Қазақстандағы мұражайлардың қалыптасуы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №2 (61) февраль 2014 г.

Дата публикации: 01.02.2014

Статья просмотрена: 2892 раза

Библиографическое описание:

Абикенова, С. М. Қазақстандағы мұражайлардың қалыптасуы / С. М. Абикенова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 2.1 (61.1). — С. 15-17. — URL: https://moluch.ru/archive/61/9103/ (дата обращения: 16.11.2024).

Қазақстан тарихын зерттеуде қол жеткізген табыстар аз емес. Алайда, ғылымның бұл саласында зерттелмей жатқан тың және жаңа тұрғыдан қарауды қажет ететін мәселелер баршылық. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қолы жетіп, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани салаларындағы пайда болған түбегейлі  өзгерістер зиялы қауым алдына оларды жаңаша зерделеу міндетін қойды. Осы міндетті жүзеге асыруда өткенді бүгінгі күннің биіктері тұрғысынан тарихи талдаудың маңызы зор. Өйткені қоғам өміріндегі бұрын-соңды болмаған саяси-әлеуметтік өзгерістер тарих ғылымына да сын көзбен үңіліп, оның түбегейлі мәселелеріне жаңаша баға беріп, нақты мұрағаттық тарихи материалдар негізінде жаңа тарихи таным тұрғысынан зерттеуді талап етуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануы еліміздің тарихының зерттелмей келген қырларын ашуға, ақтандақтардың орнын толтырып, шындықты қалпына келтіруге мол мүмкіндіктер берді. 2000 жылдың – «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы мәдени мекемелер мен өнер шаңырақтарының алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге мұрындық болғандығы баршамызға айқын.  Заман талабына сай ұлттық, елдік тарихымызға қайта қарауға, оның сабақтары мен үлгілерін, ұлтымыз бен тәуелсіз республикамызды бүкіл әлемге танытуға және жас келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беру үшін пайдалануға мемлекеттік көлемде назар аударылып отыр. Осы тұста айта кететін болсақ, еліміздегі музейлердің алатын орны ерекше..

Кеңес өкіметі орнаған кезде Қазақстан жерінде төрт ірі музей Орынбор (1831), Орал (1859), Жетісу (1898), Семей (1883) өз жұмыстарын жалғастырды. [1.20-21].  Алдында екі рет құлдырауды басынан кешірген Орынбор губерниялық музейін 1919 жылы көктемінде атаман Дутовтың әскері талқандап, құнды заттарын талан-таражға салды. 1919 жылдың наурызында Семей Кеңестерінің съезі шешімімен Семей тарихи-өлкетану музейі Орыс жағрафиялық бөлімшесінен алынып, Семей халық ағарту бөлімінің құзырына берілді. Орал тарихи-өлкетану музейінің жұмысы қайта жанданып, тарихи-өлкетану бағытында өз қызметін жалғастырды.

1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты құрылып, оған басшылық ету белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновқа жүктелді. Ағарту саласын басқару елде болып жатқан өте келеңсіз жағдайлармен тұс келгенімен, А.Байтұрсынов мәдени-ағарту саласында қордаланған мәселелерді шешуге тырысып, қазақ зиялыларын комиссариат жұмысына тартты. Мысалы, ғылым, білім, ағарту саласында маңызды мәселелерді талқылау барысында Е. Омаров, С. Сәдуақасов, Ә. Бөкейханов, Х. Болғанбаев, Т. Шонанов, Ж. Аймауытов сынды азаматтар болған. 1921 жылы 18 қаңтарда бірінші Бүкіл  қазақстандық конференцияда республиканың халық ағарту жұмысының өзекті мәселелері қаралды. «Қырғыз (Қазақ) АКСР-сы Халық Ағарту Комиссариаты мен оның жергілікті халық ағарту бөлімдері туралы Ереже»бойынша оның құрамына Бас мұрағат және Бас музей басқармалары енді. [2.579].  

Республикада музей ісін ұйымдастыру және дамыту бағытындағы үкімет шаралары нәтижесіз қалған жоқ. 1921жылдың 23 тамызында Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты музей бөлімінің отырысында Орынбор өлкесінің музейі қорында Қырғыз (қазақ) өлкесі, Сібір, Орынбор аймағын бейнелейтін заттар жинақталғандықтан, оны Бүкілқырғыздық (қазақтық) тарихи-мәдени музейі етіп бекіту уақыт күттірмес міндеттердің бірі екендігі атап көрсетілді. 1920 жылы Көкшетау және Қостанай тарихи-өлкетану музейлерінің негізінің қалануына жергілікті оқу-ағарту мекемелерінің үлесі зор болды. Жаңа ашылған музейлердің қорын жергілікті оқу орындарының көрнекі құрал-жабдықтары, Колчак әскерімен бірге қашқан жергілікті ауқатты адамдардан қалған ескі қару-жарақтар, тұрмыстық заттар, түрлі киім-кешектер және өлкенің табиғатын бейнелейтін өсімдіктер мен жәндіктер құрады. 1930 жылы желтоқсанда Мәскеуде өткен бүкілресейлік музей съезі музейлерге тез арада жаңа маркстік-лениндік ілім тұрғысынан экспозициялар құруды ұсынды. Музей құрылысындағы диалектикалық материализм әдістеріне арналған «Диалектикалық материализм және музей құрылысы»тақырыбындағыбаяндамасында Халық ағарту комиссариаты ғылыми бөлімінің меңгерушісі П.К. Луппол музейді партияның идеологиялық қаруы ету міндеттерін анықтап, экспозицияларды марксистік негізде құру керектігін жеткізді.

