Кірме сөздердің лингвомәдени сипаты және оны аудармада қолданылуы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Туребаева, А. Е. Кірме сөздердің лингвомәдени сипаты және оны аудармада қолданылуы / А. Е. Туребаева, А. К. Сыдыкова, А. К. Сулейменова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 1.1 (81.1). — С. 131-132. — URL: https://moluch.ru/archive/81/14865/ (дата обращения: 18.12.2024).

Тұрақты даму барған сайын қазіргі әлемдегі қоғамдық үдерістердің ұтымды жүруінің негізгі өлшеміне айналып келеді. Ал тұрақты дамудың шарттарының бірі – ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығы болып табылады. Көп ұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етуге тиіс. Этностың қоғамдық-экономикалық т.б үдерістерге байланысты өзгеріп, дамып отыруы қашанда тілден көрініс тауып, сол дәуір, сол кезең, сол заманның таңбасы, ізі ретінде сақталып қалады.

Қай тіл болмасын сөз құрамының кеңеюі өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы ғана емес, сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден қарым-қатынас жасау арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Қазақ елі бірнеше елдермен ұзақ уақыт бойы өте тығыз байланыста дамыған. Олармен достық қарым-қатынастың болғандығы ана тіліміздің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады.

Қазіргі күні лингвистер қазақ-ағылшын тілдік қатынастарына аса назар аударып отыр. Ағылшын тілінен енген сөздердің көп көлемінің пайда болуы, олардың қазақ тілінде берік орнығуы қоғамдық және ғылыми өмірдегі қарқынды өзгерістермен түсіндіріледі. Ақпарат ағымдарының артуы, ғаламдық компьютер желісі, интернеттің пайда болуы, мемлекетаралық және халықаралық қатынастардың күшеюі, әлемдік нарықтың, экономиканың, ақпараттың, технологияның дамуы, олимпиадаларға, халықаралық фестивальдарға, сән көрмелеріне қатысу – тілімізге шет тілдері сөздерінің кіруіне себеп болды. Мысалы, зерттеуші К.Ахановтың айтуынша, «Сөздік құрамында басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүние жүзіндегі әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өз ара бір – біріне сөз ауыстырады» [1,152 б].

ХХ ғасырдың аяғында, ХХІ ғасырдың басындағы ғаламдану үдерісінің салдарынан тілде пайда болған кірме сөздерге зерттеушілер үлкен назар аударып келеді. Бұл мәселе Г.Пауль, Л.Блумфильд, У.Вайнрайх, В.В.Радлов, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Л.П.Ефремов, М.М.Копыленко, К.Аханов, Ю.С.Сорокин, Н.И.Гайдуллина, Ә.Болғанбаев, Б.Қалиев т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңінен қарастырылған болатын.

Кірме сөздер әдеби тілде, ауызекі сөйлеу тілінде, сленгте, арго, жаргондарда жиі кездеседі. Әдеби тіл, сленг, арго, ауызекі сөйлеу тілі – жалпыұлттық тілдің экзистенциялық ішкі жүйелер – әлеуметтік лингвистикалық түсінік болып табылатындығы да кірме сөздердің осы эксизтенциялық ішкі жүйелерінің құрамында қызметін сипаттау – лингвистиканың мәдениеттану пәні ретінде қарастырылады.

Қазіргі заманда бүкіл әлемде ағылшын тілі экпансиясының басымдылығы байқалады, осыған қарағанда ағылшын тілі Қазақстан Республикасында кең тараған, қазір тұрғындардың көбі ағылшын тілін игеруге тырысады. Ағылшын тілін, әлемдік тілді білу – заман талабы. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта біздің балаларымыз үш тілді толық игеріп, еркін сөйлейді» деп, айтып өткен болатын [2, 22 б].

Қазіргі кезде қай ғылым саласы болмасын қоғамдық қызметінің диапазоны едәуір кеңеюіне орай, қазақ тілі лексикалық қоры Қазақстандағы саяси, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық өзгерістерге байланысты көптеген өзгерістерді басынан кешіруде. Кірме сөздер – өзге тілдерден әр түрлі себептер нәтижесінде қабылдаушы тілге енгізілген сөздер. Олар қоғамдағы саяси, мәдени, экономикалық қатынастардың, ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге енген жаңа сөздер мен сөз тіркестері, фразеологиялық орамдар. Олар тек лингвистика саласын қамтып қоймай, әр түрлі салаларда кеңінен етек жаюда.

Лингвистикалық терминдерге тән семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерді айқындау мақсатында жекелеген терминдер мен терминдік белгілерді, сөз тіркестерін талдау, синхрондық сипаттау әдісі қолданылды.

Қазіргі лингвистиканың маңызды мәселелерінің бірі болып, тілдердің өзара байланысы мен өзара ықпалы болып табылады. ХХІ ғасырдың басында ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тіліне айналып, халықаралық қатынастар саласының кеңеюімен сипатталады. Әлемдегі ағылшын тілінде сөйлейтін елдердің маңызды саяси – экономикалық рөлі, олардың қызметтің кейбір салаларындағы мәртебесі англицизмдердің қазақ тілінде пайда болуы және қолданылуын арттырды.

