Ұлттық бояуымен өрнектелген қозғалыстар | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (88) апрель-2 2015 г.

Дата публикации: 20.04.2015

Статья просмотрена: 92 раза

Библиографическое описание:

Мурзабаева, Г. И. Ұлттық бояуымен өрнектелген қозғалыстар / Г. И. Мурзабаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 8.2 (88.2). — С. 40-42. — URL: https://moluch.ru/archive/88/17469/ (дата обращения: 17.12.2024).

Би... Бұл — үлкен өнер. Ал, үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Егер де біз, халқымыздың арғы-бергі тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ, қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз.

Ұлтымыздың бүкіл рухани игілігі 20- ғасырға дейін жазбасыз түрде дамып, ауыздан-ауызға, әкеден-балаға, ұстаздан-шәкіртке, өткеннен болашаққа жеткізіліп отырған.

Музыка өзінің алғашқы кезеңінде ескі көшпелі қоғамның қажеттілігінен туып, ірі діни және тұрмыстық салт-дәстүрлермен біртұтас дүниеге айналды. Қазақтың халық музыкасының ұлттық сазы мен дыбысталуы, үні өте әсем, мазмұнды болып келеді. Қазақ музыка өнерінің ерекше саласы — күй. Күй жеке жанр ретінде 14- ғасырда қалыптасқан. Қазақтың ұлттық күйлері ертегі, аңыз, тарихи оқиғалар негізінде пайда болып, халықтың қуаныш, қайғысын бейнелеген. Қуанышты да, жайдары, нәзік үнге толы күй әуендерінің өзінен де би ырғағын анық сезінуге болады [1]. Мысалы, Тәттімбеттің «Былқылдақ», «Бес төре», Құрманғазының «Балбырауын», «Саранжап», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», «Көш керуен», Дәулеткерейдің «Қос алқа», Т.Момбековтың «Бозінген» күйлері қимыл поэзиясымен көркемделінді.

Би өнері әр уақытта оқиғаның орны, уақыты және халықтардың характерлік ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Өнердің басқа түрлеріндей би өнерінде де диалектикалық құбылыс сияқты, үнемі өзгеріп, дамып отырады.

Күй жанры мен би өнерін қосқанда үлкен бір сезімге толы, көрермендер тамаша әсер алатындай дүние шығады. Осындай тамаша әсер алу үшін, би қоюшы балетмейстерлердің жұмысы зор. Күйлерді тыңдап,әр бөліміне талдау, музыкалық компоновка жасап, оларды заманауи талаптарына сай өңдеп, талай ізденудің нәтижесінде би қойылымына арнап фонограмма дайындалады. Би ырғақтарын халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, ұлттық ерекшелігіне тән қимылдармен өрнектеу үшін, қойылымға арнап либретто (бидің мазмұны) жазу, би кейіпкерлерін таңдау, би қимылдарын ойдан шығарып, комбинация құрып, музыка ырғағына үйлестіреді. Балетмейстер жұмысы көпқырлы, орындаушыларды таңдап, олардың әрбіріне жеке би қимылдарын үйретіп, белгілі бір ойластырған би схемасына тізбектейді. Би қойылымы дайын, сахнаға шығару үшін биге арналған сахналық костюм қажет. Костюм эскиздерін ойластырып, суретшімен ақылдасып, киім үлгілеріне керекті түстерді таңдап, сахнаға арнап киім тіктіреді.

Костюм халықтардың ойын-сауықтарында ежелден-ақ қолданылып, бұл күнге дейін сәнін, мәнін бұзбай өз салтанатымен жеткен.

Ал, қазақ халқының ұлттық киімдері, сән-салтанаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, табиғат жағдайына байланысты бірнеше үлгіге бөлінеді [2]. Бүгінгі таңда халықтың дәстүрлі өнерін қайта жаңғыртып,эстетикалық тәлім-тәрбие беру мүмкіндіктерін пайдалануға зор көңіл бөлінеді, хореографиялық ұжымның жетекшісі балаларға қазақ ұлтының мәдениетін және қазақ тарихының жаңа беттерін ашып, оларға қолөнерінің құндылығын көрсетіп, ғасырлар бойы халықтың жинаған ұлттық киімдердің үлгілерімен таныстырып, балалардың мақтаныш сезімін оятуда. Бірақ, қазақ ұлтының киімдері жайлы оқығанда бір жәйді ұмытпау керек, би қойылымындағы балаларға арналған костюм мұражайдағы үлгінің көшірмесі болмауы (балалар биінің костюміндегі ою-өрнектері де, пішіп-тігілуі де).

