Библиографическое описание:

Снасапова Г. Ж., Несипбаева П. М. Метафоралық модельдердің ұлттық сипаты // Молодой ученый. — 2014. — №1.2. — С. 77-79.

Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан білімдердің жаңа бағыты саналатын когнитивтік лингвистика саласында тілдік құбылыстар ұлт өкілдерінің танымы тұрғысынан зерделеніп, тілдің лексикалық құрылымы адамның санасы мен оның тілінің мағыналық өлшемдерімен өзара қатынасының бірлігі негізінде қарастырылады. Танымдық категорияларды ғасырдан – ғасырға өшпей, ұлттық тілдің құрылымында сақталып келе жатқан дүние туралы білімдерді модельдейтін, танымдық мазмұндағы тілдік құбылыстар ретінде қарастыруға болады.     

Метафоризациялау құбылысы тілдік ұжым мүшелерінің санасындағы концептердің ұлттық образдарының түр -сипатын айқындауға мүмкіндік туғызады, өйткені метафоралық қолданыстардың мазмұнында социум мен жеке тұлғаның дамуы жөніндегі ұлттық мәдени кодтар мен архетиптер жинақталады. Сондықтан, жұмыста ұлт өкілдерінің күнделікті тұрмыста жинақтаған деректік -сезімдік тәжірибесіне негізделген тірек концептілерінің мазмұнындағы метафоралық модельдер танымдық, семантикалық тұрғыдан экспликацияланады. Тірек концептілерінің образдарын модельдеу мәселесі тілге жүйелілік - құрылымдық тұрғыдан емес, жүйелілік - қызметтік тұрғыдан қараумен байланыстырылады. Аталған бағыт бойынша, тілдік ұжым мүшелерінің танымдық қызметі, ұлттық дүние бейнесінің тілдегі көрінісі зерделенеді.    

Тілдік ұжым мүшелерінің қолданысында тұрақты түрде көрініс тапқан, ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып келе жатқан нақты метафоралық модельдерді жүйелеу және оларды сипаттау қажетті де маңызды шаралардың бірінен саналады. Өйткені, модельдеудің бұл түрі адамды қоршаған ақиқат дүниені ұлттық қауымдастық өкілдерінің метафоралық тұрғыдан сипаттауы мен оларды түсінуінің ортақ заңдылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Танымдық тұрғыдан алғанда, лингвомәдени ұжым мүшелерінің белгілі бір нысан туралы қалыптасқан ортақ прототиптік образдары жинақталып, метафоралық модельдердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

М.М. Маковский метафораны, түрлі мәдениет өкілдерінің санасында өзінше көрініс тапқан, нақты мәдени қауымдастық өкілдерінің санасында түрлі кезеңдерде өзгеріске ұшырап отыратын, дүниенің өзгеше бір бейнесі санайды [1, 9 б.]. Бұл оймен толық келісуге болады. 

Метафоралық модельдердің табиғатын тану үшін ұлттық тіл мен сана, ойлау әрекеті мен ақиқат дүние арасындағы эксплицитті немесе имплицитті қарым -қатынастарды терең саралау қажет, сондықтан да бұл мәселе тіл, ақиқат дүние, сана мен ойлау арасындағы байланысқа негізделеді. Олай болатын себебі, ұлт өкілдері өздеріне таныс денотатты ғана метафоралау әрекетіне қатыстыра алады, ал өздерінің мәдениеті мен болмысына беймәлім заттар мен құбылыстар бұл процестен сырт қалады.