Қазақстан музейлерінде тарихи-жаратылыстану, табиғи, этнографиялық бөлімдерге қоса өлкенің кеңес кезеңі тарихы және социалистік шаруашылық құрылысы, мәдениет бөлімдері ашылуға тиіс болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан музейлері өз экспозицияларында жауынгерлердің ерлігін насихаттау арқылы халықтың рухын көтеріп, жігерлендірді. Музейлердің ғылыми-зерттеу және жинақтау қызметі Отанды қорғау тақырыбы төңірегінде өрбіді. Соғыстан кейін қаржы тапшылығы, кадр жетіспеушілігінен музейлердің ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндігі болмады. Сондықтан, Қазақ КСР Ғылым Академиясының музейлердің ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде айтарлықтай әсері болды. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық музейінің қызметкерлері профессор А.М. Бернштамның басқаруымен Қазақ КСР Ғылым Академиясының археологиялық экспедициясына қатысып, оңтүстік өңірдегі ертедегі Отырар, Сауран, Исфиджаб қалаларының тарихына қатысты құнды жәдігерлер жинады.

1990 жылдардың аяғы 2000 жылдардың басында Қазақстанда республикалық маңызы бар музейлер 13, мекемелік музейлер 5, облыстық музейлер 25, қалалық музейлер 31, аудандық музейлер 47, қорық музейлер 7, сонымен қатар мемориалдық музейлер 11 болған. [3.85].  Қазіргі қоғамдық өзгерістерге байланысты музейлерге деген сұраныстар өсуде. Жаңадан бой көтеріп жатқан музейлердің мазмұндық деңгейі, құрылымдық жүйесі өзгеше. Олардың қатарына музейлендірілген ашық аспан аясындағы қорық-музейлер, экомузейлер, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейлер, яғи мемориалдық музейлер, Президенттік музей, қоғамдық немесе антропологиялық музейлер жатады. Бүгінгі күні тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жүріп жатқан күрделі, қарама-қайшылығы мол мәдени үрдістер қарқыны мәдени-ағарту мекемелері жүйесіндегі музейлердің жұмысынан айқын көрініс табуда.

Музей адамзат өркениетінің ең керемет жетістігі болып табылады.  Музей  – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.  Музей гректің «museіon» сөзінен алынған, «муза сарайы» деген мағынаны береді.   Бүгінгі таңда музейлер өткен дәуір құндықтарын болашақ ұрпақ үшін сақтап қана қоймайды, заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады, ғылыми-ағартушылық және ғылыми-зерттеу ісімен айналысады. Сондай-ақ комплектациялау, экспозициялау, музей құндылықтарын насихаттауды жүзеге асырады. Музейлердің қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Музейлер өзінің қызметі мен бағытына қарай бірнеше топтарға бөлінеді: тарихи музейлер(жалпы тарих, археологиялық, антропологиялық,этнографиялық, нумизматикалық, т.б.), көркемөнер музейлері (көркемөнер, мүсін, қолөнер, қолдaнбалы өнер, театр, музыка, кино, т.б. музейлер), жаратылыстанумузейлері (биологиялық, зоологиялық, геологиялық, минералдық, палеонтологиялық, т.б), техникалық музейлер (авиация, автокөлік, кеме жасау, тау-кен ісі, өнеркәсіп, өндіріс өнімдері, т.б.), кешенді музейлер (тарих, шаруашылық, жаратылыстану, т.б. бағыттарды біріктіріп, жұмыс істейтін кең профильді өлкетану музейлері), мемориалдық музейлер (мемлекетке, өнерге, әдебиетке ғылымға еңбегі сіңген белгілі адамдардың жеке өнері мен қызметіне арналған музейлер). Соның ішінде мемориалдық  музейлер деп үздік тарихи оқиғаларға, мемлекеттік, қоғамдық және әскери саяси қайраткерлерге, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлерінің өмір жолдарына арналған  музейлерді айтамыз. Мемориалды музейлер - адамға немесе маңызды тарихи оқиғаға қатысты музейлар, сонымен қатар мемориалдық  тұлғамен немесе оқиғамен  қатысты орны бар музейлер.  Бұл байланыс  мемориал музейі үшiн анықтаушы  фактор  және экспозициялық мәдениеттi-бiлiм беретiн қызметтiң   анықталу және  интерпретация байланысына  бағытталған. Ең бастысы мемориалдық музейде сол мемориалдық тұлғаның заттары комплектке алына отырып жасалады.

