Кавказ халықтарының Қазақстанға депортациялануы тарихынан | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 января, печатный экземпляр отправим 8 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Динашева, Л. С. Кавказ халықтарының Қазақстанға депортациялануы тарихынан / Л. С. Динашева, Д. М. Баубекова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 16.1 (202.1). — С. 27-29. — URL: https://moluch.ru/archive/202/49772/ (дата обращения: 21.12.2024).



Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды», – деп көрсетті [1].

Қазақстан жерінде ғасырлар бойы түрлі этностардың бірге тату тұруы айрықша қазақстандық менталитетті қалыптастырды. Тараихи Отанына қайта алмай, тұрақтап қалған аз ұлт өкілдерінің көпшілігі Қазақстан жерінде өніп-өсіп, өркендеп отыр. Келмеске кеткен тоталитарлық жүйе, жер аударылған немесе күшпен қоныс аударған халықтардың трагедиялық тарихына қиянаты, жасаған іс-шаралары арқылы жазылмас жара, өшпес із қалдырды.

Кеңес заманда Кеңес Одағын мекен еткен халықтардың қай-қайсысы болсын Сталиндік зорлық-зомбылықтан, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар – сенімсіз де сатқын ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.

1920-1950 жылдары күштеп көшіру (немесе депортация) – сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Жалпы айтқанда, КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жетті [2]. КСРО-да ең көп орын алған жаппай қуғын-сүргіндік көші қондардың төмендегідей түрлері қолданылды:

- Этностық белгілері бойынша депортация («жазаланған халықтар», «шекараларды тазалау», «сенімсіз халықтар»);

- Әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі кулактарды жер аудару) оларды арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы) деп атады;

- Саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстанғандар» деп атады. 1944 жылдан бастап оларға «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданды. [3].

КСРО-ның орталық аудандарынан 20-40 жылдары Қазақстан, Орал, Орталық Азия, Сібір, Қиыр Шығысқа жаппай көшіп-қондыру қызу жүргізілді. Бұл ретте Қазақстан территориясына орта және төменгі Еділ бойынан күштеп көшірілген халықтардан бөлек Кавказдан қарашайлар, балқарлар, шешендер, ингуштер, күрділер, Ақысқа түріктері, армяндар және т.б. он төрт ұлт өкілдері депортацияланды[4]. Тарихы тереңге жайылған ата қаныстарынан, ғасырлар бойына қастерлеп қорғап келген жерлерінен кеңестік биліктің солақай саясаты кесірінен айырылған тау халықтарының басым көпшілігі өздеріне беймәлім қазақтың шөл және шөлейт аймақтарына көшірілді.

Күштеп қоныс аударудың зардаптарын басынан өткерген халықтарыдың бірі қарашайлар болды. Сол кезге дейін қарашай халқы 1922 жылы құрылған Қарашай-Черкес автономиялық облысында өмір сүрді. Қарашайлар мұнда тұрғындардың үштен бір бөлігін құрады. 1926 жылы облыс екі ұлттық ауданданға бөлінді. 1943 жылғы жабық шешіммен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 11 711 отбасы немесе 45 529 адам көшірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұста, 1943 жылы 2 қараша күні таңға жақын Кавказдың Қарашай автономиялы облысын Кеңестің НКВД бөлімшелері қоршауға алып, екі сағат ішінде барлық қарашай халқы қарудың күшімен мал таситын вагондарға тиеліп, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбестанға жер аударды. Бұған қарсы шыққан жүздеген қарашайды сол жердің өзінде атып тастады. Ертесіне сағат онда адамдар тиелген жүк вагондары жүруге дайын тұрды. Ол вагондарда 63323 жазықсыз қарашай болған еді. Осылайша Қарашай автономиялық облысы жойылды [5].

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға террриторияларына шашыратып орналастырылған қарашай халқының жартысынан астамы жер аудару барысындағы зұлымдық пен ауыр тұрмыс жағдайларынан қырылды. 14 жыл Кавказдан алыста, айдауда өмір сүрген халқ тек 1957 жылы атамекеніне оралды. Бүгінде, ата мекеніне оралмаған 20 мыңға жуық қарашай халқының өкілдері Қазақстан мен Орта Азияда өмір сүруде.

