Библиографическое описание:

Алиева А. М., Кожанова М. Ж. Септік жалғауларының ерекшелігі // Молодой ученый. — 2014. — №2.1. — С. 40-41.

Қазақ тіліндегі септік жалғаулары морфологиялық, синтаксистік және мағыналық тұрғыдан зерттелініп келеді. Қазіргі таңда тілдің дамуы барысында септік жалғаулары көнелене отырып, өзінің жалғастырушылық қызметінен, грамматикалық мағынасынан қол үзіп, түбірмен кірігіп кеткенін кей сөздердің құрамынан байқаймыз. Мұндай оқшауланған септік тұлғалы сөздер (сөз таптары) сөйлем ішіндегі байланыстыру қызметінен де алшақтап, синтаксистік тұрғыдан етістікпен байланысы артқан. Көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалардыңлексикалық және грамматикалық мағыналары өзгеріп жаңа мағынаны иеленеді, бұл туынды сөздің синтаксистік қызметіне де өз әсерін тигізеді. Септік жалғаулы сөздердің көнеленуі негізінде жаңа лексикалық тұлғаға ауысу процесі синтаксистік деңгейде өтеді.

Сөз түбіріне кіріккен тәуелдік жалғауларын зерттеген ғалым А.А.Раманова кірігу құбылысының бүгінге дейін қазақ тіл білімінде екі мағыналы сөздің бір-біріне бірігіп, өзара жымдасып кетуінің негізінде бір мағынаға ие болған сөздерге байланысты ғана қолданылып келгенін, ал түбір мен қосымшаның бір-біріне сіңісуінің нәтижесінде жаңа мағынаға ие болу жағдайын белгілі терминмен атау қалыптаспағанын тілге тиек етіп, автор «қосымшалардың түбірге кірігу әрекеті» деген атау ұсынады. Сонымен бірге төмендегіше белгілерін анықтайды: 

-          түбірге жалғанған қосымша бастапқы мағынасы мен қызметінен бүтіндей не жартылай айырылады;

-          түбірге жалғанған қосымша көнелену әрекетіне ұшырайды;

-          бастапқы түбірмен бірігіп келіп, жаңа лексикалық мағынаны
білдіреді;

-          тілде түбір ретінде саналып, өзге туынды сөздердің жасалуына негіз болады;

-          сөз таптарын қалыптастыруда негізгі тәсілдердің бірі саналады [1, 44 б.].

Бұл белгілер септік жалғауларының да көнеру әрекетін анықтайды. Бұл белгілер көнеленген септік жалғауларының мағыналық, сөзжасамдық және морфологиялық тұрғыдан айқындап тұр. Септіктердің көнеленуі барысында олардың синтаксистік сипаты да өзгеріске түседі. Септік жалғауларының түбірге кірігу, көнеру әрекеті тілімізде жиі кездесіп отырады. Бұл жағдайда септік жалғауларын бастапқы мағынасы мен қызметінен айырылып, көнеленіп, өзі жалғанған түбірге кірігіп кетеді. Соның негізінде ол сөзжасамдық қасиет атқарып, сол сөзді туынды түбірге айналдырады. Бұл сөздер тілімізде түбір мен жалғауға ажыратылмай, бір бүтін бірлік ретінде қолданылады.

Қазақ тіліндегі көнеленген септік жалғауларының өзіндік ерекшеліктері бар. Көнелену арқылы септік жалғаулары өз қызметтерінен алшақтап, жаңа семантикалық-грамматикалық қызметке ие болады. Өзі жалғанған түбірмен бірігіп, бір бүтін лексикалық мағына құрайды, сөйтіп сөздіктердің реестріне енеді. Бұл ерекшелік көнерген септік жалғауларына тән. Қазақ тіліндегі сөйлем ішінде грамматикалық қатынасты білдіретін әдеттегі септік жалғаулары мен көнеленген септік жалғауларының өзіндік ерекшеліктері болады.

1. Сөйлемдегі септік жалғаулары сөзге грамматикалық мағына үстейтін қосымша ретінде есептелсе, көнеленген септік жалғаулары жаңа лексикалық бірлік тудырып, сөзжасамдық қызмет атқарады.

2. Әдеттегі септік жалғауларының білдіретін грамматикалық мағыналары әртүрлі: бағыттық, мекендік, мезгілдік.

3. Септік жалғаулары сөйлем ішінде меңгеру байланысу формасында жұмсалса, көнеленген септік жалғаулары арқылы жасалған сөздер қабысу байланысу формасында қолданылады, сонымен бірге сөйлем мүшелерімен байланысқа түспей, оқшау тұрып та жұмсалады.

4. Септік жалғаулы сөз әдетте сөйлем ішінде жанама толықтауыш  қызметін атқаратын болса, түбірге кіріккен септік жалғауы арқылы қалыптасқан сөздер екінші сөз табына ауысуына байланысты сөйлемде тұрлаусыз мүшенің (пысықтауыштың) қызметін атқарады.

5. Көнеленген септік жалғаулары бір сөз табынан екінші сөз табына ауыстыру арқылы конверсия құбылысына да қатысады, ал әдеттегі көлемдік септік жалғауларына бұл қасиет тән емес.

6. Көнеленген септік жалғаулары арқылы жасалған сөздерді сөзжасамда туынды сөздер деп атайды. Себебі көнеленген септік жалғаулары сөзжасамдық қызмет атқарып, жаңа туынды мағына жасауға қатысады. Мысалы, лажсыздан, байқаусызда, бетімен, бірде, бір-бірден, күніне үстеу сөздері көнеленген септік арқылы туынды мағынаны иеленген, сонымен бірге септік жалғауларының түбірге кірігіп, көнеру процесінде қыстырма ретінде жұмсалатын сөздер де қалыптасатынын зерттеу еңбектерден көре аламыз [2].

7. Көнеленген септік жалғаулары арқылы қалыптасқан сөздер сөздіктерде реестр сөз қатарында  беріледі. Бұған дәлел ретінде қарап шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (Алматы, 1974-1986, 1-10 т.), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (Алматы, 2007), «Қазақ тілінің сөздігі» (Алматы, 1999), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (Алматы, 1978, 2002) еңбектерінде көнеленген септік жалғауы арқылы жасалған сөздердің еш өзгеріссіз сол қалпында берілуі. Жоғарыдағы сөздіктерде септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалған үш жүз елуден астам сөздер анықталды. Бұл көнеленген қосымша арқылы жасалған сөздердің сөздіктерде біртұтас сөз ретінде берілуі сол сөздер құрамында  септік жалғауларының жеке морфема емес, түбірге кірігіп, бір тұтас лексемаға айналғанын көрсетеді.

Сонымен, көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалардыңқазақ тілінде бар құбылыс екенін жоғарыдағы ерекшеліктер анықтайды. Осы аталған белгілер септік жалғауларының түбірге кірігу, көнеру әрекетінің тілде бар құбылыс екендігін толығынан айқындап береді.

Тілдің дамуы барысында болып жататын түрлі құбылыстар, соның ішінде септік жалғауларыныңтүбірге кірігіп, көнеріп, өзінің сөздің грамматикалық тұлғасын түрлендіру қызметінен айырылып, мағынасының өзгеруін, соған орай синтаксистік қызметінің ауысуын туғызатын дәрежеге жетуі тілде жиі кездесетін құбылыстарға айналған. Осындай септік жалғаулары түбірге кірігуі, көнеруі нәтижесінде пайда болған сөздер лексикалық бірліктер ретінде танылып, сөздіктерде реестр сөз ретінде беріліп, дербес лексемалар ретінде танылып жүр. Бұл сөздерді септік жалғауларыныңтүбірге көнеруі арқылы жасалған туынды сөздер деп санаймыз.

Қазақ тіліндегі көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалардыңәрқайсысында болған өзгерістер түрліше сипат алған.

Тілімізде септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалған туынды сөздер мағынасы жағынан алшақ емес. Септік жалғауларының түбір сөзге кірігуі арқылы көбіне үстеу сөздер жасалатыны барлық морфологиялық еңбектерде үстеу сөз табының құрылымына байланысты айтылып келеді. Дегенмен көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалардыңтүрлі мағыналық ерекшеліктерін көруге, кездестіруге болады. Көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалар тілімізде тек үстеу сөздері ғана жасалмайды, сонымен бірге басқа да тілдік бірліктер жасалады. Септік тұлғалары тілдің дамуы барысында, тілдік қажеттіліктерден көнелене отырып, өзі жалғанған есім сөздерді екінші семантикалық-грамматикалық категорияларға ауыстырады.

Көнеленген септік жалғаулары арқылы қалыптасқан лексикалық тұлғалардың қалыптасу сызбасын төмендегіше көрсетуге болады:

Сонымен, көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалар – өз мағыналарын толық ашу үшін белгілі бір лексика-синтаксистік мәтінді талап ететін, тұлға жағынан тұрақталған, атауыштық қызмет пен модальдік қызмет атқаратын, семантикалық жағынан біртұтас бірлік.

Әдебиет:

1   Раманова А.А. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз түбіріне кіріккен тәуелдік жалғаулары: филол. ғыл. канд. ...  дисc. – Алматы, 2004. – 144 б.

2   Томанов М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қыстырмалар. – Алматы, 1983. – 47 б.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle