Библиографическое описание:

Қыпшақбаев Қ. З., Серкебаев Д. Ж. М. Шоқай – тарихшы, публицист // Молодой ученый. — 2016. — №5.2. — С. 27-28.



Мұстафа Шоқай - Түркістан ұлттық қозғалысының мақсат-міндеттері және оған ниеттес күштерді анықтаумен бірге, тәуелсіздік үшін күресте қолайлы жағдайдың қалыптасуына, оған мемлекетаралық қатынастардың ықпал ететіндігіне үлкен мән береді. 1931 жылы 16 қазанда В.А.Добровскийге жолдаған хатында Мұстафа оған былайша түсінік береді: "Бізге қарсы жүз миллион орыс халқы тұр. Оның ұлттық үстемдігіне қарсы күресті біз барлық аймақтармен, кавказдықтар, украиндықтар және басқалармен тығыз байланыста жүргізуіміз керек. "Интернационалдандыру" тек осы мәнде ғана маңызды және сөзсіз қажет. Ол - орындалатын нәрсе және біз оны ұйымдық жағынан іске асырамыз". М.Шоқай бұл жерде Түркістан мәселесі - Ресейдің , не Кеңес одағының ішкі ісі емес, ұлттық езгінің қазақ, өзбек, грузин, әзірбайжан, т.б халықтарға тән екендігі арқылы оны халықаралық аренаға бірлесіп алып шығу жөнінде айтып отыр. Дегенмен ол Ұлыбритания, Франция, Германия, Америка Құрама Штаттары секілді ірі мемлекеттер тарапынан ұлттық қозғалысқа көрсетілер моральдық қолдаудың маңыздылығын жоққа шығармайды.

Ол "Яш Түркістанның" беттерінде жарық көрген "Алманиядағы қаржы дағдарысы ", "Ағылшын дағдарысы", "Қытайда", " Маньчжурия мәселесі және дүниежүзі баспасөзі", "Қиыр Шығыста", "Америка мен Кеңес үкіметінің Жапонияға қарсы жоспары", "1936 жыл ішіндегі халықаралық жағдай ", "Алмания, Италия және Жапонияның Кеңестерге қарсы бағытталған келісімі", "Австрия мәселесі", "Халықаралық өмірден Англия - Италия келісімі" және басқа да мақалаларында халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне талдау жасайды.

М.Шоқай шығармашылығының басты тақырыптарының бірі Кеңес Одағының Түркия және басқа мұсылман елдері жөнінде жүргізіп келген саясатының екіжүзділігін әлем халықтарына жария ету болып табылады. "Түркия - Кеңес достығы", "Большевиктерінің - түрік достығы ", "Константинопаль және бұғаздар", "Персияда не болды?", "Большевиктер және Ауғаныстан", "Жаңа емес, ескі ұран" атты еңбектерінде Мұстафа Кеңес өкіметінің Шығыс халықтарына дос болып көрінуге тырысуы, ондай саясаттың түпкі мақсаты Түркияны әлжуаз мемлекетке айналдырып, Ауғаныстан мен Иранды өздеріне қарату екендігін жазады ол.

М.Шоқай әмбебап ғұлама ретінде өзбек, қазақ, қырғыз, түркімен, тәжік әдебиетіне көңіл бөліп, олардың рухани жетістіктерін қарастыруға ұмтылады. Түркістан тұрғындарының ауыз әдебиеті Мұстафа дүниетанымының бір бұлағы болғандығы, оның өзбек, қазақ, қырғыз халықтарының өнері мен мәдениеті мәселелері туралы зерттеулерді шет жерде жүргенде де назарынан тыс қалдырмағаны белгілі. Оның бір мысалы - М.Шоқайдың 1931 жылы "Остойропа" журналында жариялаған "Түркістан әдебиетіндегі өлеңдері" және "Муа" журналындағы "Түркістан әдебиетіндегі өлеңдер" атты мақалалар туралы пікірлері.

