салтына тәрбиелеудің басқа тәрбиелермен сабақтастығы мәселесі Орта Азия және Ұлы дала ғұламалары еңбектерінде де ерекше аталған. Солардың ішінде ерекше тұлға Әл-Фараби тәрбие мәселесіне бағыт-бағдар бере отырып, «Әлеуметтік-этикалық трактаттар» атты еңбегінде бала денесін жетілдіруді оның бойындағы абзал қасиетті тани біліп, мінез-құлқының жақсы сипаттарын тәрбиелеп, өзін-өзі үнемі дамыту қажеттігіне тоқталады. Ол «дененің саламаттылығы» ұғымын енгізе отырып, әр адамның тәрбиесінде мынадай үш қасиет болу қажет деп есептейді: дене күші, рухани және ақыл-ой, олар өзара үйлесімді дамыған жағдайда ғана жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға болатынын дәріптейді.

Еліміздің белгілі қайраткерлері Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, Ө. Тілеуқабылұлы т.б. салауаттылық мәселелерін халықтың дәстүрлері, халықтың мұраларындағы орамды тұстарын дәлелдеп, оның құндылық бағытына тоқталған.

Кейінгі жылдары жастардың тәрбиесіне байланысты бірқатар құжаттар, заңдар, тұжырымдамалар жарық көрді. Оларда тәрбиенің мазмұны, ұстанымдары, мақсаты мен міндеттері қайта қарастырылып, оларды түбегейлі жаңалау қажеттілігі атап өтілген. Мұндағы мақсат – ұрпақты қазақ халқының жауынгерлік тарихымен, ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, елін қорғай алатын елжанды ұлттық намысы бар жігерлі азаматтарды тәрбиелеу, басқа ұлттардың өкілдерімен жастардың өзара сыйластық, достық негізінде өмір сүруіне ықпал жасау, ұлтаралық қатынастың жақсы негіздерін бойына сіңіру. Бұл қағидалар қазіргі таңда қазақ педагогикасында тәрбиенің негізгі ережелерінің бірі болып саналады[5].

Соңғы уақытта қоғамымызда зор саяси және әлеметтік өзгерістер жүріп жатыр. Осыған байланысты  адамдардың тұрмыс  тіршілігінің, сана-сезімі мен әдет-ғұрпының  да өзгерістерге  ұшырайтыны  заңды құбылыс. Яғыни, бұл болашақта біздің ұрпағымыз жаңа өмір салты бойынша  өмір сүреді деген  сұрақтар төңірегінде  қазірден бастап ойланып, оның теориялық негізін жасауымыз, жастарымызды сол бағытта тәрбиелеуге  назар аударуымыз керек.

Әдебиет:

1.         «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. - 27.07. 2007

2.         Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 ж. 18 мамырдағы «Халық денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламасы.

3.         Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. НазарбаевтыңҚазақстан халқына Жолдауы. – Алматы: Білім,1997. - 176 б.

4.         «Қазақстан республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы. - 2004 ж. - 7 шілде, № 581.

5.         Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінің 2006-2011 жылдарға арналған тәрбие жұмысының кешенді бағдарламасы. - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 13 маусымдағы № 401 бұйрығы.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle