Әр этностың ұлттық киімі өзінің шаруашылығын, тұрмыстық өмірін, ұлттық дәстүрін, мәдени ерекшелігін, ұлттық мінезін, ұлттық дүниетанымын танытады. Киім-кешек адамдарға әлеуметтік және этикалық қызмет атқарады.
Киім-кешек атаулары тілімізде этнографизмдер қатарынан танылып, халық мәдениетін тануға жол ашады. Тарихи романдарда жалпы киім атауына қатысты тілдік бірліктер көп кездеседі. Тарихи романдарда киім атауларының кейбірі философиялық ой өрбіту, көркем суреттеу қызметінде жұмсалғанын, енді бірі бейнелеуіштік, символдық қызметте қолданылып, үстеме мағынаның туындауына себепкер болғанын байқауға болады. Біз мақалада тарихи романдарда кездесетін кейбір киім үлгілеріне ғана қысқаша тоқталуды мақсат тұттық.
Шытырма көйлек – қазіргі тілдік қолданыста жоқ көйлек атауының түрі. Бұл этноатаудың тарихи романдарда қазақ қыздарының ерекше әсемдікті көрсетуде киген көйлегі екендігін мына мысалдар анықтайды.
Мысалы, Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы камзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле (І. Есенберлин «Қаһар»).
Жейде – этноатауы тіліміздегі көбіне диалект сөз ретінде бірнеше мағына береді. Мысалы, ерлердің көйлегі ретінде оңтүстік аудандарда, сырттық киім атауы ретінде Шығыс, Семей өңірлерінде сақталған [ҚТТС, 48].
Бірақ кеудесіне түгі сыртына қараған лақ терісінен тігілген жейде киген, бет-аузы былғаныш жалаңбұт ұл қышқырып, қайтара жатпай қойды. Тыныштандыру үшін әкесі алдына алған (М.Мағауин «Аласапыран»).
Бешпент – жеңілдеу тігілген астарлы шапан, сырт киім түрі. Бұл сөздің төркінін Ә.Нұрмағамбетов парсы тіліндегі «пәшм» – жүн, жабағы, ал «пәшминә» – жүннен жасалған мата сөзімен байланыстырады [1, 51].
Сол жағында – басына оқалы тақия, үстіне күдері бешпент киіп, қынай буған беліне сүйек қынапты шолақ қанжар таққан Көшек, оң жағында – ақ түйенің түбітінен тоқылған қынама камзол, шашақты, қос етек көк торғын көйлек, шошақ төбелі биік құндыз бөрік киген, белін ақ күміс, көк березелі кәмәр белдікпен буынған Ай-Шешек-бегім (М. Мағауин «Аласапыран»).
Камзол – әйелдер киетін қысқа, әрі жеңсіз сырт киім [ҚТТС, 505]. Қайратты қолдарымен Ораз-Мұхамедті тізеден жоғары құшақтап, бетін қызыл мақпал камзолдың етегіне бүркегіне Ділшаттың бар бітіс-болмысынан мейір, шапағат құйылып жатыр (М. Мағауин «Аласапыран»).
Шапан – астарына жүн не мақта салып, сырып тігілген немесе астарсыз жасалған сырт киім [ҚТТС, 311]. Қазақ жерінде шапандар әр түрлі тігілген: сырмалы шапан, қаптал шапан, қыз-келіншектерге арналған қималы шапан т.с.с. Сәнді шапандарды түрлі-түсті масатыдан тігіп, оларға түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма (ілгектер) тағылған. Бұрын байлар мен билер киетін қаптал шапан қамқадан тігіліп, жағасына құндыз салынып әшекейленген. Ертеден қалыптасқан қазақтың халықтық дәстүрі сыйлы қонаққа «шапан» жабу ұмытылмай күні бүгінге дейін сақталып келеді [2, 62]. Оқалы немесе зерлі шапан – қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады. Ертеректе мұндай шапандарды хан-сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған. «Басында қошқар мүйіз етіп ойған алтын тәжі, төр көз жеңіл қорасан сауыт сыртынан киген алтын зерлі, Герат шеберлері тоқыған қызғылт торқа шапаны күн сәулесіне малынып, Әбілқайыр қара орданың есігін ашты» (І. Есенберлин «Алмас қылыш»).