Әрине, қазақтың ұлттық киімінің негізгі тігілу әдістері, түстік тіркесімдері, ою-өрнектердің түрлері мен атаулық сипатын ұмытпай, қимылдарды орындауға ыңғайландырып және киім маталары да жеңілдетіліп, ою-өрнектері мен әшекейлік бұйымдары жәй, бірақ сахнада мәнерлі көрініп, костюмнің стилін және ұлттық колоритін жоғалтпау керек. Қазақтың ұлттық киімдері, әсіресе қыздардың киетін киімдері ерекше, пішіп-тігілуі де, ою-өрнектері де, әшекей бұйымдары да.

Қазіргі кезде республикамыздың барлық облыстарының киім үлгілері араласып кетті. Қазақтың ұлттық киімдерінің үлгілері жақсы сақталған және мұны ұлттық би өнерінде орнымен пайдалануға да мүмкіндік мол.

Би — қозғалыс, сыры мен сәні үйлескен қимылдың әсемдігі. Бұл өнердің шыңына жету үшін және сол биікте қалу үшін қажыр, күш, қуат, еңбекқорлық пен үлкен ізденімпаздық, талғампаз шығармашыл көзқарас қажет. Би қойылымын жоғары деңгейде көрсету үшін, сахналық әсерлер — жарықтық әсер, декорация, костюм, әрине музыка дұрыс болуы керек.

Әлем дыбыстан тұрады. Табиғат тынысы — дыбыс. Қазақтың халық музыкасының ұлттық сазы мен дыбысталуы, үні өте әсем, мазмұнды болып келеді. Күй жанры мен би өнерінің байланысу жолдарына тоқталсақ.

Халық сахнасында атақты әулие − Қорқыт есімімен бастайық. Қорқыт өзінің ұрпағына ұлы мұра − қобыздық күйлер − «Қорқыт», «Желмая», «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Ұшардың ұлуы» сияқты т. б. шығармалар қалдырды. Олардың бір бөлігі дыбысты беру сипатымен ерекшеленеді және табиғаттың табиғи дауыстарын, өмір, өлім, тұрмыс туралы философиялық ойларды берген [3].

Қазақ биінің арқауы халықтың жан дүниесі, оның таным түсінігі, табиғатпен байланысы, оның философиясы. Міне, осының бәрі кез келген бидің құрылымынан, болмысынан айшықты көрініс тауып жатады.

Қорқыттың қобыз үні, Н.Тілендиевтің «Көш керуен» күйі, С.Мұқтарұлының «Қорқыт Ата» дастанынан алынған өлеңдері «Мәңгілік сарыны» атты хореографиялық қойылымға шабыттандырды. Бірінші көріністе − Қорқыттың қобыз ойыны, көпшілік − қобыз үнін тыңдаушылар және көр қазушылар кездессе, екіншіде − Сырдария көрінісі, қобыз тартқан Қорқыт пен оны ортаға алған жылан бейнесіндегі бишілер.

Әкелер өтті, біз бармыз.

Аталар өтті, біз бармыз.

Бабалар рухын қозғасақ, біз ғана бәлки қозғармыз.

Өткендер өтті, көшкендер көшті

Мұны сен, Бақсым білерсің,

Қорқыт бабам қолдаған

Шынымен болған көресің

Сенімге қосқан үлесің.

Бұл хореографиялық қойылым арқылы мен Қорқыттың бейнесі, қобыз ойыны «ғасырлар үні» болып, мәңгі қалады демекпін.

Тәттімбеттің «Былқылдағын», Құрманғазының «Балбырауын», Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» қазіргі заманға сай өңдеуімен шыққан күй әуендері мен би ырғағымен ұштастырып жұртшылықтың көңілінен шығып, «Дидар», «Томирис» би ансамбльдерінің орындауында көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.

Соңғы жылдары Е.Хұсаиновтың орындауындағы көк тәңіріне, рухтарға бағытталған дыбыстар қобыз, домбыра, сыбызғы үніне тірелгенде жаңа реңк береді. «Тұран-Иран», «Қазынай», «Жеті өзек» музыкалық композицияларына арнап би қойылымдарын сахнаға шығардым.