Мұстафа еңбектерінің пәрменділігі - саясат мүддесі үшін тарихты зерттеуде қылдай қиянатқа бармауында, логикалық ойлау қуаты мен деректік негіздерінің шынайылығында еді. Ол ақпарат көзі ретінде "Еңбекші қазақ", "Казакстанская правда", "Қазақ әдебиеті", "Ақ жол", "Қызыл Өзбекстан", "Жаңа Ферғана", "Азат Бұхара", "Шарк хакиқаты", "Шуралар Туркменстаны", "Туркменская искра", "Қызыл Юлдуз", "Авази Тәжик", "Рехбер-и-Дониш", "Куртулуш", "Правда Востока", "За партию", "Советская степь", "Правда", "Известия" секілді басылымдардағы ресми материалдарды пайдаланады.

Мұстафаның Кеңес одағының сыртқы саясаты, әсіресе неміс-кеңес қатынастары жөнінде жинастырған материалдары 200 беттен асады, олардың ішінде және шетел баспасөздерінен қиып алынған А.Канторовичтің, Н.Корнеевтің, Карл Радек, Д.Ихок, Иоганн Вальтер, С.Викторов , К.Гофман, Н.Аржанов, А.Трайнин, Б.Сергеев, т.б авторлардың мақалалары , ТАСС-тың мәлімдемелері бар.

Мұстафа бір халықты екінші халықтан астам көретін фашистік Германияның нәсілшілдік теориясына да , басқа халықтардың орыс ұлтына сіңісіп жоқ болып кетуін мақсат тұтатын Кеңес Одағының "интернацияналистік идеологиясына" да бүкіл жан-тәнімен қарсы шығады. Ол бірде-бір халықты тегіне , нәсіліне қарап кемітіп көрген емес, санына, дініне, тіліне қарамастан барлық халықтарды тең құқылы есептейді. Өмір бойы езілген, зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың жағында болады. II дүниежүзілік соғыс басталған кезде Мұстафа және оның жақын серіктері А.Оқтай мен Т.Шағатай немістер оккупациялаған халықтармен ынтымақтастықтарын білдіреді.

М.Шоқайдың саяси қызметінің де, халықаралық оқиғаларды зерделеуі мен ғылыми-публицистикалық ізденістерінің де негізін тарихилық принциптері құрайды.

М.Шоқайдың мәдениеттілігі, кісілік қасиеттері мен терең ойлылығы зиялы адамдарды өзіне тартып тұратын. Оның таныстары мен достарының қатары сиремейді, қайта уақыт өте келе көбейе түседі. 1940 жылы М.Шоқай шығыстанушы, орысша таза сөйлейтін неміс ғалымымен танысады. Осыдан кейін ол үйіне: "Онымен кездескеніме қуаныштымын. Ол егде тартқан, оның үйінде сирек кездесетін шығыс авторларының кітаптары бар. Бұхарада болған, Түркістанды жақсы біледі, өзбек тілінде меңгерген" деп, көтеріңкі көңіл-күйде оралады.

М.Шоқайдың зерттеушілік қызметі әлемнің көптеген елдерінде Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты жөніндегі қоғамдық сананы қалыптастырады.

Тарихты ол саяси күрестің құралы ретінде ғана пайдаланған емес, оның қоғам дамуындағы рөлін аса жоғары бағалап, "әрбір халық үшін өткені - моральдық күш алатын және басқа халықтар ортасында өз орнын анықтауға қажетті қайнаркөз болып табылады" деп атап көрсетті.

М.Шоқайдың пікірінше, тарих тағылымынан үйренбеу, оны жалған пайымдаулармен улау халықты теріс жолға салады, бұрынғы кезде орын алған кейбір қайғылы кезеңдердің қайта оралуына әкеледі.

Әдебиет:

  1. Чокаев М.Большевики и восточный вопрос // Шефек. 1921. январь
  2. Чокаев М. Нерешительность коммунистов (в восточно-турецкой политике) Там же.1920.18 октября.
  3. Шоқай М. Таңдамалы. 1том. 488-бет.
  4. Шоқай М. Таңдамалы. 1-том. 225-226-бб.
  5. Мұстафа Шоқай. Шығармаларының толық жинағы. 1-том. А,2012

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle