Ақын танымындағы пейзаждың поэтикалық суреттемесі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Библиографическое описание:

Кыяхметова Ш. А., Оразханкызы Н. Ақын танымындағы пейзаждың поэтикалық суреттемесі // Молодой ученый. — 2017. — №12.1. — С. 11-14. — URL https://moluch.ru/archive/146/41697/ (дата обращения: 11.12.2018).



ХХ ғасыр басындағы ірі қоғамдық оқиғалар бүкіл рухани қазына жайындағы түсінік, ұғымды өзгертті. Адамның өзін-өзі тануының жаңа дәуірі басталды. Лирикаға деген көзқарас та өзгерді. Халықтың жаңа мазмұндағы өміріне, танымына лайық поэзия қанатын жайды. Ой сезімі толқындарын әңгімелеуден гөрі адамның жан құбылысындағы әсерленулерді тікелей суреттеу қажеттігі туды. Табиғат суреттері арқылы адамның ішкі сырын, жан шындығын ашты. Жан әлеміндегі сиқырлы көріністерді, өзгерістерді, мың сан құбылыстардың ажарын ашатын табиғат құбылыстарының сыры мен сипатынан оралымды, өрнекті сурет таба білді. Халықтың философиялық, ұлттық, этикалық, эстетикалық көзқарастары табиғат пен адам тағдыры қарым-қатынастары арасындағы толғаныстардан көрініс тапты. Олар табиғатты сырттай бақылап, қызықтап тамашалаумен ғана шектелмей, табиғат әлемі қандай жаңа қырларымен көзге түседі деген сауал төңірегінде жауап іздеді. Табиғат құбылыстарын үлкен суреткерлікпен бейнелеп, оқырманның көркемдік таным әлемін қалыптастырды.

Мағжанның балалық шағы мен құрбы-құрдастарымен көңіл сырын бөліскен жері - Сасықкөл. Ақын үшін ол ұжмақпен бірдей. Одан көркем, одан сұлу жер жоқ. Сондықтан болар ақын көл суретін ерекше шабытпен суреттейді:

Алыстан мұнарланып шалқыған көл,

Бетінде күннің нұры балқыған көл.

Жарысып саф күмістей ақ көбігі,

Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл [1, 85].

Табиғат та, оны мекен етіп отырған халық та жанға жайлы мамыражай тірлік кешуде. Қаймағы бұзылмаған сұлу табиғат. Сонда да болса, ақын көңіліне кірбің ұялайды. Айтпауға дәті шыдамайды. Өлеңнің соңғы шумағында ұлтына қара бұлттай үйіріліп келе жатқан қамытқа деген қарсылығын, алаңдаушылығын көрсетеді. Қазағының басынан да, оның туған табиғатынан да бақ құсы ұшып кетер күннің жақындағанын сезіп, жаны ауырады. Сонымен қатар, ақынның туған жерге деген сағынышы, еліне, жеріне деген аңсау мен алаңдаушылық өлең бойында қатар өрілген. Ақынның нәзік жүрегі, ыстық сезімі туған өлкесінің тағдырымен бірігіп, біте қайнасып кеткен. Лирикалық өлеңде ақынның сезімі мен түйсігі ғана емес, түсінігі мен танымы да бой көрсетеді. Біз оның дарын қуатын да, ой-өрісін де, интеллект дүниесін де, мақсат-мүддесін де шығармасы арқылы танимыз, бағалаймыз. Мағжан «Шын сорлы» өлеңінде заман шындығын табиғат суретіне бөлеп толғайды:

Күн суық, қатты аяз шыдар емес,

Қар борап, соққан желмен қылып егес.

Кедейлер үсіп-тоңып дір қақтырар,

Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес [1, 92].