Ертедегі тұрмыста дәулетті адамдардың жағдайын танытатын сырт киім түрі – тон болған. Тон – түрлі жануарлардың, әсіресе, малдың терісін илеп тігіледі. Тон – үлкен кісілер, әйелдер, балалар да киетін ортақ сырт киім. Үлкен кісілерге арналған тон кең әрі етегі тізеден төмен түсіп тұрады, жеңі қолдың басын тұтас жабады. Жігіттер мен келіншектердің тоны жүріс-тұрысқа, жұмыс істеуге кедергі келтірмейтіндей, аяқ-қолға оралмай, еркін қимылдауға мүмкіндік беретіндей етегі қысқалау қалыпты тігіледі. Ал қыздар мен балалар киетін тон олардың бойына шақ, жүріс-тұрысына сай пішіледі. Ерлер қамқа тонының ішінен бау байлап, сыртынан белбеу буынған. «Тонның ішкі бауындай» деген тұрақты тіркес осыдан қалған болуы керек. Ал әйелдер тоны қаусырмамен түймеленеді.
Меркіт батыры, сен де жазықтысың – ініңе бар жабдығыңмен тұлпарыңды тарт, үстіне оқалы тоныңды кигіз (М. Мағауин «Аласапыран»).
Қаракіс – бұлғын тәріздес бірақ жерді мекендейтін жәндік. Ертеде соның ұлпасынан тон жасаған екен [3, 5]. Қаракіс тонының кей кездерде алқаракес вариантында да кездеседі. Содан соң басына манағы телпек сыртынан қызыл төбелі құндыз бөрік, үстіне жаңағы шапан сыртынан астары – қаракіс, тысы алтынды қамқа, жағасы көлдей, жеңі шұбатыла жерге түскен қымбат ішік қапталды (М. Мағауин «Аласапыран»).
Тон орнына қасқырдың, түлкінің, қарсақтың, күзеннің т.б. аңның терісінен, сыртын матамен тыстап, тіккен киімді ішік дейді. Ішіктің камшат ішік, құндыз ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, сеңсең ішік, нышпақ ішік т.б. түрлері бар. Бұл сияқты аңның қымбат терісінен жасалған ішіктерді құдаларға сыйға тарту дәстүрі болған. Ішік қазақта сый-сияпат, киіт орнына жүрген. Кедей адамдар ішікті қоян, саршұнақ терісінен де жасап киетін. Бірақ олардың сапасы нашар болып келгендіктен, «бір жылға қоян терісі де шыдайды» деп өздерін сөзбен жұбатқан [4, 62]. Ішікті мауыты, шұғамен қаптап, барқытпен, жылтыраған сәтінмен тыстаған. Жағасына кең, енді алмалы-салмалы жағаны түлкінің жон арқасындағы үлпілдек жүнінен, кәмшат терісінен жасаған, кейде соңғысымен шеттері мен жиектерін көмкерген.
«Кейде тұсына бидің той-думанға деген қара камшат ішігі мен қайқы бас саптама үргеніш етігі» (І. Есенберлин «Алмас қылыш»).
Қорыта келгенде, тарихи романдардағы белсенді қолданылған киім-кешек атаулары лингвистикалық, лексика-семантикалық және этнолингвистикалық талдау жасауға негіз береді. Этнографизмдер – қай шығарма тілінде болмасын ең алдымен, ұлттық болмысты, халық тарихын, ұлттық дүниетанымды танытатын ақпараттар көзі.
Қазақ лексикасындағы киім-кешек атаулары – қазақ халқының әсем тұрмысын, табиғи сұлулықта жарастыра білген мәдени өмірін, әр кезеңнің тарихын, эстетикалық талғамын танытады. Ұлттық мәдениеттің көрінісі болып табылатын киім-кешек атауларынан этносымыздың ұлттық дүниетанымы, халықтық болмысы, эстетикалық талғамы, әлеуметтік ерекшелігі айқын байқалады.
Алғыс білдіру
Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Руаният» орталығының «Сыр бойының рухани мұрасы» университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.
Әдебиет:
- Нұрмағанбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы: Санат, 1994. – 304 б.
- Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 236 б.
- Қыдырбекұлы Б. Түгел сөздің түбі бір. –Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 176 б.
- Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы, 1966. – 240 б.