Өңірде туристік қызмет көрсетуді дамыту мәселелері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Темирбекова, Э. Т. Өңірде туристік қызмет көрсетуді дамыту мәселелері / Э. Т. Темирбекова, Ж. А. Малибекова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 8.1 (142.1). — С. 53-55. — URL: https://moluch.ru/archive/142/39980/ (дата обращения: 17.12.2024).



Туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Бүкіләлемдік туристік ұйымның деректері бойынша, ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11%-дан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен.

Туризм - Қазақстан үшін жаңа табыс көзі, ол халқымыздың салт-дәстүрін, мемлекетіміздің бүгінгі өсіп-өркендеу белестерін өркениетті елдер жұртшылығына кеңінен таныстырудың тиімді жолы. Ал еліміздің осы мүмкіндікті барынша ұтымды пайдалануға қатысты әлеуеті зор.

Туризм саласының дамуы елiмiзде кенжелеп қалғанын мойындау керек. Бiздегi инфрақұрылымдар, қатынас жолдары, көлiк сапасы, қызмет көрсету түрлерi халықаралық туризм сұранысына жауап бере алмайды. Дегенмен халықтың жағдайы едәуiр жақсарған. Елдегi туристiк саяхатқа, демалуға баратындардың саны күрт артты. Бұл iшкi туризм саласын дамытуға мүмкiндiктiң бар екенiн көрсетедi [1]. Осыған орай Елбасы ел экономикасын арттырудағы басым бағыттардың бірі туризмнің дамуына айрықша мән беріп келеді.

Дегенмен Қызылорда облысында туризм индустриясын дамытуға арнайы бірнеше бағдарламалар жасалғанымен, іске асырылу деңгейі жеткіліксіз күйде қалуда. Арнайы туристік сайттарда облыс аумағында орналасқан табиғи рекреациялық және танымдық бірнеше туристік нысандар ендірілгенімен мәдениетімізді, тарихымызды насихаттауда маңызды роль атқаратын тарихи-танымдық туристік нысандар жоқтың қасы. Қазіргі таңдағы ресми ақпараттар бойынша облыс аумағында әртүрлі тарихи кезеңдермен мерзімделетін 500-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет тарапынан қорғау тізіміне ендірілген. Бұл дегеніміз қажетті қолдаудың нәтижесінде бірегей мүмкіндіктерді түбегейлі жүзеге асыра алсақ, онда тарихи тамырын сонау тереңнен тартқан өңірімізде тарихи-танымдық туризм индустриясының қарқынды түрде дамуына жол ашады деген сөз.

Қызылорда облысында 8 ауданда орналасқан туристердің қызығушылығын арттыратын тарихи-мәдени ескерткіштер, ғимараттар, сауықтыру орындары мен объектілер, табиғи мүмкіндігі жоғары балық аулайтын орындар көп. Бұл орындар тек Қазақстан ғана емес, әлемдік мәдениетке туризмнің тарихи-танымдық, экологиялық, спорттық, ғылыми түрлерін танып білуге мүмкіндіктер берумен қатар, тұрғылықты халықты және шет елдік туристерді де қызықтырмай қоймайды.

Қызылорда облысы көліміндегі бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштерге тоқталып кететін болсақ, олар:

- Бегім ана мұнарасы. Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 км жерде орналасқан. Тарихи құндылығы сол,Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ екен.

- Қорқыт ата мемориалдық кешені. Түркі дүниесіне ортақ ұлы абыз Қорқыт атаға арналып салынған. Сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен 18 км жерде,Қорқыт станциясының түбінде орналасқан. Кешен Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолының бойында орналасқан. Тарихи маңыздылығы Қорқыт ата ескерткіш кешені күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып табылады.