Жаратылыс көрінісін бейнелеу арқылы заман шындығын қаз-қалпында жеткізеді. Бұл - оның жанымен терең сезінген ақындық дүниетанымы, көзқарасы, көркемдік ізденісі. Өлең қалқасынан сығалап жетім көңіл, кіреуке сезім, қайғы - қасірет көрінеді. Адам баласының қоғамдық мұң-мұқтажы, әлеуметтік тынысы, адам жанын сыздатар ауыр, азапты өмірі ақынды шығармашылығының алғашқы кезеңінен бастап-ақ толғандырғанын көреміз. Мағжан табиғат лирикасына саяси-әлеуметтік сипат береді. Осылайша Абай қалыптастырған көркемдік әдісті Мағжан ақындығының алғашқы алымында-ақ шебер пайдаланады.

Табиғатты сезімге, сезімді табиғатқа бөлеп жырлаған өлеңдер Мағжанда жеткілікті. «Күміс нұрлы ай» өлеңі -табиғат бояуы әсем берілген, көркемдік тынысы кең, бейнелі де шымыр суреттерге, теңеулерге, кейіптеулерге, алмастыруларға толы көркем жазылған дүние. Ақынның суреткерлік қаламы құбылыстың нәрлі бояуын өзіне тән үнімен, болмысымен әрбір штрихы мен деталына дейін нәзік те сұлу, дәл де айқын жеткізуге күш салады. Түнгі сурет ақын қаламынан судырай төгіледі:

Күміс нұрлы Ай. Жұлдыздар -алмас, жібек жел,

Сыбырласып, жас қайыңдар бұраң бел ...

Қан қайнады. Жас жүрегім ойнады.

Бір сүйейін! Жақында, жаным, бері кел! [1, 112].

Сезім мен сурет дегеніміз осы. Көз алдымызға ғажап та сұлу түнгі шақтың әсерлі де көркем бейнесі көлбеңдейді. Тыныштық құшағында манаураған түнгі ауыл. Сүттей жарық ай, жібек жел, сыбырласқан жас қайыңдар мен қос ғашық. Сұлу табиғат пен сұлу махаббат үндесіп, біте қайнасып жатыр. Табиғат құбылыстары арқылы ақын жас қыз бен жас жігіттің ынтық сәттерін, олардың көңіл-күйлерін бейнелеген. Осы өлең Мағжан тілінің көркемдігіне, бейнелілігіне дәлел бола түскендей. Ақын танымындағы концептуалдық тұрғыны да танытады. Бұл жерде адам мен табиғаттың тұтастығы, туыстығы тамаша сезім күйіне бөленген. Өлең өзегінде адам тағдыры мен табиғат жарастығы жатыр. Ақынның бұл өлеңінде үміт пен қуаныш басым. Өлең бойында лирикалық кейіпкер көңіл-күйі мен табиғат әлемі де әсем тұтастықта көрінеді.

Ақынның таланты мен талғамы, көркемдік концепциясы байқампаздық пен білімдарлықтың үлгілері биігінде туған туындыларда табиғат пен адам тағдырының осындай қалтқысыз тұтастығына негізделеді. Оның шын мәніндегі дүниетанушылық сыры да осы өңірден аңғарылады. Шынайы көркем шығарма ақынның шығармашылық тұрғысымен, қайғы-мұң, қуаныш-сүйініш сияқты көңіл-күй әсерімен қанаттанған шынайы шабыттан, ой тереңдігінен туады. Табиғат және оның әсерінен туған сезім сырлары лирика үшін мәңгілік тақырып болып келген және солай бола бермек. Белгілі бір табиғи жағдайларға орай адам сезімі, қуаныш-сүйініші, басқаша айтқанда, адам тағдыры табиғатпен тамырлас көрінетіндіктен, ақын өз өнерінің өрісін, шығармашылық биігін адам сезімі мен табиғат құбылыстарының тұтастығына немесе алшақтығына барынша терең бойлау парызынан іздеген. Көркемөнерсіз-ақ ол адам көңіл-күйінің қуаныш-қайғы сияқты әрқилы жағдайымен үндес қызық бір мінездер байқатуы ғажап емес. Адам әдетте өз мұңы, өз қуанышымен үндес табиғаттың осындай әр түрлі ғажайып көріністерінен қуат алады, табиғат тылсымынан өз жанының шындығына сай күй табады.