Шешендер мен ингуштерде осындай ауыр тағдырды бастарынан өткізді. Кавказ халықтары ішінде ерекше қайсарлығымен және жауынгерлігімен көзге түсетін шешендер мен ингуштерді туған жерлерінен көшіру НКВД тарапынан үлкен дайындықты қажет етті. Шешендермен бірге ингуштер есепке алынып, 459486 адамды жер аудару керектігі анықталды. Операцияны 8 күнде аяқтау белгіленді. Жер аудару 23 ақпанда таңертең басталды. Халықтың елді-мекендерден сыртқа шығып кетулеріне мүмкіндік берілмей, әскер қыспағына алынды. Халық жиналысқа шақырылды да, олар сол жерде қарусыздандырылып, пойыз вагондарына тиелетін жерге жөнелтілді. Сағат күндізгі он бірде 94741 адам темір жол бекеттеріне алып келінді. Операцияны жүргізу барысында 2016 шешен мен ингуш «Кеңеске қарсы элемент» деген айдармен тұтқындалды. 29 ақпанға дейін 180 темір жол вагондарына 478479 адам тиелді. НКВД әскерлері ешкімді қалдырмау үшін таудағы ормандарды сүзіп шықты. Л.Берияның 1944 жылдың 7 наурызында И.Сталинге жолдаған хатында сол уақытқа дейін шығыс аудандарға жер аударуға байланысты жүргізілген үш операция барысында 650000 шешен мен ингуш жаңа жерлерге орналастырылғандығын мәлімдеді [6].

Сталиндік «сенімсіз халықтар» тізіміндегі Балқарлар 1922 жылы РСФСР құрамындағы Кабардин-Балқар автономиялық облысында (1936 жылы автономиялық республика болып қайта құрылған) өмір сүрді. Олар небәрі төрт әкімшілік ауданын мекендейтін және жалпы саны 40900 адам ғана құрайтын. Кеңестік билік 1944 жылдың наурызында балқарларды жер аудартумен айналысты. 9-11 наурыз аралығында 37103 балқар эшелондарға күшпен тиеліп, өздерінің жаңа мекендері Қазақстанға және Қырғызстанға жөнелтілді. 4660 балқар отбасы немесе 16 516 адам Қазақстанға депортацияланды. Олардың барлығы Оңтүстік Қазақстанға орналастырылды. Балқарлар жөнелтілгеннен кейін республика Кабардин АКСР болып өзгертілді.

Солтүстік Кавказ халықтарын күшпен қоныс аудару қорытындыларына жүгінсек, 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Қазақстанға және Қырғызстанға барлығы 602193 адам қоныс аударылғанын, оның ішінде шешендер мен ингуштердің 496460 адам, қарашайлардың 68327, балқарлардың 37406 адам екенін байқаймыз. Олардың негізгі бөлігі Қазақстанға қоныстандырылды [7].

Осындай тағдырды Ақысқа түріктеріде бастарынан өткерді. Ғасырлар бойы өмір сүрген тарихи Отаны Оңтүстік Грузияда, әсіресе оның батыс бөлігі – Месхетияда түріктер 220 ауылда шоғырлана өмір сүрді. Олар жеке ауыл болып та, грузиндермен, армяндармен араласып та тіршілік ететін. Ақысқа түріктері – бөтен түріктер емес, Анатолия түріктерінің түрлі тарихи-географиялық жағдайларға байланысты сыртта қалыптасқан тармағы болатын. Ал жалпы, Ақысқа – Оңтүстік Грузиядағы бес ауданның ең ірісі – Ахалцехенің түрікше айтылу формасы. Бұл өңір осы ауданның атымен «Ақысқа» өңірі деп атайды.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Ақысқа түріктеріне қарсы қорлау, ұлттық беделі мен абыройын аяққа таптау шаралары жүзеге асырыла бастады. Күштеп олардың аты жөндерін, тіпті, ұлтын өзгертіп жаздырған жағдайларда көптеп орын алды. 1937-1938 жылдары Ақысқа түріктерінің зиялылары қаумын құртып жіберді. 1944 жылғы 14 қарашада екі сағаттың ішінде өз Отандарынан күштеп Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылды. Осы сәтте Ақысқа түріктерінің жалпы саны 110000 болған. Суықтан, мал таситын вагондарындағы жайсыздықтан, аштықтан, медициналық көмектің болмауынан, екі айға созылған жол жүру мерзімі ішінде Қазақстан мен Орта Азияға жеткенше аз ғана халықтың тағы да 20 мыңдайы опат болды [8].