Е.Хұсаиновтың «Жеті өзек» музыкалық композициясына ҚР Тәуелсіздігіне арнап Р.Таймановтың «Қазақ қыздары» әнінің негізінде:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам

Жанары жаны жаздай жайраңдаған

«Қыз өссе- елдің көркі» деген сөзді

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам — деп желтоқсан оқиғасына бір сәт тоқталып, «Қайран, қазақтың қыздары-ай» би қойылымы философиялық идеясымен, би пластикасымен, музыкалық магиялық дыбыстарымен еліктіреді.

«Тұран-Иран» музыкалық композиция сақ аруы Тұмар ханымға арналған.

Әуенге би қоярда оның әр қилы қимыл қозғалысы арқылы көрерменге не айтқысы келетінін білдіріп образын ашу керек.

Сыр елінде тарихымды ақтардым,

Күңіренген қара қобыз боп қалдым.

Тұран топырақ тәу ететін мәңгілік,

Сырда, Сырда арулары сақтардың!

Е.Хұсаиновтың «Тұран-Иран» музыкалық композицияна орындалатын «Тағдыр. Тұмар. Ханшайым» би композициясында Тұмар ханшайымның әсем де, батыр мінезі, сақ аруларының іс-әрекетін көз алдыңа әкеледі.

Міне, осындай ел арасында ауыздан ауызға тарап аңызға айналған әңгімелерге қандай да болмасын ән, күй әуендерін ұштастырып, керемет сахналық би қойылымдарын жасауға болады.

Қазақ билері — көбіне нақты белгілі бір тұрмыс-тіршілікке құрылады да халықтың бейне болмысының айнасына айналады. Ол елдің сән-салтанатын, ерлігін, елдігін, қайғы-мұңын, әл-қуатын дәлме-дәл сан мыңдаған қимылымен, қозғалыспен баяндап тұратын болғандықтан биші сахнада оны бар шеберлігімен, бар жан-тәнімен жеткізуге тырысатыны хақ.

Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ биін заман талабына сай, жаңаша үлгіде қайта жаңғыртуды қолға алып жатқан көрінеді. «...Биші мамандар Қытайдан шақырылады. Қытайдағы қазақ биінің мамандары біздің ұлттық биді өте жақсы меңгерген. Олар жақында Қазақстанға келіп, ұлттық биге арнайы музыка жаздырып, киімдер таңдап, ендігі уақытта мамандар даярлауды қолға алуда.».. [4].

Қазақ биін, қазақ күйін, қазақ өнерін нағыз қазақ маманы жоғары деңгейде біледі деп ойлаймын. Қазақ биi біздің өнерiмiздiң бөлiнбес бiр бөлшегi. Бiздiң өмiрiмiзде болып жатқан қозғалыстардан өрiлген көркем өрнек − қазақ биінің маңызы мен мазмұны. Әрине, Шара Жиенқұлова, Дәурен Әбiров, Зауыр Райбаев, Болат Аюханов, Гүлжан Талпақова сынды бишiлер қалыптастырған салт та, дәстүр де қазақ биiнiң өзiне тән ерекшелiк тердi бойына сақтаған, әрi оны басқа елдердiң билерiмен салыстыруға әсте келмейдi. Шара Жиенқұлова сынды дара тұлғаның еңбегінің нәтижесінде біздің биіміз әлемдік сахнада танылып, қазақ биінің әр өрнегі бүгінгі ұрпаққа жетті. Осындай аманатты арқалап, ұлттық би қазынамыздың ортаймауын жаңа билермен толыға, байи түсуiн ойлайтын жанашыр жандар баршылық, олар − Т.Ізім, А.Құлбекова А.Тәти, З.Әжібекова және т. б.

Ұлы тұлғалар негiзiн қалап кеткен ұлттық дәстүрлi би мектебiмiз де бар, тек оны өз халқымыздың дүние танымына сәйкес туындылармен, ұлттық бояумен өрнектей бiлсек.

Қазақ биі қазынасы халқымның

Сыбағасы дәл осында сан сырдың.

Қазақ биі деп білемін қашанда,

Құнарымен қасиетті салтымның.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Д.Абиров «Қазақ биінің тарихы», Алматы, «Санат», 1997 ж.

2.     Ш.Жиенқұлова «Сымбат», Алматы, «Өнер» 1987 ж.

3.     «Қазақстан», Ұлттық энциклопедия, Алматы, 1998 ж.

4.     Ғаламтор, http://www.alashainasy.kz/person/11258/

Основные термины (генерируются автоматически): жанр мен, костюм, мена, музыка, саз мен.


Задать вопрос