Тіршілік тынысын байсалды баяндау мәнерінен гөрі эмоционалды сезім әсерімен жеткізу, табиғаттың өзіндік даралық сыр-сипатын терең түйсіну Мағжанның шығармашылығынан айрықша көрінеді. Табиғатты әрі айрықша, әрі шартты қалыпта алып бейнелеу – романтизмнің бір белігісі. Ал қазақ әдебиетінде романтизм әдісінің қалыптасуына Мағжан алғашқылардың бірі болып еңбек сіңіргенін кезінде Ж.Аймауытов, кейіннен Т.Кәкішев және басқа зерттеушілер айрықша атап өткен. Мағжан романтизмінің өрісін кеңейтуші басты күш - табиғат. Ақын романтизмінің негізінде де оның табиғатты суреттеу даралығы арқылы көрінетін суреткерлік концепциясы жатыр. М.Жұмабаевтың 1922 жылы жазылған «Жиіленді қара орман» атты өлеңінде таза орман көркін суреттеу жоқ. Жаратылыс көркін ақын жан-дүние әлемімен бірлікте сабақтастыра толғайды. Тәтті ұйқыға кеткен, «үнсіздік», «тілсіздік» арқалаған «мәңгі мылқау кәрі орман» ақын бейнелеуінде іле орманның аппақ кебін бүркенуімен, түс көруімен астасады. Лирикалық кейіпкер жанын бір тылсым тыныштыққа баулиды. Ол пендешіліктен арылып, жаны тазарып, табиғатпен бірге ұйқыға кетердей. Осы сәтті ақын лезде бұзады: Жел мінезді ессіз жан - Маған түрлі ой келед ...Лирикалық кейіпкер мазасыз күйге түседі. Бұл сәт ұзаққа созылмайды. Ақын оны тыншытады. Ол да тәтті ұйқыға кетеді. «Әпсүн оқып, үшкірген беймаза мінезді» жел образын тудырады. Ақын қолданысында жел образы символдық дәрежеге жеткен.

Ақынның осындай өлеңдерін оқыған тұста Т.Кәкішевтің «Мағжаннның кейде өмір шындығына жанаса бермейтін ой айтып, сурет тудыратындығы» [2,361] жайлы айтқан пікірі ойға оралады. Рас сөз. Бірақ ақынның ойы мен сезімі өмір шындығымен жанаса беруі міндетті емес екендігін де ескергеніміз дұрыс болар. Ақынның суреткерлік танымының, шығармашылық концепциясының ерекшелігі де осында. Мағжанның табиғат лирикасынан қайғы-мұңның жоталанған түрін көреміз. Мағжан қайғы-қасіретті, мұңды көп жырлау арқылы өмірдің қатпар-қатпар сан алуан сырын жан-жақты ашуға тырысты. Табиғаттың күнгей жағынан гөрі көлеңкелі тұстарына көп назар аударды. Бұдан да оның ақындық тұрғысының өзіндік ерекшелігі көрінеді.

Қажыдым енді, күш бітті,

Көңілсіз салқын күн бұлтты,

Жел бұйығып тербелед.

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін,

Әңгіме ғып күңіренед.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі-тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле ...

Әлдиле, өлім, әлдиле!.. [1, 151].

Бір арнадан екінші бір жаңа арнаға ауысу процесі оңайға түспейді. Дарыны болмашы, принципі босаң жандар болмаса, хас суреткер шығармашылығындағы бұл процестің күрделілігі, дүниетанымындағы психологиялық ағымдардың өзгерісі - нағыз дарын иесін үлкен шығармашылық концепция биігіне көтеретіні, тіпті бірқатар қиындықтарға әкелетіні сөзсіз. Принциптері берік, сенімі тұрлаулы, концепциясы тұғырлы қаламгер саясат өзгергеннен гуманизмге, қастерлі мақсатқа, әділет жолына деген таным-түсінігін жаңа, ресми өкіметтің ығына жыға салмайды. Мағжан романтизмінің тереңдей түсуі, мұңды әуенге айналуы – ұлттық дүниетанымының, кеңес шындығымен үйлесе алмауынан туындап отыр. Тергеуге берген жауабында М.Жұмабаевтың өзі де: «Жалпы менің жазғандарым үгіт, насихаттан гөрі адам жан-дүниесінің, сезім-сырларының болмысынан туатын менің шындығым олардың шындығына үйлесе қоймағаны мәлім» деген екен. Бұл пікірін ол өлеңдері арқылы нақтылай түседі.