Мемориалдық музейлер мемлекетпен қорғалатын ұмытылмас кешендердiң базаларында әдетте былай  жасалады: оқиғалар болған аумақтар, үй-жайлар  және атақты қайраткерлердiң  қызметі мен өмiріне қатысты пәтерлер - мемориалдық музей заттарының коллекциялары болып есептеледі.

Мемориалдық музейлер музей саласының кеш дамыған бағыты. Дегенменде қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде мемориалдық музейлер қалыптасқан. Әсіресе Батыстың, Азияның дамыған елдерінде мемориалдық музейлер туристердің саяхат объектісіне айналған. Дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер мемориалдық музейлерді дамыту арқылы әлемдің музейлер тарихынан ойып орын алып отыр. Мысалы, Лондондағы Виктория мен Альберт музейі тек Ұлыбритания ғана емес, жалпы Европадағы ірі мемориалдық музей. Бұл ағылшын королі мен жұбайы атындағы музей, 1852 жылы Оңтүстік Кенсингтонде негізі қаланған, музей ғимараты викториан стилінде салынған. Музей итальян мүсіншілері Лоренцо Бернини  мен Антонио Канов туындыларын, әлемдегі қолданбалы өнер туындыларының әртүрлі бағыттарын кеңінен насихаттайды, онда керамика, шіркеу заттары, тоқыма бұйымдар, музыкалық аспаптар, жиһаздар т.б., барлығы 4 миллион экспонат бар. Әсіресе шыны галереясы, ХІХ ғасыр фотосуреттері галереясы өте танымал.  Ал, Микеланджелло Буанарроти, Донателло, Андреа Верроккьо еңбектерінің көшірмелері сақталған. Музейдің осы мемлекеттің туризм саласындағы алатын орны да ерекше. Сондай-ақ Испанияның Мадрид  қаласында орналасқан Королева София музейі, Тиссен-Борнемис музейінің, Батыс елдеріндегі корольдық музейлердің әлемдегі мемориалдық музейлердің озық үлгісі ретінде әлемдік музейлер кеңістігінен алатын орны ерекше. Сондай-ақ Ресей мемориалдық музейлері экспозиция жасау ісінде әлемнің озық технологияларын пайдаланып, музей нарығындағы виртуальды музейлер ретінде көшірмесін жасау ісін қолға алып, оны айналымға ендірген.

Еліміздің мәдени-саяси дамуында мемориалдық музейлердің орны ерекше зор. Мемориалдық музейлер де Қазақстанның тарихи-мәдени рухани өмірінде маңызды рөл атқаруда. Олардың ірілері: Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Абай-Шәкерім кешені, Д.Қонаевтың, Қ.И. Сәтбаевтың, Ж.Жабаевтың, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің, Ғaзиза және Ахмет Жұбановтардың, Ш.Уәлихановтың (Алтын Емел), т.б. мемориалдық музейлері.

Қазақстандағы мемориалдық музейлер саласын мәдениет және өнер қайраткерлері,  мемориалдық музейлері және қоғам қайраткерлерінің мемориалдық музейлері деп екіге бөлуге болады.

Жалпы музейлердің алдына қойған мақсаты, олардың жүргізілетін іс-шаралары, ғылыми-ағарту, тәрбиелік бағытының дұрыс айқындалуы маңызды мәселе болып табылады. Музей беретін мәліметтің шынайылығы келушінің алған білімін бекіте түседі. Ал мұндай мәлімет әсіресе,жастар үшін өте бағалы. Музей келермендердің саяси, кәсіби тәрбиесінің, көркемдік және эстетикалық талғамдарының дамуына,өз бетімен жұмыс жасау қабілетінің шыңдалуына әсерін тигізеді.

Тәуелсiз Қазақстанда қоғам қайраткерлері мемориалдық музейлерінің құрылысы мен қызметi атап айтарлықтай дамыды. Қазіргі өскелең жастарды қоғам және мемлекет қайраткерлерінің тағылымы, өмір жолдары негізінде тәрбиелеу – жастарға патриоттық тәрбие берудің бір саласы болып табылады.

Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ, өткен буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Мұндай мақсаттарды жүзеге асыру жастарға, жалпы қоғамға қатысты саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру ісіне жастардың өздерін белсенді түрде тартуды көздейді. Мемлекет жастарға, олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін мейлінше мол мүмкіндіктер ашып отыр. Осы мүмкіндікті оңтайлы іске асырғанда ғана  жастар саясатының өзекті міндеті - жастардың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз етуі іске асатын болады.

Қорыта айтқанда жоғарыда аталған музейлердің Қазақстанның мәдени өмірінің дамуында алатын орны айтарлықтай зор.

Әдебиет:

1. Кайназаровa А.Е. Музейное дело в Казахстане (2-пол. XІX – нач. XX вв.), - Алма-Ата, 1979.

2. Мұстапаева Д.Ө. Қазақстандағы музей ісінің құрылуы. - Түркістан, 2011.

3. Картаева Т. Музей. Ұлттық Энциклопедия. - 6 том. – Алматы, 2005. - 579 б.

Основные термины (генерируются автоматически): Музей, мена, Ахмета, оса.


Задать вопрос