Қайғының дүние бейнесіндегі константа екенін мына микромәтін айғақтайды: Мысалы: "Басы бүтін пенде бар ма. Мына жарық әлемде қалқайып, қампайып жүрген қай жан иесінің де көңіл сарайын түртіп қалсаң сарытаптанып сүрленіп жатқан мұң – наланың, опық, өксіктің көмбесінің үстінен түспесіңе кім кепіл. Қай пенденің басынан не өтпепті. Қозғап жіберсең зардабы жан сыздататын нелер құсалы тіршілік, орны толмас өкініш осы отырғандардың бәрінің де басында бар" (Б. Шаханов). Бұл жерде дерексіз нысан болып табылатын қайғының образын рецепиенттің көз алдына әкелу үшін сарытаптанып сүрленіп жатқан  көмбенің алынғанын көреміз. Сарытаптанып сүрлену мен көмбенің денотаттық дескрипторлары болып көп уақытқа созылған, көптен бері келе жатқан, сыртқа шықпай, іште сақталған т.б. табылады. Дүниені танудың ұлттық тілде, ең алдымен метафоралық модельдер арқылы іске асатынын келтірілген микромәтіндер дәлелдейді. Басқаша айтсақ, метафоралық аталымдар жүйесі дүниені интерпретациялаудың тетігі іспетті. Ал, ағылшындардың дүние бейнесінде қайғының қара ит (black dog)түрінде модельденетінін байқауға болады. Мысалы: the black dog is on his back  (сөзбе-сөз: қара ит оның арқасында) немесе he has the black dog on his back (сөзбе-сөз: оның арқасында қара ит бар).

Қуаныш пен қайғының да өлшемі, мөлшері, салмағы, иісі, дәмі т.б. метафоралық қолданыстан шеттеп қалмаған. "Өмірдің ащы - тұщы, қайғы - қуаныш дегендері ойына да кіріп шықпайтын сияқты" (Ғ. Мүсірепов), "Сендер ұзақ жасар жастықты мен армансыз жалын құшып, жасап өткем. Әлі сендер алда татар балды да, зәрді де татып өткем" (М. Әуезов) деген мысалдардан қайғының "дәмінің" ащы және зәрлі екенін, қуаныштың тұщы және бал татитындығын көреміз. Аталған метафоралар қуаныш пенқайғының дәмдік бейнелер арқылы модельденгенін байқатады. Қуаныш пенқайғының дәмдік образдарының ащы мен тұщы екенін, оның алмасып тұратынын көреміз: ащы менен тұщыны татқан білер. "Ендеше, өмірдің ащысын да, тұщысын да туған халықпен неге бірге татпаймын?" (С. Мұқанов). Келтірілген метафоралық қолданыстар адамның өзін -өзі тану әрекетінде, нақтырақ айтсақ, өзінің басындағы қуанышты немесеқайғыны сипаттауда дәмдік образдарды пайдаланатынын көрсетеді. 

Тілдік ұжым мүшелерінің мифтік танымы мен діни санасындағы ақпараттар мен білімдерді меңзейтін лексемалардан болған метафоралық модельдің ұлттық сипатта болатыны аян, өйткені дін мен миф, оның ішінде, әсіресе аңыздар мен ертегілер, батырлар жыры ұлтпен бірге жасасып келе жатқан ұғымдар. Өздерінің арман - тілектерін, наным - сенімдерін, мәлім - беймәлім, тылсым да жұмбақ әлемдер туралы ойларын, тіпті қуанышы мен қорқынышын да мазмұнына арқау еткен мифология мен діннің, ұлттық қауымдастықтың тілдік санасындағы орны ерекше. Бұл жерде мифтік және діни мазмұндағы антропоморфтық, зооморфтық, фитоморфтық образдар жиі кездеседі.            Метафоралық модельдерде тілдік ұжым өкілдерінің ақиқат дүниені сипаттау үшін қолданатын прототиптік образдар жүйесі қалыптасады. Олар әрине, денотат пен коннотат арасындағы байланыстарды сараптайтын ментальдық әрекетпен айқындалады.

Тіл мен ойлаудың арасындағы байланыс туралы М.А. Кронгауздың пайымдауына жүгінсек, "ол тілдік бірліктер мағынасының ұғымдық аппаратында түсіндіріліп, ойлауды сипаттайтын терминдер арқылы көрініс табады" [2, 104 б.].

Өлім не? Ол−тыныштық тас қамалды.

Білмейсің кәріні, әлде жасты алады.