Мағжанда белгілі бір идеялық-көркемдік шешімді жүзеге асыру бағытында типтендіру құралдарының бірі -пейзаждың әрқилы берілетіндігін М.Базарбаев ашып берген [3]. Расында да Мағжан қолданысында табиғат кейде таңдай қақтырып, бойыңды ерітіп, жүрегіңді лүпілдетіп неше түрлі күйге бөлейтін сурет боп көз алдыңа орнай қалады. Кейде сол табиғат безбүйрек, қатал. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйіне қарай табиғат та құбылып отырады.

Лирикалық кейіпкер көңіл-күйі мен табиғат әлемі ақын суреттеуінде жымдасып кеткен. Табиғат өлім күйін шертіп отыр. Ақын жүрегі де соны қалайды. Жаны тыншу таппай қиналған ақын жанына саяны табиғаттан іздейді, табиғатқа табынады, табиғаттан үміттенеді. Ақын сырласарлық достық жайын көңіл-күйін сұлу табиғат суреті арқылы терең де тебіреністі күйге бөлеп, жаңа бір романтикалық поэзия дүниесін жасайды. Ақын кейде ішкі сырды не осындай табиғат әлемінің сұлулығын қастерлеу арқылы, не ишара түрінде бейнелейді. Қандай көркемдік үлгіде жырласа да ақынның туған, өскен жерінің табиғат дүниесі мен жан дүниесінің құбылыстары айқын сезіледі.

Байрон суреткердің таланттылығы пейзаж сұлулығын баса көрсетумен ғана емес, анау-мынау олақтықты, кем-кетікті бояп, құбылтып, түрлендіріп бейнелеу шеберлігі арқылы да айқындалатынын айрықша ескерткен. Оның ойынша, табиғаттың өз поэзиясы суреткерлік мақсат үшін жеткіліксіз. Мағжанның осы оймен өзектес болғанын шығармаларын оқу арқылы мойындаймыз. Ол табиғатты табиғи қалпында суреттеп қана қоймайды, оны өз тағдырының жарығы мен жылуына, мәні мен мағынасына бөлеп суреттейді.

Мағжан жеке-жеке ғажайып дүние көркін бейнелеуде табиғаттың өзінен асып түсу, бар өзгеріс-құбылысымен жан рахатына бөлейтін жаратылыстың өзінен үйрене білу негізгі парызым деп түсінді. Жаратылыс келбеті, әлем жұмбағы әр уақытта да суреткерді толғандырған. Адам баласының табиғатқа қатынасы қашан да әдемілік негізін қалаған. Әлденеге іштей қуанып, сүйсініп, мейірленіп, тіршілік қызығын қаз-қалпында сезіну -көркемдік таным өрісінің бұлжымас бір шарты. Адам жаны ондай жерде өзін-өзі жаңа көргендей, туған өлкесінің де көз тоймас ғаламат көрінісін тұңғыш рет аңғарып отырғандай ғажайып көңіл-күйге беріліп, тебіреніп толқиды. Осының өзі жаратылыспен жарасқан эстетикалық қатынас болып табылады. Ақын бірде туған өлкесінің ғажайып сұлулығына таң болып, әсерлене суреттесе, енді бірде «қайғылы қайыңмен» бірге қайғы-қасірет шегеді. Табиғат әлемінен өз тағдырына ұқсастық, туыстық іздейді, көңіл-күйімен сабақтастырады. В.Г.Белинскийдің пікірінше, өмір құбылыстарының қай-қайсысы болса да лирикаға өзек бола алады [4]. Оның өмір бар жерде поэзия бар дейтін философиялық, эстетикалық қағидасы әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ. Өмір шындығында ақынға тақырып болмайтын құбылыс жоқ. Әңгіме, сол құбылыстың ішіне үңіле қарап, сырын ашып, нағыз ақындық қуат пен, зерделі шеберлікпен өрнектей білуінде. Мағжанның жоғарыда талданған өлеңдері – зергерлікпен ғана емес, зерделілікпен зерленген өрнектер.