- Сауысқандық петроглифтері Қызылорда облысы, Шиелі ауданы орталығынан солтүстік шығыста 50-60 км жердегі Сауысқандық жотасындағы жартастағы петроглифтер. Сауысқандық петроглифтері Қола дәуірінен бері сақталған Қазақстандағы ежелгі жазулардың бірі болып табылатындықтан тарихи құндылығы өте жоғары.

- Ортағасырлық Асанас қала жұрты. Ортағасырлардан сақталған көне қала орны. Қызылорда қаласының оңтүстік-шығыс жағында 48 км жерде орналасқан. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап (1220ж) белгілі. Қала орны әлі күнге дейін сақталған.

- Бесарық петроглифтері Жаңақорған ауданы Бесарық аулының маңында.Мұндағы жартастарға қашалып салынған бейнелердің кейбірі өзінің орындалу айқындығымен ерекшеленеді.Тарихи маңыздылығы - Ұлы даланы мекендеген көшпенділердің дүниетанымын көз алдымызға әкеледі.

Осы және өзге де Сыр өңіріндегі тарихи орындардың барлығы таяу уақытта тарихи-танымдық туристік нысандарға айналдыруға мүмкіндіктер мол. Өйткені бұл нысандар қала, аудан орталықтары, ауылдарға жақын, сонымен қатар автожолдардың бойында орналасқан.

Облыстағы тарихи-танымдық туризм индустриясының жолға қойылуы қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, туризммен сабақтас өзге де инфрақұрылымдардың жетіліп, бірқатар әлеуметтік мәселелердің өз шешімін табуына септігін тигізері сөзсіз.

Соңғы жылдары Байқоңыр кешенін және осы өңірдегі Қамбаш көлін туризм мақсатына пайдалану, оның инфрақұрылымын бүгінгі өркениет талабына сай дамыту маңызды мәселенің біріне айналды.

"Байқоңыр" ғарыш айлағы "ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесінде көрсетілетін нысандардың бірі болып табылады. Аталған өңірде барлық инфрақұрылым қайта жаңартылады,жаңадан нысандар пайдалануға беріледі. Жер кіндігі - Байқоңырдың әлемдегі теңдессіз ғарыш айлағы, оның алдағы мүмкіндіктерінің орасан зор екенін біз нақты іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Байқоңыр өңірінде экологиялық туризмді дамыту мәселелері, осыған сәйкес инфрақұрылымдар өрісін кеңейту бұған дейін де келелі мәселелердің қатарында көтеріліп келеді.

Сонымен қатар, ғарыш айлағында мемлекет - жеке меншік әріптестіктің ықпалымен туризмді дамыту мақсатында Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымы жаңғырту және еркін экономикалық аймақ дәрежесі беріліп, көліктік логистикалық орталық ұйымдастыру үшін халықаралық консорциум құру мәселесі де көтерілген болатын.

Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу үшін елбасы қыруар еңбек сіңірді. Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласы маңынан өтетін "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" магистральды көлік дәлізі салынуда. Халықаралық қатынас жолының туризм индустриясын дамытуға мүмкіндіктері мол. Келешекте Байқоңыр ғарыш айлағы, Қорқыт ата кешені халықаралық туризм орталығына айналады.

Таяудағы жылдары өңірдегі Қамбаш көлі туризм индустриясын дамытып, шетелдіктерді тартудың маңызды буынына айналады. Инфрақұрылымдар дамытылып, бұл өз кезгінде шетелдіктер Сыр өңірінің бай тарихымен және салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік алады.

Жобалаушылардың, мамандардың пікіріне сүйенсек, Қамбаш көлі маңындағы табиғат аясында ашылған қонақ үйлерге сұраныс көп болады.Зерттеулер көрсетіп отырғанындай,көптеген демалуға ниет білдіргендер үй жағдайында тұруға қызығушылық танытатын көрінеді. Себебі, қазіргі таңда экотуризм санатына жататын бұл қызмет түрімен шұғылданушылар қатары көбейіп келеді. Егер Қамбаш көліндегі инфрақұрылымдарды дамытуға жаңаша сипат беріп, туристерді тарту жолға қойылса, бұл жергілікті бюджеттің сенімді табыс көзіне айналар еді. Ал, мұндай табысқа қол жеткізіп отырған елдер дүние жүзінде жеткілікті. Қазба байлығы жоқ Тайланд, Кипр, Испания тағы көптеген елдердің бюджет табысы туризм кірісінен құралады.

