Өнім сапасы селекциясындағы отандық сорттардың орны | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Жанзаков, М. М. Өнім сапасы селекциясындағы отандық сорттардың орны / М. М. Жанзаков, Д. К. Сатаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 51.1 (185.1). — С. 9-10. — URL: https://moluch.ru/archive/185/47521/ (дата обращения: 17.12.2024).



Селекцияның маңызды міндеттерінің бірі ‒ ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және сапалы өнім беретін сорттарын жасау. Негізгі тағам – нан дайындау үшін дәнді астық дақылдарының жаңа жоғары өнімді сорттары мен будандары дәндерінің технологиялық және тағамдық сапасы өте жоғары, сонымен қатар өсу жағдайлары өзгергенде олар тұрақты болуы қажет [1].

Басты астық дақыл – бидайдың жаңадан шығарылатын сорттарының дәнінде ақуыздың мөлшері жоғары және де өте сапалы желімше болуы керек. Күздік және жаздық бидайлардың 1 гектардағы, сәйкес 7-9, 5-6 тонна жоғары өнімділігі ақуызы көп (сәйкес 16-17,18-19%), желімшесі жоғары сапалы және жақсартылған амин қышқылды құрамды дәнімен үйлесетін сорттарын жасау қажет. Осындай өте құнды қасиетті сорттарға бұрынғы КСРО-ның кезінде, сондай-ақ осы кезде де шығарылған күздік және жаздық күшті бидайлардың Безостая 1, Мироновская 808, Лютесценс 72, Одесская 120, Саратовская 29, Целинная 24, Целинная 26, Ақмола 2, Ертіс 97 сияқты жүзден аса сорттары жатады. Олар сапа селекциясы үшін құнды бастапқы материал.

Дүниежүзілік коллекция үлгілері арасында да дәнінің сапасы жоғары ‒ ақуыз мөлшері 18-ден 22% дейін болатын Қытай, Канада және Үндістанның үлгілері кездеседі. Олар қазіргі таңда алыс-жақын шетелдік және отандық селекцияда ата-аналық форма ретінде будандастыруға сәтті пайдаланылып, сапасы өндірістің қойған талаптарына толық жауап беретіндей заманауи сорттардың шығарылуына ықпал етуде [2].

Қазіргі таңда елімізде егістік дақылдардың сапа селекциясы қарыштап даму үстінде, оның дәлелі Қазақстан Республикасының 2016 жылғы пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктері Мемлекеттік тізбесіне енген сегіз күздік күшті бидай сорттарының 3-еуі – Богарная 24, Стекловидная 24 және Қарасай және отыз сегіз жаздықтардың – жартысынан көбі отандық селекция сорттары. Ал сапасы жағынан Мемтізбеге енген күздік бидайдың аса құнды он бес сортының он үші отандық селекция – «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, ҚР ҒА ботаника және фитоинтродукция институты, Красноводопад селекциялық тәжірибе стансасы шығарған Красноводопадская 210, Эритроспермум 350, Алмалы, Жетісу және т.с.с. сорттар болса, жаздық бидайдың – құнды 22 сортының 16-сы отандық селекционерлер және олардың жақын шетелдік ғалымдармен бірлесіп шығарған Арай, Казахстанская 10, Надежда, Степная 60 және т.с.с.сияқты сорттар [3]. Осы күшті бидайдың күздік және жаздық сорттары еліміздің астық өндірумен айналысатын барлық өңірлері агроөнеркәсібінде пайдаланылуда. Сонымен қатар, бұл сорттар барлық табиғи-климаттық аймақтар үшін бұрынғыдан да жоғары сапалы күшті сорттар жасау үшін селекционерлерге таптырмайтын бастапқы материал.

2016 жылғы Мемтізбеге сапасы жағынан ең құнды сорттар қатарына енген жармалық арпаның 12 сортының 9-ы отандық селекция – Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы, Өсімдік шаруашылығы және селекция Қарағанды ҒЗИ, Ауыл шаруашылық Солтүстік Батыс ҒЗО, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ»ЖШС және ҚР АШМ А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО селекционерлері шығарған сорттар болса, сыра қайнататын арпаның құндылар қатарына енген 22 сортынан Арна мен Әсем ғана отандық селекция – «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС сорттары [3].

Еліміздегі селекциялық жетістіктер Мемтізбесінде сапасы жағынан ең құнды сорттар қатарына сұлының отандық селекцияның Бітік, Ертіс 15, Аламан сорттары және ресейлік – Льговский 82, Мирный, Скакун; тарының отандық Уральское 109, Шортандинское 7 және ресейлік – Старт, Саратовское 3, Саратовское 6, Саратовское 10; қарақұмықтың отандық Шортандинская 2, Ресеймен бірлескен Шортандинская крупнозерная, ресейлік – Богатырь және украиналық – Крупинка, Сумчанка; күріштің отандық Маржан, Алтынай және ресейлік – Кубань 3, Солнечный, өзбекстандық – УзРОС 7-13, Авангард, Қарақалпақстан сорттары енген. Сонымен қатар, күріштің ұзын дәнді отандық «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиялар институты» ЕМК шығарған күріштің ұзындәнді Алтынай сорты мен Өзбек күріш ҒЗИ-ның Лазурный сорты да осы белгісі жағынан аса құндылардың қатарына жатады [3].

Қазіргі кезде жүгерінің сапа селекциясында майлылығы, қанттылығы және жарылғыш коэффициенттері жоғары сорттар мен будандар шығару, оларды тездетіп өндіріске енгізу өзекті мәселе болса, оның бірінің шешімін «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС селекционер-ғалымдары қанттылығы жоғары Балшекер 375СВ сортын шығарумен табуда. Селекционерлерге күнбағыстың дәнінің майлылығы 58-60% және одан да жоғары болатын жаңа сорттары мен будандарын шығару міндеті қойылған. Оны орындау барысында қыруар жұмыстар да атқарылуда.

Еліміздің күнбағыс өсірумен айналысатын аймақтары өндірісіне пайдалануға рұқсат ету үшін 2016 жылы күнбағыстың жалпы 73 сорты мен буданы, олардың ішінде 17 жоғары майлылар Мемтізбеге енгізілді. Оларға –отандық «Майлы дақылдар» МҚК шығарған Восточный (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында өсіріледі), Казахстанский 1(Қызылорда, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар), Казахстанский 341 (Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан) және Казахстанский3124 (Алматы) сияқты будандар жатады. Сонымен қатар, жақын шетелдік – ресейлік Восход, Заря, Скороспелый 87, Сибирский 91 және алыс шетелдік Арена ПР, Брио, НК Дельфи (Франция), Ислеро (Нидерланд), Пр 62 А 91 (АҚШ) сияқты будандар да еліміздегі май өндірісі мәселелерін шешуде [3].

Отандық селекцияның алдында, сондай-ақ майдың сапасын жақсарту, яғни май қышқылдары құрамын, липидтер қатынастарын, дәрумендердің жоғары мөлшерін белгілі бір шамаға жеткізу міндеті де маңызды болып тұр. Дәндібұршақ дақылдары селекциясын, мүмкіндігінше ақуыз мөлшерін көтеруге қарай бағыттау қажет. Қант қызылшасының қанттылығы, сондай-ақ технологиялық сапасы жоғары сорттарын, картоптың крахмалы мен ақуызы түйнектерінде көп мөлшерде болатын техникалық сорттарын жасау керек. Мақта селекциясында маңызды міндет ‒ шығымдылығы жоғары және сапалы талшық беретін жоғары өнімді жаңа сорттар шығару.

Әдебиет:

  1. Жанзақов М.М. Егістік дақылдар селекциясы. Оқулық. - Астана: Фолиант, 2015. – 416 б.
  2. Гуляев Г.В., Гужов Ю.Л. Селекция и семеноводство полевых культур. – М.: Агропромиздат, 1987. – 447 с.
  3. Государственный реестр селекционных достижений, допущенных к использованию в Республике Казахстан. Сорта растений. Астана, 2016. – 244 с.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, Павлодар, Селекция.


Задать вопрос