Өлкеге депортацияланғандардың жағдайы өте ауыр болды: өмір сүру талаптары, ауыр еңбек, әртүрлі инфекциялар, азық түліктің жетіспеуі т.с.с. яғни, күштеп көшіріп жат жерлерге орналастыру – террорлық сипатта жүргізілді.

Қазақстанға депортацияланған халықтың сандық көрсеткішіболды төмнгідей :

Халық

отбасы

адам саны

1

Қарашай

11 711

45 529

2

Балқар

4 660

16 516

3

Шешендер мен ингуштер

89 901

406 375

4

Қырым татарлары

1 268

4 501

5

Ақысқа түріктері

6 309

27 833

Қорыта айтқанда, Қазақстанға қоныс аудару және депортацияланған халықтардың келуіне байланысты мемлекеттің ұлттық құрамы мүлде өзгеріске ұшырады. Бұл халықтар өз еріктерімен келген жоқ. Оларды кеңес үкметі зорлықпен көшірді. КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргін жылдарында 3 млн астам адам жер аударылды. «Сенімсіз халықтар» қоныстанған арнайы аудандар – солтүстік облыстар, Сібір, Орал, Орта Азия және Қазақ жері болды. Бұл халықтардың ең көп бөлігі Қазақ жері мен Сібірге қоныстандырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының IV сессиясында жасаған баяндамасында жер аударылғандардың санының 1 миллион 200 мың екендігі туралы дерек келтірді. Қазақ жеріне немістердің 38%-ы, шешен мен ингуштардың 83%-ы, кәрістердің 59%-ы, балқарлардың 55%-ы, қарашайлардың 58%-ы, гректердің 76%-ы, курдтардың 62%-ы күшпен қоныс аударылды. Қоныстанушылар іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылды. [] (ҚР Президентінің мұрағаты, 708-қор, 5\2 жазба, 187-іс, 28п., 28-6) [6].

Сонымен, Қазақстанда біржолата қалған, оны өзінің екінші Отанына айналдырған халықтарға келсек, олар ең алдымен ауыр жағдайда қолұшын берген қазақ халқының бауырмал, ақ пейіліне өте риза. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев халықтар арасындағы бірлік пен достыққа, тең құқылыққа ерекше маңыз беріп, тұрақт назарда ұстап келеді. ТМД елдерінің арасында алғаш біздің елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылып, тұрақты жұмыс жасауы осының айғағы.

Әдебиет:

  1. www. Akorda.kz 14 желтоқсан 2012
  2. Алдажуманов Қ. Депортация: Выселение народов северного кавказа и калмыкии / Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс-Қазақстан, 1998. 153б
  3. Қожақов Ө. Қызылордаға қоныс аударылған халықтар // Ақиқат, 1999, №2.
  4. Валиханов Э.Ж. Переселение иранцев в Казахстан. / Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс-Қазақстан, 1998. 153б
  5. Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты(РФ ММ), 5451-қор, 1-іс, 25-тізбе, 247-п.)
  6. РФ ММ,. 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 172-п.
  7. Сонда, 175-п.
  8. Сонда, 201-п.
Основные термины (генерируются автоматически): Казахстан, мена, мена Орта, Азия, Кавказ, РФ ММ.


Задать вопрос