«Мағжан Жұмабаев – қазақ әдебиетінде табиғат лирикасын жасаушылардың бірі емес, бірегейі» [5, 141],- дейді белгілі ғалым Р.Бердібаев. Өз тұстастарының арасынан табиғатты Мағжандай жырлаған ақындар кемде-кем. Ақын өлеңдері тек сұлулықты, іңкәрлікті, табиғат жарасымын бірыңғай қызықтау деңгейінде қалып қоймай, табиғат адамшылық, әлеуметтік астарлармен көмкеріледі. Бұл тектес шығармалары ақын мұрасының мәнін арттырады, өшпес, тозбас қасиетін белгілейді. «Туған жерім- Сасықкөл» өлеңінің өзі неге тұрады… Асқан шеберлікпен, үлкен сезіммен, ыстық іңкәрлікпен бейнеленген туған жер келбеті бейне бір жұмақ төріндей елестейді. Бұл өлеңінде де ақын табиғат сұлулығын, туған жер құдіретін айтып келеді де, өлең соңында: Итиіп қарашекпен келіп қонса, Басыңнан құсың ұшып кетер сенің,-деп, әлеуметтік мәселені көтереді. «Күз» өлеңінде де күздің адамды жабырқатар сүреңсіздігін айта келіп:

Көрік жоқ ойда-қырда шығып жүрсең,

Естілмес құстар даусы құлақ түрсең.

Қақтанған, жамыла түсіп, от маздатып,

Көресің кемпір-шалды үйге кірсең, - [1, 67] деп, тіршілік тынысын тілге тиек етеді. Өлеңнің соңында надандықта, қараңғылықта өтіп жатқан қазақ өмірін де сұрғылт күзге теңейді. Өз көңілінің күзін де табиғатпен астастыра жеткізеді. Мағжанның «Шын сорлы» өлеңі тақырыптық жағынан саяси лирикаға жатады. Өлеңнің тақырыбы- қазақ кедейінің ауыр тұрмысы. Мағжан сол ауыр тұрмысты табиғатпен үндестіре жырлайды.

Күн суық, қатты аяз, шыдар емес.

Қар борап, соққан желмен қылып егес.

Кедейлер үсіп-тоңып, дір қалтырар,

Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес [1,74].

Сол сияқты ақынның «Жылқышы» өлеңінде де табиғат суреті көрініс береді. Сөзіміз дәлелді болу үшін өлеңнен үзінді келтірейік:

Бораны - бөрі ұлып тұр.

Төбеттей тынбай үріп тұр.

Сын тағылды қаңтарға

Аман ба екен жылқышы?

Аман ба екен жылқысы?

Малға барған жан бар ма?

Түтінді жерге тығатын,

Түкіріктен түйме тағатын,

Аяз мынау шатынаған.

Хабар бар ма, мал қалай?

Малдағы жалғыз жан қалай?

Адам бар ма қатынаған? [1, 85].

Мағжан адамды, қоғамдық құбылысты уақыттан, кеңістіктен тыс алып жырламай, қайта соның аясында, сонымен бірлікте жырлайтыны сияқты табиғатты да қоғам өмірінен, уақыттан, адамнан тыс, жалаң жырламайды, табиғаттан жан сезімімен үндес бір шындықты тауып алған. Суреткер әрекетінде әдетте, ой мен сезім бауырласады да, табиғат бейнесінің күллі ою-өрнегін нұрландырып, өзекті көркемдік арқауға айналып кетеді. Олардың өзара астасқан тас-түйін жарасымы қаламгердің шығармашылық өнеріндегі тағдыр мен табиғат концепциясына тән ерекшеліктердің қатарына жатады.