Жобаларға, зерттеулерге сәйкес тарихы терең Арал ауданының Қамбаш көлін туристер келетін мекенге айналдыру бастамасы өте құнды. Бұл ауқымды жобаларды жүзеге асыру жергілікті жерде жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Өңірдегі туризм индустриясының болашағы туралы айтқанда, Қамбаш көліне шетелдіктердің қызығушылық танытарына сеніміміз мол дейді мамандар [2].

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инфрақұрылымдар, әсіресе көлік және байланысқа қатысты транзиттік әлеуетімізді дамыту қажеттілігін міндетттеген еді [3]. Осы айтылғандарға сәйкес үкіметте 2013 жылы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, қабылданды.

Әлемдегі алпауыт мемлекеттер экономикасын алға сүйреп келе жатқан күш туризм екені белгілі. Сол ғаламдық экономиканың бір бөлшегі болып саналатын біздің елімізде осы үрдістен кенжелеп қалмауы тиіс. Соңғы жылдары елімізде бұл салада серпіліс байқалады. Қазақтың кең байтақ даласы туризмнің қай түрін дамытуға да қолайлы. Бірақ инфрақұрылымның жетіспеуі қолбайлау болып отыр. "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" көлік дәлізі жол қатынасына қатысты шетін мәселелерді шешеді. Әрине, осы жолдың бойындағы ең негізгі туристік нысан ретінде Байқоңыр ғарыш айлағын атауға әбден болады.

Байқоңыр адамзат баласына ғарышқа алғаш жол ашқан әлемдегі теңдесі жоқ ғарыш айлағы екені әмбеге аян. Оны көзімен көруге ынталылар жетерлік. Айлақтың теңдессіз әлеуетін пайдаланып, оған келушілерді қызықтыру үшін барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет.

Қорқыт ата кешенінің келешегіне келер болсақ ,барша түркі әлемі ұлық тұтатын Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан мекенге үлкен жолдың бойымен жүйткіген көліктердің тоқтап,зиярат етіп өтуі үшін Қорқыт кешенін алыстан көз тартар орынға айналдыру кезек күттірмейтін игі іс.

Туризм тек экономикаға оң әсер етіп қана қоймайды, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады. Оның тарихына көз жүгіртсек, туризмнің жаппай сипат алуы инфрақұрылым дами бастаған өткен ғасырмен тұспа-тұс келеді. Қазір туризмнің жат жерді танып білуге бағытталған түрі қарқынды дамып келеді. Денсаулықты қалпына келтіруге,демалып әрі ем алуға негізделген туризмнің кең қанат жайғаны байқалады. Сонымен қатар,біздің елімізде қасиетті орындарға зиярат ету үрдісі қалыптасқан.

Қазақтың жерінде, әсіресе Сырдың бойында ескінің көзіндей жәдігерлер жетерлік. Көне заман құндылықтарын топырақ астынан аршып жүрген археологтар біздің өңірдегі ескерткіштердің тарихы тым тереңде екенін дәлелдеп келеді.

Әдебиеттер:

  1. Ердавлетов С.Р., Назарчук М.К., Кораблев В.А. Мифы и реальность казахстанского туризма. Роль туризма в устойчивом развитии Республики Казахстан/ Под редакцией С.Р.Ердавлетова. Алматы, "Қазақ университеті", 2001. С. 150.
  2. http://e-kyzylorda.gov.kz
  3. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.
Основные термины (генерируются автоматически): туризм, оса.


Задать вопрос