Кірме сөздердің ғылымилығы, ғылыми стильге тәнділігі, ғылыми-кәсіптік және ғылыми-техникалық тілге тәуелділігі, олардың халықаралықтылығы, ішкі формаларының түсініксіздігі, формальды белгілерінің болуы және тағы басқа олардың қолданысындағы ерекшеліктерін танытады. Өзге тілден енген сөздердің басым көпшілігі өздерінің мағынасын сақтап, семантикалық жақтан өзгеріске көп ұшырамайды. Кірме сөздерді қабылдағанда, оның ішкі формасы, дәлелдемесі ұмытылады. Қабылдаушы тілде бұл тәрізді сөздердің қандай морфемалардан құралғаны, қалай пайда болғаны, әдетте, еске алынбайды. Дегенмен, кірме сөздер тіліміздің ішкі заңдылықтары мен нормаларына бейімделе отырып сан алуан өзгеріске ұшырайды. Кірме сөз құрамындағы қазақ тіліне жат дыбыстар онымен ұқсас дыбыстармен алмастырылады.

Ауызша енген кірме сөздер де, жазбаша енген кірме сөздер де бар. Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары болып келеді. Мұнымен бірге олардың ішінде мәдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады. Ауызша енген кірме сөздерге тән ерекшелік – олар қабылдаушы тілдің дыбыстың заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған сәйкестендіріледі. Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер көбінесе ғылыми-техникалық, әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың белгілі бір саласына бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Бұлар өркениет ұғымдарына телінген сөздер болу қасиетімен сипатталады. Сөздердің бұл тобы білдіретін ұғымы мен мәніне байланысты интернационалдық сөздер болуға икемделеді де, олардың тілден-тілге ауысу, кең түрде таралу қасиеті басым болады. Ондай сөздердің кейбіреулері өзінің білдіретін ұғымы мен мазмұнының айрықша маңызды болуына байланысты дүние жүзіне, күллі халықтардың тіліне ауызша түрде де, жазбаша түрде де еніп, жаппай және жиі қолданылатын сөздерге айналды. Мысалы, компьютер, интернет деген сөздер бүкіл әлемге таралып, әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтардың баршасына бірдей таныс сөздерге айналып отыр.

Жазбаша түрде енген сөздерге тән қасиеттің бірі – олардың басым көпшілігі өзінің дыбысталу түрін сақтайды. Қазақ тілінде сөйлейтін халықтар өзге тіліден енген термин сөздердің ағылшынша дыбысталуын сақтап айтуды көздейді. Өзге тіліден енген сөздердің басым көпшілігі өздерінің мағынасын сақтап, семантикалық жақтан өзгеріске көп ұшырамайды. Мұнымен бірге, басқа тілдік сөздердің кейбіреулерінің құбылып, мағынасын өзгертетіндері де болады. Ағылшын тілінен сөз енгенде, оның ішкі формасы ұмтылады. Қабылдаушы тілде бұл тәрізді сөздердің қандай морфемалардан құралғаны, қалай пайда болғаны, әдетте есепке алынбайды. Мысалы, бидің бір түрін білдіретін «фокстрот» шығу тегі жағынан ағылшынның – foxtrot, сөзбе-сөз аударғанда, «түлкінің аттамы» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде, сондай-ақ басқа тілдерде де бұл сөздің арғы төркіні, шығу тегі мүлдем ескерілмейді. Бұл сөз тек бидің бір түрінің атауы ретінде ғана ұғынылады. Кейбір көп мағыналы сөздер басқа бір тілге ауысқанда, әр түрлі мағынасында емес, белгілі бір мағынасында ғана ауысуы мүмкін.

Лексикалық кірме сөздерге жаңа ұғымдардың тууымен бірге пайда болған жаңа терминдер жатса, семантикалық англицизмдерге сөзбе-сөз аудару арқылы төл сөзге қосылған жеке мағынаны айтуға болады. Сонымен қатар, кірме сөздердің сөзжасамдық калькалау (макроұя, кодтану), синтаксистік-морфологиялық, семантикалық тәсілдер арқылы жасалатындығы анықталып, нақты мысалдармен бекітілді. Кірме сөздердің екі түрлі жасалу жолдары көсетіледі. 1) бұрын соңды тілде болып көрмеген, жаңа ұғымдардың болуымен байланысты. Масылы: spray - спрей, disk - диск, mixer - миксер, т.б. 2) бұрыннан тілде бар атауларды жаңартып, ескіні жаңғыртып, жаңаша мән беріп, түрлендіріп қолдану негізінде пайда болады. Қазіргі күні лингвистер қазақ-ағылшын тілдік қатынастарына аса назар аударып отыр. Ағылшын тілінен енген сөздердің көп көлемінің пайда болуы, олардың қазақ тілінде берік орнығуы қоғамдық және ғылыми өмірдегі қарқынды өзгерістермен түсіндіріледі. Зерттеу жұмысымызда тікелей енген, гибридтер, калька жолымен, колориттер, композиттер амалдарымен пайда болғаны анықталып, ағылшындық кірме сөздерге талдау жасалынды.

 

Әдебиет:

 

1.      Аханов К. Тіл білімінің негіздері / Окулық. - 3-бас. - Алматы: Санат, 1993. - 496 б.

2.      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Астана, Ақорда, 2012.

3.      Привалова И.В. Интеркультура и вербальный знак (лингвокогнитивные основы межкультурной коммуникации) [Текст] / И.В.Привалова. - М. : Гнозис, 2005,- 472 с.

4.      Крысин Л.П. Социолингвистические аспекты изучения современного русского языка. - М., 1989.

Основные термины (генерируются автоматически): мена.


Задать вопрос