Әдебиет:

  1. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 3 томдық. 1-т. -Алматы: Жазушы, 1989. – 445 б.
  2. Кәкішев Т. Мағжан – Сәкен. – Алматы: Қазақ университеті, - 1999. - 615 б.
  3. Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет. -Алматы: Ғылым, 1997. - 504 б.
  4. Белинский В. Собр. соч. в 3-х томах. -Т.2, Москва: Наука, 1988. - С.304
  5. Мәшһүр-Жүсіпов Қ. Өлең сөздің патшасы. - Алматы: Жазушы, 1991. – 215 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, оса, пена.


Похожие статьи

оса, мена.

Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы. Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Основные термины (генерируются автоматически): оса, бола, мена.

Выбор пенообразователя и стабилизатора при получении...

В статье приводятся экспериментальные данные по влиянию пенообразователей и стабилизаторов на технологические свойства пены при получении материалов ячеистой...

оса, бола, мена.

Алайда, байлық пен абырой, жаңарулар мен жаңғырулар аспаннан жаумайды. Одан дәмелі елдің әр баласы еңбек пен ғылымға арқа сүйеуі қажет .Елбасының бізден талап етіп отырғаны да осы.

Синтетические моющие средства: польза и вред | Молодой ученый

Косвенно можно судить о наличии а-ПАВ в стиральном порошке по интенсивности пенообразования при стирке. Чем выше пена, тем выше концентрация а-ПАВ...

Научный журнал «Молодой ученый» №12 (146) март 2017 г.

Биоэкологиялық мазмұндағы тапсырмалар мен есептер – таным құралы.

Ахлақ пен әдеп мәселелері. Бермаханов О. Б., Камалова Ф. Б., Нарымбаев К. Д.

Ежелгі германдықтардың қасиетті өсімдіктері | Статья в журнале...

Омеланың астында тұрып сүйісу - терең сүйіспеншілік пен берік достықты, ізгі ниетті білдірген.

Основные термины (генерируются автоматически): оса, бола, мена.

Характеристика пороков сырого молока, наиболее часто...

В результате развития бактерий кишечной палочки молоко подвергается брожению и образуется пена. При попадании бактерий, выделяющих сычужный фермент...

Закономерности формирования структуры пеноминеральных...

В статье приводятся результаты исследований, направленных на выявление закономерностей формирования наполненных пен...

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle

Похожие статьи

оса, мена.

Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы. Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Основные термины (генерируются автоматически): оса, бола, мена.

Выбор пенообразователя и стабилизатора при получении...

В статье приводятся экспериментальные данные по влиянию пенообразователей и стабилизаторов на технологические свойства пены при получении материалов ячеистой...

оса, бола, мена.

Алайда, байлық пен абырой, жаңарулар мен жаңғырулар аспаннан жаумайды. Одан дәмелі елдің әр баласы еңбек пен ғылымға арқа сүйеуі қажет .Елбасының бізден талап етіп отырғаны да осы.

Синтетические моющие средства: польза и вред | Молодой ученый

Косвенно можно судить о наличии а-ПАВ в стиральном порошке по интенсивности пенообразования при стирке. Чем выше пена, тем выше концентрация а-ПАВ...

Научный журнал «Молодой ученый» №12 (146) март 2017 г.

Биоэкологиялық мазмұндағы тапсырмалар мен есептер – таным құралы.

Ахлақ пен әдеп мәселелері. Бермаханов О. Б., Камалова Ф. Б., Нарымбаев К. Д.

Ежелгі германдықтардың қасиетті өсімдіктері | Статья в журнале...

Омеланың астында тұрып сүйісу - терең сүйіспеншілік пен берік достықты, ізгі ниетті білдірген.

Основные термины (генерируются автоматически): оса, бола, мена.

Характеристика пороков сырого молока, наиболее часто...

В результате развития бактерий кишечной палочки молоко подвергается брожению и образуется пена. При попадании бактерий, выделяющих сычужный фермент...

Закономерности формирования структуры пеноминеральных...

В статье приводятся результаты исследований, направленных на выявление закономерностей формирования наполненных пен...

Задать вопрос