Тек қана қаһарманға қара жерден

Мәңгі өлмес ұзақ өмір басталады, - деген өлең жолдары қайғы концептісінің мағынасына кіретін физикалық өлім ұғымының автордың түсінігінде ешкім қашып құтыла алмайтын қорқынышты ақиқат емес, өмірде кездесетін қарапайым көп құбылыстың бірі ретінде суреттелетінін байқаймыз.

Өлім-мылқау, өлім-албасты сияқты паралелльден қайғы концептісінің парадигмаларын тануға болады. Бұл образдық модельдердің біреуі физиологиялық ерекшелікпен сипатталса, екіншісі мифологиялық ерекшелікпен нақтыланады. Бұл жерде жазушының өлімге қатыстыәрбір сөз тіркесінде ашық та ащы иронияны қолданғанын көреміз. Мысалы: Қара жердің құшағына қимас осындай асылыңды мүсіркей білмес мылқау сұм ажал алды... Сөзі де, таяғы да өтпейтін мылқау албастыға қолынан не келеді (І. Есенберлин). Сондай - ақ, сақтамаса шегіртке теуіп те өлтіреді.... (Ғ. Мұстафин) т.б. мысалдан жазушының комикалық әдісті қолдану арқылы қайғы концептісінің адресатқа түсіретін салмағын жеңілдеткісі келетінін сеземіз. 

Ұлттық дүние бейнесінде метафораларды модельдеуде зоонимдердің алатын орны ерекше. Мысалы, жастықтың мазмұнына кіретін балалықтың да өз "базары" мен өз "құсы" болатынын байқаймыз: "Басымдағы балалықтың "құсы" шырылдап ұша жөнелгендей болды. Маңдайымнан тер шықты" (С. Мұқанов). "Балалық базарын базарлап, одан асса, аналық базарына аяқ басқанымда қатындардың қанша жұмысы бар, шуылдап − шуылдап шайларын ішіп, "қайырлы болсынды" менің үстіме үйіп кете барды" (С. Мұқанов). Шырылдап ұша жөнелген құстың образы да, балалық базарын базарлап, аналық базарына аяқ басудың да балалықтың аяқталғанын меңзейтін метафоралық қолданыстар екенін дәлелдейді. Аталған   корреляциялық құрылымның шеңберінде жастық концептісі уақыттың өткіншілігімен, жастық шақтың тым қысқалығымен сипатталатынын көреміз. Құстың шырылдап ұшуы образға көркемдік бояу үстеп тұр және бұл метафоралық тіркес дыбыстық бейне мен заттық бейненің синтезінен жасалған.

" - Осалды мықты шыңғыртып жеп жатқанда қасында қарап тұрсам, мен кім болам? – деді Балуан" (С. Мұқанов) деген мысалда бай мықтыға, кедей осалға теңеліп қана қоймай, олар бірін - бірін әлім жеттік қылып жеп қоятын жабайы аңдар кейпінде сипатталып тұр. Бұл мәтін бай мен кедейдің әлеуметтік жағдайын, қоғамдағы орындарын, таптар қайшылығын білдіріп қоймай, өмірде орын алатын әділетсіздікті де сипаттайды. Прагматикалық әсерді күшейте алатын мұндай қарама - қарсы қойып суреттеу тәсілі бинарлық оппозициялардың прототиптік образдарын сипаттауда кеңінен қолданылады. 

Жоғарыда келтірілген мысалдар тірек концептілерінің тек әлеуметтік, экономикалық, мәдени сипаттағы білімдермен емес, психологиялық, тарихи тұрғыдағы білімдермен де қаруланғанын көрсетеді. Аталған концептердің төңірегіндегі ұлттық нақыштағы білімдерді әлеуметтік, тарихи, саяси өзгерістерге байланысты үнемі табиғи өзгеру, өсу, толығу үстінде болатын құбылыс екенін байқауға болады.

Әдебиет:

1.      Маковский М.М. У истоков человеческого языка. - М.: Высшая школа, 1995,  - 159 с.

2.      Кронгауз М.А. Изменение в современном речевом этикете // М.А. Кронгауз // Жизнь языка: Сб. ст. к 80 - летию М.В. Панова. - М.: Языки славянской культуры, 2001, - С. 263-269.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle